АТЫ БАСҚА, ІЗІ СОЛ

(Психологиялық детектив)

Подполковниктің күнделікті отыратын орнына жігіт келіп жайғасты. Подполковниктің айтуынша осы үстелге қарапайым қырғыз қызы қызмет етеді, терезе жақ үстелдерге әлгі өзбек қызы қызмет көрсетеді. Ол өзіне – қой етіне, майдалап туралған пияз, сарымсақ, күріш қосып пісірілген «быжы» әкелген даяшы қызға қайта-қайта қылмыңдап қарап отырып, атын сұрап алды.
– О, Бегайым,– деп оның есімін даяшы қыз бір өткенде бір, екі өткенде екі мәнерлеп отырып шақырады. Еркелету көрген қыз қысылып, жымиып әрең өтеді. Сүйкімді қара қыз екен. Жеп отырған тамағының дәмі үшін және үйге салып әкететін тамақ үшін қызды бірнеше рет шақырғаннан кейін нөмірін сұрап еді, бермеді. Тауы шағылмаса да, жартасының ұшы сынып кеткендей болып сүлкиген денесін асханадан жымиған күйі шығарып әкетті. Араға әдейі үш күн салып барып өте сәнді киінген күйі қайта келіп, жымиып отырып даяшы қыздың нөмірін сұраған еді, мұндай мүмкіндіктен айырылып қалуға болама, ол орайды қолдан жібермей нөмірін беріп жіберді. Мүмкін үш күн бойы оны іштей күткен де болар?! Бұл да бір кешуі маржанды толқындарға толы дәурен еді…
Жігіт пен қыз телефонның айдынын қалқан етіп, екі күн ұрлана қарап сырласқаннан кейін жігіт өзі жақсырақ біліп қалған ең сәнді тағамжайдың біріне алып барады. Қателеспесем, аты – ANT’S болатын. Осындай шүйіркелесудің төртінші күнінде, Чолпонбай Төлебердиев паркіндегі жып-жылы ағаш саясында, ағашқа арқасын беріп тұрған қыздың екі жағындағы бұтаққа қолын тіреп, қызға қызыға қарағандай болған жігіт жерге еңкейіп, аяғының ұшына бір қарап алды да, не айтарын есіне алып:
– А, иә, айтпақшы Бегімай,– деді қабағын көтеріп.
Қыз «ауу» деп, аңтарылып қарады…

Із кескен үнсіздік

Екі күн өтті. Бастық әке кеңсесінде арқалықты орындықта қисалаңдап отырғанда, өзі күткен ұлынан телефон келді.
– Әке, сіз сұраған мәліметтерді бірден айта берейін.
– Айта ғой,– деді қалың қабағы түйілген, басы кесек подполковник мұрты соншама қалыңдаған күйде,– жаза берейін бе? – деді.–   ұйқылы-ояу адамның қыңыр қоңыр мәнеріне салып.– Қолыма қалам алып тұрмын.
– Хім, мхм,– деп тамағын кенеп алды Медғат,– азамат Сатыбалдиевич… Хм, хім(жөткірініп), сізбен аттас, аты – Абылай, 1960 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған. Шыныменде, сіз айтқандай Тхэквондодан республикалық спорт шебері, расымен Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, сенімді серіктерінің бі…р.. і…
– Әй, әй, ә-й, балам, негізгісін айтшы, осы мәліметтердің бәрін саған өзім бердім ғой.
– Жә, қазір, әке. Бірер минутыңызды артық алып қойғаныма кешірім сұраймын.
Бастық әке үндемеді. Екі шекесі бұдырайып, тыңдап тұра берген.
– Осы аталған азамат Өзбекстан бойынша еш жерде тіркелмеген. Ал, Қырғызстан бойынша…
Бастық әке трубканы құлағына төсей түсіп, Қырғызстан жайлы анық естуге ынтықты.
– Қырғызстанда…а…
Дауысы жаңғырады ұлының.
Әкесі ұялған қыздай үздігіп-ақ тұр.
– Есімі бойынша еш жерде тіркелмеген, жеке кабинеттердің компютерлік қалталарында да осы тұлғаның аты жоқ…
Әкесінің көңілі су сепкендей басылып, трубканы қоя бастап еді, ұлының артынша қайталай жаңғырған дауысын естіп, қайта көтеріп ала қойған:
– Ал, Қырғызстан бойынша есімі тіркелмегенімен, сіз берген фото суретке сәйкестігі өте жоғары, ақсары, бойшаң, кесек азаматтың фотосы табылды.
Әкесі қатқан күйі тыңдап тұра берді. Оны біреу осылай мұзға айналдырып жатқан сияқты. Бірақ, екі шекесі одан сайын бұдырая түскен. Уәдеге берік, тік мінезді, алайда әр істі ақылға салып, талдау жасап барып сұңғыла шешім қабылдайтын жан бұл жолы да ұзақ ойлана түскен. Жай ғана тыңдап тұрғанын білдіру үшін, ұлы үндемеген соң «һім-хм» деп қойды.
– Криминалистика бойынша үнемі оқып, ізденіп тұрасыз ғой, әке? Мұндай адам іргеміздегі елде тұрып, өз суреті жаңа құжаттарында жапсырылып жүрседе, неге өз аты-жөнінде емес? Тымқұрыса, бір амалын тауып соншама көп таныстары мен туыстарының бірде біреуіне хабарласпайды. Бұл неге? Адасқан арыстан ба? Санасынан, әлде даласынан?
Әкесі соншама сабырлы түрде:
– Балам,– деді қоңырқай ғана.
Қысқа үнсіздіктен кейін:
– Аман болса болды,– деді көңілі босап.– Мен оны әлдеқашан бұл әлемнен өшкен шығар деп едім. Бақытты екен. Мен де бақытты екем тыңдап тұрған.
– Ауыр… Әке.
– Ойлашы, жарты жылдан бері таппай, ел ішіндегі оған қатысты том-том жұмысты қараған мен сияқты басқа бір подполковник, аяқ астынан өзін соншама сарпалдаңға салған істің басты тұлғасы болған осы адамды тапса оған неге амандық тілемеске? Неге қуанып, бақытты екенін байқатпас? Мен сол дерегін таппаған барша подполковниктердің қуанышын жамылып тыңдап тұрмын мынау хабарыңды. Неге гүрілдеген дауысым бәсеңсіп, сыршыл ақындарға тән әлемге түсіп, нәзік дүниенің ләззатын сезінбеске?
Ұлы сықылықтап күлді.
– М-ә-ә, қатырасыз әке. Шешенсіз ғой өзі. Әрі қарай күлуден басқаға шамам келер емес.
– Балам, рахмет. Енді жаңағы суреті қолданылған орынның толық ақпаратын, адресін жібер. Қырғызстанға өзім шығам.
– Басқа қызметкерлеріңізден де ертіп алмадыңыз ба? Ұсақ-түйек қиындықтар туындап қалмай ма жалғыз адамға? Үлкен қиындықтар бөгет болмайды деп сенем.
– Жауапкершілігі жоғары іске кәсіби шебер маман ретінде, кейде істің ақ-қарасы айқындалғанша, басқа өңірлерге өзің жалғыз іс-сапарға шығуға тура келеді. Жедел тергеу тобының құрамында күрделі істерді тергеудің келеді әлі кезегі… Алдымен, тәуекел!(Байырқалап, кең тыныс алғаны білініп тұр) Өзім анықтап, сол жердің жанынан үй жалдап, толық көзімді жеткізіп барып өзімнен жоғары басшылыққа мәлімет берейін.
– Көшеде, түзде адамдармен қарым-қатынаста сыпайы екеніңізді білем, кез-келген ортаға өзіңізді бейімдеп өзіңізді ұстай білесіз. Сондықтан, әкетайым…
– Шырағым, бірдеңеден сақтандырмақсың ба? Кіші демей, үлкен демей барлығына құрметпен қарайтын әдетім ол жақта да жалғасады. Тек маған амандық тіле.
– Амандық тіледім, әке. Қиналған адамға көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұратыныңыз маған қатты жұқпаса да, қарындасыма қатты жұққан ба деп ойлаймын. Қазір қалтасында ақшасы болмағанымен, есейгенде қиналған адамдарға естілікпен ес қататын сияқты. Үнемі мейірім, жанашырлық, адалдық туралы бағдарламаларды іздеп тауып қарап отыратынын байқаймын.
– Әумин!
Қысқа қайырды да әскери әкесі телефонды жапты. Ал, алдағы екі күн ішінде Қырғыз топырағына аттанып кетуі керек. Ернін жымырып, бекінген іске бекем болғанын, болаттай екенін көрсете білді. Ал, кеңсенің қарайған терезесінің сыртынан ай туып келеді. 

