Ғазиз Әбішов, саясаттанушы: «Геосаяси текетіресте ойын құралына айналып кетпеу маңызды»
– Қазақстанның бітімгерлік бастамалары қазіргідей халықаралық жағдайда қаншалықты тиімді?
– Жалпы, халықаралық тəжірибеге қарасақ, қандай да бір əскери қақтығыс орын алған кезде оның тағдыры көбіне ірі əскери жəне экономикалық державалардың ұстанымына байланысты болады. Өйткені олардың қолында экономикалық қысым көрсету, дипломатиялық ықпал ету немесе қажет болған жағдайда əскери тетіктерді пайдалану сияқты мүмкіндіктер бар. Осындай құралдардың көмегімен олар қақтығысушы тараптарды соғысты тоқтатуға мəжбүрлей алады. Ал егер мұндай ықпал ету тетіктері нəтиже бермесе, онда, өкінішке қарай, жанжал көбіне тараптардың бірінің жеңісімен аяқталады. Қақтығыс аймағына бітімгерлік күштерді енгізу – негізінен уақытша шешім. Олар атысты тоқтатуға, тараптарды бір-бірінен ажыратуға немесе гуманитарлық жағдайды жеңілдетуге ықпал етуі мүмкін. Бірақ мұндай миссиялар жанжалдың түпкі себебін жоймайды. Сондықтан уақыт өте келе қақтығыстың қайта өршу қаупі сақталады. Осы тұрғыдан алғанда бітімгерлік күштердің тиімділігі белгілі бір деңгейде шектеулі.
– Қазақстанның ядролық қарусыздану тəжірибесі халықаралық қоғамдастық үшін қаншалықты маңызды үлгі бола алды?
– Меніңше, Қазақстанның тəжірибесі – өте маңызды əрі оң тəжірибе. Еліміз ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде əлемге танылды. Бірақ бұл шешімнің қабылдануына əсер еткен тарихи жағдайларды да ұмытпау керек. «Біз ядролық қарудан өз қалауымызбен бас тарттық» деу шындыққа сəйкес келмейді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін əлемдегі жетекші ядролық державалар – ең алдымен АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания жəне Франция ядролық қарудың таралуына жол бермеуге мүдделі болды. Сондықтан Қазақстанға бұл қарудан бас тарту жөнінде елеулі саяси əрі дипломатиялық қысым жасалды. Егер біз басқаша шешім қабылдасақ, халықаралық санкциялар енгізілуі де мүмкін еді. Оған қоса, ядролық арсеналды сақтауға орасан зор қаржы керек. Бір ғана ядролық оқтұмсықты күтіп ұстаудың өзі жыл сайын миллиондаған доллар шығынды қажет етеді. Ал тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздің экономикалық жағдайын ескерсек, мұндай ауыртпалықты Қазақстанның көтеруі мүмкін емес еді. Сондықтан бұл белгілі бір дəрежеде мəжбүрлі əрі сол кезеңнің шынайы жағдайынан туындаған шешім болды. Соған қарамастан біз бұл шешімді өзіміздің маңызды дипломатиялық артықшылығымызға айналдыра алдық. Өйткені мəселе ядролық қарудан не себепті бас тартқанымызда емес, ең маңыздысы – одан кейін қандай мемлекетке айналғанымызда. Қазақстан ядролық қарудан бас тарта отырып, күрделі геосаяси ортада өзінің тəуелсіздігін сақтап қалды, аумақтың тұтас тығын нығайтты жəне барлық негізгі халықаралық серіктестерімен өзара тиімді қарым-қатынас орната білді. Бұл қауіпсіздікті тек əскери қуатпен емес, байыпты, икемді əрі тиімді дипломатия арқылы да қамтамасыз етуге болатынын дəлелдейтін мысал.
– Ядролық қаруды басымдық ретінде көрсету қаншалықты дұрыс?
