Әңгіме
Ескі клубты ысырып, орнына жаңа мәдениет ошағы тұрғызылатынын естіген жұрт мұны қуана қолдаған. Өйткені жарты ғасырдан астам бұрын салынған ғимарат соңғы он жылда мүлде қараусыз қалып, біртіндеп мүжіле бастады. Әрі, ауылдың ажарын қашырып-ақ тұр.
Құрылысшылар шаруаны бастап кеткендеріне үшінші күн. Экскаватордың қалағы ғимараттың қызметтік кіреберіс іргесін қопарғанда, көне бетон қақ айырыла уатылды. Сол-ақ екен әлдебір тосын дүниелер қылаңытты. Жұмысшылар таяна кеп үңілген: оралған ақ мата, кішкентай қол сөмке, әлдеқандай құжаттар… Мұны көрген прораб жұмысты іркіп, тиісті мекемеге хабарлады. Оқиға орнына жеткен ішкі істер бөлімінің инспекторлары материалдық дәйектерді мұқият жиып, хаттамалық қағаздарды толтырды.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы бұл беймәлім жайтты тергеуді таяуда Түркістан облысынан ауысып келген аға лейтенант Абылай Қайсенге жүктеді.
– Табылған жеке куәлік иесі Гүлзат Орынбекова кім? Ең бірінші соны анықтау маңызды. Ауыл тұрғындарымен, куәлермен кездесіп сөйлес. Қалайда құпия жайттың толық ашылуына күш сал.
– Құп болады, подполковник мырза!
Қысқа ғана берілген тапсырмада үлкен шаруаның сілемі жатқанын Абылай әуелгі сәттен білді. Себебі Гүлзат Орынбекова жиырма үш жыл бұрын үшті-күйлі жоғалған Кеңарық ауылының тұрғыны екенін сол жерде-ақ әкімдік адамдары мәлімдеді. Гүлзатпен бірге Сандуғаш деген құрбысының да із-түзсіз кеткенін үдере жеткізді. Сөйтіп, атам заманғы жабылып қалған іске қайта «жан бітті».
Абылай кабинетіне келіп, тым-тырыс отырып қалды. Оқиға орын алғанда өзі не бары екі жаста екен. «Енді тергеуді неден бастау керек? Бір кезгі куәлердің қайсыбірі жоқтығын» ойша топшылады. Алайда талдау-сараптау шарасына заманауи технологиялар мен жаңаша көзқарас қажеттігін көңіліне түйді.
Орынбекованың үйіне келгенде жетпісті алқымдаған әйел адам қарсы алды. Бұл – Гүлзаттың анасы еді. Оқиғаны қысқаша баяндағанда:
– Сезіп едім жүрегіммен құлынымның жақын маңда екенін, – деп кемсеңдеді. – Бір сәт те үміт үзбей хабар күттім. – Егде кісінің иіні дірілдеп, көзінен жасы парлады. Әлденуақта ішкі бөлмеге өтіп, сарғайған фото суретті алып келді. Жанары жаутаң қаққан бейненің ештемеден қаперсіз екені көрінеді.
… Гүлзат дәулетті шаңырақтың бірінен. Сабақты жақсы оқыды. Алматы дәрігерлік институтына түсуді армандады. Ойын әркез ашық айтатын өткір, бірбеткей, бірақ әділ қыз еді. Ал құрбысы Сандуғаш зиялы отбасында өсті. Әкесі Қалмұқан мектепте әдебиет пәнінен сабақ беретін, шешесі кітапханада істейтін. Оның сурет салуға бейімі мол, көркемсурет коледжіне түсуді көкседі. Мінезі жұмсақ, әлденеге иланып қалатын аңғал. Үй-іші еркелетіп «Санду» дейтін.
Бармақтайынан бауыр баса достасқан қос құрбы болашаққа бірге жоспар құрды. Сол жылы емтиханға әзірленіп, оқуға қатар түсуді көздеді.
Сабақ бітуіне екі айдай қалған. Бірде клубтағы кеште Гүлзат өзін биге шақырған Есім дейтін жігітке рай танытпады. Бетін қайтарып тастамақ ниетпен, «мен өз өмірімді ауыл технигімен байланыстырмаймын, менің жоспарым өзге» деп айтып салды. Мұны естіген жігіт өрттей қызарып, теріс айналды.
Есім бір жыл бұрын мектеп бітіріп, клубта техник ретінде жұмыс істеп жүрген. Әкесі учаскелік полиция болғандықтан, лауазымы баласына әжептәуір мәртебе беретін. Міне, абыройы айрандай ақтарылып, қыз жұрттың көзінше оны жер етті. Алайда ынтық жігіт Гүлзаттың соңынан елпілдей ұмтылды. Бірақ бойжеткен оған қарамады. Сонда да басқан ізін сүзіле бағатынын ауыл адамдары аңдады.
Жылтырағанға назар бірден түсетініндей, қос бойжеткенге клуб директоры Думан да айырықша ықылас аударды. Ол ауылға бір жыл бұрын қаладан жолдамамен келген. Жасы 24-те. Айналаға мәдениетті адам тұрғысында көрінді. Сәнді джинсы киді, батыс әуендерін тыңдады және аудандық әкімшілікпен тығыз байланысы болды. Жылпылдаған жігіт екі қызға оқуға түсуге көмектесе алатынын жиі айтты. Санду Думанның тым табандап қоймай жүргенін, әзірліктен кейін екі құрбыны кабинетіне шайға шақырғанын шешесінен бүкпеді.
Мектеп бітірушілер балына бір жұмадай қалғанда Санду «Гүлзат екеуміздің жасырын жоспарымыз бар, егер бәрі дұрыс болса, жұртты қайран қалдырамыз» деді күлімдей. Бұған үй-іші аса мән бермеді, мектеп бітірушілердің кешіне әлдебір ойластырған тосынсыйлары шығар деп қорытты. Сол мезетте Гүлзат та әкесіне «біз әлдебір дөрекіні жөнге салмақпыз» деді. Бірақ кім туралы екенін, не ойластырғанын айтпады. Шаруабасты әке құр жымиды да баласынан тәптіштеп сұрамады.
Қыздар бір күн бұрын ауданға барып, тігін ательесінен түлектер балына киетін көйлектерін алды. Бірдей үлгімен, әппақ матадан тігілген екен.
Сандуғаш мектеп бітіру кешінен тамаша естеліктер болсын деп, Canon А620 фотоаппаратын күні бұрын қамдады. 29-маусымда сағат кешкі жетіге қарай жұрт клубта бас қосты. Зал әртүрлі шарлармен, плакаттармен безендірілген екен. Музыка ойнап тұрды. Ата-аналар, мұғалімдер, ауыл адамдары жиылды. Айналаның бәрі мәз. Сұңғақ бойлы талдырмаш Гүлзат пен Санду әппақ көйлекпен ерекше оқшауланды. Иықтарын жапқан толқынды шаштары, мойыл көздері, ақ маңдайлары көрген көзді әдемілігімен еріксіз тамсандырды.