Подполковниктің демалысы

Атыс қаруын жақсы меңгерген подполковник Абылай Қайсенов бүгін түстен кейін қаладағы Алау ату алаңына келіп, көк шалғын үстінде құлағына дыбыс тосатын құлаққап киіп, жүз метр жердегі қызыл көзді ақ шеңберді нысанаға алып демалып жүрді. Оғының көбі мүлт кетпесе де, мергендігін тоқтатып, кешке дейін енді қалған бос уақытында балық аулағанды қалады.
Әйтседе, Таластың бойына жалғыз жадау шыққанды жөн көрмей, әйелімен, мектептегі қызын күтіп алып үшеуі бірге шықпақшы болған еді. Екі күндік демалысқа тарап, Алматыда университетінде оқып жатқан ұлы жолда келе жатыр екен. Ол келгенше 1.5 сағат болады. Оны күтіп алып бірге кетуді көздеп, отбасымен табиғат аясына шығып демалғанды ұнататын ол қармақтарын іздеп, тексеріп, балық салатын абақ, балық жейтін дәндерін жинап жатқанда емханадағы жұмысынан енді түскен әйелі жеміс-жидек алуға дүкенге кетті. Жеке баспанасы болмасада, жұмыс орнынан берілген 3 бөлмелі қызметтік пәтердің құбақан қабырғасына, жым-жырт тұрған төбесіне қарап «қашан жеке меншік үйім болады екен?» деп армандап қойды да, салт-дәстүрді жақсы көретін подполконвник қабырғада ілініп тұрған түлкі терісі мен үкінің қапталған терісін, оюлы жайнамазға қарап олардың қасында тұрған аққу мойын домбыраны түбінен аялаушылықпен сипап қойды. Үстел үстінде жатқан «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» деген өткен аптада «Marwin» дүкенінен алған кітабін Қырғыз сапарында ала кетіп, жол-жөнекей оқымақшы болып, оған да қарап біраз тұрды. Он неше бетін парақтады. Бір кезде шұқшиып ішіне кіріп кеткен екен. Әйелінің қонақ бөлмесінің есігінен сығалай қарап: «болдың ба, отағасы? Қасым да келіп қалыпты. Қала ішіне кіріпті» деген дауысынан селт етті де, «иә-ә-ә, баланың тамағын бер алдымен» деп қоңыр мақаммен тіл қатты.
– Қазақтың салтында,– деді ол.– Түн ішінде сыртқпа кір жаймайды ғой. Біз келгенше қас қарайып кетер. Сол үшін жуған киімдеріңді ішке кіргізіп қойсаң.
– Ұмытпаймын, отағасы,– деді аяулысы жайраң қағып.– Орысша оқып өссем де сенің арқаңда қаншама салтты біліп алдым. Ырымнан тиымға дейін…
– Хім, ім,– деді подполковник мекіреніп.– Малды бауыздар алдында басын құбылаға қаратып тұрып, бата жасайды. «Бұйыртып жегіз» деп тілек айтады. Онысы – малдың еті дәмді, адал болсын дегені. Менің әр басқан қадамымнан отбасыма риздық пен береке кіреді. «Әр табысым адал болсын!» деп жемқорлыққа, істі бүркемелеуге қарсымын. Кабинетімдегі абүйірлы орнымды сақтауға көмектесіп, ішкі демеуім болып отырған өзіңдей аққұба, сұңғақ келіншегім болғанына шүкіршілік етемін.
– М-ә-ә, отағасы,– деп келіншек жаулығының сыртына шығып қалған жып-жылтыр қара самай шашын қайырып жаулығының ішіне сала бастады. Биәзіланып:
– Сұңғақ дейсің бе(Сықылықтап күліп жіберді)?
– Қарағай бар ғой,– деді еңкейіп тұрған жерінен сүзе қарап жымиып.– Соны сұңғақ дейді екен. Мүбарак деген лингвисттың журналдағы мақаласын оқыдым. Сұңғақ деген қарағайдың ескіден келе жатқан бір аты болса, сұңғақ бой деген сенікіндей тіп-тік сұлу сымбатқа қаратылған ба?
Келіншегі аяғын ырғаң-ырғак басып келіп, жұбайын бас салып құшақтап, кеңсірігін тартты да, өзіне ең жағымды бір иіс кеңсірігінен өте бастағанда басын көтеріп, бал-бұл жанған түрімен ерінің иегінен ұстап, жаңа тебіндей бастаған сақалының орнын жыбырлатып кішкене тұрды да:
– Балалар көріп қойып ұят болар,– деп жылдам басып есіктен шығып кетті. Шығып бара жатып еріне бұлаңытып бір қарап алуды, жымиуды ұмытқан жоқ.