– Қазақстанның тəжірибесі, сөзсіз, маңызды. Өйткені біз ядролық қарудан бас тартқаннан кейін де тиімді сыртқы саясат жүргізуге болатынын дəлелдей алдық. Бұл – Қазақстанның ең басты жетістігі. Яғни, негізгі мəселе ядролық қаруды қандай жағдайда тапсырғанымызда емес, ядролық қарудан кейінгі кезеңде мемлекеттің өзін қалай көрсете алғанында. Қазақстан күрделі геосаяси аймақта орналасқанына қарамастан, егемендігін сақтап қалды, халықаралық беделін нығайтты жəне əлемнің негізгі саяси орталықтарымен теңгерімді қарым-қатынас орнатты. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның тəжірибесі Иран, Солтүстік Корея жəне ядролық қаруға ұмтылып отыр ған басқа мемлекеттер үшін маңыз ды сабақ бола алады. Ол ядролық қарудың болмауы мемлекеттің əлсіздігін білдірмейтінін, ең бастысы – сауатты сыртқы саясат жүргізе білу екенін көрсетеді. Қазіргі халықаралық жағдайдың тағы бір шындығын мойындау керек. Өкінішке қарай, əлемде ядролық қаруға ие мемлекеттердің іс-əрекеті көптеген елдер үшін Қазақстанның тəжірибесінен гөрі ықпалдырақ болып отыр. Мысалы, Ресейдің Украинаға қарсы соғысында ядролық қарудың болуы халықаралық қауымдастықтың тікелей əскери араласуын тежеп отыр ған негізгі фактордың бірі саналады. Солтүстік Корея да сыртқы саясаттағы батыл əрекеттеріне жəне ішкі тоталитарлық жүйесіне қарамастан, белгілі бір деңгейде өзінің ядролық əлеуетінің арқасында қауіпсіздік кепілдігіне ие болып отыр. Израиль де қажет болған жағдайда өзінің ядролық əлеуетін пайдалана алатынын жоққа шығармайды. Мұндай мысалдар ядролық қаруға ие болуды ойлайтын мемлекеттер үшін өте күшті дабыл. Сондықтан Қазақстанның бейбіт жолды таңдаған тəжірибесі қаншалықты маңызды болғанымен, қазіргі халықаралық ахуалда ол əрдайым шешуші үлгіге айналып отыр деу қиын. Егер болашақта қандай да бір мемлекет ядролық қаруды нақты қолданатын болса, онда бүгінгі таңда технологиялық жəне ғылыми əлеуеті жеткілікті, бірақ əзірге ядролық қаруы жоқ мемлекеттердің өздері де мұндай қаруды иеленуге ұмтылуы ықтимал. Сондықтан қазіргі кезеңде ядролық қаруды таратпау режимін сақтау бұрынғыдан да күрделі міндетке айналып отыр.
– Орта державалардың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі қандай?
– Меніңше, бүгінгі таңда орта державалар үшін ең басты қағида – ұлы державалардың геосаяси текетіресінде ойыншы емес, ойын құралына айналып кетпеу. Бұл – қазіргі халықаралық саясаттағы ең маңызды міндеттің бірі. XIX–XX ғасырда əлемнің жетекші державалары мен дамушы елдердің саяси элиталарының тəжірибесі мен стратегиялық ойлау деңгейі арасында үлкен айырмашылық бар. Ұлыбритания, АҚШ, Франция немесе Кеңес Одағы сияқты державалардың дипломатиялық мектептері, ғылыми орталықтары мен саяси институттары халықаралық қатынастарды басқаруда əлдеқайда мол тəжірибе жинақтады. Олар күрделі стратегиялар əзірлеп, тарихи үдерістерді терең түсінді. Сондықтан басқа мемлекеттерге ықпал ету де олар үшін əлдеқайда оңай болатын. Алайда бүгінгі жағдай мүлде басқа. Интернеттің дамуы, білімнің қолжетімді болуы, жастардың əлемнің жетекші университеттерінде білім алып, өз елдеріне оралуы көптеген мемлекеттердің стратегиялық ойлау қабілетін жаңа деңгейге көтерді. Соның нəтижесінде орта державалар ұлттық мүддесін əлдеқайда сауатты қорғап, сыртқы ықпалға бой алдырмайтын, ұзақ мерзімді саясат жүргізуге қабілетті бола бастады. Сондықтан орта державалар дəл осы бағыттан таймауы керек деп есептеймін. Олар өздерінің дербес сыртқы саясатын сақтап, ешбір ірі державаның геосаяси жобасының құралына айналмауға тиіс.