Кеш әдеттегі сценариймен өрбіді. Аттестат тапсыратын ресми бөлім, концерт, соңында би. Көпшілік шараның өтуіне жауапты Есім сағат 9-дардың шамасында Гүлзатты биге шақыруға тырысты. Қыз сыпайы бірақ кесімді түрде бас тартты. Намыстан тұлан тұтқан ол өзінің аппаратурасына кетті де, қайыра көпшілікке жоламады. Кеш бойында Думан да Гүлзат пен Сандуды айналшықтап, іш тарта еріді. Алғаш мәрте сегіздер шамасында таянып, өзінде керемет шампан барын айтып, ресми бөлімнен кейін кабинетінде атап өтуді ұсынды. Қыздар келіспеді. Екінші мәрте директор сағат 11-лерге тақау тағы ұсыныспен келіп, қарсылыққа ұшырады. Кеш соңына қарай Санду мен Гүлзат залдан сыртқа бет алды. Олар өзара әлденені сөз етіп, күліп бара жатты. Сыныптас құрбыларының бірі Гүлзаттың «жүр, бізді күтіп отыруы тиіс» дегенін құлағы шалып қалды. Ал нақты қайда кеткенін ешкім көрмеді.
Ертеңінде таңертең дабыл қағылды. Сағат 8-де Гүлзаттың шешесі Аманбаевтардың үйіне келіп, Сандуғаштың да жоқ екенін білді. Әдетте қыздары кешігетін болса ескертетін, бұл жолы ләм-мимсіз… Отбасылар шұғыл полицияға хабарлады. Учаскелік полиция, Есімнің әкесі сұрастыра бастады. Сағат тоғыздарда қос құрбының жұмбақ жағдайда жоғалғандары мәлімденді. Олардың мерекеден кейін қайда бет алғанын, кіммен кеткенін ешкім көрмеген. Қыздар туралы соңғы нақты мәлімет: «түңгі сағат 11 жарымда көрдім» деген күзетшінің сөзі.
Сұрастыру ісіне қызу араласқан Думан шұғыл іздеу тобын құруды ұсынды.
– Олар таңды қарсы алу үшін көлге баруы мүмкін, – деді. – Ол жер әдемі, жастар жиі барады. Мүмкін қараңғыда адасып кеткен болар …
Ұсыныс ақылға қонды. Көл ауылдан төрт шақырымдай маңда. Оған жол тоғай арқылы апарады. 30 маусым күні сағат онға қарай іздеушілер тобына қырықтай адам жиылды. Бірі көлге беттеді, бірі өзен бойын қарады. Орманшы жігіт те бірнеше азаматты ертіп жөнелді. Іздеуге полиция да қосылды. Ну тоғайды шарлап, көлдің айналасын сүзіп сабылғанмен, нәтиже болмады. Бірдеме көруі, білуі ықтимал дегендер түгел сұралды. Есім қыздардың әлдебір сырттық киген адаммен тоғайға қарай кетіп бара жатқанын айтты. Осы уәж бәрін бағытынан алжастырды.
Іздеудің үшінші тәулігі тығырыққа тірелген қауымға үміт сәулесін ұялатты. Көлдің батыс жақ иінінен ақ көйлек табылды. Сараптама көйлектің Гүлзаттікі екенін айғақтады. Ілік жұрттың бәрін құлшындыра түсті. Қыздардың шынтуайтында көлге келгені ақиқатқа айналды. Әлгі маңға көбірек ден қойып, іздеу шараларын күшейтті. Арада бір апта өткенде Canon А620 фотоаппараты табылды. Ол көлден бір шақырымдай маңда орман соқпағының бойынан ұшырасты. Тергеушілер «түн ішінде қыздар адасып жүріп, фотоаппаратты түсіріп алған» деп ұйғарды.
Бір ай бойғы іздеу, ештеменің ұштығынан ұстатпады. Қос бойжеткен үшті-күйлі. Полиция мектеп бітірушілер кешіне қатысқандарды, ауыл адамдарын тергей бастады. Сол күні клубтың күзетшісі Сақбай сағат 23.30-дарда ақ көйлек киген екі қыздың қызметтік кіріберіске келгенін байқаған. Бұл – ғимараттың ту сыртына орналасқан есік, алды алаңқай, одан әрмен орманға қарай жол кетеді. Қыздар әлдекіммен сөйлесіп тұрды, қараңғыда қарауыл кім екенін көре алмаған. «Мен нашар көремін, әсіресе алакөбеңде, – деді тергеушіге. – Бірақ олар екеуі ғана болмағанын нақты білемін».
Түнгі 12-ге 15 минут қалғанда ауыл тұрғыны Жанна Сартбаева үйіне қарай клубтың қасынан өтіп бара жатып, ғимараттың ту сыртындағы орман жақтан машина маторының үнін естіген. Көлік фарынан құйылған жарық ағаштарды шалып барып сөнген. Әйел мерекеден қайтқан жастар болар деп, бұған мән бермеді.
Есім Елемесов жағдайға орай «күдікті» ретінде қаралды. Әкесі «мен ұлымды сол күні 11 жарымда үйден көрдім» деп, айғағын көлденең тартты. Күмәннің көлеңкесі шалған Думанды да тексерді. Директор сол түні үйінде қонғанын мағұлымдады. Оны куәлері растады.
Іздеушілер тобын бастап, табаны таусыла орманды ақтаған клуб басшысына ел бәрібір күмәнмен қарады. «Қыздардың қыр соңынан қалмайтын осы… Кабинетіне қайта-қайта шақыра беретін… Жас қыздарға көзі түскіш…» деген сыпсың сөз қоса ілесіп жүрді.
Іс бірте-бірте тығырыққа тіреле бастады. Күзге қарай іздеу тоқтатылды. Істі ресми түрде жаппағанымен, тергеу, сұрау доғарылды. Ата-аналар үмітін үзбей, Аллаға жалбарынып, күтумен сарылды. Жылдар өте берді, Гүлзат пен Сандуғаш із-түзсіз…
Есім Елемесов ақыры отбасын құра алмады. Арақ ішіп кетті, соңыра аудан орталығына қоныс аударып, механик болып жұмыс істеді. Ауылдастары оны кездейсоқ көріп қалса, көзінен әлдебр мұңның ізін байқайтын. Думан клуб директоры болып табаны күректей он бес жыл қызмет етті. Сосын 2018 жылы қалаға көшті.
***
… Елеусіз ғана тым-тырыс жатқан көне клуб ақыры сыр бере бастады.
Іргетастың қуысынан шыққан заттар бір кезде жабылды делінген істі қайта тірілтті. Әппақ көйлек, жеке куәлік, беторамалға мұқият түйілген әшекейлер, шағын қолсөмке… Уақыт олардың өңін оңдырғанымен, сырын өшіре алмапты.
