Қармағын суға лақтырып, таңғы ауамен кеудесін кере терең тыныстаған Сақыптың көзі жағадағы қарайған нәрсеге түсті. Кеше жоқ еді. Ата қаздай балпаңдай басып соған беттеді. Жақындап барып қарап еді, иық бауынан қамысқа ілінген жасыл түсті шағын аспалы сөмке екен. Кері бұрылып қармағына беттеді де кілт тоқтады. Әзірге балық түртіп жатқан жоқ, сөмкені шығарып алып, ішінде не барын қарап көргісі келді. Бәрібір балық түскенше бос отырады ғой. Уақыт өтсін. Жүн басқан балтырын тізесіне дейін түріп суға түсіп, сырықтай ұзын қолдарымен сөмкені ептеп тартып алып, суын шылпылдатып сырмасын ашты. Алдымен қолына ылғал сіңген су жаңа спорттық костюм, жеңіл кеудеше, майка, жұқа шалбар ілікті. Одан соң бет орамал, әлдебір косметика, бірнеше алтын жүзік пен шынжырлар, сырғалар, күміс білезіктер, әшекейлер жүр. Содан кейін жартылай ішілген сусын шықты. Оның астынан целлофанға салынып, мұқияттап оралған жүз долларлық ақшаларды тапты. Санап қарап еді, бақандай жиырма мың доллар. Сақып шөлдегі шөптей шашы сиреген басын күректей алақандарымен ұстап, көк шалғанның үстіне салмақ сала жалп етіп отыра кетті. Бұл деген аз ақша емес. Өз көзіне өзі сенбей, қармақ жайына қалды. Не істесе екен? Полицияға апарып бергені дұрыс па? Мүмкін бұл ақшаның іздеушілері болар? Жиырма мың доллар құр босқа суда жатпайды. Бір қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Әлде біреу жоғалтып алды ма? Бұған осыншама байлықты ұсынып жатқан су перісі емес шығар. Алайда, ақшаны мұның алғанын кім көрді? Жоқ, мұндай олжадан айырылатындай ақымақ емес. Біреулерге ұшырасып қалмас үшін тез арада бұл жерден кеткені жөн. Ақшаны іздеп жүргендерге кезігіп қалар. Сөмкені қолына алып жүрсе, кездескендердің назарын аударады. Ертең іздеу басталса олар мұны көргенін айтады. Қалай әкеткені жөн? Ішіндегі су жаңа киімдерді кептіріп алып кисе немесе біреуге сыйға тартса ше? Біреу сұраса сатып алдым демей ме? Жиырма мың доллар қолында тұр, киім неге керек? Киімді үйге барған соң әйелі көреді, одан біреу естиді. Ақыры полицияға жетіп бұған шығады. Сонда жиырма мың доллар көзден балбұл ұшады. Ақша мен алтынды ғана алып, сөмкедегі заттарды әзірге үйге апармай, істің артын бағып осы жерге жасырып тастағаны дұрыс. Жігіт қармағын жинап, ақша мен алтынды балық салып жүрген сөмкесіне сүңгітті. Содан соң жағадан үш-төрт метр жердегі қалың жыңғылдың арасына киім салынған сөмкені жасырып үйіне беттеді.
*******
– Үш күн бойы аңдып, бұған дейінгі ұрлықтарға қатысы бар деген «Бұқаны», Бұқарбай Бұлтақовты қолдан шығарып алдыңдар. Қолға түсіп тұрған жерінен қақпан жабылмай қалды. Бүкіл еңбек құмға сіңген судай зая кетті, – полиция басшысы алдында отырған екі инспекторға тұнжырай қарады – «Бұқаның» ұрлық жасағанын енді қалай дәлелдейсіңдер? Қуып жетіп ұстадыңдар, көлігінен күдік туғызар ештеңе таппадыңдар. Қолында ештеңе болған жоқ. Үйге оның қалай кіріп-шыққаны да жұмбақ. Жан-жағындағы камералар бар екенін біліп, бет әлпетін көрсетпеген. Әп сәтте киімінде ауыстырып үлгерген. Әккі ұры қылмысқа барғанын өлсе де мойындамайды. Өзін аңдып жүргенін біліп, уақытша тыныштық «режиміне» көшеді. Сол үйге кіргенін, қолында сөмке болғанын ол жоққа шығарып отыр. Сіз не айтасыз полковник Абылай Қайсенов? Жігіттеріңіз жерге қаратты. Қармаққа түскен балықтан айырылып қалды. Не себепті бұлай болды?