Жоғалған есімнің ізімен

Ертесі әке үй ішін бір қуантқаннан кейін, Қырғызстанға жүріп кетті. Сайран бекетінен алып кеткен таксиде келе жатқанда қалғып кеткен. Қалғи бергенінде ұмытпай фалах, нас сүрелерін айтып пәле жұқаннан, нас басқаннан сақтанып, жүрегін тыныштандырды. Арт жақта жалғыз өзі отыр. Салон жалдаған. Ұйқысырап, есінеп күбірлеп тілек етті:
– Иә, Құдайым. Көзімнің шырағы болған балаларым үшін, өзің таңдап қосқан қазтабан қосағым үшін мені аман қыл, әдемі сақта. Іздеп бара жатырмын мен бір бейбақты. Жаңылыстырма, адастырма, құр сандалтпа. Қай жерден тамақтансам, қай жерде дем алсам, сол жердерді мен іздеген бейбақтың жүрген, тұрған жеріне туралап қой. Оны өз көзіммен көрейін.
Алдағы шофердің көзіне шалдырмай, жеңіне тығып тәспық тартты. Онысын қайта тығып қойды. Бір уақытта ақсақал келіп:
– Балам, Төле би атаң болам. Тек өзің біл, айтпа. Сені сипаймын,– деп иығынан сипай бастады.– Әрекет жасай бер. Өте шебер, епті бол. Көзің ашылады, субханалла. Көңіліңді еркін қыл, тамақ іш, күш жина. Жол табасың иншаллах, тамақ ішкен жеріңнен,– деп ғайып болды. Ояна келсе, түн емес, қазықтай қағылған күндіз алдынан қозғалмай жарқырап тұр. Жүре бергенде, сол күннің астынан ығы-жығы жаймаға толы, Қытай мен Еуропаның заттары сықиған Дордой базары күтіп алды. Базарды аралап жүріп бір бұрыштағы асханаға кіріп, чучуқтан ауыз тиді. Сол асханада отырып, тамақ жасап кіріп-шығып жүрген жандардың ішінен мойыл қара көзді, мойыны ұзын, әр ісіне мейірімге толы жымиыспен қарайтын өзбек қызын көрді. Қарап, іштей риза болып отыр еді, оның арғы жағынан сақалы тебіндеген қара жігіт онымен бірге кимелей шығып, төлем жасағалы тұрған қаридарына дүңк-дүңк тисе сөйлеп жатты. Таңырқады да қойды. Осы әумесірдің қылығына қайыра бір қадалып қарағанда, іштегі тамақ дайындаушылардың тесіктен шала көрініп қалған басына назары түсіп еді, қасқа бас, ақсары жігіттің басын көзі шалып қалды. Сом, кесек көрінеді. Қазақ өңдес. Қырғыз бен қазақтың өңі маңдай жазықтығы, бет сүйегінен-ақ оңай айырылады ғой. Жаңағы мойыл көз даяшыны шақырды да:
– Қарындасым, мыналарды ана шеткі үстелге көшіріп апаршы. Сол жаққа отырайын. Күн шуағы түсіп тұрады екен,– деп миығынан күліп қойып еді, пысық қыз дегелек басып айтқан үстеліне тағамдарын апарып қойды. Бұл кезде подполковник аспазшылардың жұмыс бөлмесінің түбіндегі үстелге келіп жайғасты. Енді желдіктен өзі күдіктене қараған жігітке тіпті де жақыннан қарайтын болды. Сол кезде оны тани бастады. Іздеудегі өзімен аттас Абылай екеніне күмән келтірген жоқ. Қалайда бір тіл қатысып қалу керек. «Нені айтсам болады?…»
Содан кейін нығызданып отырып, желдікке қарай тіл қатты:
– Әй, жігітім, ассалаумағалейкум, өңің қазаққа ұқсайды ғой? Тілмаш керек еді маған қазақ болсаң.
Ақсары жігіт қамыр жайып жатқан жерінен басын көтергенде тіпті зорайып, зіңгіттей қарағайға айналып бара жатқандай болды. Бұл басын көтеріп сәл таңғалғандай болды. Сөйтті де, ол естімегенсіп, қайтадан қамырын жайып жатты. Ұйқыда айтқан қарияның сөзі бар, подполконвник Қайсеновтың тағаты таусылып, енді оған сөйлей алмай өзбек қыздың жанында бірге табақ тасып жүрген бауырын шақырып алып құлағына сыбырлады:
– Эй, ана ағаңның аты кім?
– Ақшоола – аты,– деді де, бір секіріп кетіп қалды ол айғайлап даяшыны шақырып жатқан басқа біреулерге. Подполконвник ойланды да қалды. Иегіндегі тебіте бастаған сақал түгін сипалап отырды да, «бір түсініксіз жайт бар» деп болжады.
Бүгін ештеңе шықпағаннан кейін, ұлы берген осы азамат ем алған ақылы шипаханадағы тіркеу деректерінде көрсетілген адреске барса, онда бұл азамат тұрмайтын болған соң, «Құдайдың жолықтырғаны» деп осы маңнан 2 апта тұрмақ болды да, бір айға берілетін пәтер жалдады. Көз жазып қалмайын деп әр түскі асын осы жерде тұрақты ішетін болып жүр.
Ертесі түсте Әліқұл Оспанов атындағы ұлттық кітапхана қорына барып, қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қатысты ескі газеттерді алдырып, көріп отырып. Қанша уақыт өткенін білмейді, әлде бір уақытта ауадағы тозаңға түршігіп, қатты бір түшкірініп, селкілдеп барып орнына келгеннен кейін, қысылып, газетті қойып залға шығып кетті де, терезеден сыртқа қарап көз жіберіп тұр еді… Шығар баспалдақтың бұрышында жұртқа дауысын барынша естіртпей жанашырымен сөйлесіп тұрған бір жігітке назары ауды. Пәкістандықтармен өңдес, бірақ бет сүйегі моңғолойд, ұзынтұра, қағілез қара жігіттің төгілтіп жатқан сөздерінен өз бауыры екенін аңғарды.
– Стамболға барар жолдың бәрі ашық. «Қашан, қалай жетсем екен?» деп жатырсың ба?
Одан кейін дыбысы тұтқаның ары жағындағы адамды тыңдайды ол.
– Жаңалық таусылып қалды,– деп салды бірде,– Іс жаңаланбай түс жаңаланбайды екен. Керемет, жаңа түстер көруім үшін өзім бұрын жасап көрмеген әрекеттерге ұрынып жүрмін.
Ары жақтағы адам біразға дейін сөйледі. Бұл күле тыңдап, сыңғырлап жауап беріп жатыр.
– Бұрқ еткізіп жарып кет! – деп қояды, кім нені жарғалы жатыр, ол да түсініксіз.
– Бір грамм мотивация берші,– деген сөзінен кейін-ақ жігіттің қалжыңбас әрі тапқыр екені белгілі болды да, ділмарлығы подполковникті қызықтыра бастады. Ол сөйлесуін тамамдап болғанша тағы 10 минут тапжылмай күтіп тұрды. Бірақ, сөздеріне көп мән бермей, терезе алдындағы даңғылдан өткен қара бауыр көліктердің ағынына көз суарумен болды.
