Маусымдық аллергиядан қалай қорғануға болады: дәрігер кеңесі. Көктем мен жаз мезгілінде көптеген адамда маусымдық аллергиялық аурулар өршиді. Ағаштар, шөптер мен арамшөптердің тозаңы мұрынның бітелуіне, түшкіруге, қышынуға, көздің жасаурауына, жөтелге және тыныс алудың қиындауына себеп болуы мүмкін. Алдын алу шараларын сақтау және дәрігерге уақытылы қаралу ауру белгілерін жеңілдетіп, асқынудың алдын алуға көмектеседі.
Ұлттық госпиталь Медициналық орталығының терапевт-аллерголог дәрігері Ақерке Бекболатованың айтуынша, маусымдық аллергияны суық тиюден ажырата білу маңызды. Аллергия кезінде әдетте дене қызуы көтерілмейді, ал белгілері далаға шыққанда күшеюі мүмкін.
«Ауру белгілері қайталанған жағдайда дәрілерді өз бетінше қабылдауға болмайды. Дәрігерге қаралып, тексеруден өтіп, аллергенді анықтау қажет. Бұл тиімді ем тағайындауға және аурудың асқынуына жол бермеуге мүмкіндік береді», — деді Ақерке Бекболатова.
Алдын алудың негізгі шараларының бірі аллергенмен байланысты азайту. Өсімдіктер гүлдейтін кезеңде олардың тозаңдану күнтізбесін бақылап, құрғақ әрі желді күндері далада аз жүрген жөн. Жаңбырдан кейін ауадағы тозаң мөлшері төмендейтіндіктен, бұл уақыт серуендеуге қолайлы.
Үйге келгеннен кейін киімді ауыстырып, бет-қолды жуып, жуынып, мұрынды тұзды ерітіндімен шаю қажет.Сыртта киетін киімді бөлек сақтап, жуылған киімді далада кептірмеген дұрыс. Өйткені оған тозаң қонуы мүмкін.
Үй-жайда үнемі ылғалды тазалау жүргізу ұсынылады. Ауадағы тозаң мөлшері жоғары болған кезде, әсіресе таңертең және желді күндері терезелерді жабық ұстаған жөн. Сүзгісі бар ауа тазартқыштар аллергендердің мөлшерін азайтуға көмектеседі. Автокөлікпен жүргенде терезелерді жауып, ауаның ішкі айналым тәртібін қосу қажет. Далада бетперде, баскиім және күннен қорғайтын көзілдірік қосымша қорғаныш бола алады.
Ұлттық госпитальде аллергиялық ауруларға диагностика жүргізіледі. Дәрігер науқастың шағымдары мен аллергологиялық анамнезін зерделейді. Медициналық көрсетілімдерге байланысты терілік аллергиялық сынамалар жүргізіліп, қандағы жалпы және спецификалық иммуноглобулин Е деңгейі анықталады. Сондай-ақ спирометрия арқылы сыртқы тыныс алу қызметі бағаланады.
Диагноз нақтыланғаннан кейін жеке емдеу жоспары жасалады. Оның құрамына аллергенмен байланысты шектеу, антигистаминді препараттар, мұрынға арналған спрейлер және ингаляциялық терапия кіруі мүмкін. Дәрілерді тек дәрігердің тағайындауымен қабылдау қажет.
«Алдын алу, уақытылы диагностика және дұрыс таңдалған ем ауру белгілерін бақылауға, асқыну қаупін азайтуға және өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақерке Бекболатова.
Егер бет немесе тамақ ісініп, ентігу, тұншығу, кенеттен әлсіреу немесе естен тану байқалса, дереу жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.