– Жігіттер үш күн аңдығанда «Бұқа» ол үйден басқа жерге барған жоқ. Төртінші күні ғана ұрлық жасап отыр. Көлік кептелісі салдарынан соңынан ергендер аз уақытқа ғана көз жазып қалған. Соңынан қайда екенін жедел түрде анықтағаннан кейін сол жерге жеткен. Өкінішке орай, «Бұқа» көлікке отырып үлгерген. Оперативниктердің айтуынша үйден шыққанда оның қолында сөмке болған. Жедел топ артынан қуғанда ол темір жол өткелінен өткен. Полиция көлігі артынан жеткенше локомотив келіп қалған. Сол арадағы сәл кідірісті пайдаланып, ақшаны жасырып үлгерген. Жігіттер ұстағанда қолында сөмке жоқ. Тіпті сырт киімін ауыстырып үлгерген. «Камерадағы мен емеспін, өздеріңіз көрдіңіздер үстімде ондай киім болған жоқ. Артымнан тұра қуған соң жәй ғана жылдамдықты арттырдым», деп мізбақпайды. Кәсіпкердің үйіндегі бейнекамераларда ұрының қолы бос емес екені көрініп тұр. Қазір оның маршруты, ақшаны жасыруы мүмкін жерлер түгел тінтілуде.
– Қанша ақша қолды болғанын анықтадыңдар ма?
– Дубайда демалып жатқан үй иесі мен әйелін шақырттық. Кәсіпкер естіген бойда жұбайымен бірге жетті. Үй иесінің айтуынша бірнеше миллионның қымбат бұйымдары, одан бөлек жиырма мың доллар ақша, спорттық киімдер және жасыл түсті аспалы сөмке жоғалған. Киімдердің түр түсін сұрап алдық. Қыруар ақшаны жымқырған. «Бұқа» заттар мен ақшаны жасыл сөмкеге салып алған шығар. Жедел топ жігіттерінің көргені сол болуы тиіс. Бірақ, қараңғыда оның түсін ажырату мүмкін емес қой. Бізбен әңгімесінде үй иесі баспанасын қарап қоюды інісіне тапсырғанын айтты. Алайда ол жігіт ішеді, сол үйге анда-санда қонып жүрген көрінеді. Ұрлық болатын күні бөлесінің туған күніне кеткен. Қазір оның қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.
Полиция бастығы екінші инспекторға бұрылды:
– Экспертиза не айтып жатыр?
– Терезені, есікті қалай ашқаны әзірге анықталған жоқ. Ешқандай із қалдырмаған. Қолғап киіп әрекет еткен, – деді инспектор.
– «Бұқаны» бір-екі күнде босатамыз, – деді Абылай – Әзірге ұстау кезінде полиция қызметкерлеріне тоқтамай қашып, апатты жағдай туғызғаны үшін қамап отырмыз. Босағаннан кейін соңына аңду қоямыз. Ол бізді ұрланған нәрселерге апарарына сенімдіміз. Ломбардтарға, қымбат бұйымдар сататын кәсіпкерлерге және қара базарда ақша айырбастайтындарға біреу алтын бұйымдарын немесе ірі мөлшердегі доллармен шықса бізге хабарлауын ескерттік. Бірақ, оларды да назардан тыс қалдырмаймыз.
– Үш күн уақыт беремін Абылай, – полиция бастығы үш саусағын көрсетті – Жоғалған ақша мен алтынды иесіне қайтаратыныңызға сенімдімін. Кім ұрласа да көкке ұшып, жердің астына түсіп кетсе де табыңыз. Барыңыздар, боссыздар.
*******
Сақыптың ойынан жыңғыл арасында қалған жасыл сөмке шықпай қойды. Оны сол жерге тастап кеткені бекер болды. Сөмкенің өзін қалдырып, ішіндегі киімдерді үйге әкеліп тығып қойса ше? Су жаңа спорттық костюмнің жыңғыл арасында жатып шірігені жақсы нәрсе емес. Мүмкін өлшемі бұған келетін шығар? Өзі кисе, қайдан алғанын кім біліп жатыр? Сыртқа шығып қарап еді, әйелі сиыр саууға кетіп барады екен. Дереу жиырма мың долларды, алтын мен күміс бұйымдарды тығып қойған жерінен шығарып алды. Мың доллардан санап, қатарластыра қойды. Қандай керемет! Мұндай ақша қолына тиіп көрмепті. Күзетшілік қызметінде ай сайын алатын жүз он мың теңгені місе тұтып жүрді ғой. Ол мына жүз деген саны бар жасыл қағаздың екі данасы емес пе? Жиырма мың долларың айырбастау курсымен есептесе теңгемен он миллионнан асып жығылады. Оған мына алтын, күмістерді қосқанда тағы бірер миллионға жетеді. Сақып бір бума долларды алып иіскеп қарады. Паһ, шіркіннің иісін-ай. Өмірінде доллар ұстап көремін деп ойлаппа? Енді бұл ақша мұның олжасы. Бірер ай күтіп, бәрі тыныш болса қаладан үй алады. Жоқ, әуелі көлік мінгені жөн сияқты. Сонда қалаған жеріне барып қармақ құрады. «Алайда, бұл біреудің жиып-терген еңбегі ғой. Мүмкін қиын кезге немесе бала-шағаның нәпақасы деп жинап жүргені болар. Қалай арың барып жаратасың?», дейді санасында бір дауыс. «Мұндай олжа қолыңа түсе бермейді. Сондықтан пайдаланып қал. Ұрлап-жырлап, күштеп тонап біреуден тартып алған жоқсың ғой. Құдайдың өзі берді», дейді екінші дауыс…
– Мәссаған, бұл неткен байлық, – деген Айымгүлдің әдемі дауысы оны селт еткізді, әйелінің қолынан сиыр саууға алып шыққан шелегі түсіп кетті. Келіншек сүттей аппақ, нәп-нәзік қолдарымен жүзін басты – Мұны кім берді Сақып?