Қас-қабағын көтеріп, шекесі дірілдеп барып жазылып, не дерін білмей, әңгімесін ұрлап тыңдағанына қуыстанып, жігіттен әуелі өзі баруға тиісті бірнеше мекенжайды сұрады. Оның «қазақ екенін бірдег байқап, жан тартып сұрап жатқанын» жеткізді. Жігіт жымиып қарап, «ешқандай ыңғайсыздық жоқ екенін» білдіріп, көмектесуге дайын жан екенін түсіндіргенімен, ол да қаланы анағұрлым білмейтін болып шықты. Келгеніне 17-ақ күн болыпты. Содан бері 2GIS-тың көмегімен жүр. Өзі жарқын жүзді, ақжарма жігіттің кекілі тікірейіп, таутеке мүйізіндей шаншыла өсіп түр.
– Аға,– деді.– Мұнда отбасыңызбен қыдырып жүрсіз бе? Әлде, бір өзіңіз?
– Э-э, қазақ бауырым, жасырып қайтем, үкімет жұмысының адамымын. Анау іргедегі Тараздағы қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықтамын. Пенсияға әлі шыға қойғам жоқ. Қырғыз жеріне өтіп кететін, дерегі табылмаған, қылмыскерге де жатпайтын, туыстары табуымызға қузау салған кейбір азаматтар жайлы ақпарат алуға жұмыс бабымен келіп ем. Бір-екі аптада қайтамын деп отырмын. Мұнда көп жүре алмаймын. Ол жақта шаруа шаш етектен.
Жігіт естіп тұрып, тағы жарқыраған маңдайын көтергенде, таутекенікіндей тікірейген кекілдерінің астындағы мап-майда сүйегіне көзі түскен басшы сәл ойланып тұрды да, «хім, хімм» деп қойды.
– Иэ-э, а,-деп біраз ойланды жігіт. Сонан соң жігіт өзінің мырзалық жасап жүргенін жасырмады.
– Ағасы, қыз біткеннің иманы мен ұлттық рухын қатар ұстағаны осы қырғызда екен. Байқаймысыз? «Манас» жырын өрекпіп, орындығынан неше қозғалып айтқан буынды, әдемі қыздың иманына кәміл болып, мұсылмандық шарттарын да адал орындап жүргенін көріп, мұнда дінге бола ұлтын қаралап, салт-дәстүрін мәнсұқ етушіліктің барынша аз болуына осы «Манас» жырының халық бойынша айтылуы, нәсихатталуы себеп екен деп тұжырымдадым. Сіз қалай ойлайсыз?
– Мен де сондай ойдамын,– деп қойды подполковник ешқандай ойсыз түрде. Ойында басқа тақырып тұрып еді. Ойындағы басқа тақырыптан Манас, қырғыз қызы тақырыбына ауысуына тағы осы жігіт түрткі болды. Жігіт беріліп, екі шекесі бұдырайып, мұздай түйіліп әңгіменің қойын-қопысына кіріп жатыр.
Айтады ол:
– Аға, қазақтың бір ағасы ретінде кешірерсіз. Мен әдейі иманы мен рухын қатар ұстайтын ұрпақ көру үшін Бишкекке қыз қарауға келдім. Кішпейіл, қонақжай қырғыз жұртының менің талғамыма сай бір қызы мені бағалап, бауыр басып қалар. Киген киімдерімді көріп тұрсыз, ең жаңа заманауи бренд үлгілері. Өңім – сұлу, терім – ақ, бойым – ұзын, шашым – қара, сөз десе сөзім бар. Ақшам да қазірше жеткілікті. Күн саулесі түсіп жалтырап қарап отырмын.
Жігіт сәл кідіріп көзін жыпылықтатып алды да:
– Кенесары оқиғасына байланысты бұрын қырғыз жұртына оңды көзқараста емес едім.
– Иә? – деп бұрыла қарады.
– Қазір дос көрем. Осы ұрпақ тәрбиесі шешімін қабылдағаннан кейін.
«Өзіңің қалаңда қазақтың рухы мен иманын қатар ұстаған қызы шықпай тұр ма?» деп жөнсал, ұлтшыл пікір білдіргісі келіп еді, тамырынан ажыраған буынға талай жылдан бері куә болып келе жатқан жігіт ағасы, бұл сөзінің артынан келетін жаңа сұрақтарға жөпелдемеде нанымды жауап бере алмай қалудан қашқалақтады да, мағынасыз түрде бас шұлғыта берді.
Осыдан кейін 2~3 көше жерде тұрған балық пен теңіз өнімдеріне бағытталған заманауи асхана «Moreman»-ға кіріп, екеуі де алғаш рет Ыстықкөлдің сыла балығының былжыраған етінен дәм татты. Екеуі балыққа тойып, жігіт шотты бірден төлеп тастап еді. Бірер сағат жаяу әңгімелескен соң, Әбдірахманов көшесімен бойлап, Smart Hotel Bishkek қонақ үйінің менмұндалаған көрінісі алдан шықты. Осы бірер сағаттық әңгіме ынталы, балғын сөздерге толы болғанымен, подполковник тағат қылып өзінің шаруасы туралы ашылып айта қоймап еді. Жігітті өзіне қолғабыс ете алады деп сенген Абылай мырза адымдап, айналадан отырып сөйлесетін тыныш жер қарады. Осы қонақ үйге орналасқан «Khan Tengri Restaurant»-ке қарап қалған қос қонақтың ресторанның «Қазақ қой етінің сорпасы» деген жазуына көздері қатар түсті. Сорпалы орынға Абылай ағасының сүйреуімен, інісі бірге кірді де, енді шегінерге жол жоқ, сорпаланып орталай бастаған қарындарының кебежесін тіпті қампайтты.
– Осында бір жігіттің жеке басын анықтауға келіп едім,– деді бағланның жамбасын мүжіп жатып.– Әттеген-айы, сонымен өңі ұп-ұқсас басқа адам болып та көрінеді.
«Қыз іздеген жігіт» ойланып қалды. Қысқа үнсіздіктен соң подполковник сөзін қайта жалғап:
– Нағыз қырғыз құсап көрінеді, біресе ештеңені түсінбейтін зомби құсап көрінеді.
Жас жігіт «қалай сонда?» дегендей бадырая қарады. «Зомби» сөзі оған әжептеуір әсер етті. Өңінде қапа болу, шошыну мен жанашырлық қатар қара таластырды.
– Кәдімгі тхэквондист. Атағы шыққан азамат. Жерлесіміз. Облысымыздың Сарысуынан шыққан.
Үзіп-үзіп айтқан подполковник жұлыны бозарған омыртқаны мүжуға кіріседі.
Боз жігіт айтылған адамға таңырқап, ағаның аузына қарап біраз отырды да, алдындағысын жеп болып қойған еді, тізесінің үстіндегі тозаңдарды білезік буынымен түртіп, еңкейіп біраз отырды.
– Інім,– деді сіңір шайнап отырып.– Ал, ал, ала отыр. Мен баяу жейді екем. Бағанағы балықтан асап, асап жіберген екенмін.
Жігіт «жо, жо, жоқ. Өзіңіз ала беріңіз» деп ол алақанын қалқан етті де, жігіт ағасының тағы біраз жеп, тамағын тауысыуға айналып сөйлесуге ыңғайлы болғанын байқағаннан кейін:
– Ағасы,– деді. Ағасының табақтан маңдайын ғана көтеріп, сүзе қарап «ау» дегенін естігеннен кейін:
– Меніңше,– деді сері жігіт.– Бұл жігіт шешіліа айтуға мына жер жайлы ма, жайсыз ба, білмеймін. Осы жерге жақын тұста Шыңғыс Айтматов паркы бар. Сол жерде отырып егжей-тегжейлі айтып берсеңіз қайтеді. Менің де жүйрік ақылым бар. Бір пайдам тиіп қалар.
Подполковник көзін бір айналдырып ойланып алды да, шәй кесесін итеріп сырғытып қалып:
– Онда орнымыздан бірден тұрайықшы! – деді.


