Ақ халатты ажал

Күн қызара батып, көкжиек қойнына сіңсе де, айналаны  қараңғылық әлі толық көмкермеген. Көктемнің мамыржай мезгілінен соң адамдар жазды асыға күтетін уақыт. Күн жылынып, ағаштар әлдеқашан гүлдеп, құстар сайрап, көңілге бір жайлылық сыйлайтын мамыржай кеш.

 Ауыл шетінде орналасқан үш қабатты ғимараттың қызыл шатыры алыстан-ақ көзге шалынатын. Аспанмен тілдескен биік мұнарадан кейін назарды бірден өзіне аударатын да осы еңселі құрылыс еді. Жаңадан бой көтерген бұл ғимарат — аудандық аурухана .

Дәрігерлер қабылдайтын кабинеттер мен науқастарға арналған жарық палаталарды  былай қойғанда, аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен де толық қамтамасыз етілген. Аудан орталығындағы осы бір мекемеде елуге жуық дәрігер мен жүзден астам мейірбике қызмет атқарады. Ғимараттың бір жағы емхана болса, екінші жағы науқастар жататын аурухана еді.  Құралайдың бұл жерде мейірбике боп қызмет еткеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Ауылға да, жұмысына да үйреніскен қыз өз жұмысын бар ынта жігерімен орындайды. Әріптестері оның «жоқ» деп айта алмайтындығын білген соң үнемі кезекшілікте орындарын ауыстыруды сұрайды. Бүгін де Мәжиттің түнгі кезекшілігінің орнына шыққан қыз дереу киімдерін ауыстырып, науқастарға кезекті дәрі-дәрмегін беріп, инесін салуға асықты. Әдетте ординатор бөлмесін кілтпен құлыптап жүретін, бұл жолы есікті жабусыз қалдырды.  Қас қарайып, адам аяғы саябырсыған уақытта қызметкерлер бөлмесінің де есігі жабылды.  Әрлі берлі есікті жұлқылаған қыз,  есікті ашық қалдырғанын нақты біледі. «Қызық екен», — деп ойлады ішінен, «мүмкін біреу келген болар».  Бөлме іші қараңғы. Жарықты қосуға тырысқанымен, нәтиже жоқ. Өз –өзінен гүбірлей сөйлеген қыз  шкаф ішіндегі сөмкесіне қол созғаны сол, төбеде салбырап тұрған адам сұлбасын көрген сәтте сілейіп тұрып қалды. Кенет шыққан жан түршігерлік шыңғырған дауысқа кезекшілер тұра ұмтылды. Есеңгіреп қалған Құралайдың есін жиғызып, төбеде асылып тұрған адамды төмен түсіріп, жарық бөлмеге шығарды. Бұл 52 жастағы аурухана басшысы Адаев Ислам Шекерұлы.

Бір аптаның ішінде дәрігерлер арасында ажал құшқан екінші адам. Осыдан тура бес күн бұрын жүрек ұстамасымен кенеттен қайтыс болған білікті анестезиолог — Қасымов Серіктің денесін туғандары жаз сарайдан тапқан еді. Енді аудан шетінде орналасқан жаңа аурухана ғимаратында бас дәрігердің мәйіті табылды. Кездейсоқтық па, әлде арнайы жасалған қылмыс па? Бұл екі жұмбақ өлімнінің шешімін табуға арнайы облыстан білікті тергеуші  келген еді. Ауданға арнайы шақыртқан тергеуші – жиырма жыл полиция саласында қызмет атқарған, полковник  Абылай Қайсеновтің өзі еді. Жасы 45 тен асса да спортты өзіне серік еткендіктен  өз жасынан әлдеқайда жас көрінетін. Орта бойлы, шымыр денелі. Түр сипаты бір көрген адамға сұсты көрінетін тергеушінің ерекше қасиеті есте сақтау қабілетінің мықтылығы. Кез-келген адам байқай бермейтін ұсақ бөлшектің өзі Абылайдың назарынан тыс қалмайтын. Балалық шағы осы  ауылда өткендіктен бұл істі тергуге келісімін бірден берген еді.

   Қаланың қарбаласынан кейінгі ауыл тыныштығы жанға бір жайлылық сыйлайтындай. Тергеу жұмысына кіріспес бұрын болған жағдайды жіті зерттеген Абылай бұл істің оңай шешілмейтінін сезді.

Бір аптада көз жұмған екі дәрігер. Бірі өз үйінен, екіншісі жұмыс орнынан табылды. Былай қарағанда табиғи өлім секілді. Бірінің жүрегі ұстаса, екіншісі өзіне қол жұмсады. Сараптама қорытындысы тергеушінің көкейіндегі күдікті сейілтудің орнына, одан бетер күрделендіріп жібергендей. Екеуінің бірдей қанынан адам ағзасына күшті әсер ететін белгісіз қосындының ізі анықталғанымен, мамандар оның нақты қандай зат екенін айта алмады. Қағаз бетіне түскен ресми қорытындыда өлім себебі  «Жүректің кенет тоқтауы» деп көрсетілген. Қарапайым суицид боп көрінгенімен, оның астарында басқа бір сұмдықтың ізі жатқанын тергеуші бірден аңғарды.