– Қазақстанға халықаралық деңгей де сенімнің жоғары болуының басты себебі неде?
– Меніңше, бұл жерде ең маңыз ды фактор – Қазақстанның өзі қалыптастырған сенім капиталы. Əңгіме біздің əлемдегі кез келген жанжалды шеше алатынымызда емес. Біздің артықшылық – сыртқы саясаттағы прагматизмде. Картаға қарап, тарихты зерделеген кез келген сарапшы Қазақстанның екі алып көрші – Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқанын жақсы түсінеді. Мұндай геосаяси жағдайда тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Соған қарамастан еліміз осы мемлекеттермен тату көршілік қатынасты сақтай отырып, Түркі мемлекеттері ұйымымен ынтымақтастықты дамытып келеді. Сонымен бірге Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерімен, Еуропамен, АҚШ-пен жəне басқа да халықаралық əріптестермен байланысын жүйелі түрде нығайтып отыр. Бұл – көпвекторлы саясаттың нақты көрінісі. Қазақстан қандай да бір идеологиялық ұстанымдардың жетегінде кеткен мемлекет емес. Біз, ең алдымен, ұлттық мүддеге сүйенетін прагматикалық саясат жүргіземіз. Сондықтан халықаралық əріптестер Қазақстанмен ашық сөйлесуге де, келіссөз жүргізуге де болады деп санайды. Ең бастысы – Қазақстан ешкімнің ықпалындағы мемлекет ретінде қабылданбайды. Меніңше, дəл осы сенім факторы еліміздің маңызды дипломатиялық капиталы болып отыр.
– Алдағы уақытта Қазақстан халықаралық деңгейде қандай бастамаларды ілгерілете алады деп ойлайсыз?
– Жалпы халықаралық қатынастарда мемлекеттердің түрлі одақтарға бірігуі немесе қайта бөлінуі – табиғи əрі қайталанып отыратын үдеріс. Сондықтан болашақта да əртүрлі халықаралық альянстар құрылады. Бірақ олар бұрынғыдай ондаған жылға немесе ғасырға есептелген құрылымдар болмайды. Керісінше, нақты мəселелерді шешуге бағытталған икемді əрі уақытша əріптестік форматы көбейеді. Ал Қазақстанның жаңа ірі геосаяси бастамалар ұсынуына келсек, қазіргі жағдайда бұл оңай емес. Себебі халықаралық саясаттың күн тəртібін көбіне ұлы державалар айқындап отыр. Дегенмен Қазақстан өзінің мүмкіндігін басқа бағыттарда тиімді пайдалана алады. Мысалы, экология лық қауіпсіздік, трансшекаралық су ресурстарын басқару, су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі, энергетикалық трансформация жəне цифрландыру мəселелері – еліміз халықаралық деңгейде нақты үлес қоса алатын салалар. Əрине, бүгінгі күні экономикамыз көмір энергетикасына айтарлықтай тəуелді. Сондықтан жасыл экономикаға бірден көшу мүмкін емес. Бірақ баламалы энергия көздеріне жүйелі инвестиция салу арқылы болашақта экологиялық бастамалар көшбасшыларының біріне айналуына толық мүмкіндік бар. Сол сияқты цифрлық технологияларды дамыту да маңыз ды бағыттың бірі. Əзірге көптеген технологиялар Батыс елдерінде əзірленіп жатқанымен, оларды тиімді енгізу жəне цифрлық трансформацияны жеделдету арқылы Қазақстан халықаралық деңгейдегі өз орнын нығайта алады.
Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


