Еңбек – адамның әлеуметтік және экономикалық өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі. Қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынастың тұрақты әрі заң талаптарына сай болуы еңбек тәртібін сақтауға тікелей байланысты. Осы ретте әрбір азамат өзінің еңбек құқықтарын ғана емес, еңбек міндеттерін де жақсы білуі қажет.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы еңбек қатынастары тараптарының мүдделерінің теңгерімін сақтауға, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған. Еңбек тәртібін сақтау – жұмыскердің жұмыс берушінің заңды талаптарын орындауы, еңбек міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы және жұмыс орнының ішкі тәртіп ережелерін ұстануы деген сөз.
Еңбек тәртібінің сақталуы, ең алдымен, жұмыс уақытын тиімді пайдаланудан көрінеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Сонымен қатар жұмыс беруші әрбір жұмыскердің нақты жұмыс істеген уақытын есепке алуға міндетті.
Жұмыскердің де өзіне жүктелген міндеттері бар. Ол еңбек міндеттерін адал орындауға, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, жұмыс берушінің мүлкіне ұқыпты қарауға және еңбек тәртібін бұзбауға тиіс. Бұл талаптар тек белгілі бір мекемеде жұмыс істеудің ішкі ережесі емес, еңбек қатынастарының заңмен бекітілген маңызды қағидалары болып табылады.
Еңбек заңнамасындағы жаңа өзгерістер
Қазіргі таңда еңбек саласындағы құқықтық нормалар заман талабына сай жетілдіріліп келеді. 2026 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған заң №295-VIII ҚРЗ ретінде қабылданды. Оның кейбір нормалары алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң, ал жекелеген ережелері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі – еңбек қатынастарын құқықтық тұрғыдан одан әрі нақтылау және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру.
Мәселен, еңбек жағдайлары өзгерген кезде жұмыс беруші жұмыскерді мұндай өзгерістер туралы белгіленген тәртіппен алдын ала хабардар етуге міндетті. Егер еңбек немесе ұжымдық шартта хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі көзделмесе, хабарлама күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмеуі керек.
Сонымен қатар еңбек заңнамасында жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарына қатысты жаңа нормалар да қарастырылған. Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір жұмыскерлерге жұмыс орны мен орташа жалақысын сақтай отырып, скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беру нормасы көзделіп отыр.
Құқық пен міндет – қатар ұғымдар
Сот тәжірибесінде еңбек қатынастарына байланысты даулардың туындауына кейде еңбек шарты талаптарының сақталмауы, жұмыс уақытының дұрыс есепке алынбауы, жалақы төлеу тәртібінің бұзылуы немесе тараптардың өз құқықтары мен міндеттерін толық білмеуі себеп болып жатады.
Сондықтан кез келген еңбек қатынасында ең алдымен еңбек шартына мұқият қарау қажет. Қызметкер қандай міндет атқаратынын, жұмыс уақытының режимін, еңбекақы төлеу тәртібін, демалыс уақытын және өзге де талаптарды нақты білуі тиіс. Ал жұмыс беруші еңбек заңнамасында белгіленген талаптарды сақтап, қызметкердің заңды құқықтарын қамтамасыз етуге міндетті.
Еңбек тәртібі тек қызметкерге қойылатын талап емес. Бұл – еңбек қатынастарына қатысушы екі тарапқа да ортақ жауапкершілік. Жұмыс беруші заң талаптарын сақтаған жағдайда, қызметкер де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Заңды білу – құқықты қорғаудың кепілі
Еңбек заңнамасындағы өзгерістерді білу – қазіргі уақытта әрбір жұмыскер үшін маңызды. Себебі заң талаптарын білмеу еңбек дауы туындаған жағдайда азаматтың өз құқығын тиімді қорғауына кедергі келтіруі мүмкін.
Сот маманы ретінде айтарым, еңбек дауы сотқа жеткенге дейін оның алдын алу әлдеқайда тиімді. Ол үшін жұмыс беруші мен қызметкер арасында ашық қарым-қатынас орнап, еңбек шартының талаптары нақты сақталуы қажет. Қандай да бір мәселе туындаған жағдайда оны заң аясында шешуге ұмтылған жөн.
Еңбек тәртібін сақтау – ұйымдағы жұмыс сапасы мен тәртіптің ғана көрсеткіші емес, ол жалпы еңбек мәдениетінің белгісі. Ал еңбек заңнамасының талаптарын сақтау – әр азаматтың құқығы мен міндетін құрметтеуден басталады.
Сондықтан еңбек қатынастарының әрбір қатысушысы заңдағы өзгерістерден хабардар болып, өз құқықтары мен міндеттерін жетік білгені дұрыс. Заңды сақтау, еңбек тәртібін бұзбау және өзара жауапкершілік таныту – тұрақты әрі әділетті еңбек ортасын қалыптастырудың басты шарттарының бірі.
Алматы облысы Қонаев қаласының Мамандандырылған тергеу сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы А.Жаксыбаева