Абылай тергеуді дәл осы үнсіз куәлардан бастады.
Заманауи сараптама көп күттірмей-ақ алғашқы тосын жаңалығын әкелді. Ақ көйлектің талшықтарына көзге әрең шалынатын мотор майының жұғындысы сіңгені, оған қоса, матаға жабысқан ағаш шайырының қарағайдікі екені анықталды.
Абылай ойланып қалды.
Өйткені алғашқы іздеу жұмыстары көл маңында жүргізілген. Ол өңірде аққайың мен көктеректер. Ал қарағай… Қарағай басқа жақта өседі. Демек, қыздар іздеу жүргізілген жерге мүлде бармаған.
Бір кезде бүкіл тергеудің өзегіне айналған болжам алғашқы соққыдан-ақ шайқалып шыға келді. Бірақ мұнымен жұмбақ шешілген жоқ. Қыздардың барлық жеке заттары клубтың іргетасынан табылды. Егер олар орман ішінде жоғалса, бұйымдары бетон астына қалай түсті?
Осы бір сауал тергеушіні мұрағатқа жетеледі.
Көптен ашылмаған папкалардың арасынан ол клубтың шаруашылық журналына кезікті. Ондағы бір жазба назарын еріксіз өзіне аударды. «29 маусым. Қызметтік кіреберіс іргетасын шұғыл жөндеу қажет.» Өтінімге директор Думан Халиметовтің өзі қол қойған.
Құжаттағы келесі мәлімет одан сайын ойландырды.
Жөндеу екінші әлде үшінші шілде күндері жүргізілген. Дәл сол уақытта ауылдың ер-азаматы тегіс жоғалған екі қызды іздеп, көл мен тоғайды кезіп жүрген. Ал клубтың тасасында әлдекімдер бетон құйып жатқан.
Бірақ кімдер? Қызығы сол – жұмысшылардың аты-жөні еш жерде көрсетілмепті.
Абылай сарғайған қағазды үстелге жайлап қойды. Енді қағазға емес, адам жадына үңілетін уақыт жеткенін түсінді.
Жиырма үш жыл аз мерзім емес. Көп куәгер бұл дүниеден өткен, көп естелік көмескіленген. Бірақ кейде адам санасында еш себепсіз сақталып қалатын бір ғана көрініс тұтас істің тағдырын өзгертіп жібереді. Сол үмітпен ол оқиғаны көзімен көргендерді қайта іздей бастады.
Ауыл мектебінің бұрынғы мұғалімі Жамал Сағынтаева алғашқыда ештеңе есіне түсіре алмады. Алайда әңгіме жалғаса келе кенет ол кілт бөгелді.
– Бір қызық жайт болған екен-ау… – деді маңдайын сипап. – Енді ғана есіме түсіп отыр…
Егде әйелдің айтуынша, 2002 жылдың екінші шілдесінде әлдебір құжатты апарып беруге клубқа барған. Сонда қызметтік кіреберістің маңында екі жігіттің цемент езіп, іргетасқа бетон құйып жатқанын көрген.
– «Апыр-ай, бүкіл ауыл қыздарды іздеп сабылып жүргенде, бұлар мұнда не істеп жүр?» деп іштей таңғалғаным есімде, – деді апай. – Бірақ кім екенін сұрамаппын. Қарапайым жұмысшылар шығар деп өте шықтым…
Абылай үнсіз қалды.
Кейде адамның назар аудармай кеткен бір сәті жылдар өткен соң қылмыстың ең маңызды бөлшегіне айналады. Бұл естелік те сондай еді. Демек, клубтың іргетасына жөндеу шынында жүргізілген. Ал сол бетонның астынан бүгін қыздардың бұйымдары табылып отыр. Екеуінің арасындағы байланысты кездейсоқтық деу барған сайын қиындай түсті.
Осы сәттен соң Абылай Әзімханұлы әуелгі тергеудің әр жолына күмәнмен қарай бастады.
Ол мұрағатқа қайта кірді.
Сарғайған хаттамалар, іздеу карталары, куәгерлердің жауаптары, оқиға орнында түсірілген суреттер… Бұрын бірнеше рет қаралған дүниелер енді мүлде басқа мағына бере бастағандай. Ақыры оның назары Есім Елемесовтің түсінігіне тоқтады. 2002 жылдың бірінші шілдесінде алынған жауапта мынадай сөйлем бар екен: «Қыздардың күңгірт күртеше киген ер адаммен орманға қарай кеткенін көрдім…»
Абылай осы тұста еріксіз жымиып қойды. Жымиғаны – сенгенінен емес. Керісінше, дәл осы сөздің шындыққа мүлде жанаспайтынын аңғарғандықтан.
Маусымның соңы. Аптап таңға басылмайтын кез. Сол жылғы ауа райы жөніндегі мәліметте түнгі температураның өзі жиырма үш градустан төмен түспеген. Ондай мезгілде қалың күртеше киіп жүру ақылға сыймайтын. Ендеше… Есім әлдекімді ойдан шығарды. Әлде қараңғыда көргенін басқаша жеткізді. Әлде… біреуді әдейі жасырып қалды ма?
Әзімханұлы жауаптан гөрі сұрақ көбейгенін сезді. Бірақ тәжірибелі тергеуші үшін бұл жаман белгі емес еді. Өйткені ақиқатқа апарар жол көбіне дәл осындай ұсақ сәйкессіздіктерден басталатын.
Аға лейтенант Елемесовті тауып, көзбе-көз сөйлескенді жөн санады. Қазір ол 42 жаста, аудан орталығы Бесқарағайда тұрады, автосервисте механик. Әріптестері оны көп ішіп, әңгімелесуден қашқақтайтын тұйық адам деп сипаттады. Тергеушілер үйіне келгенде Есім сақтықпен қарсы алды. Пәтері ескі бұйымдарға тола екен. Қабырғада күнге оңған қыздардың жоғалғаны жөніндегі газет қиындысы. Үстел үстінде интернеттен алынған әралуан көпшіліктің пікірлері жатты. Осының бәрі әлі оның өткеннен қол үзе алмай жүргенін аңдатты.
– Күндердің күнінде маған соңымнан келетіндеріңді білдім, – деді ол әбден тозып, отырғышы жәпірейе тапталған диванға жайғасып жатып. Абылай одан сол түнге қатысты есінде не бар, бәрін айтып беруді сұрады. Есім бір мезет мелшие отырды да, әлденуақта сөзін бастады.
– Сол кезде мен клубта техник болып жұмыс істедім. Үндеткіштердің дыбысына, жарыққа және құралдарға жауап бердім…
Гүлзат кезекті рет оған биге шықпай кеудесінен итергендей болғанда, жұрттың көзінше қыз өзін менсінбегенін сезінді. Сағат он бірлерде концерт аяқталып, би басталғанда Есім қызметтік бөлмесіне кеткен. Ашу буған жігіт алдын-ала әкеп қойған бір бөтелке арағының жартысын ішіп алды. «Мен мас әрі ашулы болдым» деп мойындады ол. Кештің соңын күтуді ұйғарды. Гүлзат үйіне қайтып бара жатқанда бөгеп, сөйлеспекке бекінді. «Клубтан түнгі 12 жарымда шықтым. Мереке жалғасып жатты, бірақ одан әрі онда отыра алмайтынымды ұқтым» деді.
