Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда өңделген сұйық сүт пен кілегейдің көлемі 189 229 тоннаға жетті. Еліміздегі сүт өнімдерін өңдейтін және өндіретін 200-ге жуық ірі және орта өндіріс орындарының жылдық қуаты 2,7 млн тоннадан асады. Алайда олар әлі де өз қуатының тек 82 пайызын ғана пайдаланып отыр.
Атап айтқанда, өңделген сүт пен кілегейдің ішінде халықтың жасы да, жасамысы да сүйсіне жейтін балмұздақтың үлесі былтыр 63,2 мың тоннаны құрады. Cүт, қаймақ, қант жəне хош иістендіргіштерден жасалатын, мұздатылған немесе жұмсақ күйінде ұсынылатын бұл тəтті тағам шөл басатын жеңіл десерт ретінде өте танымал. Оның құрамында кальций, А, В, D жəне Е дəрумендері бар. Ол жүйке жүйесін тыныштандырып, көңіл-күйді көтеруге көмектеседі. Мəселен, майлылығы əдетте төмен болатын сүтті балмұздақ негізінен сиыр сүтінен, қаймақтан жəне қанттан тұрады. Өте жұмсақ жəне калориялы қаймақ (пломбир) балмұздақтың құрамындағы май мөлшері жоғары болады. Жеміс-жидек балмұздағы сүт қосылмай, жеміс пюресі немесе шырыны мен қанттан мұздатылып жасалса, бірден тұтынылатын, қатты қату процесінен өтпеген жұмсақ балмұздақ фризерде арнайы жасалады. Еліміздегі балмұздақ өндірісінің 80 пайыздан астамы негізгі 4 өңірде өндіріледі. Сүт өнімдерінің бұл түрі жағынан Алматы облысы ең алдыңғы орында. Мəселен, биыл алғашқы 4 айда елімізде өндірілген 35,1 мың тонна балмұздақтың 23,3 мың тоннасы немесе 66,3 пайызы осы аймақта өндірілді. Мұнда нарықтың абсолютті көшбасшысы жəне ТМД көлеміндегі ірі зауыттардың бірі болып табылатын «Шин-Лайн» (Shin-Line) кəсіпорны орналасқан. Оның шығарған өнімдері ішкі нарықты ғана емес, ТМД мен Қытай, Сауд Арабиясы сияқты шет елдерге де экспортталады. Былтыр бұл кəсіпорын сыртқа 15 мың тонна балмұздақ сатқан. Салыстырмалы түрде айтар болсақ еліміздегі үздік төрттікке кіретін 3 өңірде жылына Түркістан облысында 6 мың тонна, Алматы қаласында 1,3 мың тонна, Ақмола облысында 1,1 мың тонна ғана өнім шығарылады. Алғашқы тоқсанда Қазақстанға 2,9 мың тонна балмұздақ шет елдерден импортталып, 24,8 млн доллардың 6,4 мың тонна өнімі экспортталды. Сыртқа шығарылған өнім көлемі биыл былтырғы сəйкес кезеңімен салыстырғанда нақты мəнде 46,4%, ал ақшалай мəнде 77 пайызға жоғары болып отыр. Экспорттың басым бөлігі Ресейге (4,3 мың тонна) бағытталды. Соңғы жылдары елімізде жылқы жəне түйе сүтінен балмұздақ өндіру ісі қолға алынғанымен, əзірге ол өнеркəсіптік деңгейде жолға қойылмаған. Отандық гастрономиядағы үлкен трендке айналып, тіпті халық арасында «қазақ балмұздағы» деген атауға ие болған бұл өнім түрі көбіне үй жағдайында шағын цехтарда ғана жасалуда. Сол себепті өндірістің бұл саласы дамитын болса еліміздегі балмұздақ өндірісінің көлемін əлі де өсіруге мол мүмкіндік бар. Бұл бағытта қазір кəсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы өз кəсібін бастаған ауыл тұрғындарының саны да жылдан жылға өсіп келе жатыр. Елімізде бұл ерекше десертті өндірумен айналысатын негізгі жобалар мен кəсіпкерлерге көз жүгіртер болсақ түйе сүтінен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Сарыбұлақ ауылында Азангүл Албосын балмұздақтың құрма, карамель, жидек сияқты 20-дан астам дəм түрін өндіріп Алматы қаласындағы дəмханалар мен мейрамханаларға жеткізеді. Батыс Қазақстан облысында жас ғалым Аян Оразов түйе сүтін ақуызбен байытып, арнайы зертханада балмұздақ əзірлеудің жаңа технологиясын жасап, оған ресми патент алды. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Əділ» сүт зауыты, Қызылорда облысы Шиелі ауданында Сабыр Ермаханов есімді кəсіпкер де бұл түйе сүтінен балмұздақ өндірушілер көшін бастап тұр. Ал бие сүтінен балмұздақ жасағандар арасында Қостанай облыс Меңдіқара ауданындағы Каменорал ауылындағы «S-Agro-Borovskoe» ЖШС бие сүті негізінде балмұздақ жəне эксклюзивті косметика шығаратын өндірістік желіні іске қосты.
АЙДЫН СЕРІКҚАЗИН, бие сүтінен жасалатын «Семей балмұздағын» шығарушы:
– Бұл кəсіпті Семей қаласында 2019 жылы «Жас кəсіпкер» деген бағдарламаға қатысып, 200 АЕК көлемінде (500 мың теңге) мемлекеттік грант алып бастаған болатынмын. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қыркүйекте 2,5 пайыздық несие алсақ деген ойымыз бар. 2019 жылдан бері саумалдан жəне қымыздан жасалған балмұздақтың 18 түрін шығарамыз. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 12 қалада жəне франшиза бағытында да дистрибьютерлермен жұмыс жасаймыз. Өз өнімімізге қазақтың балмұздағы деген мағынада «Qazice» деген атау бергенбіз. «Qazice» балмұздағына 2019 жылы Қазақстан бойынша патент алдық. 2023 жылы «Семейдің балмұздағы» деген статус алдық. Абай облысында бізден басқа саумал мен қымыздан балмұздақ жасап отырғандар жоқ. Алайда бие сүтінен түрлі өнім шғарып жатқандар басқа қалаларда бар. Мəселен, Шымкент, Қызылорда қалаларында саумалдан крем шығарып жатыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


