Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың билікке деген сеніміне кері әсер ететін күрделі мәселе. Онымен күресу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың ең тиімді жолдарының бірі – оның алдын алу. Ол үшін мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын қатаң сақтауы, қызметтік әдеп нормаларын орындауы және өз міндеттерін адал атқаруы маңызды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерінің ашық әрі қолжетімді болуы жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың да маңызы зор. Әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заңсыз әрекеттерге жол бермеуі және пара беруге немесе алуға бейжай қарамауы қажет. Заң бұзушылыққа көз жұма қарау – оның одан әрі өршуіне себеп болуы мүмкін.
Жастар арасында адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды насихаттау да сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Адал еңбек пен заңға құрметті басты қағида еткен ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес жазалау шараларымен ғана шектелмеуі керек. Оның алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамда адалдық қағидатын қалыптастыру қажет. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам құру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы А.Балтабаева