Екі бірдей дәрігердің өлімі кімге қажет болды?  Қылмыстың ұйымдастырылу тәсіліне қарағанда, мұның бәрі алдын ала мұқият жоспарланған.

Тергеу барысында ауданнан тағайындалған жас жігіт өзін таныстырған соң Абылайға болған жағдайды қысқаша баяндады.

  • Кіші лейтенант Абиев. Тергеу жұмысы аяқталғанға дейін сіздің көмекшіңіз боламын.

Тергеуші алдында тұрған ұзын бойлы жігітке көзінің қиығымен қарады да:

  • Олай болса баянда лейтенант.  Бұл іс жөнінде толық ақпарат қажет, — деді.

Тергеушінің осы сөзін күткендей лейтенант қолындағы папканы ашып толық мән-жәйді түсіндірді.

«15 мамыр күні сағат таңғы 7.20 шамасында аурухана ауласындағы жаз үйден аурухана анестезиологы – Қасымов Серіктің мәйіті табылды . Марқұмды алғаш көрген жұбайы оның түнгі кезекшіліктен қай уақытта оралғанын білмеген. Бұрыннан жүрек дерті бойынша есепте тұрғандықтан, оны инфаркттан қайтыс болды деп топшылаған. Алайда сараптама қорытындысы марқұмның  қанынан  жүрек қызметіне әсер еткен көп мөлшердегі белгісіз препарат анықталғанын көрсетті.

21 мамыр күні сағат 22.00 шамасында аурухананың ординатор бөлмесінен бас дәрігер Ислам Адаевтың  асылып тұрған мәйітін кезекші медбике анықтаған. Алғашқы көрініс өзіне қол жұмсағандай көрінгенімен сараптама қорытындысы қан құрамынан белгісіз препарат және есірткілік заттың ізін анықтады. Тағы бір ескеретін жағдай Адаевтан «Глиобластома» яғни бас миының қатерлі ісігіне шалдыққанын көрсетті. Алайда негізгі өлім себебі — анафилактикалық шок нәтижесінен жүректің тоқтауы.Қарапайым кездейсоқтық көрінгенімен,  екі өлім де алдын ала ұйымдастырылған қылмысқа көбірек ұқсайды», — деді лейтенант сөзін аяқтап.

  • Бірі инфаркт, ал енді бірі ажалын күтпестен өзіне қол жұмсағандай, — деді тергеуші . — Сен ауыл тұрғындарын жақсы білесің. Сенің маған көмегің қажет болады. Ал қазір, аурухана қызметкерлерімен сөйлесуіміз қажет.  

    Аспанмен таласқан биік мұнара бала күннің балғын шақтарын еске салғандай. Абылай көкжиекке көз тастады да, ойына бір нәрсе оралғандай  аурухананы сырттай айналып шықты. Осы маңға бала кезінде ата-әжесіне қонаққа келгенде жиі келетін.  Ауылдағы алаңсыз күндер мен өткен шақтың елесі енді артта қалғандай.

  Сырттан келген тергеушіге бірі қызығушылықпен қараса, бірі қорқынышпен қарап, алшақ жүруге тырысты. Елуден астам дәрігердің барлығынан жауап алу мүмкін емес, сол себепті марқұмның жанында соңғы кезде жақын жүрген әріптестерімен сөйлесуді жөн көрген ол, алдымен ординатор бөлмесіне бағыт алды.

  • Саусақ іздері тексерілді ме? – деді жанынан бір елі қалмай жүрген лейтенантқа.
  • Иә.. бірақ саусақ іздері тым көп болғандықтан ажырату мүмкін емес.

Абылай қабағын түйді. Ешқандай айғақ жоқ. Қылмыскер көпшіліктің арасында жүріп, барлығын алдын ала жоспарлағанға ұқсайды.  Бөлмеге мәйітті алғаш көрген  Құралай есімді медбике кірді. Жаутаң қаққан жанарынан қорқыныш пен сенімсіздік байқалады.

  • Қорықпаңыз, сізге тек бірнеше сұрақ қоямын. Барынша ашық болуға тырысыңыз, — деді тергеуші қызды жұбатқандай.

Тергеушінің бұл сөздерінен соң қыз өзін еркін ұстауға тырысып, қойылған сұрақтарға ойлана жауап берді.