Есім клубты айналып жүрді. Қызметтік есіктен кіріп, техникалық бөлмеден сөмкесін алмаққа ниеттенген. Кіре беріске таянғанда табалдырықтың алдында машина тұрды. Фары сөнулі, айдың жарығы оның УАЗик екенін анық аңғартады. Біреу көліктің арт жағында әлденемен әуреленіп жатты. Мен қараңғылық көмген қалтарыста тұрып қалдым, «мас күйімді көрмей-ақ қойсын» дедім. Әлгі адам артқы есікті ашып, ішіне сұғына еңкейді. Оның қимылы шалт, әрекетінен сабырсыздық білінді. Әлдебір буыншақты әлде сумканы алды да кіреберіске беттеді. Оның кілті болды, есікті ашып, ішке кірді. Есім тіксініп қалды, беймәлім адамның жүргені көңіліне қонбады. «Мүмкін, ұры шығар» деп ойлады. Ол таянбай кері бұрылды. Сосын үйіне басқа жолмен кетті. Таңертең қыздардың жоғалғанын естігенде абдырай аңтарылды. Көргенін мәлімдеп, түн ішінде клубтың қасында жүргенін мойындағысы келмеді. Ұлынан күмәнді басқа жаққа аудару үшін, әкесі оның куртка киген беймәлім адам жөнінде айтуын қалады.
– Мен өмір бойы өзімді кінәлаймын, – деді Есім жүзін алақанымен жауып, – егер сонда ақиқатты айтқанымда оларды тапқан болар ма еді, мүмкін сол түні ішке енгенімде бірдеме жасай алар ма едім, бірақ мен қорықтым. Содан бері тыныш ұйықтай алмаймын.
Инспектор оның бүкпесіз әңгімесіне алғысын білдірді. Келесі көкейінен кетпей жүрген куәгер Семейге қоныстанған бұрынғы клуб директоры Думанды тауып сөйлесу керек деп ұйғарды.
Қала шетіндегі бес этаж ескі үйдің үшінші қабатында Д. Халиметов жалғыз тұратын. Есікті ашқан ер адамды суреттен жиі көргендіктен жазбай таныды. Шашына ақ кірген, иегі сәл салбырағанымен, көзіндегі баяғы сергектік әлі жоғалмапты.
– Думан Халиметовсіз бе?
– Иә… Менмін.
– Бесқарағай аудандық полициядан аға лейтенант Абылай Қайсенмін. Кеңарықтағы іс бойынша бірнеше сұрақ бар еді.
Самай шашы ағарған ер адам селк ете қалып, жанары жыпылықтады.
– Кі… кіріңіз…
Пәтер іші тым-тырыс. Ескі жиһаз, кітап сөресі, терезе алдындағы сола бастаған гүл сүреңсіз тірлікті аңдатты.
Абылай құжаттарын үстелге жайып қойды.
– Клубтың іргетасынан табылған заттарды естіген шығарсыз?
– Естідім. – Думан сыбыр ете ғап, сілейе мелшиді. Сосын терең күрсінді. Абылай оның жүзінен үрейді емес, әлдебір қажытқан өкінішті аңғарды.
– Сізден екі нәрсені анықтағым келеді. Әуелгісі мынау.
Аға лейтенант бумадан сарғайған бір кұжатты суырып алып, Думанның алдына сырғытты.
– Мына құжатты танисыз ба?
Думан көзілдірігін киіп, қағазға үңілді. Бір сәттен кейін маңдайы әжімденіп кетті.
– Иә… клубтың шаруашылық журналы сияқты…
– Дұрыс. Екі мың екінші жылғы жиырма тоғызыншы маусым. Дәл сол күні сіз қызметтік кіреберіс іргетасының жарылғанын көрсетіп, шұғыл жөндеуге өтінім бергенсіз. – Абылай Әзімханұлы оның жүзіне тесіле қарады. – Айтыңызшы… осы жөндеу жұмысының қыздардың жоғалуына қандай да бір қатысы бар ма?
Думан таңырқай басын көтерді.
– Жоқ… ешқандай қатысы болған жоқ.
– Неге дәл сол күндері жөндетуге асықтыңыз?
– Іргетас шынында жарылған еді. Сынған бөлегі жылжып кетіп, қабырға мен төбесі зақымдана ма деп сақтандық. Кейінге қалдырсам, күрделі жөндеуге ұшырармыз деп қауіптендім. Бар болғаны сол.
Абылай үнсіз бас изеді.
– Жөндеу жұмысын кім жүргізді?
Думан біраз ойланды.
– Шынымды айтсам… нақты есімде жоқ… – Ол маңдайын сипалады. – Сол күндері бәріміз қыздарды іздеумен сабылып жүрдік қой… Қай күні, кім келгені жадымда емес, бәрі сапырылысып кетті… Бірақ… – сөзін аяқтай алмай бөгелді.
– Бірақ?..
– Шайдар көмектескен сыңайлы… Иә… иә… есіме түсті. Өз еркімен жәрдем беретінін айтты. Қасында інісі де болған тәрізді…
Абылай мұны дәптеріне түртіп қойды. Сәлден кейін жаңа сұраққа көшті.
– Думан Қайратұлы…
– Тыңдап тұрмын.
– Жиырма үш жыл бойы клуб іргетасының қуысында Гүлзат пен Сандуғаштың заттары жатқан. – Бөлме іші меңірейген тыныштыққа көмілді. – Жеке куәлігі… әшекейлері… сөмкесі… ақ көйлегі… – Абылай әр сөздің арасына кідіріс жасады. – Олар бетонның астына қалай түсті?
Думанның жүзі сұрланып кетті.
– Білмеймін…
– Мүлде еш болжамыңыз жоқ па?
– Жоқ.
– Жөндеу кезінде ештеңе байқамадыңыз ба?
– Жоқ…
Даусы бұрынғыдан бәсең шықты.
– Егер білгенімде… ант етемін… сол күні-ақ полицияға хабар берер ем.
Абылай оның жанарына ұзақ қадалды. Бұл – өтірік айтып отырған адамның емес, жылдар бойы өз ар-ұжданының алдында жауап іздеп жүрген жанның көзі еді.
Инспектор папканы жайлап жапты.
– Жарайды… келесі мәселеге көшейік.
Думан күрсініп, орындық арқалығына сүйенді.
– Сол түні Гүлзат пен Сандуғашты кабинетіңізге шақырдыңыз ба?
Үй иесі басын төмен салды.
– Иә.
– Неге?
