Бүгінгі таңда қоғам өмірінің кез келген саласына сандық технологиялардың қарқынды енуі мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету сапасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Бұл жаһандық үрдістен заң үстемдігі мен әділеттіліктің басты тірегі саналатын сот жүйесі де қалыс қалған жоқ. Сот саласын заман талабына сай жаңғыртудың ең негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін барынша жеңілдету және сот төрелігін әрбір тұрғын үшін барынша қолжетімді ету болып табылады. Осы орайда сот қызметкері ретінде біз күнделікті жұмысымызда заманауи технологиялардың тиімділігін айқын сезініп келеміз.
Цифрландыру сот саласындағы бюрократиялық кедергілерді жойып, уақыт пен қаражатты үнемдейтін, ең бастысы – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін басты құралға айналды. Бұрын азаматтар үшін сотқа жүгіну, арыз тапсыру және құжаттардың барысын бақылау ұзақ уақыт пен табан тоздыратын кезектерді талап ететін күрделі процесс болса, қазір бұл кедергілердің барлығы дерлік тарих қойнауына кетті. Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйелері мен арнайы электронды сервистердің арқасында еліміздің кез келген нүктесіндегі азамат үйінен немесе кеңсесінен шықпай-ақ сотқа жүгіне алады. Электрондық үкімет порталымен интеграцияланған жүйелер арқылы талап арыздарды жолдау, сот құжаттарымен танысу және процестің әрбір кезеңін онлайн бақылау мүмкіндігі туды. Бұл тек сотқа жүгінушілердің ғана емес, сонымен бірге іс қағаздарын ресімдейтін сот қызметкерлерінің де жұмыс өнімділігін арттырып, құжат айналымын жеделдетуге үлкен серпін берді. Сандық технологиялардың енуі сот отырыстарын ұйымдастыру форматын да түбегейлі өзгертті. Бейнеконференция байланысы арқылы қашықтан өткізілетін сот отырыстары бүгінде қалыпты тәжірибеге айналды. Бұл мүмкіндік әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға, денсаулық жағдайына байланысты сот ғимаратына келе алмайтын тұлғаларға және уақыты шектеулі кәсіпкерлерге өте қолайлы жағдай жасады. Қашықтан қатысу сот процесінің сапасына еш нұқсан келтірмейді, керісінше, тараптардың тең құқықтылығын қамтамасыз етіп, істің заңда белгіленген мерзімде жедел әрі сапалы қаралуына тікелей ықпал етеді. Бұдан бөлек, сот отырыстарының аудио-бейнежазба жүйелерімен жабдықталуы сот процесінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ететін басты кепіл болып табылады. Отырыс барысының толықтай таспаға жазылуы сот қызметкерлері мен судьялардың жауапкершілігін арттырып, тараптар арасындағы түсініспеушіліктерді нөлге түсіреді. Технологиялық прогресс сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың да ең тиімді құралы екенін уақыт дәлелдеп отыр. Адами фактордың азаюы, істерді автоматты түрде бөлу жүйесі және кез келген шешімнің электронды базада бұзылмайтын із қалдыруы сот билігінің тазалығын нығайта түсті. Ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай қорғалған бұл жүйелер мемлекетке және заңға деген халық сенімінің артуына қызмет етеді. Сот қызметкері ретінде біз заман ағымынан қалмай, осы жаңа технологиялық құралдарды күнделікті іс-тәжірибемізде шебер қолдана отырып, азаматтардың құқықтық мәдениетінің өсуіне және сот жүйесінің халыққа барынша жақын әрі түсінікті болуына өз үлесімізді қосуды басты мақсат тұтамыз. Себебі заманауи сандық технологиялар – жай ғана техникалық жетістік емес, ол әділдіктің қолжетімді әрі ашық болуын қамтамасыз ететін басты күш.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық соты әкімшісінің бас маман- сот мәжілісінің хатшысы
Конысбек Сәбитұлы Чигантаев