  • Тағы бір мәрте есіңізге түсіріңізші, — деді тергеуші сабырлы үнмен. – Сағат сегізде  кезекшілікке келген кезде бөлмеде тірі жан болмағанын айттыңыз. Ал арада екі сағат өткен соң қайта келгеніңізде мәйітті көрдіңіз. Демек, осы уақыт аралығында әлдекімнің кіріп-шығуы әбден мүмкін ғой?
  • Иә, — деді қыз жыламсырай.
  • Сіз есікті кілтпен құлыптадыңыз ба? – деп сұрады тергеуші.
  • Жоқ. Шыққан кезде оны жаппағаным анық есімде. Менде кілт болған емес..
  • Бірақ бөлмеге қайта келгенде есік кілтпен құлыптаулы болды. Дұрыс па?
  • Иә, солай. Шынын айтсам, бұл күні кезекшілікке мен шығуым керек емес еді. Әріптесім қолқа салған соң орнына қалғанмын..
  • Түсінікті, — деді тергеуші басын изеп. – Ақпаратыңызға рақмет. Егер қосымша сұрақтар туындап жатса сізбен қайта  хабарласамын.

    Блокнотына көз жүгірткен тергеуші ойына түйгенін түртіп алды да, жанындағы лейтенантқа сол түні кезекшілікте болуы тиіс адамды дереу табуды тапсырды.

  • Тағы бір мәселе бар, — деді сөзін жалғастырып. – Ординатор бөлмесінің кілті кімдердің қолында болғанын анықтау керек.    

Сол түні кезекшілікте болған дәрігерлер де, өзге қызметкерлер де «Ештеңе көрмедік, ештеңе білмейміз» дегеннен аса алмады. Аурухана дәліздерін қанша аралағанымен, тергеушіге іліккен нақты дерек табылмады. Алайда соңғы уақытта басшының өз орынбасарымен жиі сөзге келіп, араларында түсінбеушілік бар екені Абылайдың да құлағына жетті.

Болған оқиғадан кейін бірден еңбек демалысына шыққан бас дәрігердің орынбасары облыстан келген тергеушіні өзі іздеп келді. Қырықтан асқан, орта бойлы, бидай өңді әйелдің жүзінен абыржу байқалмады. Абылайдың көздеріне тіке қарап, өзін еркін ұстауға тырысты. Жасанды күлкісімен қобалжығанын жасыруға тырысқандай.

  • Соңғы жағдайларға байланысты денсаулығым сыр бере бастады. Бірақ сіздің алдыңызда жауап беруге дайынмын, — деді әйел. Менің ойымша бұл  әдейі жасалған қылмыс. Серіктің өлімінен әлі өзімізге келіп үлгермеген едік, Шекерұлының өлімі бізге қатты соққы болды. Ауылымыздың абыройы былай тұрсын, аурухананың абыройына үлкен нұқсан келді. Көп ұзамай қылмыскерді табасыз деп ойлаймын.

Әдемі сөйлейтін әйелдің алдын-ала қорғанғаны түсінікті, алайда басшының оң қолы ретінде ол көп нәрсені білетіні анық. Жасыруға тырысқанымен, тергеуші оның әлсіз тұсын тапқандай.

  • Марқұм басшыңыздың морфин қолданаты сізге мәлім шығар? – деді тергеуші сұрақты төтесінен қойып. Таң қалмағаныңызға қарағанда мәлім деп ойлаймын. Науқастарға берілетін бұл мықты дәрі қандай рұқсатпен алынғанын білмеймін, ол жағы кейін анықталар. Шекерұлы «өзіне қол жұмсаған күні» араларыңызда үлкен қақтығыс болғанын барлық әріптестеріңіз растап отыр. Жиналыста басталған дау – басшының кабинетінде жалғасын тапты, — дейді куәгерлер.

Арада орнаған үнсіздікті бірінші боп әйелдің өзі бұзды. Айтатын жауабын ой елегінен өткізіп, сөздерін саралап алғандай сабырлы үнмен:

  • Жұмыс барысында біз жиі сөзге келетінбіз. Шекерұлы тым бос, тым жұмсақ. Сол үшін де қызметкерлер  оны сыйлаудан қалды. Әсіресе марқұм Серік,  үнемі оның кемшілік тұстарын көпшіліктің көзінше айтып отыратын. Араларынан ала мысық өткендей, басшы да оған үнемі шүйлігетін. Ал морфинге келетін болсақ, естігенім болмаса нақты дәлел болмаған соң ештеңе айта алмаймын. Дәрі-дәрмек өз заңдылығымен берілуде.

Әйелдің айтқан әр сөзін блокнотына түртіп алған Абылай:

  • Шекерұлы көз жұмар алдында екі сағат бұрын сізбен сөйлескенін ұялы телефонынан көруге болады. Не туралы сөйлестіңіздер?
  • Жұмысқа қашан қосылатынымды сұрады. Сосын айықпас дертке шалдыққанын айтып жылады. Біз бірнеше жыл бірге қызмет атқардық, ол ешқашан маған бұлай ашылып сөйлемейтін. Қоштасқандай көрінді, — деді ол көз жасын сүртіп.