Іс жөніндегі дерек

«Жасы 35 те. Бұлшық еттері бунақталып толысқан. Ақсары тәнді, ағарған ағаштай-ақ. Шашын үнемі тақырлатып алдырып жүреді. Подполковинк шенімен Жаңатаста қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықта болған. Бірақ, қазір еш дерексіз жоғалған. Орнын сипап қалғанымызға жеті айға толады.
Жоғары білімді, жайындай жігітіміз Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясын тамамдаған. Бірге оқыған достарына бір гүлдің екі жағына жабысқан көбелектей тербеле қарап, әрдайым хабарласып тұратын. Соңғы жеті айда оның достарының тарапына одан ешбір аман-саулық хат-хабары келмеген. Зәулім ұлдың салмағы 83 кг…»
Подполковинк Қайсенов Абылай Әзімханұлы сасайын деді. Қолы дірілдей берген қағаздағы түсініксіз делоға. Өзінен 5 жас кіші екен, жарайды. Өзі сияқты бірге оқыған достарымен хабарласып тұру оның да ұмытпас әдеті болған шығар?! Подполковинктен кім байланысын үзгісі келеді, «бір көмегі болады» деген дәме үйелеп жатпай ма шара бастардың шарында. Ақсары тәнді, шашы тазығыр дейді, ол жағы ұқсамайды өзіне. Европеоид сымбатқа ие болсада, фотосындағы жалпақ бет сүйегінен Моңғолоидтығы шығып тұрады. Өзінен 10 сантиметрге ұзын, 185 сантиметр шығатын…
– Қандай шынар бой? – деді.
Салмағы ұп-ұқсас болғанына жүрегі дір ете қалды. Бір жағы, делоға қатысты адамның бір сипатының өзіне ұқсас болуы бір күдік желін соқтырып өтсе, енді бір жағы белгісіз ақсарының бәлесі өзіне жұқпасын деген ішкі тілегі қатар ояна қалды. Енді бірде, оның соншама ұзын бола тұра 83 кг шығуы өзін іштей ұялтты. Өзін семіз сезініп, төстігін дәл басып тұрған галстугын қозғап, оңға-солға, томпиып шығып тұрған екі бүйіріне кезек қарады. Абылайдың бойындағы суық терін шығаратын, осы делодағы бір түрлі дерек – өзі секілді әлгі ақсарының да өз қаласындағы Қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықта болғанында. Дәл қазір өзі Таразда осындай басшылықта отыр. Оқыған әскери оқу орны ұқсамайды екен. Дегенмен, университеттің ұқсамауының түк пайдасы жоқ. Анау деректер, ана сөздер абайлап келіп  шошытатын сияқты. Қабырғаңды қайыстырмасына кім кепіл жалғасын оқысаң?!
Есімі кім?
Есімін көрмекші болды.
Алақанының астынан қағазды суырып тартып еді, Абылай екен. Жүрегі аяқ астынан атқалақтап, тәжірибелілігінің арқасында лезде тынышталғандай.
– Жас кезінде спортпен кәсіби түрде шұғылданған ба?
Осындай сұрақ қонды ойына.
Тхэквондодан республикалық чемпионатта топ жарып, 67 килограммдық кезінде чемпион болған.
– О, сонда қалай? Қалай білмей жүргенбіз?
Өзі болса Грек-Рим күресі түрінен спорт шеберіне үміткер. Подполковник шенінің буы бар, қалалық ІІД Тергеу басқармасында басшылықта отырған мұның өгізден үстем күші бар. Қызығушылығы мен әртүрлі дайындықтан өтуінің арқасы дейік, елде ғана емес, шет елдерде де спортшы таныстары жетерлік.  Көз алдындағы, өз өңірінен өскен тхэквондоның тарланы туралы ақпаратты абайлап оқып отырып, «осы жігітпен неге ерте таныс болмағам» деген өкініші арқасын осып өтті.
«Мен де қанжығама қатулы жарыстардың қазыналы орденін мен де қанжығамп байлаған едім. ІІМ қызметкерлері арасында өткізілетін турнирлердің 6 мәрте жеңімпазы, 5~6 рет ілінушісі болдым. Оңай олжа емес. Дегенмен, әлі де машықтануым, салмағымды сабасына түсіруім керек. Қарнымда бірнеше бүйрек сияқты бірдеңе пайда болыпты. Төмпештесең, сайқы-мазақ еткендей болып дым ауырмайды. Әлде, жауқазындай кезіңнен бастап жетілген соң, кейін салған қарның төпелесе ауыра қоймайтын болып бұжырланып қалатын сияқты. Төселген көн табаным, желкілдеген желке шашым, тұзға піскен терім-ай!…
– Отбасымдағы 2 ұл, 1 қызыма амандық тілеймін! – деп бетін сипады. Мұнысын видео-камерадан басқа көріп тұрған адам жоқ. Видео-камераның ары жағындағылар да шұқшиып бәрін қарап отырмай, шіркейдей шаншылып телефонын шұқылап отырған болуы керек. Әйтседе, мазасыз көрінген әлпетінің видео-камераға түсіп қалғаны үшін қынжылып, қабақ шытты.
– Құдай недеген кең еді. Қынжылып, қиналған бейнелерімізді еш жерде сақтамайтын?!