– Кеше қармаққа барғанда жағадан тауып алдым.
– Керемет! Енді біз баймыз, солай ма Сақып?, – Айымгүл тізерлеп отыра кетіп алтын-күміс заттарды қолына алып бәрін ұмытып, қызыға қарай бастады.
– Ешкімге тісіңнен шығаруы болма! Әсіресе балаларға айтып жүрме! «Балалы үйдің ұрлығы жатпас», деген сөз бар.
– Сәнімгүлге айфон алып берейік. Айбарға электромобиль әперейік. Алмаста дұрыс костюм жоқ. Өзіңе де бір күртеше қарайық.
– Айымгүл «А» десем «Б» дейтінің не сенің? Саған «Ешкімге тісіңнен шығарушы болма» дедім ғой. Бірер ай күтейік, содан кейін бұл ақшаны не істейтінімізді ақылдасып шешерміз.
– Жарайды, түсіндім! Сақып мына алтын шынжырды мойыныма тағып қарайын ба? Өте қымбат нәрсе сияқты.
– Жарайды, соны ала ғой. Басқасына тиісуші болма, жасырып қояйын.
– Мына сақинаны берші.
– Тиме деймін, саған айтылды ғой. Кішкентай балаға ұқсап неге сұрай бересің?
– Туу, бере салсайшы не?
– Жарайды, ала қой. Сиыр саууды ұмытып кеттің-ау.
– Жаңа сыртқа шығып қарағанымда келе қоймаған екен. Саууға шығайын, алтынның жарқылы мен ақшаның буына байланып қалдым ғой,– Айымгүл күліп, атып тұрып Сақыптың маңдайынан сүйді – Сендей азаматым болғанын мақтан тұтамын.
*******
– Кеше осы жерді полиция қызметкерлері жағалай қарап шықты дейсің бе Таусоғар? – Бұқарбай қасында тұрған жылтыр басынан шыбын тайып жығалатын, екі иығына екі адам мінгендей кең жауырынды, толық денелі жігітке бұрылды – Менттар қуғанда жиырма мың доллар мен алтын заттар салынған жасыл сөмкені мына көпірден өзенге лақтырып үлгердім. Үстімдегі киімді ауыстырып өзенге жытырдым. Тез киінуді білемін, әскерде болдым ғой. Сөмке не батып немесе өзен арнасымен ығып кетті. Екеуінің біреуі. Полициялар оны көрген жоқ. Бірақ, үйден жасыл сөмкені алып шыққанымда тап болғанына қарағанда сірә сыртымнан аңдыған ғой. Өздерінше мені қылмыс үстінде қолға түсіргісі келген. Арам ойлары іске аспады. Олар жаға бойын қарамайды, сөмкені суға лақтырады деген ой бастарына кірмейді. Тағы да байқатпай соңымнан еріп жүрген шығар. Сені осы көпірден қармақ құрып тұр деп шақырғаным содан. Қазір кетемін. Саған тапсырма осы арадан тапжылма! Сонда артымнан аңду бар-жоғын көресің. Болса маған телефон соқ. Менің соңымнан жүре берсін, сен сөмкені іздеумен айналыс! Қасыңа жігіттерді алып мына өзеннің түбін қара. Су астында жоқ болса, жаға бойын түгел тінт! Ештеңе қалдырма! Өзенде ағын көп болғанымен сөмкенің біраз салмағы бар, жылдам ыға қоймайды. Жағада шөпке немесе құраққа ілініп тұрған шығар. Егер судан таппасаң жасыл сөмкені біреу әкеткені. Бай адамдар мұнда келмейді. Жарлы-жақыбайлар болса тапқан олжасын пайдаға асыруға тырысады. Базарға, ломбардтарға барғандарға назар аударыңдар. Сонымен қатар бұл жерлерге кімдер келетінін анықта. Жиырма мың доллар мен алтынды қалайда тап!