   Әйелден жауап алып болған соң, Абылай папканы қайтадан қолына алып, құжаттарды біртіндеп парақтай бастады. Бұл аурухананың  ішінде өз ішкі әлемі, өз тәртібі, өз заңдылығы бар секілді. Бір-бірін жақсы танитын адамдардың арасында шындық та, өтірік те бір-бірімен астасып кеткендей. Тергеу болса алға басар түр танытпады.

  • Кіруге рұқсат етіңіз, — деді кіші лейтенант.
  • Кабинетке кіріп болған соң рұқсат сұраймысың? Қане айта бер, — деді тергеуші.
  • Алдымен ординатор бөлмесінің кілті жайында баяндайын. Бар болғаны үш кілт бар. Бірі марқұм басшының өзінде болатын, екіншісі орынбасарында, ал үшінші кілт төменгі қабатта ілулі тұрады.

Абылай сәл ойланып, қабағын түйді.

  • Ал меджігіт не дейді?
  • Әріптесінің баласының туған күніне бару үшін кезекшілікті алмастыруға тура келді дейді. Меніңше бұл барып тұрған сылтау. Қонаққа шақырған адамның өзі үйіне кешігіп келгенге ұқсайды. Аса назар аударатындай жағдай емес, әйтсе де кім білген, — деді лейтенант өзіне риза болғандай.

Тергеуші ештеңе деместен блокнотын ашып, ойына келген жайттарды түрте бастады.

  • Күдіктенетін адамыңыз бар ма?
  • Әзірге нақты ешкімді айта алмаймын. Жіптің бір ұшын тапсам, түйін де тарқатылар еді. Екі дәрігердің өлімі бір адамның ісі екендігіне сенімдімін. Бір қызығы әріптестері Әбілқасымқызы туралы жақсы пікірде емес. Қай дәрігерден сұрасаң да, басшы мен орынбасарының арасындағы кикілжіңді айтады, — деді тергеуші.
  • Сіздің ойыңызша бас дәрігерді өлтірген орынбасар әйел болуы мүмкін бе?
  • Билікке тым құмар екенін байқадым. Бірақ биліктен бұрын қызметін тым қатты бағалайды. Кім білсін, сұрақ көп, жауабы әзірге жоқ.

Лейтенант, -деді Абылай сәл кідіріп.

  • Тыңдап тұрмын.
  • Ауылдың арғымағына мінбегелі біраз уақыт болды. Ат үстінде ойым сараланып, санамдағы сұрақтардың шешімі өзігінен табылатыны бар.
  • Түсіндім майор. Арғымақ дайын деп ойлаңыз, — деді лейтенант.

Кең даланың төсінде арғымаққа нық қонған Абылай, еңсесін тік ұстап, самал желмен жарыса шауып келеді. Жүрегін кернеген еркіндік сезімі ой-қиялын қалықтатып, көңілін бір ләззатқа бөлегендей.

Ауылда тым ұзақ аялдауға болмайды. Күн өткен сайын қылмыскер де ізін жасырып, айғақтарды жоғалтуы мүмкін. Оқиғаны ой елегінен өткізген Абылай ең маңызды бөлшекті назардан тыс қалдырғанын сезді.

Алдымен анестезиолог дәрігердің өлімі. Басшымен үнемі келіспейтін, жиі кикілжіңге келеді. Алайда бұл оның өмірін қиюға сылтау емес. Басшының нашақор екендігін біліп бопсалауы мүмкін. Абылай қағазға түсірген жазудың астын сызды. Өз ойын қағазға түсіріп, өзі жауап беретін әдісті ол жұмыс барысында жиі қолданатын. Қасымовты өлтірген адам оның жүрегінің әлсіз екенін алдын ала білген, және сол жағдайды пайдаланған. Жүрек ұстамасына әкелетін дәрілік препарат пайдаланған. Ол өздігінен дәрі қолданбайды, сондықтан мәжбүрлі түрде немесе.. немесе дәрігердің нұсқауымен. Қасымовтың қандай дәрігерге барғанын анықтау.

Адаевтың қан құрамынан есірткі затының жоғары мөлшері анықталды. Ал Қасымовтың бойынан табылған белгісіз препарат оның қанынан да кездескен . Қылмыскердің әрекет тәсілі де, қалдырған ізі де бір – екі қылмыста да бір адамның қолтаңбасы анық байқалады.

