Алакөлдің Жетісу облысы аумағындағы демалыс орындары биыл 2 млн-нан астам демалушыны қабылдауды жоспарлауда. Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Ақши мен Көктұма ауылдарында 320 демалыс орны жұмыс істейді. 2025 жылы Алакөлге 1,8 млн турист келсе, 2024 жылы – 1,7 млн, ал 2023 жылы – 1,6 млн адам демалды. Биыл туристер саны 2 миллионға жетеді деп болжанып отыр.
Статистикалық мəліметтерге сəйкес, шетелдік туристер саны 82%-ға артты. Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 5,7 млрд теңгеге жетті, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,6 млрд теңгені құраса, салық түсімі 580 млн теңгеден асты. Алакөл курорттық аймағы Жетісу облысының туризм саласына инвестиция тартудың негізгі орталықтарының бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алакөл жағалауында жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Аталған жобалардың іске асырылуы туристік инфрақұрылымды кеңейтіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік берді. Биыл Алакөл жағалауында жалпы құны 985 млн теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 3 жоба жазғы туристік маусымның басында пайдалануға берілді. Жаңа жобалар орналастыру орындарын дамытуға жəне туристік сервисті жетілдіруге бағытталған. Инвестициялық жобаларды іске асыру туристердің жайлы демалуына қосымша жағдай жасап, курорттық аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға жəне өңірдің туризм саласының одан əрі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Соңғы жылдары ұзындығы 313,5 шақырым болатын Талдықорған–Үшарал жəне 180 шақырымдық Үшарал–Достық автомобиль жолдары мен Үшарал əуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылды. Жазғы туристік мау сымда Алматы–Үшарал жəне Астана–Үшарал бағыттары бойынша күн сайын субсидияланатын əуе рейстері бар. Сонымен бірге жағалауға қатынайтын 12 маусымдық теміржол бағыты ұйымдастырылған. Ақши ауылында жалпы ұзындығы 57 шақырым болатын электр желілері мен екі қосалқы станса пайдалануға беріліп, курорттық аймақ тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілген»,– деген М.Көлбаев ұзындығы 69,7 шақырым болатын кəріз жүйесінің бірінші кезеңі аяқталғанын айтты. Ақши мен Көктұма ауылдарында ұялы байланыс операторларының 16 базалық стансасы жұмыс істейді. Сонымен қатар жағалау бойына талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, туристік нысандар кезең-кезеңімен соған қосылып жатыр. Қазіргі уақытта Көктұмада 960 метр жағалау бекітіліп, жер жəне бетон жұмыстары, сондай-ақ габион конструкцияларын орнату жұмыстары аяқталған. Биыл санитариялық инфрақұрылым нысандарының саны да біршама ұлғайып отыр. Атап айтқанда, жағалауда қоқыс жинауға арналған 720 құрал орналастырылды. Оның ішінде 470 қоқыс контейнері, 50 торлы контейнер, 100 қоқыс жəшігі жəне 100 пластикалық контейнер бар. Демалушылардың қолайлылығы үшін 44 киім ауыстыру кабинасы жəне 24 модульдік дəретхана орнатылды, енді қажеттілігіне қарай 45 биодəретхана орнатылады. Туристік маусым кезеңінде Алакөлдің жағалауында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да күшейтілуде. Ондағы жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде – қоғамдық тəртіпті қамтамасыз ету, судағы қауіпсіздікті сақтау жəне төтенше жағдайларға жедел əрекет ету. Мысалы, қоғамдық тəртіпті қамтамасыз етуге 50-ге жуық полиция қызметкері, 16 қызметтік автокөлік жəне 5 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Сонымен қатар жағалауда тəулік бойы жаппай демалыс орындарын бақылауға мүмкіндік беретін 39 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның ішінде 30 камера Ақши ауылында, 9 камера Көктұма ауылында орнатылған. Судағы қауіпсіздікті Ақши ауылындағы құтқару бөлімшесінің 14 құтқарушысы қамтамасыз етеді. Олардың қарамағында 11 жүзу құралы, оның ішінде 4 катер жəне 7 металл қайық бар. Туристердің қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында жағалауда 40 құтқару мұнарасы мен шомылуға арналған қауіпсіз аймақтарды белгілейтін жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын буй сызықтары орнатылған. Бұдан бөлек, жазғы кезеңде шағын көлемді кемелердің қозғалысын бақылау үшін жағалауға көліктік бақылау инспекциясының 4 инспекторы тартылған. Қабылданып жатқан шаралар шомылу маусымы бойы өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіз əрі жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Əсем САТҚЫНОВА