– Сөмкені суға лақтырмай жақын маңға жасыра салмадың ба?
– Маған соны айтатын кісі керек еді. Сен мені ақымақ санап тұрғаннан саумысың? – Бұқарбайдың дауысы қатқыл шықты.
– Жоқ, жай сұрай салдым, – деді оның ұрдажық мінезін жақсы білетін Таусоғар күмілжіп.
– Ол жерде менде басқа амал қалған жоқ. Бірер минут қана еншімде болды. Ұрланған затпен қолға түссем, бұған дейінгі қылмыстардың бәрін мойныма іледі. Ақшаны целлофанға орап салдым. Оған су тимейді. Айтпақшы, базардағы таныс менттарың бар, соларға да тапсырып қой.
– Базарға әкелсе өзімізде табамыз ғой, менттарды араластырып қажеті қанша?
– Өзің біл! Анау көлікті көрдің бе? Мені аңдып жүргендер болса, қазір артымнан ілесуі тиіс. Көп тұрсам екеуіміздің арамызда байланыс бар деп сенен де күдіктенеді. Жаңа айтқан тапсырмаларды тез арада орындайтын бол. Сосын, мен ұзағанша осы орныңнан тапжылма, күдік тудырасың, – Бұқарбай көлігіне беттеді.
Ол қозғалысымен бейтаныс көлікте орнынан жылжыды. Көпірден өткенде Таусоғар оның ішінде екі қыз отырғанын байқады. Көлік Бұқарбайдың артынан ілеспей мүлдем басқа бағытқа кетті. Бұл жөнінде Таусоғар басшысын хабардар етті. Бірақ, екеуі де қыздардың қарапайым киінген полиция қызметкерлері екенін, жаңа тапсырма алғанын білмеді.
*******
Сақып ақыры бір шешімге келіп, қолына қармағын алып жасыл сөмкені жасырған жеріне беттеді. Мақсаты – ол жерде ақшаны іздеп жүргендер бар ма, жоқ па соны білу. Жоқ болса сөмкені үйге әкелу. Сол үшін оны салатын қап алып шықты. Ішіндегі керегін алып, жасыл сөмкенің көзін құртады. Жағаға тастаса полиция бұл жерге кім келетінін тексереді. Қазір іздеп жатуы мүмкін. Полиция іздесе демек, қылмысқа қатысы бар. Есі дұрыс адам алтын мен ақша салынған сөмкені суға лақтырмайды. Иесі немесе жаны қысылған ұры басқа амалы қалмағандықтан осындай әрекетке барғаны анық. Иә, жасыл сөмкенің полициядан басқа да іздеушілері болуы тиіс. Ол сөмкені суға лақтырған адам немесе соны көргендер. Жыңғылдың арасында жатса ерте ме, кеш пе табады. Сөмкеге аяқ бітіп, жыңғылдың арасына жасырынбасы белгілі нәрсе. Содан кейін көптеген сұрақтар туындайды. Сөйтіп, бұған да шығуы мүмкін. Ендігі судың астын қарап, таппаған соң жаға бойында сүзіп шыққан болар. Ертең мұнда кім жиі келетінін сұрастырса, танитындар бұған сілтейтіні анық. Қармаққа шықпаса тағы күдік тудырады. Түнде әйеліне осыларды айтып ақылдасып еді Айымгүл шошып кетті. «Қайғысыз қара су ас» деген сөз бар, құрысын, бәрін полицияға апарып тапсырып таста. Біреудің мүлкі ғой, басымыз бәлеге қалып жүрер. Баяғыдан бері жалтыраған алтын тағып, шытырлаған доллар уыстамай да елден озбай, көштен қалмай ғұмыр кештік. Осы күнімізге зар болып жүрерміз. Балаларың бар екенін де ойла! Басымызға қауіп төндірме! Ертең екеуімізді де қылмысқа қатысы бар деп жауапқа тартып, шақшадай басымызды шарадай етеді немесе анау бандиттер түбімізге жетеді», деді әйелі. Байғұс, басқа қонған бақты кері теуіп тұр. Біреудің мүлкі екенінде тұрған не бар, ұрлап алған жоқ. Құдайдың бұйыртқаны шығар. Бұл кімнен кем? «Жарлының бір тойғаны, шала байығаны», ертең ақшаны қажетіне жұмсайды. «Үйді сатып қалаға көшейік. Ол жақтан бізді ешкім іздемейді. Сатқан үйдің ақшасын жаратып жүр деп ойлайды», деген еді, Айымгүл қарсылық танытты. «Балалардың үйреніп қалған жері ғой. Олар өсе келе көрерміз. Қалада бәрі қымбат», деп орнынан тұрып кеткен әйелі өзі алған алтынды қайта әкеліп берді. «Мә, мынаны қосып доллар мен алтынды сөмкесімен полицияға апарып тапсыр» Әрі-бері айтып әйелін көндіре алмаған соң оның айтқанына келіскен сыңай танытты. Бірақ, бір бармағын бүгіп қалды…