 Күдікті: Лиза Әбілқасымқызы. Егер расымен орынбасар өлтірген болса, оның сыбайласы бар. Бірақ бұл қисынсыз. Абылай қағазға түсірген жазбасын жақшаға алды. Күмән туғызатын сенімсіз ойларды ол үнемі жақшаға алатын.  Кезекшіліктегі кілтті табу.  Бір ғимаратта орналасқан емхана мен аурухана дәрігерлерінің бір-бірімен қарым-қатынасын бақылай отырып, қылмыскердің психологиялық портретін жасау.

Өз ойларының жетегінде отырған тергеуші көмекшісінің қалай кабинетке кіргенін де байқамады.

  • Ендігі жоспарымыз қандай? — деді лейтенант Абылайдың ойын бөліп.
  • Асығуымыз керек. Уақыт өткен сайын айғақ та қалмайды. Барлық дәрігердің кабинетін тексереміз, — деді тергеуші қалтасынан ұялы телефонын алып.

Абылайдың жары Майра білікті дәрігер, қалалық емханада талай жылдан бері еңбек етеді. Толғандырған сұрақтардың жауабын алуға асыққан Абылай амандық-саулық сұрасқаннан кейін көп кідірмей негізгі әңгімеге көшті.

  • Майра, қандай дәрігер екінші дәрігерге білдіртпей көп мөлшерде дәрі бере алады?
  • Абеке, сізді түсінбедім. Сұрағыңызды дұрыстап қойсаңыз, — деді әйелі тұтқаның арғы жағынан.
  • Қай дәрігер сездірмей, науқасқа дәріні мөлшерден артық енгізе алады?
  • Анестезиолог, реаниматолог, хирург, тіс дәрігері..
  • Қалайша менің ойыма келмеген. Рақмет саған..

   Жоғарыда айтылған мамандық иелерінің барлығы аурухана бөлігінде, тіс дәрігері ғана емханада қабылдайды. Ал Әбілқасымқызы хирург болғандықтан дәрі-дәрмекке оңай қол жеткізе алады. Абылай өзінің тапқырлығына риза болғандай.

Ауруханадағы дәрігерлердің кабинеттері толық тексерілді. Алайда айғақ болатын ештеңе табылған жоқ. Марқұм екі дәрігер ешқандай хирургиялық көмек алмағандығы анықталды.

  • Тексерілмеген емхана бөліктегі тіс дәрігерінің кабинеті қалды.  Кезекте отырған адамдар түгесілмей, дәрігердің жұмысына кедергі келтіргеніміз дұрыс болмас, — деді лейтенант.
  • Ол жерде науқастардың яғни тісі ауырып келушілердің тізімі жасақталады ма?
  • Меніңше жоқ. Адамдар кезекпен кіреді.

Тісі ауырған жандармен кезекте отырған тергеушіні қарапайым халық жатырқамады. Керісінше, дәрігерлер айтпаған жаңалықты жеткізуге асықты.

  • Жарықтық, жақсы жігіт еді. Соңғы рет көргенімде мазасы болмай отырған, -деді кезекте отырған егде жастағы әйел.
  • Кім туралы айтып отырсыз, -деді тергеуші түсінбеген кейіпппен.
  • Әлгі Шекердің баласын айтамын, осы жердің басшысы болған.
  • Ол тіс дәрігеріне келгенба еді?
  • Иә.. Адам аяғы саябырсып, кезек азайған соң келетін әдетім. Сол кезде кабинетке кіріп, менің отырғанымды көріп, қайта айналып келетінін айтты. Түрі сондай жабырқаулы көрінді, мүмкін өлетінін сезген шығар байғұс.

   Бір сағаттан астам уақыт күткен соң  тергеушінің де кезегі жетті. Кабинеттен ашулы шыққан Құралай (медбике) кезекте отырған тергеушіні байқаған жоқ. Әлденеге алаңдаулы, қабағы түйілген.

Шағын жинақы кабинет. Қабырға бойында тіс емдеу құралдары тізіліп тұр, бұрыштағы шыны шкафқа түрлі дәрі-дәрмек қойылған.

Жасы  қырықтан асқан, аласа бойлы дәрігер ішке кірген Абылайды көргенде сәл тосылып қалды. Абыржығанын білдірмеуге тырысқанымен көзіндегі мазасыздық тәжірибелі тергеушінің назарынан тыс қалған жоқ.

  • Қандай шағымыңыз бар? – деді дәрігер қолына резеңке қолғаптарын асықпай киіп жатып.
  • Соңғы уақытта оң жақ  азу тісім мазамды алып жүр, -деп жауап берді Абылай сыр білдірместен.

Дәрігер лампасын қосып, еңкейіп  тергеушінің аузын мұқият қарады. Абылайдың өткір көздері қарсы алдында тұрған адамның ішкі дүниесіне үңілгендей. Дәрігер де жанарын тайдырмай, бір сәт үнсіз қалды.

  • Тісіңізден ешқандай ақау таппадым. Мүмкін нерв жүйесінен болар, -деді дәрігер қолғабын шешіп.
  • Мүмкін, -деді тергеуші. – Алайда басты шағым бұл емес, сізге қоятын сұрақтарым бар.
  • Егер ұзақ уақыт алмаса.. Сыртта науқастар күтіп тұр дегендей..
  • Уақытыңызды алмаймын. Қасымов сізге тіс ауруына шағым жасап келді ме?
  • Келген болуы керек, нақты есімде жоқ, -деді дәрігер кібіртіктей.
  • Сіз оның тісін емдедіңіз бе?
  • Иә.. жеңіл кариес.
  • Жансыздандыру үшін укол бердіңізбе?

Арада үнсіздік орнады. Дәрігер бұл сұраққа дайын емес еді.

  • Біз уколды барлық науқасқа береміз. Тәртіп солай.. Жақты жансыздандырмай емдеу қиынға соғады. Ал енді рұқсат болса..
  • Тағы бір сұрақ, — деді Абылай дәрігердің жауабын күтпестен. – басшыңыз  Шекерұлы сіздің қабылдауыңызда болды ма?
  • Бұл өзі не тергеу ме? Рұқсат етсеңіз келесі пациентті шақырайын.

Қобалжу мен ашу қатар араласқан сезімдерін жасыра алмаған дәрігер есігін ашып, келесі науқастың кіруін өтінді.

  • Сұрағыма жауап берсеңіз, — деді Абылай.
  • Қазір есімде жоқ. Сау болыңыз..

  Бас дәрігер жан тапсырар алдында тіс дәрігеріне барған болса, көп мөлшерде салынған препараттың салдарынан «анафилактикалық шок» жағдайына түскен. Мұны экспертиза нәтижесі де анықтады. Өмір үшін күрескен Шекерұлын ішкі жертөле арқылы ординатор бөлмесіне жеткізген. Ал жұмыстан тыс уақытта бұл жерде бөгде адам жүрмейді.

Қылмыскер марқұмды өз-өзіне қол жұмсағандай етіп көрсету үшін мойнына жіп салып, екінші ұшын төбеге бекіткен. Алайда оның назарынан тыс қалған —  бөлме есігінің ашық болғаны. Ашық тұрған есікті кілтпен қалай кілттегенін өзі де аңғармай қалуы мүмкін. Дегенмен бұл жағдайға біржақты қарауға болмайды. Есікті медбике әдейі ашық қалдырып, кілтті кабинетте қалдыруы  мүмкін деген жорамалды да жоққа шығаруға негіз жоқ. Абылай дереу жанына көмекшісін шақырып, кезекшілігін ауыстырған қызметкерді алдыртуын сұрады.  Екі бірдей қылмысты қолымен жасаған тіс дәрігері екені анықталса, ауданда үлкен резонанс туындауы мүмкін. Бірақ бастысы бұл емес, қанды қол қылмыскер арам пиғылын жалғастырмай тұрғанда оны тоқтату қажет. Тергеушіні мазалаған тағы бір сұрақ қылмыскердің сыбайласының бар жоқтығы.

Көп ұзамай Қасымовтың жұбайы оның өлер алдында тісі ауырып мазалағанын, оның тіс дәрігеріне барғанын растады. Ақ халатты дәрігердің өз әріптестерінің жанын қиюға не себеп болды? Бірінен кейін бірі жалғасқан жұмбақ өлімнің шешімі де көп ұзамай табылмақ.

Тергеушінің алдында алғашқы жауап бергендердің бірі Мәжит сол күні өзінің не үшін Құралаймен кезекшілігін ауыстырғанын қайта баяндады.

  • Самат (тіс дәрігері) менің досым. Ұлының кіндік әкесі болғандықтан туған күніне кезекшілікті сылтау етіп бармай қалған ұят болар деп ойладым. Құралаймен алмасуды есіме салған да досым. Қонаққа шақырған адам өзі кешкі сағат 21.00 шамасында үйіне кешігіп келді. Бәріміз жұмысбастымыз, түсінуге болады енді..
  • Оның көңіл-күйінен немесе түрінен ештеңе байқамадыңыз ба? – деді тергеуші.
  • Әдеттегідей. Бірақ бір нәрсеге алаңдағандай, ұялы телефонына қайта-қайта үңілумен болды. Артық ештеңе байқамадым, — деді Мәжит таңданып.

Қылмыскердің  әрекетін әшкерелеу үшін нақты айғақ қажет еді. Абылай өз күдігінің бекер емес екенін іштей сезгенімен, жалаң күдікпен ештеңе дәлелдей алмайтынын жақсы білетін. Ол блокноттағы жазбаларын бір шолып өтті де, ойына бір нәрсе түскендей, жанындағы  лейтенантқа сұстана  қарады.

  • Осымен істі аяқтаймыз.
  • Қалайша? Біз әлі қылмыскерді тапқан жоқпыз.
  • Біз жалпы жағдайды көріп, негізгісін назарға алмадық. Сенің ойыңша, біз қай жерден қателік жібердік, — деді тергеуші алдында тұрған лейтенантқа.

Үнсіз қалған лейтенант сәл ойланғандай болды. Ол «білмеймін» деп айтпады. Тергеушінің ойын ұғуға тырысты.

  • Шекерұлының денесін алғаш көрген медбике. Біз медбикені назарға алмадық, күдікті ретінде қарамадық. Кілт ешқайда жоғалмады, кілтті ол кабинетте әдейі қалдырды.
  • Ойыңды жалғастыр, — деді тергеуші лейтенанттың жүйрік ойына риза болғандай.
  • Ол кабинеттен кеткен жоқ, ол бөгде адамдардың келмеуін бақылады. Қылмыскер ісін аяқтаған соң, мәйітті алғаш көрген адамдай шыңғырды. Кезекшілігімен ауысқан Мәжит болса да, оны солай жасауға итермелеген қылмыскер. Барлығы жоспарлы түрде жүзеге асты.
  • Бәрекелді лейтенант. Ойыңмен неге ертерек бөліскің келмеді?
  • Мен.. сенімді болған жоқпын. Жәй ішкі түйсік деп қабылдадым.
  • Сені алдамайтын ішкі түйсігің. Бірақ дәлел мен айғақты да ұмытпағаның жөн. Медбикенің өтірік айтқанын мен басында байқадым. Сырттан келген адамға ауыл адамдары алақандағыдай көрінеді емес пе. Алдымен емхана ұжымын бақылап зерттеу менің басты міндетім еді. Қылмыскерді ұстауға дайынсың ба? – деді Абылай лейтенантқа сын көзбен қарап.

Құралайдың  кілтті кезекшіліктен алғанын әріптесінің көргенін тергеуші ешкімге айтпаған еді. Өтіріктің арты қай жерге апаратынын соңына дейін бақылауға алған Абылай, аурухана медбикесінің үнемі емхана бөлігінде жүретінін байқаған, ал соңғы рет тіс дәрігерінің кабинетінен шыққаны оның күдігін растады.

Өзіне тағылған айыпты мойындамаған медбике торға түскен шарасыз құстай шырылдағанымен, тығырыққа тірелгенін сезді.

  • Егер шындығыңызды айтсаңыз жазаңыз жеңілдейді, ал егер жасыратын болсаңыз, қылмыскердің сыбайласы ретінде жазаңыз ауырлайды. Абырой, жұмыс, жастық өміріңізді құрбан етуге дайынсыз ба? – деген тергеушінің психологиялық қысымынан соң медбике көз жасына ерік берді.
  • Мен ештеңе білмеймін, рас айтамын. Саматтың қылмысқа барғанына әлі сенбеймін. Ол менен ординатор бөлмесінің есігін ашық қалдыруды сұрады. Мен «неге?» деп сұрамадым. Екі сағаттан соң бөлмеге келгенімде есік кілтпен жабық болды. Мен оның не ойластырғанын білген емеспін, мен оның сыбайласы емеспін, — деп қыз ақтала берді.

   Егер кілтті медбике кабинетте қалдырмаған болса, қылмыскер ординатор бөлмесінің есігін қалай жабады. Егер өзінде кілт болған жағдайда, Құралайдың көмегі не үшін қажет. Шекерұлының кілті кабинетінен, орынбасар Әбілқасымқызының өз кілті қолында. Демек, медбике әлі шындығын айтқан жоқ. Бар кінәні екінші тарапқа жауып, өзін кінәсіз етіп көрсетуге тырысқанымен, өз өтірігінен өзі шатысып, ақыры шындықты мойындауға тура келді.

Тіс дәрігері тергеушілердің келгеніне аса мән бермеді. Керісінше, олардың келетінін алдын-ала білгендей, тым салқынқанды.

  • Сіздердің не үшін келгендеріңізді білемін, — деді дәрігер . Құралай — аңқау да жасық медбике болмағанда мүмкін менің құпиям әлі де ашылмай қаларма еді.
  • Сіздің құпияңыз ерте ме кеш пе бәрібір ашылатын еді, — деді тергеуші ашуын әрең тежеп. —  Сондықтан өз қылмысыңызды басқа біреудің мойнына артудың  қажеті жоқ. Одан да әріптестеріңізді не үшін өлтіргеніңізді ашық  айтыңыз.

   Аденов Самат Қамбарұлы және Жүнісова Құралай оның сыбайласы ретінде тұтқынға алынды. Екеуінің арасындағы байланыстың бар екендігін медбике жоққа шығармады.  Дәрігер қылмысын мойындап, не үшін мұндай әрекетке барғандығын  тергеушілерге толық баяндады.