Жаңбырдың ары жағындағы үн

Анасына телефон шалды. Дыңылы, дыңылы… Қоңырау дыбысы үш рет қайталанған.
– Анашым, аман жатырсыздар ма?
– Ау, амансыңба, балам. Тараз қалай? Кеше ауарайы мәліметінде сендерде бүгін жаңбыр жауады деп еді.
– Жоқ, жо-оқ, анашым, жаңбыр түгілі дым да жоқ(Орнынан тұрып, белдігін қысқан күйі терезеден сыртқа айнала көз қыдыртып) Әй, иә, көрмеппін ғой, енді қарадым. Бір-бірінің үстіне мінгескен 2~3 қара бұлт түйдектеліп, бері ұшып келе жатыр… Сарыкемердегі әріптестерімнің үстіне келіп төніп тұрған болар. Жауса енді бір жарты сағаттан кейін келіп жауып қалар… Батыстан шығысқа аунап келеді ғой…
– Адам бір ойланғанша, бұлт желмен бір айналады… Бұлт дегеннің қалай бытырап кетерін, қалай түйнектеліп, байланып, шешілмей жиналып қалатынын білмейсің ғой. Бір тәуірі аз жаңбыр… Таразға қашан нөсер жауып еді?
– Жауады ғой келіп, бұл да жер бетінің бір бөлігі болған соң. Аспан бәріне ортақ дегендей…
– Балам, оны айтып тұрғам жоқ…
– Сол ғой енді…
– Жо-о, балам…
– Әкешім екеуіңіз Астанада жатып, менің төбемнен өткен бұлттарды ойша санайсыздар-ау деймін?(Екеуі қосыла күлді)
– Жә, анашым, мен тұтқаны қойдым. Жұмысыма кірісейін. Жарты жылдан бері бір шешімін таппаған істі қарауға берген.
– Жақсы, балам. Уағында ұйықтауды ұмытып кетпе.

Ақсары адамның көлеңкесі

Подполковник өзінің етженді иегінен ұстап ойланып отырып, сәл тыныштықта тербеліп тұрып, ұлы Медғатқа қоңырау шалды. «Қабылан теңбілді IX» деген компютерлік жүйеден сабақтар жасап сататын үлкен ұлы сол.
Сабазданып амандасып, хал сұраулардан кейін әке:
– Универдегі ініңе қарайласа алып жатсыңба? Алматы қалай? – деді төтесінен.
– Жақсы, әке, бәрі ойдағыдай. Алматы күншуақты… Қасым екеуміз кеше түстен кейін бірге тамақтанғанбыз… Екеуміздің де кеше біраз бос уақытымыз бар екен.
– Сөйтіп бір-біріңе қорған болып жүріңдер,– деп мекіреніп қойды әке, -м-хі-х-хіхім.
– Айтпақшы, әке!
– Айта бере ғой. Не сұрайын деп ең?
– Еркеназ қалай?
– Сол күнделікті сабағына барып жүр. Бірнеше күннен кейін 9 сыныпты бітіретіндерге арналған сауық-кешке жүргізуші болам дей ме, анасы екеуі базарға мерекелік көйлек қарауға кеткен.
– Әдемі көйлек тапсын.
– Иә, соны деген… Көбелектің қанатындай қылып киеді ғой бірдеңесін.
Қоразданып қойды да:
– Хә-әм, ығ-ғым, анаң сол емханада күндегіше, оның қарауына жазылатын адам көп. Әйтеу, сол көйлектің өзіне уақытын жыртып жүріп әрең тапты.
– Анамның өзіне де қоңырау шалармын. «Елді емдеймін»деп бір күні өзі жығылып қалмаса болды.
– Ең бастысы денсаулық берсін. Халыққа қызмет еткеннен қадірлісі жоқ.
– «Жұмысқа жаңадан детективтер кіріп жатыр» деп едіңіз. Сіздің жұмысқа жауапкер, қаталдығыңыздан ұйқылары қанбай жүрген шығар, әкешім?
– Э-э-э, балам,– деп созбақтады әскери әке.– Мен, ме-ен мейірімдімін ғой былай. Тек жұмысқа деген өте жауапкер ұстанымым ғана. Уақыт өте келе маған бойлары әбден үйренеді. Туа салып жүзетін үйрек болмасада, туа сала жүзуді үйренетін үйрек етем.
– Бір істі қолға алсаңыз нәтижесін шығармай қоймайтыныңыз –  жұмысқа енді төселіп жатқандар үшін өмірлік пайдалы тәжірибе болар еді.
– Оның шын(Мойынын терезеге созып, басын қайқайтып) Әкеңді тым мақтап жіберген жоқсың ба?
Баласы үндемеді. Әке сәл тосырқады.
– Бір мәселені қазбалап, бүге-шігесіне дейін біліп, анығын айғақтауым керек-ақ болып отыр.
– Жұмысыңыз жайлы айта бермейтін едіңіз. Демек, IT-ға байланысты көмегім керек болып отыр ма екен?
– Сарысулық жігіт. Тхэквондодан республикалық чемпионатта топ жарып, 67 килограммдық жеңілдеу кезінде чемпион болған. Қазір 35 те, жоғалғанынан бері жарты жылдай уақыт.
– Соңғы рет қайдан көз жаздырыпты?
– Соңғы рет таныстарының көз жазып қалған жері – Алматы.
– Қызық…
– Соңғы 6~7 жылдан бері сонда тұрды деуге болады.
– А-а, аяқ астынан барып жоғалып кетті ма десем…
– Мұстафа Өзтүріктің сенімді серігінің бірі. – Мынау қызық. Тіпті қызық! Не болып бара жатыр? Атақты Мұстафа Өзтүріктің бе?
– Дәл, солай. Таңғалатын несі бар. Жұмыс болған соң неше түрлі есімдер алдыңда қаралады.
– Айта беріңіз, әке. Сөзіңізді бөлгенім үшін кешірім сұраймын.