Түнде жаңбыр жауып өткеннен кейін шаң-тозаң басылып, ауа тазарып қалыпты. Шөптердің басы суланып, жақұттай жарқырайды. Жасыл сөмке жыңғыл түбінде, сол орнында жатыр екен. Сақып жан-жағына біраз қарап еді, күдікті ештеңе байқалмады. Сонда да неге екені белгісіз бойын қорқыныш кернеді. Ішкі түйсігі әлденеден хабар бергендей. Сөмкені қапқа сүңгітті. Жағаға барып, уысына салқын суды толтырып алып сімірді. Бетін жуып еді, бойы сергіді. Қабын арқалап, үйіне беттеді. Жоқ, қолға түскен ақшадан айырылатын бұл нақұрыс емес. Тығып қояды. Ертең қалаға барып, ондағы сыныптасымен аздап тойлап қайтады. Айымгүл ештеңе білмей-ақ қойсын. Алдынан көршісі Қабатбек шығып жөн сұрады. Осы жігітті Сақып жақтырмайды. Бұл балық әкелген сайын сүмеңдеп келеді де тұрады. Көңілі түсіп, көрші ғой деп олжасының шетінен бере салады. Қабатбекте ұят жоқ, ертесіне тағы келеді. Өзінен ештеңе шықпайды. Көршісі бұған көз тоқтата қарап жайына кетті. Жігіт үйіне келіп ішіндегісін шығарып алған соң жасыл сөмкені қоқыс жәшігіне лақтырды. Алтын мен ақшаны тыққан жерінен алды, мың долларды қалтасына сүңгіте салды. Содан кейін шоланға кіріп құмшекердің ішінде целлофаны бар босаған қабына алтын мен долларды нығыздап тығып, аула ішінен шұңқыр қазып көмді. Үстіне құрғақ топырақ шашып, қазылған шұңқырдың ізін жым-жылас қылды. Үйге кіріп терезеден қарап еді, шұңқыр бұл арадан көрінбейді екен. Демек, қай уақытта келіп алса да үйдегілер байқамайды.
Ертеңіне қаладағы досы Райбектің туған күніне барды. Екеуі мың долларды теңгеге ауыстырып алған соң біраз тойлады. Қастарында қыздарда болды. Солардың бірі ағыл-тегіл ақша шашып отырған соң мұны шіріген бай деп ойласа керек, желімдей жабысып алып, қасынан қалмады. Өзі көріксізде емес. Қазақ болғанымен аты Елена екен. Оның құшағында болған қаладағы түнде Сақып отбасылы адам екенін мүлдем ұмытты. Ақыры мың долларды түгел жұмсап тауысқан соң үйіне оралды. Әлгі қызға бір-екі күннен соң кері оралатынын айтты. Енді қалай еткен күнде де Айымгүлді көндіріп, жиырма мың доллардың қалғанын пайдаға асыруды ойлады. Қаладағы үлкен базарлардың бірінен алтын бұйымдар сататын шағын дүңгіршек ашып, саудаға шықса бір тиыны екеуге айналар еді. Еленағада барып тұрады. Мұнда не істеп, не қойып жатқаныңды кім біледі, ауыл емес қой. Әуелі тауарды анау Түркиядан, қала берсе Ресейден тасиды. Тығып қойған алтындарын саудалайды. Дүңгіршекте өзі тұрмайды, сатушы жалдайды. Қажетті тауарын жеткізіп беріп отырады. Аптасына бір-екі рет барып, өткенінің есебін алады. Саудаға шыққысы келетінін естіген Айымгүл бастапқыда келіспегенімен:
– Сақтықты есіңнен шығарып алмашы Сақып,– деді көнген сыңай танытып.