– Ақымақтық… «Не істесең де сиымды, жарасады» деп ойлаған жас кезім… – Бөлмені тымырайған тыныштық кернеді. – Олар келді. Бірақ көп отырмады. Мен… шектен шығыңқырап кеттім.
– Не істедіңіз?
– Есікті іштен жаптым.
Абылай қабағын түйді.
– Одан кейін?
– Гүлзат бірден ашуланды. Мені итеріп жіберді. Есікті ашып, екеуі жүгіріп шығып кетті.
– Қуып бармадыңыз ба?
– Жоқ.
– Полицияға осыны неге айтпадыңыз?
Думан ащылау жымиды.
– Айтсам не болатынын білдім. Жұмысымнан айырылар едім. Жаман атым шыққанша… үндемегенді жөн көрдім.
Абылай орнынан баяу көтерілді.
– Сіз қыздарды өлтірген жоқсыз…
Еңсесі салбыраған егде жан мақұлдай басын изеді.
– Бірақ… – Абылайдың даусы қатайып кетті, – сіздің кесіріңізден олар сол түні қатерді іздеп, ажалдың аузына баруға мәжбүр болды.
Думан түнере томсарды.
– Егер сіз қыр соңдарынан қалмай қоймағаныңызда… Егер сіз қызметіңізді пайдаланып екі жас қызды қыспаққа алмағаныңызда… Егер олар сізден қорықпағанда… сырттан пана іздеп, қатерге бармас еді.
Үй иесі тырс етіп тіл қата алмай көзін жұмды.
– Олар кабинетіңізден жүгіріп шыққаннан кейін үйіне қайтар еді.
Үнсіздік тағы созылды. Тек қабырға сағатының сыртылы естіледі. Бір кезде Думан екі алақанымен жүзін басты.
– Мен… осы сөзді жиырма үш жыл күттім… – Даусы қарлығып шықты. – Сол күні оларды мен өлтірген жоқпын.
Абылай үндемеді.
– Бірақ… – деді Думан, сөзін әрең жалғап. – Егер менің қылығым болмағанда… олар тірі жүрер еді…
Көзінен жас үзіліп түсті.
– Иә, сіз кісі өлтірген жоқсыз. Бірақ оларды сол түнгі қауіпке итерген бірінші адам – сіз болдыңыз.
– Осы ой мені өмір бойы мүжіп келеді.
Абылай оның жүзіне барлай қарап ап, папкасын жапты.
– Заң сізді бұл іс бойынша айыптай алмайды.
Халиметов басын көтермеді.
– Бірақ кейде адамның ең ауыр жазасын сот емес, өз ар-ұжданы береді. – Инспектор есікке қарай беттеді. – Түсініксіз жайда қыздардың өмірі қиылды. – Босағаға бөгелді, аз-кем іркілістен кейін, – ал сіз олардың сол түнгі тағдырын басқа арнаға бұрып жібердіңіз, – деді.
Есік баяу жабылды. А. Қайсен пәтерден шығып бара жатып, «Халиметов көп нәрсені жасырған. Бірақ мен іздеп жүрген шындық – бұл емес…» деген бір ғана ой түйді.
Думан орнынан тұрған жоқ. Терезеден құйылған кешкі күн сәулесі еденге ұзын көлеңке түсіріп жатты. Бөлмеде енді өзге ешкім қалмаған еді. Бірақ ширек ғасырға жуық өзі қашып жүрген үрейлі үкім дәл қасында отырғандай сезілді.
***
Ұштығынан ұстатпаған әр алуан байламның сілемін қуалай инспектор Бесағашқа дейінгі жолдың қалай өткенін аңғармады. Көз алдынан дала сырғып жатты, ал ойы құпиясын жасырған түннің төңірегіннен ұзай алмады. Соңғы күндері өзі де байқамай, бар тіршілігін осы іске байлап қойғанын аңғарды. Үй-ішіне телефон шалуды ұмытады, ағайынның амандығын сұрауға мұршасы жоқ. Санасын тұтас билеген – «жиырма үш жыл бұрын ақ көйлек киген екі қызға не болды?» деген жалғыз сауал.
Кабинетіне кірген бетте мұрағаттан алдырған ескі хаттамаларды қайта ақтара бастады. Марқұм күзетші Сақбайдың жауабы тағы да алдынан шықты. «Түнгі он бір жарым шамасында қызметтік кіреберіс алдында ақ көйлек киген екі қызды көрдім. Олар біреумен сөйлесіп тұрды…»
Осы бір айғақ жиырма үш жыл бойы тергеудің өзегіне айналып келді. Бірақ Абылай оған бұл жолы басқаша қарады.
Сақбай 2011 жылы дүние салған. Хаттамада оның көзі нашар көретіні, төрт жарым диоптриялық көзілдірік тағатыны тайға таңба басқандай жазылған. Сол кезде тергеушілер «қараңғыда отыз метр жерден ол шынымен Гүлзат пен Сандуды таныды ма? Әлде ай сәулесінде ағараңдаған басқа біреулерді солар деп жаңылды ма?» деген пайыммен дүдәмалдық келтіріпті.
Бұл күмәннің салмағы бұрынғыдан ауырлай түсті. Өйткені тағы бір куәгер – Жанна Сартбаева – дәл сол түні сағат он екіге он бес минут қалғанда клубтың ту сыртындағы орман жақтан машина моторының үнін естігенін айтқан. Екі оқиғаның арасында небәрі он бес минут.
Ал қыздар болса, сыныптастарының сөзінше, он бірден аса бере залдан шығып кеткен. Гүлзаттың «Жүр, бізді күтіп отыр» деген сөзі де есте қалыпты.
Кім күтіп тұрды?
Абылайдың ойына еріксіз Думан Халиметов оралды.
Сандуғаштың күнделігі де осы болжамды нақтылайтындай. Тергеу басталған алғашқы күндері-ақ ата-анасы тапсырған жұқа дәптерде 22 маусымда жазылған қысқа ғана жолдар бар екен: «ДХ тағы да репетициядан кейін тиісті. Гүлзат жоспар құрды. Егер бәрі дұрыс болса, біздің оқуға түсуімізге кепіл болады…»
Абылай дәптерді баяу жапты.
«ДХ» дегені – Думан Халиметов екені анық. Ендеше Гүлзаттың жоспары қандай? Ол директорды жұртқа масқараламақ болды ма? Әлде заң алдында жауапқа тартпақ па?»
Осы ойлардың бәрі бір нәрсеге апарып тіреді: диктофон.
Егер қыздар Думанның өз аузынан айтылатын сөзді жазып алса, бұл оның мансабын да, беделін де бір күнде құртар еді. Демек, сол үшін олар кабинетке әдейі кірген.
Ал сыртта… біреу күтіп тұрған.
Әлгі мезет Абылайдың санасында пышыраған деректер бір-бірімен алғаш рет табиғи түрде қабыса бастады.