– Ол қайда? Неге із-дерексіз? Табылған өлі адамдардың қатарында да емес.
– Басқа орындарда, қонақүй, машық залдары болсын, вокзал кассаларында есімі жоқ па екен? Маған тұңғыш айтып отырсыз ба?
– Осы күдікті іске, балам, көмегің керек. Республика бойынша барлық органға хабарласып, қонақ үй, емхана тіркеуі, құжат өткізетін орындардың ақпараттарын тексеріп, аталған орындарда оның қолтаңбасының қойылмағанына да тура сондай уақыт болды. 7 ай… Содан кейін істі тексеруге маған жіберіп отыр.
– Күрделі.
– Мұстафа Өзтүріктің белгісіз өлімінен кейін, осындай серігінің жоғалып кетуі нені білдіреді? Басқа огандағы серіктестеріміздің еш белгі таппағаны оның өлімінің серіктеріне байланысты бір ұшығын шығарып бере ме, қалай?
– Не айтып кеттіңіз, әке. Шәкіртін ұстазға қарсы қоя алушы ма еді? – Менің айтпағым басқа нәрсе. Мынадай ақсары атанды пайдаланып, кейін төбесіне тоқпақпен ұрған демекші емес едім.
– Ой қорытып, сарапқа салғаныңыз жақсы, әке. Сонда мен қандай көмек көрсету керегін білмей тұрмын.
– Қиын емес,– деді нығыздай сөйлеп, ауырлаған денесін де қозғап алды.– Менің күмәнім көрші елдерде.
Баласы үндемей тыңдап тұр.
– Әдетте, бір іске шатылғандардың сыр-р ете түсетін бағыты – Қырғыз жері. Тілі бір, діні бір, мінездес. Арзаншылық та жоқ емес… Бізге қарағанда әйтеу біраз нәрсе тиімді. Адамдарының ақ пейілі де талайға пана болуда.
– Қырғызстан?
– Өзбекстандағы қолайлылық та өзіне жаңа қонақтарды шақырады…
– Осы елдерге сізден бұрын ресми сұрау жіберсе де, заңды орындардың тіркеуінде сіз іздеп отырған есім туралы тиянақты жауап келмей отырған сияқты ғой.
– Дөп басып айттың, балам. Мемлекеттік органдардың тізімінде көрсетіле бермейтін, ақылы жұмыс орындарының жеке мұрағатында ғана есімі сақталатын кісілер де баршылық.– Иә?
– Сондықтан, осы елдердегі түрлі жұмыс орындарының құпия ақпаратына саусақ басып, жанашырлары таппай қиналып отырған адамды тауып, жақындарымен тезірек қауыштыруға азаматтық үлесіңді қоссаң?
– Әке, бұл хакерлік шабуылға саяды ғой. Жарайды, мен таптым делік. «Әкесі заң органының адамы бола тұра, жеке тұлғалардың қызметтік жүйесіне нұқсан келтірді» деп айыптамай ма? Сіздің басыңызға бақадай ыршытып пәле тауып беремін. Өз басымды қоя тұрайын…
– Балам, осы істі аяғына шығармай болмайды. Жәрдемдесе алмасаң Қырғызстанға, Өзбекстанға барып, жергілікті адамдардың көмегіне жүгінуіме тура келеді. Деседе, ақысын алған күнде де алдап кетпесіне кепіл жоқ кейбіреулердің.
– Балаңызбын ғой, бас тарта алмаймын. Қырғыз, Өзбек жеріне шауып сандалмаңыз. Бар көмегімді жасайын. Әйтседе… Әйтсе-де…
– Күмілжіме, балам. Артыңда әкең тұрғанда арқа тұсың не үшін шымылдауы керек? Бір үлкен айып мойыныңа жүктелсе, өз басыммен жауап берем. Бір отбасының сеніп отырған сеңгір көгін өз жан ұясының мейрімді мамық бұлтына оралтсақ, орасақ несі айып?
Тұтқаның әрі жағынан баласының таңғалға тыңдағаны байқалып тұрды.
– Әкесі денсаулығы әлсіз адам. Өзі керең. Үй ішіндегілері оған естіртпей «Мұстафа Өзтүрікпен еріп, шетелге тхэквондодан жаттықтырушы болуға кетті. Хабарласуы қолайсыз мұзды бөктер екен. Тіпті, Алтай жақ екен» деп алдап отыр. Айлығын мақтап қояды. Анасы жолдасын басында осылай алдағанымен, білдіріп алған сыңайлы. Жылай-жылай екі көзін қара су алуға таяпты. Оның үстіне… Қарт кісі ести алмағанымен, телевизорда саңырауларға ымдап жеткізетін ақпараттан Мұстафа Өзтүріктің әлдеқашан 8 ай бұрын о дүниелік болғанын көріп қатты қамығып жылапты. Енді бір үйдегі екі бәйтерек опырылмасын деп тілейік.
– Түсініп тұрмын ғой, әке. Басыңызды бәйгеге тігіп тұрғаныңызды да білем. Мен қалайда көмектесейін. Мен сізден осындай батылдықты үйрендім.
Трубка ұстап тұрып үнсіз қалған полковник Қайсеновтың көзінен қайда ағарын білмесе де, бір тамшы жас сырғып кетті. Басқа екіншісі аққан жоқ. Алайда, осы жалғыз тамшы тұзды бола тұра, өте мөлдір әрі кесек еді. Осы мөлтек сырғыған күйі подполковниктың бетінің күрең тартқан терісінен өткенде, аяулы да ауыр бір көрініс қабырғадағы видео-камераға да өте тұнық көрініп тұрды.