*******
Абылай Қайсенов көлігімен Бұқарбай жүріп өткен жолды тағы бір рет тексерді. Темір жол өткелінен күдіктіні ұстаған жерге дейінгі аралық бірер шақырым жер екен. Ұрлық болған күннің ертеңіне бұл маңайды жігіттер түгел қарады ғой. Сонда қайда жасырған? Әлде көпірдің үстіне тоқтап, суға лақтыра салды ма? Жаны қысылғанда солай етуі де мүмкін. Абылай кері айналып көпірдің қасына тоқтады. Көпірге шығып өзенге көз тастады. Төмендегі мөлдір судың бетінде күн сәулесі шашырай ойнайды. Өмірге риза екенін білдіріп, қаңқылдап қойып, балапандарын қастарына ертіп қаздар жүзіп барады. Мұны көріп қасқалдақ қанатымен су сабалап қаша жөнелді. Төбесінен қараған адамды жақтырмағандай сұқсыр үйрек суға сүңгіді. Шаңқылдаған шағала көктен су бойын барлап, жоғарыдан лақтырған тастай өзенге құлдилай құлап, артынша сумаң еткізіп күміс қабыршағы жарқыраған балықты тістей кері көтерілді.
Жаға бойын ошаған басқанымен кей жерлері ашық. Инспектор полицей қыздардың күдіктінің осы көпір үстінде Таусоғармен сөйлескенін көргенін айтты. Артынша Таусоғардың қасына екі адам ертіп сол күні өзен бойын түгел қарап шыққанын аңдуға қойған жігіттер жеткізді. Қолдарында қармақтары болғанымен оны құрмаған. Қармақ құрмаса, ау салмаса жаға бойының саф ауасын жұтайын деп жүрмегені белгілі нәрсе. Қасындағылардың бір сүңгуір сияқты, бірнеше рет суға түскен. Бірақ, ештеңе таппаған. Бұл арнаның ағысы қатты, сөмкені ағызып әкеткен шығар. Алайда ауыр нәрсе көп қашыққа ықпайды. Жағаның бір жеріне шығып қалып, әлдекімнің олжасына айналғаны хақ. Таусоғар кеткен соң басқа адам келіп жыңғыл арасынан қап арқалап шыққаны да жігіттер назарына іліккен. Тығып қойған балығы деуге келмейді, дүрбімен қарағанда құрғақ нәрсе екенін байқаған. Қазір оның бір мекемеде күзетші болып жасайтын, бұрын сотталмаған Сақып Саржамбасов деген азамат екені анықталып отыр. Айымгүл деген әйелі, үш баласы, бір бұзаулы сиыры бар. Сақып Бұқарбаймен, Таусоғармен қандай байланыста? Тікелей өзіне шықпай көршілерін сөзге тартты. Олардың ішінен Қабатбек деген азамат бір күн бұрын Сақыптың арқасында қабы бар, жүзі жайнап келе жатқанын жеткізді. Айтуынша қаптағы балық емес. Бірер күннен соң сол Қабатбек көршісінің қалаға кеткелі жатқанын, сол жақтан дүкен ашып, саудамен айналысқалы жүргенін айтты. Мұны әйелінен естіпті. Бұған дейін күзетші болып істеп жүрген адам саудаға шығатын ақшаны қайдан алды? Ірі көлемдегі несиені банк кепілсіз бермейді. Сонда тозығы жеткен үйі мен сиырын кепілге қоя ма? Сақыптың қалаға барғанда не істеп, не қойғаны Абылайға жақсы мәлім. Инспектор бөлімге келген соң Сақыпты шақыртты.
– Сонымен қалаға барып, жақсы тойлап қайттыңыз ба? – инспектор оған сынай көз тастап, абыржып қалғанын бірден байқады.
– Иә, досымды туған күнімен құттықтап, әрі балаларға киім қарап келдім.
– Балаларға киімді Айымгүл емес, сіз аласыз ба? Киім алатындай жалақы түсетін уақыт емес. Әлде жинап жүрген ақшаңыз ба? Досыңыздың туған күніне барғанда құр қайтпай дүкенге соққансыз-ау.
– Дұрыс айтасыз, қалаға күнде бара бермеймін. Бірақ, шаһарға қалай барып қайтқанымды сұрағалы шақыртпаған боларсыз? Сізбен ағайын-туыс, дос-жарандығымыз жоқ қой.
– Мені таңғалдырғаны досыңыздың туған күнінде қыруар ақшаны желге шашқаныңыз, жарыңыз бола тұра басқа әйелдің құшағынан табылғаныңыз және үйге құр қол қайтқаныңыз. Сірә, балаларға алған киімдеріңізді бір жерге ұмытқансыз.
Сақып не айтарын білмей қозғалақтап, маңдайынан шып етіп тер шығып, сасқалақтап қалды. Соны пайдаланған Абылай сөзден іске көшіп, не себепті шақыртқанын жеткізді.