Аға лейтенант істі мүлде басқа қырынан қаузап көруге бел буды. Ертеңінде архивтен жиырма үш жыл бұрын клубтың қызметтік кіреберісі тұсынан алынған көлік ізінің гипстік құймасын әкелдірді. 2002 жылғы тергеушілер оған онша үңілмеген. Себебі ол кезде ауданда дәл сондай УАЗ мыңдап саналатын. Бір ізді солардың арасынан ажырату мүмкін емес сияқты көрінген. Бірақ уақыт та, амал да өзгерген.
Құйма криминалистің үстеліне қойылды. Ширек ғасырға жуық елеусіз жатқан із микроскоп астында қайта тіл қатқандай еді. Дөңгелек өрнегінің әрбір ирегі, резеңкенің желінген тұстары, майда жарықшақтары адамның саусақ таңбасындай қайталанбас бірегей екен.
Көп ұзамай орман шаруашылығының ескі мұрағатынан тағы бір дерек табылды. Әлгі УАЗ әлдеқашан есептен шығарылғанымен, техникалық құжаттары сақталып қалыпты. Онда 2002 жылдың шілдесінде оң жақ артқы доңғалақтың шұғыл ауыстырылғаны жазылған. Себебі – бүйірінің қатты жыртылуы. Құймадағы дәл сол кемістік пен мұрағаттағы жазба бір-біріне айна-қатесіз сәйкес келді.
Абылай томаға-тұйық қалпы толғанды.
Демек, клуб түбінде қалған із кездейсоқ көлікке емес, орманшы Шайдар Ақасевтің қызметтік УАЗ-ына тиесілі болатын.
Алайда бұл әлі де кінәні дәлелдей алмайтын.
Нағыз тосын жаңалықты фотоаппарат ашты.
Canon А620 камерасы екі мың екінші жылдан бері айғақ зат ретінде сақтаулы жатқан. Бұрынғы сарапшылар мүмкіндігінше тексергенімен, бүгінгі технология мүлде басқа деңгейге көтерілген еді.
Камера бетіндегі саусақ іздерінің көбі иесіне тиесілі болып шықты. Ара-арасында уақыт өшіре алмаған бөгде таңбалар да сақталыпты. Мәліметтер қорымен салыстырғанда олардың бірі Шайдар Ақасевке сәйкес келді.
Мұнда да еш оғаштық жоқ сияқты еді. Фотоаппаратты кезінде орманнан тауып, полицияға тапсырған – сол. Бірақ криминалистерді таңғалдырған нәрсе іздің өзі емес, оның түскен орны болды. Саусақ таңбасы аппараттың артқы қақпағында, пленка салынатын бөлікті ашатын тетіктің дәл жанында қалған.
Абылай ескі қорытындыны қайта оқыды. «Фотоаппарат құлаған кезде қақпағы өздігінен ашылып кеткен. Соның салдарынан пленка күйіп, суреттер жарамсыз болған…»
Бұл тұжырым бұған дейін ешкімнің күмәнін туғызбаған. Бірақ сарапшылар дәл сондай камераға қайта тәжірибе жасап көрді. Canon А620 құлағаннан өздігінен ашылмайды екен. Қақпағы арнайы тетікпен ғана ашылады.
Абылай орнынан баяу тұрды.
Яғни, біреу пленканы әдейі алған. Қасақана жарыққа шығарып, күйдірген. Өйткені әлгі пленкада әлдекімнің көргісі келмейтін суреттері болған.
Кабинет іші тыныштыққа көмілді, аға лейтенант өз демін ғана естіді.
Тергеу процесі жаңа арнаға бұрылып бара жатты.
Әзімханұлы енді бұрын назардан тыс қалған адамдармен сөйлесу керектігін ұқты. Ақасевқа қоңырау соғып, қолайлы уақытта келіп кетуін сұрады.
Шайдар ертеңінде төбе көрсетті. Құр қол келмей қалың бір бунақты ала келді. Онда 2002 жылы болған іздеу опперациясы жөніндегі өзінің жазбалары екен. Жергілікті жердің картасы, іздеу шарасы жүргізілген участоктардың белгілері, еріктілер тізімі, кезекшілік кестесі… Бәрі мұқят қатталған.
– Осы қағаздарды жоғалған қыздардың табылуына септігін тигізер деген үмітпен сақтап келемін, – деді ол. – Мүмкін мұндағы мәлімет тергеу ісіне кәдеге жарап қалар.
Жігіт ағасы байсалды әрі жинақы, көмекке әзір екенін танытты. Инспектор оқиғаның куәгері ретінде ұзақ әңгімелесті. Шайдар бәрін жіпке тізіп айтып берді. Оның сөзі бойынша 30 маусым күні түнгі орман күзетінен 7 жарымда үйге оралған. Анасы таңғы ас берген. Ал сағат 8 жарымға қарай қыздардың жоғалғанын көршісі хабарлаған. Жігіт бірден әкімшілік орталыққа барып, іздеу шарасына қатысқан.
Абылай клубтың іргетасына жасалған жөндеу жұмысы туралы сұрады.
– Иә, – деп ол басын изеді. – Директор Думан Халиметов іргетастағы қақ айырылған бетонды жаңарту жөнінде өтініш білдірді. Жарылған тұс өте күрделі еді. Біз ініміз екеуміз цемент езіп, бетонды құйдық. Жұмыс екі сағаттай уақыт алды. Содан кейін мен іздеушілерге кеттім.
Бәрі ақылға қонымды естілді. Бірақ Абылай бір детальға көңіл аударды. Егер Шайдар ертеңгілік сағат 7 жарымда жұмыстан келсе, отызына қараған түні орман күзетінде болған.
Ізінше тергеуші орман шаруашылығының мұрахатын қарады. Шынтуайтында орманшыларда түнгі бақылау бар екен. Әсіресе, өрт қауіпі артқанда күзет те күшеймек, бірақ дәл сол түнгі жазба жоқ. Шайдардың анасы он жыл бұрын өмірден озған, ал бауыры 2017-ші жылы автоапаттан көз жұмған – оның қыздар жоғалған түні қайда болғанын растайтын тек өзінің сөзінен өзге ешкім қалмады.
Тергеуші кабинеттен шыққан соң өз-өзінен «осындай байсалды адамның қылмысқа баруы мүмкін бе?» деп ойлап қойды. Іс бойынша назардағы кісі болған соң оның психологиялық бейініне үңілді. «22 жаста, орманшы, ата-анасымен тұрады, үйленбеген. Ауылдастары оны сабырлы да сенімді жігіт» деген ойда. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан мектептегі мінездемесін көтерді. Ол орташа оқыған екен, көп сөйлемейтін бұйығы, достары болмаған. Мұғалімдер «өз әлемінде өмір сүреді» деп баға берген. Көп уақытын орманда жалғыз өткізеді, мектептен кейін орман шаруашылығына жұмысқа барды. Мамандығы мінезіне әбден сай. Орман, оңашалық, адамдармен тілдесу аз…
Болған жайға қаныға түсу үшін аға лейтенант Кеңарықтағы орта жастан асқан, егде кісілермен де бірнеше мәрте әңгімелесті. Шайдардың атын естігенде бір шал «Шырағым, қыздарды іздеуде бәрінен көп жүгірген сол еді» деді. Тағы бірі «үш күн ұйықтамады» деді, келесісі «Қыздардың шешесін жұбатқан да сол болды» деп ризашылықпен еске алды. Ал Гүлзатпен үнемі достық қатынаста болғанын жыр ғып айтты. Жігіт қызды көлігімен алып жүретін, кейде машинада екеуі ұзақ сөйлесетін. Бұл шүйіркелесу Гүлзатқа қарағанда Шайдарға көбірек әсер етті» деді.