Құлаққаптың ар жағындағы құпия

Подполковниктің күнделікті отыратын орнына жігіт келіп жайғасты. Подполковниктің айтуынша осы үстелге бір қарапайым қырғыз қызы қызмет етеді, терезе жақ үстелдерге әлгі өзбек қызы қызмет көрсетеді. Ол өзіне қой етіне майдалап туралған пияз, сарымсақ, күріш қосып пісірілген быжы әкелген даяшы қызға қайта-қайта қылмыңдап қарап отырып, атын сұрап алды.
– О, Бегайым,– деп оның есімін даяшы қыз бір өткенде бір, екі өткенде екі мәнерлеп отырып шақырады. Еркелету көрген қыз қысылып, жымиып әрең өтеді. Сүйкімді қара қыз екен. Жеп отырған тамағының дәмі үшін және үйге салып әкететін тамақ үшін қызды бірнеше рет шақырғаннан кейін нөмірін сұрап еді, бермеді. Тауы шағылмаса да, жартасының ұшы сынып кеткендей болып сүлкиген денесін асханадан жымиған күйі шығарып әкетті. Араға әдейі үш күн салып барып өте сәнді киінген күйі қайта келіп, жымиып отырып даяшы қыздың нөмірін сұраған еді, мұндай мүмкіндіктен айырылып қалуға болама, ол орайды қолдан жібермей нөмірін беріп жіберді. Мүмкін үш күн бойы оны іштей күткен де болар?! Бұл да бір кешуі маржанды толқындарға толы дәурен еді…
Жігіт пен қыз телефонның айдынын қалқан етіп, екі күн ұрлана қарап сырласқаннан кейін жігіт өзі жақсырақ біліп қалған ең сәнді тағамжайдың біріне алып барады. Қателеспесем, аты – ANT’S болатын. Осындай шүйіркелесудің төртінші күнінде, Чолпонбай Тулебердиев паркіндегі жып-жылы ағаш саясында, ағашқа арқасын беріп тұрған қыздың екі жағындағы бұтаққа қолын тіреп, қызға қызыға қарағандай болған жігіт жерге еңкейіп, аяғының ұшына бір қарап алды да, не айтарын есіне алып:
– А, иә, айтпақшы Бегімай,– деді қабағын көтеріп. Қыз «ауу» деп үлгерді аңтарылып, ағашқа тірелген иығын қиқаң еткізіп.
– Менің сұрайын дегенім,– деді жігіт.– Асханаларыңда бір анау басы тақырлау жігіт бар екен ғой. Сом-сом,– деп өзінің басының төбесін ұстап көрсете беріп еді, қыздың бірден есіне келіп:
– Э, ол қазақ жездеміз ғой,– деп қысқа қайырды. Бұл бір күтпеген жауап болды.
– Қазақ дейсің бе? – деп аңтарылды жігіт күткені келіп.
– Иә, қазақ. Қолынан донер жасау мықты келеді екен. Әйелі кіргізген. Әйелі бұрын асхананың жанындағы химчисткада істеген. Қазір ол химчистка қаланың басқа шетіне көшіп кетті. Апамыз да қаланың басқа жағында шығар деп ойлаймын…
– Қазақ болса қалай? – деп сенбей сөйледі бозжігіт,– мен бірнеше рет өзіміздің қазақша бірдеңелер сұрап едім, мән берген жоқ қой.
– Ой, падышам, ол құлағына көрінбейтін құлаққап тығып алады. Ештеңе естімейді түртпесең. Уағыз, түрлі нәсихаттар тыңдап отырады. Иманды кісі.
– Денесі сом-сом, спортсменге ұқсайды екен, ә?
– Мықты тхэквондист деп естідім. Төбелесін ешкім көрген емес. Бірақ, ешкім де оны ренжітпеуге тырысады.
– Сенің мұнда істегеніңе қанша уақыт болды? Ана жігітке ші?
– Менің істегеніме алты ай. Мен келген кезде бар екен. Менен бірнеше күн бұрын қана келді ғой деймін… Оған да алты ай болған сияқты, нақтысын сұрамадым өзіме қажеті болмаған соң.
– Әм, түсінікті,– деді жігіт ақ түсті шелек қалпағын бір шешіп, қайта киіп. Содан соң қыздың алдыңғы жағындағы қоңыр жапырақтар ұйлығысқан жерге шығып, алға-артқа кезек жылжып жүре берді. Екі көзі аяғының ұшы тиген жапырақтарда.
Жігітінің мұнша неге ойланып кеткенін түсінбей, қыз ақырын барды да жігітін шынтағынан бұрды. Жігіті мүп-мүлайым, ай сәулесі жарып шығып тұрған қап-қара көзді қоңырқай қазға қарап – қызға қарап, оны желкесінен ақырын тартып әкеліп, дедектей басқан қызды бауырына жұмсақ тартты.

Ыстықкөлден басталған із

Подполковник мырза жігіттің әкелген жағымды жаңалығына құлақ тосып, Шыңғыс Айтматов 3 тегі Asia Mall-дың үшінші қабатындағы көп дәмтатарлардың бірі саналатын Modern Restaurant-тың
шеткі үстелінде қолын жазды. Жігіт нығыздалып отырып, мойнына асырған сумкасының бауын алды да, қолдарын жуғандағыдай әлпетпен ысқылап алып, «уф!» деді.
– Не таптың сонымен?
– Айта берейін бе, ағасы?
Осыны айтып жатып даяшыға қол бұлғап шақырып еді, ол келе қоймады. Сонан соң қолын сипалап біраз отырды да, жігіт ағасының «айтсаңшы!» дегендей қатулы қабағын көріп ашылып сала берді.
– Сіз іздеген адам дәл соның өзі?
– Сонымен? Неге тіл қатпайды екен?
– Тіл қатты.
– А-а-а,– деп шалқайып барып отырды подполковник.
Қағілез жігіт сөзін жалғай түсіп:
– Жігіттің аты – Ақшоола. Оның бұрын өзіне тән аты болған. Бір кезде біреулер есінен тандыра ұрып, Ыстықкөл бойына тастап кеткен. Жеті ай бұрын…
– Жеті ай бұрын…Подполковник таңғалысын жасырмады.
Тура Мұстафа Өзтүрік өлім құшқаннан кейін бір ай өтер-өтпесте болған жағдай ғой.
– Сол кезде жағалауда жүрген бір қырғыздың қызы Бүбі тауып алып, оны бағып, оңалтып, өзі соған жар болған.
Осы кезде даяшы келді. Қара шалбар, қоңыр алжапқыш, ақ жейде киген даяшы жігіт сорайған күйі «кешірім өтінем. Не қалайсыздар?» деп сұрады.
– Екі балмұздақ,– деді жігіт қаннен-қаперсіз.
– Әй, балмұздақ суық қой. Ішімді ауыртады. Басқа не бар? – деп жігіт ағасы мәзірге телміре түсті,– болды бүгін көңілдімін. Содан бере берші. Ананас, құлпынай қосылған екі түрлі коктейл бере салуды да ұмытпа. Ақысын маған жаз.
Даяшы кете бере, төс қалтасына қолын салған аға онсызда аппақ жейдесінің қалтасының сыртынан көгеріп көрініп тұрған ақшаларының бар-жоғын сипалап тағы бір көз жеткізіп алды да, жігіттің әңгімесін мұқият тыңдауға көшті.
– Бір жолы,– деді жігіт.– жігіт суық тиіп қатты қызып ауырып, болницаға апарылған. Сол кезде жігіт сандырақтап біраз нәрсе айтқан. Оны жанындай жақсы көрген қырғыз қызы Бүбі оның аузынан шыққан әр сөзді қағазға түсіріп алып отырған екен.  «Сарысу ауданы», «Балалар саябағы» дей ме, Әуезов атындағы мектеп деген сияқты өзіне ыстық туып-өскен өңіріндегі жерлерді атаған.
Жігіт ағасы «өуп, бәрекелді!» деп шапалағын шарт еткізіп шалқалай жөнелді де, даяшыға қайыра айғайлады.
– Бізге бешбармақ, бас бармақпен көрсететін бешбармақ керек екен,– депті.

(Соңы)

Көкбөрі Мүбарак 

МҰҒАЛІМ

Мамыр айының 25-і. Абылай бүгін қызы Еркеназдың тоғызыншы сыныпты...

Ақ халатты ажал

Күн қызара батып, көкжиек қойнына сіңсе де, айналаны  қараңғылық...

АҚ КӨЙЛЕК

Әңгіме Ескі клубты ысырып, орнына жаңа мәдениет ошағы тұрғызылатынын естіген...

Ала жіп

– Армандары көп еді... биік еді...     Тергеуші Қайсеновтің алдында...

 «Пианистің ісі»

         Шілде айының соңында «AлматыГаз» авариялық қызметіне Гоголь көшесіндегі...