Сауатты келіссөз дипломатиялық диалогты нығайтады

XXI ғасырдың алғашқы ширегі аяқталуға жақындаған сайын әлем жаңа әрі күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуде. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс, Африкадағы қарулы жанжалдар, терроризм, заңсыз көші-қон, азық-түлік пен су қауіпсіздігі мәселелері халықаралық қатынастар жүйесін бұрынғыдан да күрделендірді.

Б і р і к к е н Ұ л т т а р Ұ й ы м ы н ы ң мəліметінше, бүгінде əлемнің ондаған елінде қарулы қақтығыс жүріп жатыр, ал жүз миллионнан астам адам босқынға немесе мəжбүрлі қоныс аударушыға айналған. Мұндай жағдайда бейбітшілік мəселесі жекелеген мемлекеттердің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ жауапкершілігіне айналды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан əскери күшке емес, диалогқа, сенімге жəне халықаралық құқыққа сүйенетін сыртқы саясат жүргізіп келеді. Бұл – еліміздің тəуелсіздік алған күннен бергі ұстанымы. Қазақстанның жаһандық бейбітшілікке қосқан ең ірі үлесі – ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы. 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Ал тəуелсіздік алған кезде Қазақстан аумағында 1 400-ден астам ядролық оқтұмсық жəне құрлықаралық баллистикалық зымырандар орналастырылған еді. Бұл əлемдегі төртінші ірі ядролық арсенал болатын. Қазақстан бұл қарудан толық бас тартып, Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Кейін БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Бұл қадам еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, сенімге құрылған дипломатияның негізін қалады. Соңғы жиырма жылда Қазақстан халықаралық келіссөздер өтетін сенімді алаң ретінде танылды. 2003 жылдан бері Астанада Əлемдік жəне дəстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өткізіліп келеді. Форумға ислам, христиан, иудаизм, буддизм жəне басқа конфессиялардың жетекшілері қатысып, дінаралық сенім мен бейбіт қатар өмір сүру мəселелерін талқылайды. 2013 жылдан бастап Сирия мəселесі бойынша Астана процесі ұйымдастырылып, қақтығысушы тараптардың тікелей диалогына мүмкіндік жасалды. Бұл келіссөздер барлық түйінді шешіп бермесе де, дипломатиялық үнқатысудың үзілмеуіне ықпал етті. Қазақстан сондай-ақ Ауғанстанды əлеуметтік-экономикалық қолдау, өңірлік қауіпсіздік жəне гуманитарлық ынтымақтастық мəселелерінде тұрақты түрде халықаралық бастамалар көтеріп келеді. Қазақстанның халықаралық беделін айқындаған маңызды кезеңдердің бірі – 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы. Бұл – Орталық Азия елдері арасындағы алғашқы тəжірибе. Осы кезеңде Қазақстан терроризмге қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, Ауғанстандағы тұрақтылық, Орталық Азиядағы су жəне энергетикалық қауіпсіздік мəселелерін халықаралық күн тəртібіне шығарды. Қазақстан ұсынған халықаралық бастамалардың бірі – терроризмнен азат əлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық кодексі. Бұл құжатқа көптеген мемлекет қосылып, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды саяси құралдардың біріне айналды. Қазіргі халықаралық саясатта «орта державалар дипломатиясы» ұғымы жиі айтыла бастады. Мұндай мемлекеттер ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтарды ушықтырмай, келіссөз жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастыруға ұмтылады. Қазақстан дəл осындай саясат жүргізіп келеді. Мемлекетіміз Ресеймен, Қытаймен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, Түркі мемлекеттері ұйымымен, Ислам ынтымақтастығы ұйымымен жəне басқа серіктестермен теңгерімді байланыс орнатуға күш салады. Қазіргі кезде бейбітшілік ұғымының мазмұны кеңейді. Ол тек қарулы қақтығыстың жоқтығын ғана білдірмейді. Бүгінгі халықаралық тəжірибе көрсетіп отырғандай, бейбітшілік тек ірі державалардың еркіне ғана тəуелді емес. Орта мемлекеттердің жауапты ұстанымы, дипломатиялық белсенділігі жəне сенім қалыптастыруға бағытталған бастамалары да халықаралық тұрақтылыққа айтарлықтай ықпал етеді. Қазақстанның ядролық қарусыздану саясаты, халықаралық диалогты дамытуы, дінаралық келісімге қосқан үлесі, БҰҰ аясындағы қызметі жəне бітімгерлік миссияларға қатысуы – еліміздің осы жауапкершілікті саналы түрде мойнына алғанын айғақтайды. Əлемдегі геосаяси ахуал жақын жылдары оңай тұрақталмайтыны анық. Сондықтан мемлекеттер үшін сенімге негізделген дипломатия бұрынғыдан да маңызды болмақ. Бұл орайда Қазақстанның жаһандық жəне бітімгерлік бастамалары – халықаралық аренадағы беделді арттыру құралы ғана емес, олар бейбітшілік мəдениетін қалыптастыруға, адам өмірінің құндылығын қорғауға жəне тұрақты халықаралық тəртіпті сақтауға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық саясат болмақ. Қазіргі жағдайда күштің емес, келісімнің тілі үстем болуы тиіс. Қазақстан ұстанып отырған көпвекторлы, бейбіт əрі жауапты сыртқы саясаттың басты құндылығы да – осы.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

В петле коррупции 

ПРЕДСЕДАТЕЛЬ АГЕНТСТВА ПО ФИНАНСОВОМУ МОНИТОРИНГУ ЖАНАТ ЭЛИМАНОВ ОТЧИТАЛСЯ ПЕРЕД...

По следам истины

ОЧЕРЕДНОЕ ЗАСЕДАНИЕ ПО ДЕЛУ НУРАЙ СЕРИКБАЙ ОКАЗАЛОСЬ НЕ О...

8 августа — Международный день офтальмологии: своевременная диагностика помогает сохранить зрение

8 августа отмечается Международный день офтальмологии. Эта дата призвана...