– Әлбетте, қылмысқа қатысыңыз жоқ деген ойдамын, – деді инспектор сабырлы қалпынан танбай – Жасыл сөмкені сіз тауып алдыңыз және полиция бөліміне әкелген жоқсыз. Сіңіріп кетуді ойладыңыз. Біріншіден, оның ішінде бір отбасының маңдай терімен жинаған мүлкі мен ақшасы болды ғой. Екіншіден, кім ұрлағанын көргендер бар. Ұрлық жасаған қылмыскерлер де қазір сізді іздеп жатқаны анық, ерте ме, кеш пе табады. Қыруар дүние көкейлерінің құртына айналғандар сізбен бұлай сөйлеспейді. Өзіңізге, отбасыңызға қатер төндіріп қайтесіз? Егер олардың сыбайласы болсаңызда бәрібір тұтыласыз.
– Алтынды да, ақшаны да білмеймін. Менен күдіктенуге қандай себептеріңіз бар? Адал адамды неге босқа қаралайсыздар? Ұрылар іздеп келеді деп қорықпаймын, себебі мен ештеңе алған жоқпын. Өйтіп қорқытпаңыз. Жасыл сөмкені көруден аулақпын, – Сақып дауысын көтере сөйледі.
– Істі ушықтырып қайтесіз? Үйіңізді тексеруге рұқсат алып, бәрін астан-кестең қылғанымызды қаламайтын шығарсыз? Тауып алсақ ұрланған заттарды жасырушы ретінде жауапқа тартамыз. Қай күні қолға түсемін деп ғұмыр кешкен сізге ұнай ма?
– Сөмкені де, алтын мен ақшаны да көрген жоқпын дедім ғой сізге! Неше рет қайталауым керек? Қадалған жерінен ажырамайтын кене сияқты неткен адамсыз.
– Артық сөйлемеңіз! Жағаға қап апарғаныңызды, оның ішіне бірдеңе салып толтырып алып қайтқаныңызды көрген адам бар. Не әкеліп едіңіз? Оны да анықтаймыз. Тыңдаңыз, ұрланған зат қайыр бермейді. Қазір боссыз, үйіңізге барып мұқият ойланыңыз. Мен сізге тергеумен ынтымақтастық танытуға шақырамын. Олай етпеген жағдайда қалаға барғанда не істеп не қойғаныңызды әйеліңіз білетін болады.
– Маған бұлай сөйлемеңіз! Отбасымда жұмысыңыз болмасын!
Сақып орнынан ауыр қозғалып, сыртқа беттеді. Есікке жете бере кері бұрылып, біреу көтеріп тастап жібергендей құйрығымен орнына жалп етті.
– Мен сізге бәрін айтамын. Жасыл сөмкені тауып алғаным рас. Іздеуде жүрген заттарды да қайтарамын. Әйеліме ештеңе айтпай-ақ қойыңыз. Босқа уайымдап жүрер.
– Міне, бұл дұрыс сөз. Алдымен жасыл сөмкені қалай тапқаныңызды айтып, сосын оның ішіндегі мүлікті қайда жасырғаныңызды бірін қалдырмай мына қағазға жазып, астына қолыңызды қойыңыз. Ұрланған заттарды әкелгеннен кейін иесімен бірге түгендейміз – Абылай қалам мен қағаз ұсынды.
Жігіт бәрін орындағаннан кейін инспектор оны тергеумен ынтымақтасуға көндірді.
– Бұл қауіпті операция. Сондықтан барлық сақтық шараларын аламыз. Қазір ұрылар жоғалған алтын мен ақшаны іздеп жатқаны анық. Біз кім ұрлық жасағанын білгенмен, мойындатуға дәлеліміз жеткілісіз болып отыр. Сіз қымбат тұратын бірер алтын бұйымды ломбардқа тапсырасыз. Қылмыскерлер оларға кімдер келіп жүргенін бақылап отыр. Содан соң олар сізге шығады. Киіміңізге жасырын диктофон орнатамыз. Ұрылармен бірден келісе салмаңыз. Қорқытып, үркіткенде ғана көнген болыңыз. Қауіпсіздігіңізге біз кепілдік етеміз. Бір инспекторымыз сыртыңыздан қарап жүреді. Сөмкеде қанша ақша мен алтын болғанын бірден айта салмаңыз. Олар өздері айтсын. Сөйтсеңіз диктофонға жазылып қалады.
Сақып келісті. Абылаймен жылы қоштасып, үйіне беттеді.
*******
– Кеше Бақыраш ломбардқа бір адам келіп бірнеше алтын бұйымдарды тапсырғанын хабарлады. Түр сипаты бай-бағландардан емес, жаяу жүрген біреу. Жасыл сөмкені сол тапқан болуы керек, әйтпесе күнін әрең көріп жүрген біреуге алтын қайдан келеді. Бақыраш менің тапсыруыммен байқатпай аңдып, соңынан қалмай қайда тұратынын анықтапты, – деді Таусоғар мамық керуетте шалқая жайғасып, темекі түтінін мұрнынан рахаттана будақтатқан Бұқарбайға қарсы отырып жатып – Сақып деген бір мекемеде қарапайым күзетші болып жұмыс жасайтын жігіт екен.
