8 тамыз — Халықаралық офтальмологтар күні. Бұл күн көз ауруларының алдын алу, оларды ерте анықтау және көру қабілетін сақтаудың маңыздылығына қоғам назарын аударуға арналған. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда көз аурулары әлемде ғана емес, Қазақстанда да кең таралған денсаулық мәселелерінің бірі болып отыр.
Жақыннан көргіштік, алыстан көргіштік, астигматизм, құрғақ көз синдромы, катаракта, глаукома, диабеттік ретинопатия және жасқа байланысты макула дегенерациясы жиі кездесетін көз ауруларының қатарына жатады. Сонымен қатар көздің қызаруы мен қабынуына әкелетін конъюнктивит те кең таралған. Соңғы жылдары компьютер мен смартфонды ұзақ уақыт пайдалану салдарынан көздің шаршауы мен құрғақ көз синдромына шағымданатын адамдардың саны айтарлықтай артқан.
Қазақстанда көз аурулары бойынша ресми статистика тұрақты түрде жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, көз және оның қосалқы аппаратының аурулары елімізде кең таралған сырқаттардың қатарында. Мамандардың пікірінше, көз аурулары азайып келеді деуге негіз жоқ. Керісінше, бірқатар патологиялардың анықталу жиілігі артып отыр. Бұл аурулардың көбеюімен ғана емес, диагностиканың жетілдірілуі мен профилактикалық тексерулердің қолжетімді болуының нәтижесі. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, скринингтік тексерулер барысында 5 мыңнан астам глаукома жағдайы анықталған.
Көз ауруларының жиілеуіне халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы, қант диабеті мен артериялық гипертонияның көбеюі, сондай-ақ экран алдында ұзақ уақыт отыру әсер етеді. Соның салдарынан жақыннан көргіштік, құрғақ көз синдромы және көздің тез шаршауы жастар арасында да жиілеп келеді.
Қазіргі офтальмологияда катаракта тиімді емделетін аурулардың бірі саналады. Конъюнктивиттің көпшілігі дұрыс ем қабылдағанда толық жазылады. Ал глаукома толық жазылмайтын созылмалы ауру болғанымен, ерте анықталып, дер кезінде ем басталса, оның дамуын баяулатып, көру қабілетін ұзақ жылдар сақтауға мүмкіндік бар.
Көз саулығын сақтау үшін экран алдында жұмыс істегенде әр 20 минут сайын 20 секунд бойы алыстағы нысанға қарау, жеткілікті ұйықтау, дұрыс тамақтану, қант диабеті мен қан қысымын бақылауда ұстау, ультракүлгін сәуледен қорғайтын сапалы көзілдірік пайдалану және ешқандай шағым болмаса да жылына кемінде бір рет офтальмологтың тексеруінен өту ұсынылады.
«Көптеген көз аурулары алғашқы кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан уақытылы тексерілу — көру қабілетін сақтаудың ең тиімді жолы. Ерте қойылған диагноз көптеген асқынудың алдын алып, адамның өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», — деді Ұлттық госпитальдің дәрігер-офтальмологі Шахмардан Құттыбай.


