Мемлекет басшысы айтқандай «Әділ сот мемлекеттің берік тірегі ретінде қызмет етеді, ал сот жүйесі беделді және бейтарап тірек болуы керек». Өйткені, сот төрелігінің әділдігі заң үстемдігіне кепілдік етеді.
Осы талапқа орай ҚР Жоғарғы Соты тарапынан жүзеге асырылып жатқан ауқымды шаралар бүгінде өз жемісін беруде. Жалпы алғанда, заңнамалар мен құқықтық нормативтік актілердегі жаңашылдықтар сот төрелігінің сапасын одан әрі арттыруға, судьялардың тәуелсіздігін барынша нығайтуға, сондай-ақ, заңдарды ізгілендіруге, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге, сот актілерінің сапасын жақсартып, олардың біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай игі өзгерістер ішінен дербес кассациялық соттардың құрылуы мен сот әкімшілігін жаңғырту, цифрландыруды ерекше атауға болады. Мәселен, өткен жылы Қылмыстық процестік, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстер, басқа да бірқатар заңдар өзгертіліп толықтырылды. Мысалы, әкімшілік істерде талап қоюшының таңдауы бойынша аумақтан тыс соттылық енді. Бұл өзгеріс өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, сот қызметіне деген сенімнің артуына оң ықпал етеді.
Кассациялық соттар азаматтар құқықтарының әділ қорғалуының кепілі саналады, яғни, сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша кассациялық қайта қараудың бірыңғай қағидалары енгізілді. Дербес кассациялық сотқа қолжетімділікті барынша кеңейту мақсатында келер жылғы бірінші шілдеден бастап талап қою сомасы 2 000 АЕК-қа жетпесе жеке, ал 30 000 АЕК-тен кем болса заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты дауларда, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстарда шектеулер алынып тасталды.
Сот жүктемесін азайтуда талап қоюларда құжаттарды автоматты түрде сараптап, шешім шығаратын жасанды интеллект элементтерінің маңызы зор. Жүйедегі кез келген жаңашылдық сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтуды көздейді. Себебі, соттың беделі халықтың оған деген көзқарасы, сенімі арқылы айқындалады, бұл үшін оның жұмысы жалпы жұртшылыққа қолжетімді болуы шарт.
Қазіргі таңда ел азаматтары кез келген уақытта электронды сот жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібін көре және сот ғимаратына келмей-ақ өз арыз-шағымдарын жібере алады.
Электрондық құжат айналымы, онлайн сот отырыстары және деректер базасының цифрландырылуы сот процесінің тиімділігін арттырып, азаматтардың сотқа жүгінуін жеңілдетті. Дегенмен, бұл өзгерістермен бірге цифрлық қауіпсіздік мәселелері де өзекті бола түскенін уақыт көрсетіп отыр.
Тәуелсіздік мәселесінде жалпы ел судьяларының қолсұғылмаушылық кепілдіктері мен оларды тоқтату тәртібіне қатысты өзгерістер орын алды. Мұндай реформалар сот билігінің дербестігін нығайтады.
«Тура биде туған жоқ», бабалардан қалған осы сөз әділеттің ең қысқа формуласы іспетті. Әділ сот төрелігі азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамның сотқа деген сенімін күшейтудің басты құралы десек, елдің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан реформалар сот билігін жаңа деңгейге көтеріп, межелі мақсатқа жетудің негізін нық қалайды.
Венера Казжанова, Азаматтық істер бойынша Бостандық аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы


