Мамыр айының 25-і. Абылай бүгін қызы Еркеназдың тоғызыншы сыныпты бітіру салтанатына қатыспақшы. Өзінің балалық шағы есіне түсті, кезінде әке-шеше мұғалімге деген сыйластықты баласының бойына дарытып, мұғалім мақтаса мадақтап, жамандаса ұрысып беретін. Мұғалімнің айтқаны – заң болатын. Себебі, мұғалім оқу мен жазуды, қоғамдық ортада өзіңді қалай ұстауды үйрететін. Өмірдегі алғашқы жетістіктеріміздің куәсі де солар. Ал қазір ше… Оның ойын қызының дауысы бөлді.
– Әке! Уақыт болды. Үлгермей қалармыз, шығайық…
– А-а-аҺа… Кеттік…
Осы кезде оның ұялы телефоны шыр ете қалды.
– Иә… Полковник Абылай Қайсенов тыңдап тұр.
– Полковник мырза! Сізді Департамент бастығы шұғыл шақыртып жатыр.
–Түсінікті, қазір боламын!
Сәлден соң Еркеназ анасы Айшамен бірге мектепке, Абылай болса полиция департаментіне қарай бағыт алды.
Департамент бастығы генерал Рахымжан Әбуов бұл кірісімен тез-тез сөйлей мән-жаймен таныстыра отырып, тапсырма берді.
– Осында бір мектепте мұғалім асылып өліпті. Сол жаққа барғандардың айтуынша мұғалімге қысым жасалған сияқты. Оқушы дәптеріне «Мен шаршадым, мені қорғайтын ешкім жоқ. Әділетсіздіктен шаршадым, ата-аналардан да, оқушылардан да шаршадым», – деп жазыпты дейді. Сол жерге тез жет… Іске кіріс… Сағат сайын маған не болып жатқанын баяндап тұр.
… Ол оқиға болған мектептің табалдырығынан аттағаннан-ақ мұндағы мұғалімдер мен қызметкерлердің өңдері қаша, кіреберіс фоэеде жиналып тұрғанын аңғарды. Кіріп келе жатқан бұған барлығы да үрпиісе қарайды. Сірә, мұны күтіп жүрсе керек, алдынан шыққан қалалық полиция басқармасының бастығы мен тергеушісі болған жайды баяндады. Абылай олардың «Істі департамент өздеріне алса жақсы болар еді, мына бір жұмыстан құтылатын» деген ойын сезді. Сосын сөзді созбұйдаға салмай қысқа қайырды.
–Іс – Сіздердікі. Біріккен жедел тергеу тобы құрылады. Бұйрық дайындалуда. Ал, енді маған мәйіт жатқан жерді көрсетіңіздер. Мектеп басшылары кетіп қалмасын, криминалистер келді ме?
– Иә. Олар сол жерде. Мектеп басшылығына ескертілген.
– Мәйітті бірінші көрген кім? Асулы тұрған жерінен шешіп алушы кім?
– Мұғалімнің асылып тұрғанын бірінші көрген оқушылар. Олар шыңғырып жылап, сосын бірнеше мұғалім барып асулы тұрған жіпті қиып, денені жерге түсірген.
–Олардан жауап алынды ма?
–Алынды. Ештеме білмейді. Оқушылардың шыңғырған дауысын есітіп жүгіріп келген. Олар келген кезде дене мұздап қалыпты. Сосын директорды шақырып, бізге хабарлаған. Сынып бөлмесіне біз келгенше ешкім кірмеген.
Безендіруінен бітіру салтанатына дайындық жүргені байқалатын мектептегі барлық мәдени шаралар тоқтатылыпты, оқиға болған сынып ұзынша коридор бойында, бұл бөлік шамамен алты-жеті сыныпқа арналған сынды, коридор есігі алдында полиция қызметкері ол жаққа ешкімді өткізбей тұр екен. Осы кезде әдеміше киінген қырықтардағы әйел жақын келіп, өзін таныстырды.
– Мен мектеп директоры Шара Мақсатқызымын.
Ол бұларға ере жүріп, оқиға болған 3-б сыныбының есігін ашты. Сынып іші талапқа сай жабдықталыпты, көрнекіліктер, терезе алдындағы гүлдер бұл бөлмеге жауапты болған жанның талғамы жоғары, ұқыпты жан екенін көрсетеді. Он екі парта мен жиырма төрт орындық, мұғалім үстелі де тап-таза, тақтадан жоғары үлкен әріппен «Білімдіден шыққан сөз – талаптыға болсын кез», – деп жазылыпты. Жоғарыдан интерактивті тақта орнатылған темірге байланып, салбырап тұрған жіп пен жыртылған дәптер парақтары және қисая құлаған мұғалім орындығы ғана сол ұқыптылыққа нұқсан келтіріп тұр.
Ал жерде ақ матамен жабылған мәйіт. Криминалистер жұмыс жасауда екен. Абылай алдыңғы партаға барып отырды да, мектеп директорының қолындағы папканы алып қарай бастады. Кадр есебі жөніндегі парақ пен диплом көшірмесін, мақтау қағаздары мен сертификаттар көшірмесін, бұйрық көшірмесін парақтап қарап шыққан ол фотодағы көзі мөлдіреген әдемі қыздың келбетіне асықпай қарады. Сосын барып орнынан тұрып, мәйітпен салыстыра бастады. О, тоба! Екеуін екі басқа адам дерсің…Тіпті, мүлде басқа адам дерсің… Мәйіттің бет сүйегі шодырайа шығып, екі ұрты ішіне кіріп кеткен, көздерінің алды қап-қара, қолдары арық, салмағы 40 келіден аса қоймас. Суреттегі сұлу қыз мына жатқан адам дегенге ешкім сенбесі анық. Абылай кадр есебі парағының қашан толтырылғанына көз жүгіртіп еді, екі жыл бұрын рәсімделіпті. «Апыр-ай, адам баласының екі жылда осыншалықты өзгеруі мүмкін бе? Егер қиын жағдай, қысталаң кез болса түсінер еді, мынадай бейбіт заманда…Не болды екен… ». Абылай директорға бұрылды.
- Шара Мақсатқызы, мына жатқан адам Дәулетова Самал ма?
– Иә, бұл – Дәулетова Самал.
- Мына суреттегі адам мүлде басқа сияқты ғой.
– Бұл сурет осыдан екі жыл бұрын, оқу жылы басында түсірілген ғой. Университетті қызыл дипломмен бітірген, сол бойда бізге жұмысқа орналасты. Әке-шешесі де қалаға белгілі мұғалімдер еді.
- Сонда бір жыл сегіз айдың ішінде осыншама өзгеріске ұшыраған ба?
- Солай боп тұр ғой…
- Сіздер бұл өзгерістерді байқамадыңыздар ма?
- Енді…Біздің жұмыс оңай емес қой…Барлық мұғалім оқу жылын аяқтаған кезде азып-тозып кетеді, барлығымыз да осындаймыз.
- Түсінікті. Маған осы сынып оқушылары мен ата-аналары тізімі керек.
Абылай облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі қызметінде болатын. Жұрт оны аймақтағы аса күрделі істерді тергеп, ақырына дейін жеткізетін тергеуші ретінде білетін. Сол себепті оның обьективтілігінде және ұқыптылығында ешкімнің күмәні болмайтын.
Оқиға орнына сот медицина дәрігері Алтаев Қамбар келіп, дереу мәйітті қарай бастады. Алтаев Қамбардың сот медицина дәрігері болып жүргеніне 30 жылдан асқан, облыстағы осы сала үздіктердің бірі еді. Абылай қызмет жолын бастаған кездің өзінде ол білікті маман болатын, екеуі талай қылмыс басында кездесіп, бұл оның талай рет шешімдеріне тәнті болған-ды.
– Мәйітті қарап, тексеру басталды, сағат 09:17. Та-а-а-к, мәйіт әйелдікі, бойы 165 см, салмағын нақты зертханада анықтаймыз, көз алды қараюы бар, дене бітімі арықша келген, астыңғы мен үстіңгі тістері айқасып, жағы қарысып қалған, көзіндегі майда капеляр тамырлары жарылған, ол адамға ауа жетпеуінен, тұншыққаннан немесе суға батып кеткеннен пайда болады, мойнында айнала қызыл түсті жарасы бар, жараға қарап оның жаңа екенін айтуға болады, жара ізі жіп немесе сол тектес заттыкіне ұқсайды, механизмі: жоғарыдан төмен қарай, қолында, аяғында, денесінде ешқандай зақым белгілері жоқ, яғни, көзінің капеляр тамырларының жарылуына және тұншығу механизміне қарап өз-өзіне қол жұмсау дерегі деп айта берсе болады, денесінде зорлық-зомбылық белгісі жоқ, өлім себебі – механикалық асфексия. Мәйітке қарап тексеру аяқталды, мәйіт сот медицина зертханасы тапсырылып, қосымша зерттеулер жүргізіледі, сағат 09:26.
Бір қарап осыншама деректерді тек өз ісінің шебері ғана айта алары анық. Алтаев Қамбар мәйітті зертханаға алып кетті. Абылай мектеп директормен бірге оның кабинеті барды. Абылай:
– Шара Мақсатқызы! Самал неге бұлай жасады екен? – деп сұрады.
– Мен білмедім…Кеше ғана жұмысқа келіп, оқушылардың 3 сыныппен қоштасу рәсімін жасауды ақылдасып кеткен еді.
– Самалдың оқу жүктемесі қалай? Қосымша сыныптан тыс жұмысқа тартылды ма?
– Сынып жетекшілігінен басқа қосымша мектептен, сыныптан тыс қоғамдық жұмысы жоқ, жүктемесі 16 сағат, толық ставка. Үшінші сынып болған соң олимпиада, жарыстарға көп қатыспайды.
- Самалдың достасып жүрген жігіті бар ма? Мектеп ішінде, не сыртта …
– Жоқ, естуімше оның жігіті жоқ. Бірақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Алматов Ғани оған өзінің сезімін бірнеше рет білдіріпті деп естігенмін. Бірақ, Самал тек жұмысын ғана ойлайтын. Онымен қоса қазір барлығы электронды түрде болған соң, бағаны электронды қоясың және күнделік те, тапсырма да, барлығы электронды түрде. Сол күнделікті толтырамын дегенше түн болады. Ертеңгі күнгі сабаққа дайындаламын дейсің, одан киім-кешектерді қарайсың. Мұғалім болған соң бірден сырт келбетіңе көз түседі. Сол себепті жеке өміріңе көп қол тие бермейді. Қорыта айтқанда екеуінің арасында ештеме де жоқ.
– Самалдың құрбы, достары болды ма? Болса, оларды танисыз ба?
–Самалдың бастауыш сынып мұғалімдері Әлия Тұрсынова, Гүлжамал Шайыровамен бірге көп көретінмін.
–Самалға біреулердің қысым жасауын не оның іс-әрекетінен өзгерістерді байқадыңыз ба?
–Қысым дегенде… Қысым деуге болар ма оны. Осы оқу жылында Самалдың сыныбына жаңадан Жасұлан деген оқушы ауысып келді. Сол оқушының анасы бірнеше мәрте Самалдың үстінен шағымданды. Шағым мазмұны баласына дұрыс қарамау, басқа оқушылардың көзінше Жасұланның қатесін шығару, онымен қоса Жасұланды сыныптағы ауқатты отбасы балаларымен достастырмады – деген сипатта. Ал, мен Самалмен сөйлескенімде білгенім – Жасұланның анасы бұған психологиялық қысым көрсетіп, нақтырақ айтқанда ұялы телефонына дамыл бермей жаза береді екен. Мен Самалға көмектеспек болып, бірнеше рет мұғалім ісіне араласпауды сұрадым. Алайда ол менің де үстімнен арыз жазып, министірліктен ескерту алдым. Содан кейін Самалға ұялы телефонымен тек жұмыс уақытында ғана жауап береуін, жұмыстан тыс жауап бермеуін талап еттім. Сонымен бітті.
–Сіз Жасұланның анасы жайлы мәліметтерді дайындап, бізге жіберіңіз. Ал Самалдың әлгі екі құрбысын ертеңге Облыстық полиция департаментіне шақырамыз. Міне шақырту қағазы.
Ол кабинетіне келіп, барлық деректерді ойша қорыта бастады. Жігіті жоқ, бірақ сезімін білдіргендер болған. Бұл сталкинг құрбаны ма? Бәрі де мүмкін. Соңғы хатына қарасаң мұғалімдерден, оқушылардан, ата-аналардан шаршадым – деген. Демек, «жау сырттан келмейді» дегендей мәселе мектептің айналасында болғаны. Соңғы жазған хатында почеркі бірқалыпты, асығыс адамның жазуына ұқсамайды. Өзіне қол салу саналы, жоспарлы түрде болғаны ма, жоқ па – белгісіз. Демек, алдымен Самалдың соңғы хатына сараптама тағайындау керек. Сараптама тағайындау барысында сарапшыларға қойылатын сұрақтар нақты болмаса, олар да нақты жауап бермейді. Демек қойылатын сұрақтар тыңғылықты болуы тиіс.
Сонымен, біріншіден, хаттанулық сараптама тағайындасам. Сұрағым: шынымен хатты Самал өзі жазды ма, хат қандай күйде жазылған, оның күйзелісте болған-болмағаны, мәжбүрлеу дерегі барма жоқ па, масаю күйінде жазды ма? Екіншіден, техникалық-криминалистикалық сараптама тағайындасам. Сұрағым: хаттың жазылғанына қанша уақыт болды? Сияның қағазға сіңу және кебу деңгейіне қарай нақтылануы керек — ол дәл өлім алдында ма, әлде бірнеше күн бұрын жазылды ма? Хат қандай қаламмен (шарикті, гельді) жазылды? Қағаз қай дәптерден жыртылып алынды? Оқиға орнынан табылған қалам мен дәптерге сәйкес келе ме? Үшіншіден, автортанулық сараптама тағайындасам. Сұрағым: хаттағы сөйлем құрау стилі, жіберілген грамматикалық қателер мен ерекше сөз тіркестері Самалдың зияткерлік деңгейіне, біліміне немесе мамандығына сәйкес келе ме? Хаттағы сауаттылық деңгейін анықтау керек – хатта өте дөрекі, сауатсыз қателер бар ма? Төртіншіден, дактилоскопиялық сараптама тағайындасам. Сұрағым: Хатта тек оның саусақ ізі ме, әлде өзге де саусақ іздері бар ма? Бесіншіден, сот психологияляық-филологиялық сараптама тағайындасам. Сұрағым: хатта жасырын белгілер бар ма? Хат жазу барысында эмоционалдық жай-күйі қандай болды, хатта логикалық байланыс бар ма? Осы сұрақтарға жауап берсе істің мән-жайы жартылай ашылып қалар еді.
Абылай сағат қарап еді, түнгі 22:29 екен. Бүгінгі күн салтанатты басталғанымен, соңына қарай мектеп мұғалімі өзіне қол жұмсады – деген хабар бүкіл облысқа тарады. Үйге келе салысымен Абылай дереу қызы Еркеназды іздеп, болған жағдайды түсіндіргісі келді. Алайда ол ұйықтап қалыпты, тек әйелі Айша ғана ояу екен.
–Айша, бүгін қалай болды? Еркеназ ренжімеді ме?
–Ой… Жоқ… Еркеназ да, біз де үйреніп қалдық қой. Өзің қалайсың? Жаңалықтардан өзіне қол жұмсаған мұғалім жайлы айтып жатыр. Сен сол жаққа кеттің бе?
–Иә, сол жаққа барғанмын. Қайтыс болған мұғалім жас қыз екен, үйленбеген, бүкіл өмірі алда еді ғой, өзіне қол жұмсаумен мәселе шешілер ме сірә. Оның жағдайын көріп, қатты шошып кеттім. Мен талай өлім мен қылмысты көрген едім, бірақ бұл барлығынан ауыр тиді.
–Түсінікті! Сен демалып алсаңшы – деді Айша.
Көзін жұмғаны сол еді, әйелі Айшаның сөйлеп жатқанынан оянып кетті. Сағатты қараса таңғы 07:42. Апыр-ай, жаңа ғана ұйықтаған секілді еді, қалай уақыт тез өткен. Ол асығыс тамақтанып жұмысына беттеді.
Департаментке кіре берісте кешегі шақыртылған Әлия мен Гүлжамал келіп тұр екен. Екеуін ерте кабинетке келіп, сөзге тартты. Сұрақ қойып, тергеу барысында ол жантүршігерлік, адам сенгісіз жағдайлар жайлы ести бастады. Сабақ барысына ата-аналар араласып, олардың мұғалімге оқушылар көзінше ұрысып кететіні, сабақ пен мектептен тыс болған жағдайларды да мұғалімнен көретіні, бала үй тапсырмасын орындамай келсе де мұғалім кінәлі болып қалатыны, тіпті кейбір аналардың балаларына ескерту жасатпауына, себебі, оның өзіне деген сенімділігінің төмендеп кету қаупі бар – деп ескертетіні, сыныпта шуласа да бұзықтық жасада да ескерту жасамауды талап ететіні дағдылы жағдайға айналыпты. Кей ата-ана мұғалімнің ұялы телефонына күн, түн демей хабарласа беретіні және бейәдеп сөздер айтып, қит етсе мұғалім үстінен арызданатыны, болмаса, оқушыға психикалық қысым жасады деп немесе мұғалім кәсібилігіне күмән келтіріп шағымданатыны белгілі болды. Олар бұл жағдайда мұғалімдердің қорғансыз екенін, мектеп директоры мен оның орынбасарлары бұл жайға араласуға қорқатынын атап өтті. Себебі, басында директор барлығын обьективті түрде қарауға тырысқанын, алайда, оның да үстінен арыз жазылып, соңында тәртіптік жазаға тартылғасын мектептің барлық ата-аналары осы әдіске көшкенін, қазіргі таңда барлығы қорқынышта өмір сүретінін жайып салған олар Самалдың екі жыл бұрын жұмысқа келген кездегі жайнаған жүзін, жайдарылығын, балаларға білім беруге деген ынтасын ашық көрсетті. Алайда мектеп өмірі өздері ойлағандай болмағанын, университетте оқушыға білім беру мен даярлығын үйретіп, кәсіби маман қылып дайындап шыққанмен, мұндай психологиялық қысымдарға дайын болуды үйретпейтінін айтты. Әңгіме соңында олар Самалға оқушысы Жасұланның анасы Ләйланың күн бермей, мазасын алғанын, қысым жасағанын айтты. Әлгі оқушының үш жылдың ішінде төрт мектеп ауыстырғанын, ата-ананың кесапаттығы салдарынан Самалдың қатты азып, көзінің сәл қисайып, ауық-ауық жыбырлап тартылуы пайда болғанын, соңында психотерапевтке көрініп, психосоматологке жолдама берілгенін айтты.
–Барлығын түсіндім. Ал, Алматов Ғани жайлы не айтасыздар? Самалмен арасында достық қатынас болды дегенді естіген едім – деді Абылай.
Бұл сұрақ тосындау болды ма, екеуі де абдырап қалды. Бұл олардың өңіндегі өзгерісті байқады. Гүлжамал тез қалыпқа түсті.
–А-а… Е, біздегі дене шынықтыру мұғалімі ме, ол ғой сезімін, ұнататынын білдіріп жүрген, бірақ Самал оны ұнатпады.
–Ғани мен Самал екеуі арасында сөзге келіспеушілік, жанжал, қыр соңынан қалмай қою, мазасын алу дегендер болды ма?
–Ондайды байқамаппын. Менің сыныбым Самалдың сыныбына дейін орналасқан. Мен 25-і күні сыныпта отырғанымда есік тұсынан Ғанидың жылдам жүріп өткенін байқадым. 25-і мамыр болған соң барлығымыз асығып жүреміз ғой. Бірақ Ғанидың кімнің сыныбынан шыққанын білмедім.
Мұның артында үлкен бір құпия жатқаны анық болды. Мектеп ішінде не болып жатқаны түсініксіз. Жағдай бұл ойлағаннан да күрделі сияқты. Енді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ғанидан жауап алсақ, біраз жәйт анықталып қалатын шығар. Марқұм мен күдікті арасында ең қиын дәлелденетіні – психологиялық жағдай. Егер жәбірленуші тірі болса оны дәлелдеу жеңіл болар еді. Ал бұл жағдайда мәйіттің психологиялық жағдайын дәлелдеу өте қиын. Қызметтік телефон шырылдады, департамент бастығы екен.
–Полковник Қайсенов! Тез маған кел!
–Құп болады!
Есікті ашып рұқсат сұраймын дегенше генералдың дауысы естілді.
–Мында…Жақын отыр. Мен қазір ғана Министрмен сөйлестім. Іс ана жақтың контролінде. Істі толық, обьективті, жан-жақты тергеу керек. Барлық құралдарды, мүмкіндіктерді пайдалануға рұқсат. Осы күннен бастап іс Департамент қарамағына өтеді. Тергеу әрекеті жайлы тек екеуміз ғана білуіміз қажет. Аптасына үш рет анықтаманы министрге жолдап отырамыз. Күдікті бар ма?
–Түсінікті. Күдікті бар, бірақ оны дәлелдеу өте қиын. Іс тым күрделі, бірақ оны шешудің амалы бар. Маған қыз тергеуші……………. (Ол сыбырлап сөйлеуге көшті).
- Түсінікті. Барлығы дайын деп ойлай бер, жұмысыңа кіріс.
- Құп болады жолдас генерал!.
Өз кабинетіне кірсе теледидар жаңалықтарынан мұғалімнің өзіне қол жұмсағаны жөнінде айтылуда екен, енді барлық телеарналар мен газеттер, журналисттер, оған блогерлер қосылып шулай бастады. Барлығының айтуынша –өзіне қол жұмсайтын мұғалімдер мектепте жұмыс жасамауы тиіс екен, барлық мұғалімдер психологиялық тестен өту керек екен, олардың кәсіби даярлығын күшейту қажет екен. Бірақ қоғамда бірде-бір адам қайтыс болған мұғалімнің жағдайы жайлы, мұғалімнің жұмысының қиын екендігі жайында ешкім тіс жармады.
Оқиға орнында мәйіттің сөмкесінен ұялы телефон табылған болатын. Оны ашып қарау барысында ешқандай инстаграм, фейсбук, тик-ток, яғни, жастардың қолданатын әлеуметтік желілері жоқ екені анықталды. Тек интернетке кіреді, уатсапқа кіреді. Уатсапты ашып қарағанда күдікті ешнәрсе жоқ секілді көрінгенмен, «Жасұлан мамасы» дегенмен көп сөйлесілгені көрініп тұр. Уатсапта барлығы бірыңғай Самалға бұйыру тәсілімен жазылған. Яғни, балама қатты сөйлеме, баламды әжетханаға алып бармаңыз, ол ұялады, көп сабақ сұрамаңыз, айтқаныңызға жауап бере алмаса, ол ыңғайсызданады, баламның киімі неге шаң болып келеді үйге, балама біреу түкіріп жіберіпті, мен сол баланың ата-анасына арыз жазамын, менің баламды Дамирмен достастырмаңыз, оны Шәріппен достастырыңыз – деген жазбалар өте көп екен. Абылай ойға батты Бұл не деген бассыздық сонда. Бұл қалай, біздің бала кезімізде мұғалім айтса болды заң еді, ата-аналар жиналасында мен жайлы не айтты екен, линейкаға шығармаса екен, ата-анама айтса оңбай таяқ жейміз ғой – деп ойлаушы едік. Ал қазір ше, ата-аналар үшін мұғалім өмірі ойыншық болып қалған ба? Бұл ата-ана қателігі ма әлде қоғамнан кеткен қателік пе. Телефон ішінде Ғанидың нөмірі бар, бірақ ешқандай хабарлама келмеген. Мүмкін шынымен оның қатысы жоқ шығар…
Абылай дереу Жасұланның анасы Ләйланы алып келуді тапсырды. «Самал жас болғандықтан әлеуметтік желіде болмауы мүмкін емес, демек бұндай уатсаптағы жазбалардан кейін ол әлеуметтік желілерде де маза бермеген шығар». Ол дереу техникалық мамандарға Ләйланың Самалға әлеуметтік желілерде жазған комментарийлерін анықтауға тапсырма берді. Бұл жазбаларды тексеру шамамен екі-үш ай уақыт алуы мүмкін, бірақ онсыз тексеру толық болмасы белгілі.
Келесі күні Ләйла оның кабинетінде болды, дереу жауап алу басталып кетті. Алданова Ләйла, 35 жаста, ажырасқан, кафеде администратор, асырауында бір бала бар. Жауап алу кезінде Ләйла маңызды ешнәрсе айтпады, қойған сұрақтарға «Білмеймін, уатсаптан жазғаным рас, бірақ оған ешқандай ренішім де, қастығым да жоқ» дегеннен басқа ештеме айтпады. Бұған бейне өші бар адамдай тесіле қарады.
–Сонда сіз менен күдіктеніп отырсыз ба, мен бе екен оны өлтірген. Мен балама қатысты нәрсені ғана жаздым. Ол – мұғалім, оның жұмысы – сабақ беру, тәрбие беру. Мен сабақ пен тәрбие жайлы жазды екен деп асылып өлуі керек пе екен… Енді шақырсаңыз мен адвокатпен бірге келемін, басқа сізге ешнәрсе айта алмаймын.
Абылайға Ләйланың заңнан шамалы болса да хабар бар жандай көрінді. Бәлкім, үйретушілері бар ма екен. Бір қарағанда Ләйланың айтып тұрғаны да дұрыс. Кім-кімге не жазбай жатыр, солай жазды екен деп өзіне қол салу ақылға сыйымсыз. Мүмкін Ләйладан бекер күдіктенген шығармыз. Мүмкін шынымен жұмыс қиындығына Самалдың жүйкесі сыр берді ме екен. Әлі де тергеп, тексеріп көрерміз.
Ләйланы шығарып салғаннан кейін кезек Ғаниға келді. Оған сұрақтарды Абылай бір күн бойы тыңғылықты дайындады. Барлық мүмкін болар жауаптарды ойша тізіп отырды.
…Кезекші кабинетке Ғаниды ертіп келді. Бойы 190 см, шашы қара, қыр мұрынды, шаралы қара көзді, шымыр денелі, әдеміше келген, ұқыпты киінген ер азамат бойдақ екен. Жасы жиырма бесте, соттылығы жоқ, мектепте жұмыс істегеніне екі жыл болыпты.
–Ғани! Отырыңыз. Сіздің уақытыңызды алмайын… Самалды қанша уақыттан бері танисыз, араңызда махаббат сезімі болды ма? Арақатынасыңыз қандай болды, жанжал, ұрыс-керіс дегендей? Сіздің қазіргі таңда жұбыңыз бар ма? Бар болса, қай уақыттан бері бар? Самалды соңғы рет қашан, қай жерде көрдіңіз?
Әдетте тергеушілер алдында отырған адаммен бірінші жай әңгімелесіп, оны сырттай бақылап, қай тұстан келерін, қалай сөйлеу керек екенін іздейді. Ал Абылай болса мүлде басқа тактика қолданды, ол ұйытқыған дауылдай Ғани отырар – отырмастан сұрақтарды үсті-үстіне төпелей берді.
–Мен қай сұраққа бірінші жауап берерімді білмей қалдым, асықтырмай тұра тұрыңыз. Самалды сол мектепке қызметке тұрғаннан бастап танимын, оған ниетімді білдіргенім рас, бірақ ол мені ұнатпайтынын айтты. Болды. Одан кейін мазасын алған жоқпын. Сіз Самалды өлімге итермелеген мен деп ойлап тұрсыз ба. Жо-жоқ олай емес, арамызда ештене болған емес. Қайдағы ұрыс, мен онымен не үшін ұрысамын. Қазір жұбым жоқ, оны неге сұрадыңыз. Не болып кетті, сұрақтарыңыз қалай — қалай өзі.
–Соңғы рет Самалды қашан көрдіңіз?
–Ім-мм… Соңғы рет… О-оны, сол өмірден озар алдында мектепке келген кезде көрдім. Біраздан соң оның өзіне қол жұмсағанын естідім.
–Сізді Гүлжамал коридорда қатты жүріп өтті – деп айтты. Сіз Самалдың сыныбынан шықтыңыз ба?
–Жо-жоқ, мен сол коридормен өттім, оқушылардың бітіру салтанатына асығып бара жатқан болатынмын.Самалдың кабинетіне мүлде кірген емеспін.
–Түсінікті…
Абылай жарты сағаттай үнсіз тапжылмастан отырды. Ондағысы – Ғани сасқалақтап кей нәрсені айтып қояр дегендік еді. Әлі іске Ғанидың қатысы жоқтығы анықталмай тұр. «Бір жасырғаны бар секілді, ішім сезім тұр».
Уақыт өте берді, бір ай, одан соң екінші ай, бұл қылмыс аймақ деңгейінен шығып, бүкіл елдің әлеуметтік желідегі тақырыбына айналды. Барлығының аузында осы қылмыс, барлығы мұғалімдерді жамандауда.
Үшінші ай дегенде хатқа тағайындаған сараптамалар келді. Сараптамада жазылған хат Самалға тиесілі екені, хат жазу барысында оның күйзелісте болғаны, мәжбүрлеу дерегі жоқ екені, масаң күйде болмағаны, хат өлім алдында шарикті ручкамен жазылғаны, хат авторы Самалдың өзі екендігі, хат жазу барысында ешқандай лингвистикалық қателіктер мен жасырын, тұспалдау сөздердің жоқ екендігі, хатты асықпай, біркелкі, ойланып, ручканы парақтан көтермей жалғаспалы түрде жазылғаны көрсетілген. Ең қызығы соңында жазылған екен. Жазылған хат оқиға орнынан табылған дәптерден жыртылып алынғаны, жыртылып алынған қағазда тек Самалға тиесілі саусақ іздерінің табылғаны, ал парақ жыртылып алынған дәптерде Ғанидың қолтаңба ізі анықталғаны көрсетіліпті.
Абылай сараптама қорытындысын тағы бір оқып шықты. «Тоқта, тоқта! Мұнысы қалай? Ғанидың қолтаңбасы?! Ол қайдан жүр? Ғани…Ғани… Сен тек оның сыныбына кірмедім деп едің ғой… Сонда …
Ол кезекшіге Алматов Ғаниды дереу жеткізу жайлы тапсырма берді. Шамамен жарты сағат өткеннен кейін кабинетте Ғани отырды.
–Ғани! Мына сараптама қорытындысын қарашы, не айтасың?
Ғани сараптама қорытындысын асықпай оқып шықты да, үнсіз қалды. Құдды бір шұңқырға түсіп кеткендей кейіпте. Бір кезде барып:
–Мен шындығымды өткенде айтуым керек еді…Мен… – деді.
Тағы да үнсіздік. Оның бұлай үнсіз қалғанына ашуланған Абылай столды алақанымен қатты ұрып қалды. Оның ойынша барлығына кінәлі Ғани, ол қазір айыбын мойындайын деп тұрғандай көрінді.
–Мен Самалды қатты жақсы көрдім, бірақ ол мені ұнатпады. Мен оған ренжімедім. Бірақ оқу жылының екінші тоқсанында Самалдың қатты азып бара жатқанын байқадым. Не болды? –деп сұрағанымда жұмыстан шаршап кеткенін айтты. Уақыт өте келе Самалдың арықтағаны соншалық, ол адам танымастай болып қалды. Оған көмектескім келіп, не болып жатқанын сұрадым. Сонда ол маған «Қысымнан шаршадым. Директорға айтсам, көмектеспейді, тек мені кіналай береді», – деп айтты.
Сол жиырма бесінші мамыр күні мектепте оқушылар төбелесіп қалмасын деп сынып аралап жүрген болатынмын. Бір кезде алдымнан Самал шықты да, мені қаға-маға жолымды кесіп өтті. Тіпті маған қараған да жоқ, құдды мені көрмегендей. Біртүрлі, робот секілді. Мен не болды екен деп артынан еріп, сыныбына дейін бардым. Сол кезде Самалдың қолында оқушы дәптері бар екен. Бұл не қылған дәптер деп ойладым да, оның қалған жартысынан ұстап, не болғанын сұрадым.
Ғани екі иығы селкілдей жылап жіберді. Абылай оның қалыпқа келуін күтті. Біршамадан соң ол өз-өзіне келді.
–Самал маған «Сен мені жақсы көресің бе?» –деп сұрады. Мен «Иә» – деп жауап бергенімде ол «Мен шаршадым… Өз-өзіме қол салайын деп отырмын. Маған мына өмірде ештеме қалған жоқ… Кетейін…. Құриын…Мені жақсы көрсең – соңғы шешіміме кедергі болма… – деді. Сосын «Сен шынымен мені жақсы көресің бе?» – деп сұрады. Мен «Иә» – дедім. Сол кезде ол «Онда бара бер. Маған кедергі болма», – деді біртүрлі жымиғандай болып. Мені үрей биледі. Мен оны шын жақсы көрдім, бар ықыласыммен ұнаттым, сол себепті оған қарсы бола алмадым да, айтқанын істедім. Кабинеттен шығып кеттім. Мен кінәлімін…
Мұндай жауапты күтпеген Абылай сәл кідіріп қалды.
–Сіз Дәулетова Самалды өзін-өзі өлтіруге итермелеу қылмысы бойынша күдікпен ұсталдыңыз. Сұрақтарға жауап бермеуге және үндемеуге құқығыңыз бар. Сіздің айтқан әрбір сөзіңіз сотта сізге қарсы қолданылуы мүмкін. Ұсталған сәттен бастап қорғаушының (адвокаттың) көмегін пайдалануға құқығыңыз бар. Егер адвокат жалдауға қаражатыңыз болмаса мемлекет сізді адвокатпен тегін қамтамасыз етеді.
Абылай оны уақытша тергеу изоляторына жібертті де барлығын департамент басшысына баяндады.
Жарты сағаттан соң Ғанидың қамалған туралы бүкіл қала есітіп болды. Өсек деген нәрсе дүниедегі ең жылдам бәлекет болуы керек, бір сағаттан соң бұл туралы барлық телеарналар «Самалды өлтірген адам ұсталды», «Қылмыскер мұғалім екен» деген сипаттағы ақпаратты тарата бастады. Оған қоса әлеуметтік желілерде Абылай жайлы мадақтаулар көптеп тарап кетті. Істің қорытындысы «Самалдың психологиялық жағдайы жұмыстың қиындығынан, ол қиындықты көтере алмай және психологиялық жай-күйінің тұрақсыздығының кесірінен, психологиялық ауытқуы салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған, ал оны Ғани біле тұра дер кезінде тоқтатпаған», – деп тұжырымдалып, мектеп директоры «Міндетіне немқұрайлы қарау (салғырттық)» бабымен қамалды. Бұдан көп уақыт өтпей Абылайды департамент басшысының тергеу жөніндегі орынбасары шақыртты.
–Полковник Қайсенов! Молодец! Істі жақсы аяқтадың. Енді неге сотқа жібермей отырсың? Тездетіп құтылу керек қой істен… Мойынға іліндіріп тұрғыза бермей жібер тездетіп.
–Полковник мырза! Сізді құптаймын. Алайда нағыз қылмыскер тасада қалған сияқты. Қазір соны анықтау бағытында жұмыс істеудемін. Ол біту бойына сотқа жіберемін.
–Ол кім тағы?
–Әзірге нақты айта алмаймын. Бұл өте қиын іс болып тұр, бір қарасаң қылмыс емес сияқты, екінші жағынан қарасаң – қылмыс. Сондықтан қалай ашамын бірден сіздерге баяндаймын.
–Мақұл. Көп созба. Бұл жөнінде генерал біле ме?
–Ол кісі хабардар.
Бұдан соң іске қатысты әңгіме саябырсып, тіпті, ұмытылып кеткендей болды. Алайда бұл дауыл алдындағы үнсіздік секілді еді. Істің тергеліп жатқанына ұзақ уақыт болғаны сондай келер оқу жылы басталар күн – қыркүйек айының 1-і де келіп жетті. Мұғалімдер үшін барлығы қайтадан басталды, ал Абылай үшін барлығы баяғыдай еді. Істің қорытынды шешімі бар, тек сараптама қорытындысын ғана күтіп отқан Абылайға техникалық зертханадан, IT мамандардан жауап келді. Қорытындыда былай көрсетіліпті:
«Алданова Ләйла мұғалім Самал Дәулетоваға өткен жылғы қыркүйек айының 1-нен бастап мамыр айының 25-і аралығында 9751 рет хабарласқан. Яғни, бұл жағдайда күніне 35-36 рет хабарласу болады. Бұл – мұғалім сабақ беріп жатқанда да, үзілісте де, кешке үйінде де әрбір 25 минут сайын үздіксіз телефон шырылдап тұрды деген сөз. Әлеуметтік желілерде Самалдың өзінің жеке парақшасы болған (Samal_Dau). Парақшадағы әрбір суретке қатысты мұғалімге тіл тигезетін, мұғалімнің жеке өміріне араласатын комментарийлер саны 7136 (оқу жылына шаққанда күніне шамамен 25-26 пікірден келеді). Қосымша тіркелді. 12 том».
Абылай «Мынасы түсініксіз екен, 12 томы несі» деп ашып қарап еді, Самалдың достарымен отырған суретінің астына LEILA аккауынтымен «Қыдырып жүрсіз бе, ал менің балам сабақ оқып отыр», одан соң «Ашық киінбеңіз, оқушыларыңыздан ұялмайсыз ба», «Сіз неге көп қыдырасыз, сіздің жұмысыңыз сабақ беру емес пе», «Неге көлде купальникпен түскенсіз, ол балаларға жаман әсер береді» деген секілді жазбалар екен. Барлығы 12 том болыпты. Ләйланың 9751 рет телефон соққаны мен 7136 рет Инстаграмда жазған комментарилері.
Құдай-ау, мынау сұмдық қой… Кім білген, бұл Ләйла нағыз барып тұрған маньяк екен ғой, ал, Самал болса кибербуллинг құрбаны болып тұр ғой. Ие… Кім білген… Самал! Қате ойлағанымызды кеше гөр. «Аққа құдай жақ» демекші бұл істі ақырына дейін жеткізу менің парызым деп білемін – деп Абылай өзіне серт берді.
Департамент басшысы бұл жайлы естігенде үнсіз қалды. Тағдырдың талай сынағынан өткен генерал біраз үнсіздіктен соң ғана ойын айтты.
–Бір іс, үш күдікті. Бірі Самалды өлуден құтқармаған, екіншісі немқұрайлы басшы, өз міндетіне салғырт қараған, ал үшіншісі кибербуллинг арқылы өлімге итермелеген. Да… енді болмағанда самоубийства деп істі жабатын едік. Сәл қалған екен ғой бұрыс кетерімізге. Енді Алданова Ләйланың іс-әрекетін нақтылап дәлелдеу керек секілді.
–Мен бұл істің анық-қанығына жетемін генерал мырза.
Кабинетіне барар жолда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам…» дегені есіне түсіп кетті. «Ие…Сол сияқты білім беруші мұғалімдерді неге бейшара күйге түсірдік. Кейбір жеке мектеп қожайындары бес-алты айлап айлық жалақыларын бермейді екен. Оқушы тауып әкел – деп қинайды екен. Бұл туралы әлеуметтік желі әңгімеге толып тұр. Неге бұлай?»
Енді іс бағытының 180 градусқа бұрылатын түрі бар. Абылай қаза болған Самалдың атын тездетіп жаладан аршып алуға тырысқанымен бұл іс аса бір тыңғылықты дайындықты талап ететінін де түсінді. Уақыт та өтіп барады, қара суығын алып қараша айы да келіп жетті. Әлеуметтік желіде «Дайын тұрған істі не үшін сотқа жібермей жатыр» деген сұрақ атойлай бастады. Біреулер «Күдіктілер ақша беріп, босап кетейін деп жатыр екен» деп те өсек таратты. Бұған да желі қолданушылар бір көтеріліп басылды.
Абылайдың генералдан тергеуші қыз сұрау себебі де ашыла бастады. Ол бұрын Самал сабақ берген, сынып жетекшісі болған 3-б, биылғы 4-б сыныбына мұғалім ретінде тергеуші қызды ұсынды, барлық құжаттары түгелденіп, дәл сол сыныпқа жіберілді. Тергеуші қызға толық түсіндірме жұмыстары жүргізліп, сауатты әрі кәсіби мамандар шақырылып, барлық сабақ беруі толық солардың бақылауымен өтілді. Тергеуші қыздың ұялы телефоны полицияның толық бақылауында болды. Ұсынылған тергеуші ретінде аудандық полиция бөлімінің қызметкері Инабат Ғаниқызы еді. Ол өте ақылды, байсалды, өз ісінің маманы ретінде таңдалып алынды.
Абылай ойлағандай бастапқы күннен-ақ Ләйланың жазған хаттары Инабаттың уатсабына келе бастады. Ал инстаграмына тіпті дамыл жоқ. Инабат одан заң бойынша тоқтауын сұраса да, ол еш қорықпай, кәсібилікті талап ету өзінің азаматтық міндеті екенін айтуды жалғастыра берді. Уақыт өте келе Инабаттың да жүйкесі сыр бере бастады. Бұл арнайы дайындықтан өткен адам болса да Ләйланың психикалық шабуылының нәтижесі көріне бастады. Мектеп директорына барып қаншама рет ескертсе де бұл директор да үнсіз қала берді. Негізсіз шабуылдар, негізсіз айыптаулар, негізсіз арыздар, негізсіз ұрыс барлығы жиналып психикалық ауытқу туғызу қаупін төндіре бастады. Абылай тез шешім қабылдау керегін түсінді.
Барлығы дайын, дәлелдер толық жеткілікті. Бұл жайлы Инабатқа ескертілгенде оның қуанышында шек болмады. «Мен бұл күн келмейтін шығар» – деп те ойлап қалып едім деді ол. Алданова Ләйла департаментке шақыртылды. Ол адвокатымен бірге келді. Түрінде ешқандай өкініш сезімі жоқ, тіпті ештеме болмағандай күйде.
Тергеу кабинетінде Абылай Самалдың өлімі жайлы сұрақ қоя бастағанда ол «Оның өлімінде менің еш кінәм жоқ» дегеннен танбады. Сол сәтте Ләйлаға 12 томдық құжаттар ұсынылды. Адвокаты екеуі құжаттары қарап отырған кезде Абылай Ләйланың өңі өзгере бастағанын көрді. Манағы сенімділіктің жұрнағы да қалмаған. Томдарды парақтап қарап отырғанда саусақтары дірілдеп, денесін үрей билегені байқалады.
–Ләйла ханым! Не айтасыз, жауап береміз бе енді?
–Не деп жауап беремін… Мұның барлығын жазған мен, бірақ мен оған асылып өл – деп айтқан жоқпын.
Адвокаты Ләйлаға тесіле қарады. Оның жүзінен «Не айтып тұрсың? Есің бүтін бе? Дегенді аңғару қиын емес еді. Ләйла абдырап қалса да тек азаматтық борышын орындағанын, мұғалімнің этика сақтауын сұрағанын айтып ақтала бастады.
–Сіздің педагогтық мамандығыңыз бар ма?
–Жоқ…орта мектеп қана бітіргенмін.
–Олай болса сіз қалай оқу, білім беру, тәлім-тәрбие беру туралы арнайы білімі бар маманға ақыл айтып отырсыз?
–Оның несі қиын…
–Түсінікті. Мына он екі томдағы жазбалар сіздікі ғой
– Иә…
–Жақсы.Сіздің жауаптарыңыздың барлығы аудио-бейне таспаға жазылып жатқанын тағы бір есіңізге саламын. Инабат! Кіре бер.
Полиция формасындағы Инабат кабинетке кіргенде Ләйланың көзі шарасынан шығып кетті. Ләйланың үнсіз қалған сәті осы болатын, ұнжырғасы түсіп кетті. Екеуін беттестіру барысында барлық Инабатқа жазылған сөздер полицияда тіркеліп, құжатталып отырғаны көрсетіліп, оған психологиялық шабуыл жасалғаны дәлелденді. Алданова Ләйла сол күні уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл қамау артынан үлкен шуға ұласты. Әлеуметтік желіде «Мұғалім өзі асылып өлсе, оған оқушының анасы кінәлі болуы керек пе?» деген және тағысын тағы жазбалар көбейді. Қазіргі кезде билік қоғамдық пікірмен көп санасады. Сен туралы бір жаман пікір айтылса, өзіңді ақтап алу мүмкін емес және бұл жағдайдан ешкім сақтанана да алмайды. Адамның құны тек бір ғана комментарий болып қалған кезде бұдан басқа не күтерсің.
Іс бітіп, сотқа жолданғанымен, оны соттың қарау уақыты бар, сосын барып сот процесі болады. Сот процесі еліміздің барлық телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілетін болып шешілді. Барлығының назары осында, себебі, бұрын-соңды мұндай сот преценденті болмаған еді. Күдіктілер қатарында мектеп директоры Шара Мақсатқызы, дене шынықтыру мұғалімі Ғани Алматов және басты күдікті Ләйла Алданова бар.
Сот процесі қаңтар айының 8-і күні сағат 09:10-ға қойылды. Абылай да кабинетінде теледидар арқылы сот процесін қарауда. Иә, не дерің бар, сол сәтте эфирді бір сәтте бір миллионнан астам адам қарап отыр екен. Сот басталды, сот хатшысы сот төрағасы мен судьяларды, мемлекеттік айыптаушыны, сот процесіне қатысушыларды таныстырды. Мемлекеттік айыптаушы айыптау тұжырымын оқыды, содан кейін дәлелдемелерді зерделеу, одан соң сот жарыссөзі басталды.
Мемлекеттік айыптаушы прокурор Мейірбек Сұлтанұлы былай деді:
«Құрметті сот төрағасы мен сот мүшелері, процеске қатысушылар!Бүгін біз осы залда тек бір ғана қателіктің емес, жүйелі немқұрайлылықтың, кәсіби сатқындық пен адам айтқысыз қатыгездіктің бір арнаға тоғысқан үлкен трагедиясын талқылап отырмыз. Біздің алдымызда үш бірдей айыпталушы отыр. Бірі Шара Мақсатқызы – лауазымдық қызметін немқұрайлы атқарған мектеп директоры, екіншісі Ғани Алматов – өлімге араша түсуі тиіс мектеп мұғалімі, үшіншісі – тасада тұрып жап-жас қыздың тағдырын талқандаған киберқылмыскер Ләйла Алданова. Осы үшеуінің әрекеті мен әрекетсіздігі бір жазықсыз жанды – Дәулетова Самалды өлім туннеліне жетеледі.
Мемлекет пен қоғам Мақсатқызы Шараға ең қымбат қазынасын – балалар мен мұғалімнің өмірі мен қауіпсіздігін сеніп тапсырды. Ол жай ғана мектеп басқарушысы емес, заң бойынша сол ғимараттың ішіндегі әрбір адамның бас қорғаны болуы тиіс еді. Алайда, іс материалдары мен куәгерлердің жауаптарынан көргеніміздей, марқұм Дәулетова Самал өзіне төнген қауіпті сезініп, көмек сұрап, соңғы үмітпен осы директордың есігін қаққан. Ол жылап тұрып, желідегі үздіксіз қудалау мен кибербуллингке шыдай алмай жатқанын айтқан. Ал айыпталушы директор не істеді? Ол өз лауазымын, беделін және заңды міндеттерін мектептің және өзінің «жалған абыройын» сақтап қалу үшін құрбан етті. «Парақшаңды өшір», «Бұл жай ғана интернет қой, уақытша нәрсе» – деп, мұғалімнің жан айқайын елеусіз қалдырды. Оның бұл әрекетсіздігі – қылмыстық салғырттық! Мектеп қабырғасындағы заңсыздықты жасырып, құқық қорғау органдарына хабарламағаны – оның қылмысқа салқынқандылықпен жол бергенін көрсетеді.
Екінші айыпталушы – Ғани Алматов. Ол – мектеп мұғалімі, ол – ұстаз, ол – оқушының ата-анасынан кейінгі екінші жанашыры болуы керек тұлға. Бірақ оның жасаған әрекеті кәсіби сатқындықпен тең. Іс материалдары мен айғақтар дәлелдегендей бұл мұғалім Дәулетова Самалдың көз алдында солып, өлім алдында шарасыз күй кешіп, өзіне қол жұмсау шегіне жеткенін нақты көрді. Ол Самалдың бойындағы ауыр депрессияны, жан айқайын сезді, бірақ саналы түрде бұл жағдайға араласпады. Ол өзінің заңды әрі адамдық міндетіне немқұрайлы қарап, көмек қолын созбады, басшылыққа немесе жедел жәрдемге хабар бермеді. Оның бұл қорқақтығы мен немқұрайлылығы Самалды соңғы үмітінен айырды. «Мені жақсы көрсең, өзіме қол салуға рұқсат бер» – деп, қияметтік шекарада тұрып хат жазғанда да бұл адамдық кейпінен жұрдай болғанын көрсетті. Ол оны тоқтатудың орнына, әрекетсіздік танытты. Ол құрбанның нәзік психологиялық күйін біле тұра, оны саналы түрде ажалға айдады. Қауіпті жағдайда қалған адамға көмек көрсетпеу – заң алдында кешірілмейтін қылмыс!
Ал енді осы трагедияның тікелей қолдан жасаушысы, заманауи технологиялардың тасасына тығылып, Дәулетова Самалға психологиялық террор ұйымдастырған айыпталушы Алданова Ләйлаға келейік. Ол фейк парақшалар ашып, монитор артына тығылып алып, күн сайын, сағат сайын Самалдың жан дүниесін құлазытып, оны тығырыққа тіреді. Бұл – жай ғана интернеттегі қалжың емес. Бұл – адамның рухын тірілей өлтіру!
Құрметті сот, іс материалдарындағы техникалық және IT-сараптама қорытындыларына қараңыздаршы. Мына сандардан адам шошиды! Айыпталушы Алданова Ләйла марқұм Самалдың телефонына 9751 ретқоңырау шалған. Тоғыз мың жеті жүз елу бір рет! Бұл – құрбанның күндіз де, түнде де телефон дыбысынан жүрегі ұша, зәре-құты қалмай, қорқынышта өмір сүргенінің дәлелі. Оған қоса, Инстаграм әлеуметтік желісінде Самалдың атына 7136 рет қорлайтын, намысына тиетін пікірлер жазған. Жеті мыңнан астам соққы! Әрбір қоңырау мен әрбір пікір – бұл істе мылтықтың оғындай рөл атылған. Кибербуллинг – бұл көрінбейтін қару, ал бұл қаруды оқтаған – осы отырған Алданова Ләйла.
Құрметті сот! Қазір заманның басты қасіреті ол – басқаға тисе де маған тимесе болды – деген ұстаным. Қылмыс адамның әрекетінде және әрекетсіздігінде де болады. Әрбір жазылған комментарий, әрбір іс-әрекеттің артында үлкен жауапкершілік тұруы керек.
Қараңғылық орнатқандар жарық әлемде еркін жүрмеуі тиіс. Мына отырған үш айыпталушы Самал Дәулетова сияқты өршіл, арманшыл жастың көгін қараңғылық бұлтымен торлап, оның күнін сөндірді. Бірі қудалады, екіншісі көрсе де көмектеспеді, үшіншісі бәрін білсе де жасырды. Заңның әділ үкімі осы қараңғылықты сейілтуі тиіс. Әділдік жеңісі орнау керек. Үш қылмыскер де жазасын толық көлемде алуы керек! Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!.
Бұл сөздерден кейін Абылай сот процесін ары қарай көре алмады, тіпті, көргісі келмей теледидарды өшірді де ойға қалды. «Жеңіс дейді… Соқыр заң өз шешімін шығарды, үшеуінің де қолына кісен түсті. Бірақ, бұл жеңіс емес пе? Жоқ… Бұл – жеңіс емес сияқты. Бұл – біздің қоғамдағы адами қатынастардың тас-талқан болып жеңілгенінің ресми құжаты ғана сияқты.
Сот үстелі үстінде жатқан том-том іс қағаздарында тек айғақтар емес, Ләйланың телефонның әрбір пернесін басып, Самалдың жанын бөлшектеп жатқандағы суық күлкісі, директордың мектеп пен өзінің беделін ойлап, бөлмесінде тығылып отырғандағы қорқақтығы, әріптес мұғалімнің Самалдың сөніп бара жатқан жанарын көре тұра, тасбауырлыққа барғаны жатыр. Олардың әрқайсысы Самалдың мойнына ілінген жіптің бір-бір ұшынан тартып тұрды.
Біз қашаннан бері мына соқыр экранның, жылтыр телефондардың құлына айналдық? Көз алдымыздағы тірі адамның жан айқайын естімей, алыстағы белгісіз біреулердің тас атқан пікіріне табынатын қандай сорлы ұлтқа айналдық? Тоқсаныншы жылдары тоналғанда да, аштықтан қырылғанда да дәл осылай қатыгезденбеген едік қой… Енді келіп, өз баламызды өзіміз желінің ішінде тірідей мүжіп жейтін деңгейге жеттік пе?
Міржақып Дулатов атамыз заманында «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп шырқырап, тұтас халықты ұйқысынан оятуға ұмтылып еді. Ол заманның қараңғылығы – надандық пен сауатсыздық еді, оны оқумен, көкіректі ашумен емдеуге болатын. Ал бүгінгі заманның қараңғылығы мүлдем басқа, әлдеқайда қорқынышты… Бүгінгі қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу, бірақ жүрегі мұз болып қатып қалған тәрізді.
Міржақып атамыз бүгінгі күнді көрсе не дер еді? Телефонның артына тығылып алып, бір-бірін тірілей мүжитін, желіде жабылып жүріп жазықсыз қызды өлімге айдайтын мына безбүйрек ұрпақты көргенде қалай күңіренер еді? Технологиямыз дамып, әлемді уысымызда ұстаған сайын, адамдығымыз құрдымға кетіп бара ма, қалай? Көзіміз оянғанымен, мейіріміміз ұйықтап қалған емес пе. Самалды жұтқан сол мейірімсіздіктің, тас қараңғы қатыгездіктің құрдымы емес пе.
Қалтасындағы телефон қоңырауы шыр етті. Оның ұялы телефон экранына қарауға жүрегі дауаламай тұр. Тағы кім? Тағы қай жерде интернеттің артына тығылған құбыжықтар кезекті құрбанын аңдып отыр?
Бұл папка, бұл іс те мұрағатқа өтер. Бірақ Самалдың ең соңғы «Маған рұқсат бер» деген сөзі менің өмір бойы ойымнан шықпас, сірә. Біз заңды орындадық, бірақ адамдықты сақтай алмадық. Құдай-ау, біз…
…Абылай департаменттен шығып үйіне беттегенде қарашаның ызғарлы желі көше бойына жарық төккен электр шамдары бағаналарын теңселте қозғап тұрған еді. Мына пенделердің бір-біріне деген жауыздығын, іштарлығын жасырғысы келгендей қыламықтап қар жауды. Қарды ұшыра қатты соққан желден электр желісі сымдары ызыңды уілге басқан. Таусылмайтын бір мұңды әуен. Бейне табиғат та сыңсып жылап тұрғандай.
Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ


