«Абайға құрмет»: Семейде дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Бүгін Семей қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған делегация қатысты.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президенттің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, Семейде заманауи спорт нысанының салынуына себеп болған Батыс Қазақстан халқына, осы өңірдің әкімі Нариман Төреғалиевке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.

«Бүгін баршамыз облысымыз үшін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Батыс Қазақстан облысының өңірімізге сыйлығы – Абай облысымен бірлесе жүзеге асырған жобасы дене шынықтыру сауықтыру кешенін салтанатты түрде ашқалы тұрмыз. Ерекше атап өтерлігі, бұл – акция аясында пайдалануға беріліп отырған екінші нысан. Жуықта, 10 тамызда – ұлы ақынның туған күнінде Бейбітшілік аралында акция аясындағы алғашқы нысан Солтүстік Қазақстан облысының тартуы – Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашқан болатынбыз. Міне, айналасы он күннің ішінде екі бірдей жаңа нысанды ел игілігіне ұсынып отырмыз. Күллі Абай өңірінің тұрғындарын бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі игі шара еліміздің қос қиырының береке-бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Батыс Қазақстан мен Абай облысы бір-бірінен шалғайда орналасқан аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін көрсетіп отыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, дене шынықтыру-сауықтыру кешені қысқа мерзім ішінде, бір жылға жетпейтін уақытта қаламыздың дамып келе жатқан аудандарының бірі – Ұшақтар кентінде бой көтерді. Жаңа спорт кешені Ұшақтар кентінің тұрғындарына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, өңірімізде салауатты өмір салтының орнығуына өз үлесін қосады деп сенеміз. Бұл маңда осындай ірі спорт кешені жоқ. Сондықтан дер кезінде салынған спорт нысаны деп білеміз. Жаңа нысан жаңа мүмкіндіктердің, жаңа жетістіктердің және жаңа жеңістердің бастауы болсын!», – деді Берік Уәли.

Нысан заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған. Кешен бір мезгілде 115 адамды қабылдауға есептелген. Нысанның жалпы ауданы – 1773 шаршы метр. Кешен 2 корпустан, әр корпус 2 қабаттан тұрады. Бірінші корпуста ойын спорт түрлеріне арналған кең залдар орналасқан. Екінші корпуста күрес түрлеріне бейімделген арнайы жаттығу залы, сондай-ақ, екінші қабатында үстел теннисі және жаттығу залдары қарастырылған.

Сонымен қатар, қосалқы және тұрмыстық бөлмелермен қамтамасыз етілген. Кешен аумағында тұрғындар мен спортшылардың таза ауада жаттығуына арналған баскетбол алаңы және жаттығу алаңы бар. Бұл инфрақұрылым балалар мен жастардың, сондай-ақ, ересек тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына, бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.

\

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтау тілегін жеткізді.

«Абай елі – қазақ руханиятының темірқазығы, ұлылар шыққан қасиетті өлке. Осындай тарихи аймақтың көркейіп, инфрақұрылымының жаңаруына Батыс Қазақстан облысының да өз үлесін қосуы – біз үшін зор мәртебе әрі бауырластық ниеттің жарқын көрінісі. Ақ Жайық жұртшылығының бұл тартуы қос өңір арасындағы достық байланысты одан әрі нығайта түсетіні сөзсіз. Бұл заманауи кешеннен келешекте ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын, Мемлекеттік туымызды көкте желбірететін чемпиондар шығатынына сенім мол!», – деді ол.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысандар салынып жатыр. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – шығармашылық орталық, Алматы қаласының сыйлығы – медиаорталық, Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы бой көтеруде. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды.

Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.

Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион құрылысын бастады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Инклюзивті спорт орталығының құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Жақында Семейде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сыйлығы – Болашақ сарайының құрылысы басталады.

Қазақстанның су шаруашылығына екі жылда рекордтық 677 млрд теңге инвестиция тартылды

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі...

Сот реформасы – әділдік пен халық сенімін арттырудың маңызды тетігі

Сот – қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін...

Кадры для авиации

В столичной воздушной гавани намечено стратегическое партнерство в сфере...

Живая связь поколений

Что такое патриотизм для казахстанцев? Это не абстрактное чувство,...

От унижений – к чувству собственного достоинства

Даже в животном мире мамы, подвергая собственную жизнь опасности,...