Осы уәжден соң «ол бойжеткенге ғашық болып, оны армандауы, болашақ жоспар құруы мүмкін-ау» деген байлам қылаңытты. Іске жұмылдырылған психологтар жасаған ықтимал модель бір ғана жайтқа меңзеді: «Шайдар қыздардың өзіне сенім артуын басқаша қабылдаған болуы мүмкін. Ал үміті күйреген сәтте ішкі дүниесі бақылаудан шыққан…»
Бұл тек болжам ғана. Одан әрі қарайғы долбар қисыны сан тарауға пышырады. Бірақ нәтижесі мәлім…
Тұспалға негізделген осы көріністің бәрін дәлелдеу оңай емес екенін А. Қайсен ұқты. Тікелей ілік, куәгерлер жоқ, мүрде табылмады, тек жанама дәлелдер, сәйкессіздіктер, қисынды қорытындылар ғана бар. Іске нүкте қою үшін, мәйітті табу немесе күнәһардың мойындауы қажет. Енді тергеуші күмәндіге психологиялық ықпал етуді ұйғарды.
Шайдарды ресми түрде жауап алуға шақырды. Алдына бүкіл дәйектерді жайып салды. Фотоаппараттағы қолдың белгілері, оның машинасының ізі, Есімнің түсініктері, алибидегі сәйкессіздіктерді көлденең тартты. Шайдар бүлк етпей бей-жай тыңдады.
– Сіз бәрін қайыра мұқият түсіндіре аласыз, – деді тергеуші.
– Иә, мүмкін… – Шайдар басын изеді.
Камерадағы қол іздері… Ол аппаратты тауып, тергеуге берген.
Клуб маңындағы машина, бұл шынтуайтында сонда болды. Мерекеге құрал-саймандарды алып келді.
Елемесовтің куәлігі ме? Ол мас болды, мас адам кез келген кісіні көруі мүмкін.
Алиби? Анам айғақ болған, бірақ өмірден озып кетті.
Тергеушінің барлық сауалдарына Шайдар түсінік берді. Әуелден осы әңгімеге әзірленгендей сабырлы әрі салқынқанды көрінді. Әрбір детальға ойлы да айғақты жауап қайырды.
Әйткенмен Абылай өзінің соңғы козырын қамдаған. Тергеу болжалы бойынша мүрделердің жатуы ықтимал ескі карьер маңында геологиялық барлау жұмысын жүргізді. Георадар, тепловизор, қызметтік иттерді қолданды. Бір аптадан кейін үш метр тереңдікке көмілген екі мүрдені тапты. Экспертиза бұл қаңқалардың қыздарға тиесілі екенін, шамаман жиырма үш жыл бұрын көмілгенін растады.
Мүрделердің табылғанын естігенде Шайдардың өңі алғашқы мәрте қуқыл тартты. Оның орнықтылығы өзегінен сетінеп, абдыраған қалпы су сұрады. Стақанды қолына алған күйі оптыға жұтып, кеңістікке мелшие қарап отырып қалды. Сосын баяу ғана: «олар азап шекті ме екен?» деген сауал тастады.
Тергеуші оған:
– Оны экспертиза анықтайды, бірақ қазіргі мәселе ақиқатты өз аузыңнан есту.
Шайдар талақтай тырсиып, бір сағатқа жуық мелшие отырды.
Екі шынтағын үстелге тіреп, маңдайын алақанына көмді. Бөлмеде қабырға сағатының сыртылы ғана естіліп тұрды. Абылай диктофонды қосты. Бірақ ештеңе демеді. Ақыры Шайдар ауыр күрсінді.
– Мен шаршадым… – деді өте баяу. – Жиырма үш жыл бойы осы күннен қашып едім…
Ол басын көтерген жоқ.
– Гүлзат мені өзі шақырды… «Думаннан секемденем, сыртта күтіп тұршы» деді. Мен үшін сол сөздің өзі бақыт еді. Ол маған сенеді деп ойладым.
Езуіне ащы күлкі үйірілді.
– Ал ол маған жай ғана… көлігі бар таныс адам ретінде қараған екен…
Меңіреу тыныштық орнады.
– Олар кабинеттен шыққанда Гүлзат қатты ашулы еді. Думанның не істемек болғанын айтып берді. Мен оларды үйге апарып салайын дедім. Бірақ… жолда карьерге бұрылдым.
– Неге? – деп сұрады Абылай.
– Өзім де білмеймін… Әңгімелессек… бәрі орнына келетіндей көрінді. Солай ойладым…
Шайдардың үні үзіліп кетті.
– Олар армандарын айтты. Алматы туралы… суретші, дәрігер боламыз деді…
Айыпкер көзін жұмды.
– Сосын Гүлзат «Қандай жақсы, осы ауылдан құтылатын күн алыс емес… Мына қоңырқай тұрмыс, қарапайым тірлікпен күнелтіп жүрген айналамдағылар тұншықтырып барады» деді. Сол кезде алғаш рет өзімді оның көзімен көрдім. Мен… ауылдағы көптің бірі ғана екенмін. Жай ғана… ыңғайлы жүргізуші. Болды. …Бәрі сол сәтте бітті.
Бөлмені тыныштық тұншықтырды.
– Мен оны сүйетінімді айттым. Үндемей тыңдады. Сосын… «Шайдар, сен жақсы адамсың.., бізде ортақ өмір болмайды, кешір, бұл – ақиқат» деді. Осы бір сөйлем… құлағымнан кеткен емес.
Шайдардың саусақтары қалтырады.
– Мен оны тоқтатқым келді… Түсіндіргім келді… Құшақтадым… Ол мені итерді. Санду айқайлады. …Содан кейін… бәрі қараңғыланып кетті.
Ұзақ мезет тым-тырыстық орнады.
– Ары қарайғыны айтып бере алмаймын. Айтқым да келмейді. Өйткені… сол сәттен соң мен адам болудан қалып, айуанға айналған ем…
Көзіне алғаш рет жас үйірілді.
– Есімді жиғанда… екеуі де үнсіз жатты… Сол үнсіздік… менімен бірге жиырма үш жыл өмір сүрді.