«Адам қатты ауырған кезде жанын қоярға жер таппайды, — деді ол күрсініп. —  Қай жерің ауырса, жаның да сол жерде. Адаевтың басы жиі ауыратын. Ол жұмыс, қызмет деп денсаулығына немқұрайлы қарады. Әрбір ұстама кезінде қандай азап шегетінін менен артық ешкім білмейтін. Ақыры аурудың азабына шыдай алмай қалған кезде, наркотикалық заттарды қолдануды ұсынған мен едім. Бастапқыда ол үзілді-кесілді қарсы болды. Алғашында ауырсынуды басу үшін ғана қолданды. Кейін бірте-бірте морфинге тәуелді болды.  

Көп ұзамай басшының науқастарға арналған дәрілерді ұрлап жүргенін Қасымов біліп қойды. Сол күннен бастап оны бопсалай бастады. Тиісті органдарға хабарлаймын деп қорқытып, барлық кезекшіліктерді, іссапарларды, қосымша төлемдері бар жұмыстарды өз атына жаздырды. Басшы амалсыз көнді. Өйткені шындықтың ашылуы оның мансабына ғана емес, бүкіл өміріне қауіп төндіретін еді». Дәрігер үнін бәсеңдетіп жалғастырды.  «Бірақ Қасымов мұнымен тоқтаған жоқ. Ол енді басшының орнын талап етті. «Өз еркіңмен кетпесең,  не істеп жүргеніңді бүкіл елге жария етемін», — деп талап қойды.

Міне, дәл сол кезде Қасымовтан құтылудың амалын ойластыра бастадық. Әріптесімізді өлімге қимасақ та, оны бақылауда ұстау қиындай берді. Исламның  арам ойына мені қалай араластырып жібергенін өзім де аңғармай қалдым.

Ол маған бұл жерден абыроймен кеткісі келетінін айтты. «Сен менің ең сенімді серігімсің. Мен кеткен соң аурухананы сен басқарасың», — деді. Сол сөздерді естігенде өзімді маңызды адамдай сезіндім. Өзімді тіс дәрігері емес, басшы ретінде елестетіп, қиялға берілдім. Мен жолдан тайдым.

Көп ұзамай  күткен оңтайлы сәт те туды. Қасымов тісін емдетуге өзі келді.  Оның жүрегі әлсіз екенін, есепте тұратынын жақсы білетінмін. Жергілікті анестезия лидокоинмен болса, мен «Бупивокаин» — ды мөлшерден тыс қолдандым. Оның жүрегі көтере алмайтынын біліп, кезекшілікке шықпай демалу керектігін айттым.  Бәлкім өлімін жақындарына көрсеткісі келмеген болар, жаз сарайында жан тапсырыпты.

Алайда негізгі мәселе содан кейін басталды. Бас дәрігер мырзаның аяқ асты ар-ұжданы оянып, жасаған қылмысын мойындаймын деп шешті. Өзіне жабысқан ауруы да, жасаған күнәлі істерімнен деп қайғырды. Менің оны тоқтатуға шамам келмеді. Егер ол барлығын мойындайтын болса, айыптың барлығы маған тағылатыны сөзсіз. Мен ұзақ ойланбадым, ойлануға да шамам жоқ еді. Ойлап тапқан ісімді сіз әшкереледіңіз. Ол бәрібір ұзақ өмір сүрмес еді..»   

Дәрігердің мойындауы хаттамаға түсірілді. Сыбайлас болғаны үшін медбике 5 жыл, екі бірдей адамның өмірін қиғаны үшін дәрігер 18 жыл бас бостандығынан айырылды. 

     Бұлтпен тілдескен биік мұнара – ауылдың еңсесін тіктеп тұрған қорғандай асқақ еді. Тергеуші ауыл шетіндегі қызыл шатырлы ауруханаға соңғы рет көз тастады да, көлігіне отырды. Ақ халат жамылған ажалдың енді ешкімнің тағдырын түнекке орамасына кәміл сенгендей.

Жалиева Бақыт

АТЫ БАСҚА, ІЗІ СОЛ

(Психологиялық детектив) Подполковниктің күнделікті отыратын орнына жігіт келіп жайғасты. Подполковниктің...

АҚ КӨЙЛЕК

Әңгіме Ескі клубты ысырып, орнына жаңа мәдениет ошағы тұрғызылатынын естіген...

Ала жіп

– Армандары көп еді... биік еді...     Тергеуші Қайсеновтің алдында...

 «Пианистің ісі»

         Шілде айының соңында «AлматыГаз» авариялық қызметіне Гоголь көшесіндегі...

Алтынның улы буы…

                                   (мини повесть)                                                                           Бірінші тарау                            Баласын жоғалтқан қарт...       Алматы...