– Жарайсың, Таусоғар, – Бұқарбай темекісін алдында тұрған үстел үстіндегі фарфор ыдысқа өшіріп, түзеліп отырды – Бірақ, қайда тұратынын анықтаумен шектелмеген шығарсыңдар?
– Әрине, босс, – Таусоғар оның жанына жағатын сөзді айтып, «Бұқаға» байқатпай көз тастап еді, оның жүзі жылып сала бергенін көрді – Сақыпты үйінен шығып бір жерге бара жатқанда күштеп көлікке салып алдық. Қазір алдыңызға әкелейік пе? Өзі жуас, момын жігіт екен.
– Момын болғанымен көзі мен тілі бар ғой. Алтын мен ақшаны алған соң көзін құртыңдар.
Екі жігіт Сақыпты бөлмеге алып кірді.
– Сақып мырза өзіңмен танысқаныма қуаныштымын! Сендей азаматпен осындай жерде кездесіп жатқаныма айып етпеңіз. Жағдай соған мәжбүрлеп тұр. Мен көп сөзді білмейтін, бірден іске көшетін адаммын, – Бұқарбай оған тесіле қарады – Сол себепті қойған сұраққа дұрыс жауап бергенді ұнатамын. Ол өміріңді сақтайды. Ал, бізде тек бір ғана сұрақ бар? Жасыл сөмкедегі жиырма мың доллар мен алтынды қайда тықтыңыз? Ол менің жеке мүлкім. Досымның ақшасы еді, ішіп келе жатып қайықтан суға түсіріп алыпты. Кейін қанша іздеседе таппаған.
– Қайдағы жасыл сөмке? Жиырма мың доллар мен алтын болса бұлай жүремін бе? – деді Сақып сабырлы қалпынан танбай.
– Қате жауап – Бұқарбай екі жігітке иек қақты.
Олардың бірі Сақыпты ішінен ұрып, ол екі бүктетілгенде, екіншісі білегімен желкесінен соғып ұзыннан түсірді. Содан кейін қайтадан тұрғызды. Бұқарбай сұрағын қайталады. Сақыпта көрген-білген жоқпын дегенінен жазбай тағы соққыға жығылды. Бұл жолы Таусоғар да араласты.
– Ломбардқа тапсырған алтындарың өзіңдікі екені шын болса, сен оны баяғыда керегіңе жаратар едің. Тағы да қайталаймын, жиырма мың доллар мен алтын қайда? Енді айтпайтын болсаң жоныңнан таспа тілемін! – Бұқарбай үстел үстінде жатқан қамшыны қолына алды – Өлтіріп, мүрдеңді ит-құсқа тастаймын. Сені кім іздейді иттің баласы?! Содан кейін әйеліңмен, балаларыңмен айналысамын. Алтын мен ақшаны қайда жасырғаныңды айтуға оларды мәжбүрлеймін.
– Ломбардқа тапсырған өз дүнием. Басқа ештеңе білмеймін!
Бұқарбай Сақыпты қамшымен бір тартты.
– Иә, иә алғаным рас. Бірақ сөмкеде жиырма мың емес, целлофанға оралған үш мың доллар мен алтын бұйымдар ғана болды. Мен оны жағадан тауып алдым, – деді жігіт.
– Сөмке жыртылып па?
– Жоқ бүтін күйінде аспалы бауынан қамысқа ілініп жатты.
– Қанша доллар болды дедің?
– Екі мың
– Жаңа ғана үш мың дедің ғой иттің баласы! Бір мыңын қайда жібердің? Неге өтірік айтасың? Жасыл сөмкеде жиырма мың доллар мен он миллионға жуық теңгенінің алтын бұйымдары болды. Кәсіпкердің үйіне ұрлыққа түскенде өз қолыммен санап жасыл сөмкеге салғанмын.
– Иә, иә, дәл солай, – деді Сақып.
Сол кезде бөлме есігі ашылып:
– Жатыңдар жерге, қозғалмаңдар, – деп дауыстап сап етіп қарулы жасақ кіріп келді. Алдында Абылай Қайсенов.
– Жиырма мың доллар мен алтын бізде ғой «Бұқа», – деді инспектор – Ал, Сақыппен арадағы әңгімең оның киімінің жағасына жасырылған диктофонға жазылды. Енді сен бұлтара алмайсың. Сыбайластарыңмен бірге баратын жеріңе дайындала бер.
Бұқарбай тістене, Сақып пен Абылайға жанарынан от шаша қарады, Таусоғар көзімен жер шұқыды.
Қанат ҒҰМАРОВ