Шайдар екі қолымен бетін басты.
– Мен түрмеден емес… үнсіздіктен қорқып өмір сүрдім…
Қатыгез оқиғаны нақтылай түсетін сауалдарды Абылай қоймады. Қазіргі кезде тергеу ісіне детальдар маңызды емес еді, көздегені – күдіктінің қылмысты мойнына алуы болатын.
– Бірінші жылы менің күнәмді айғақтайды деп күтіп жүрдім. Есік әрбір қағылғанда, полициямен әр кездескен сайын үрей билейтін. Бірақ уақыт жылжи берді, ештеме болмады. Ақырындап жазадан құтылғанымды сезіндім. Ауыл мені жоғалғандарды іздеуге барынша күшін салған жан деп қабылдады. Қыздардың ата-аналары алғыстарын жаудырды. Бірақ мұны көтеру өте ауыр, әйткенмен өз рөлімді ойнай бердім.
Шайдар ешқашан үйленбеді. Өйткені өз өміріне әлдекімді етене ғып жібере алмады. «Абайсыз қылмысымды ашып аламын ба?» деп қорықты. Жалғыз өмір сүрді, орманда жұмыс істеді, адамдармен тым жақын болып кетуден қашты. Жыл сайын 29 маусымда карьерге келіп, қабірлерге қарап тұрды.
– Қос қыршынның басында ұзақ үнсіз байландым. Не айтарымды өзім де білмейтінмін. Кейде кешірім сұрайтынмын… Иә, мен олардан кешірім сұрадым, – деді. – Әрине, дәл солай болғанын қаламадым. Мен оны жаныммен сүйдім. Бірақ ол мені ешқашан сол көзбен көрмепті… Кейде қабірден жаным ауыра үндемей кететінмін…
Тергеуші:
– Қыздардың заттарын біржола жойып тастаудың орнына неге іргетаста сақтадың? – деді. Шайдар ойланып отырып қалды. Біраздан соң:
– Клубтан мәйіттерді алғанда асығып жүріп, бөлек тыққан бұйымдарды ұмытыппын. Енді әлгілерді көзге түспестей жасыру керек еді, соның орайы жөндеу жұмысымен сәйкес келді. – Тереңнен бір күрсінді де сөзін жалғады. – Осы құпияны арқалап өмір сүру, азаптың азабы болды. Күн сайын олардың бейнесін көріп, үндерін естідім. Кейде мен «ақылдан алжасармын» деп ойладым.
2025 жылы сәуірде клубты құлата бастағанда Шайдар заттарды табатынын білді. Бұған бір жағы үрейленсе, бір жағы әлденеден үміттенді. Ал бұйымдарды құрылысшылар тауып алғанда ол әлдебір жеңілдікті сезінді. «Ақырында, – деп ойлады, – ақырында азапты күн аяқталады».
– Диктофон қайда?
– Мен диктофонды көрген жоқпын…
Шайдар ақыры бәрін мойындап, тұтқындалды. Кеңарық ақжүрек деп жүрген адамдары кісі өлтіруші болып шыққанына қайран. Ауылдастардың көбі бұған илана алмады. «Ол сондай сабырлы, сондай сенімді жан еді» деп қайталады бастарын шайқай…
Құрбандардың отбасына мәйітті тапқандарын хабарлады. Гүлзаттың анасы көз жасына ие бола алмады. «Қызымның қайда екенін білмей, ғұмырым сарсаңмен өтті. «Өлсем ақиқатты біліп кетейін» деп, Аллаға жалбарына жәрдем сұрадым. Естіген екен. Бұл өте қасіретті жайт, бірақ қызымды өз жоралғысымен жер қойнына беріп, өлсем өле берейін.
Сандуғаштың әкесі Қалмұқан жаңалықты үнсіз қабылдады. Ол тек қыздардың жатқан жерін көрсетуді өтінді. Тергеушілер оны карьерге алып келді. Қария қарағайдың түбінде қазылған шұқырға қарап, сүт пісірім тұрды.
– Санду суретші болғысы келетін, – күрсіне сыбырлады. – Қылқалам шебері болар ма еді, күллі өмірі алда еді қарағымның…
Қыздардың сүйегіне эксгумация жасап, отбасына табыстады. Кеңарық жұрты мұсылмандық рәсіммен мүрдені жер қойнына берді. Ауыл түгел келді, Гүлзат пен Сандуды білетіндер қалмай жиылды. Мәйітті жерлеуге Есім де қатысты. Ол иіні салбыраған қалпы шеткерірек тұрды. Жерлеп болған соң Гүлзаттың анасына таянып:
– Мені кешіріңіз, – деді. – Егер мен сонда қорықпай ақиқатты айтқанда оларды ертерек табар ма еді…
Қария оны кемсеңдей құшақтады.
– Сен жазықты емессің. Айыпты тек бір ғана адам, ол енді бәріне жауап береді.
Шайдар Ақасевқа қатысты сот 2025 жылдың соңына қарай болды. Процесс көптің көңілін аударды. Мектеп бітіруші қос қыздың түлектер балында жоғалған тарихы және қатыгез қылмысты жиырма үш жыл бойы жасырған адам жайлы оқиға өңірді дүр сілкіндірді. Ақасев өзінің айыбын мойындады. Сотта сол түнгі жайтты толық баяндады әрі ақталуға тырыспады. Осы жылдар бойы алдап келгені үшін марқұмдардың ата-аналарынан, ауылдастарынан кешірім сұрады. Соңғы сөзінде: «Мен ең қатал жазаға лайықпын. Бірақ бір нәрсені білгендеріңізді қалаймын. Мен монстр емеспін, ашу үстінде қателік жасаған кәдімгі адаммын. Осы қателік – үш адамның өмірін тас-талқан етті. Содан бері азапта өмір сүріп келемін, енді осы тозақты өмірімнің соңына дейін кешемін. Үкімді қабылдаймын» деді.
Сот Ақасевті 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
***
Кеңарық ауылында көне клубтың орны тегістеліп болды. Көп ұзамай мұнда сәулетті мәдениет үйі бой көтереді. Жаңа негіз қаланардың алдында ескі іргетас өзіне аманатталған ақиқатты айқара ашып берді. Өйткені, шындықтың да өз уақыты болады, бірақ, ұмытылатын күні болмайды.
Тынымсыз әділеттілік іздеген тергеуші осылай пайымдады.
Маңындағы зәулім қарағайлардың басын баяу жел шалады. Абылай Әзімханұлы карьердің шетінде жалғыз тұр. Дәл осы ағаштардың жиырма үш жыл бұрын да самалға еліте баяу тербелгенін ойлады. Сол түні олар бәрін көрген, тек ештеңе айта алмаған.
Тергеуші үнсіз ғана бас киімін шешті.
– Кеш қалдық… – деді ақырын.
Жел ғана жауап қатқандай кенеттен есіле жөңкілді.
Соңы.
Әділбек Ыбырайымұлы


