Ол кезде 8-сыныптың оқушысы едім. Ұстаздарымыз бір топ оқушыны көк мұнаралы үлкен музейге алып келді. Не көргенім, не сезгенім бұлыңғыр ғана есімде қалыпты. Ал санам сергек, ересек өмірге бет алған шағымда музейге қайта келгенде ұққаным мынау болды: «Неге ағылшын тілін бұдан да еркін меңгермедім екен?» Себебі музейде шетелдік туристер мен түрлі этнос өкілдері көп болды. Олар әрбір жәдігердің тарихына ерекше қызығушылық танытып, кіреберісте орналасқан Қазақстан картасын таңданыспен тамашалап, суретке түсіп жатты. Сол сәтте бойымды ұлан-байтақ жерімізге деген мақтаныш сезімі кернеді. «Әттең, ағылшын тілін жетік меңгергенімде, осы картаның әр өңірін өзім-ақ таныстырып, еліміздің бай тарихын баяндап берер едім», – деп іштей ойға баттым. Алайда музейде шет тілдерін еркін меңгерген кәсіби гидтердің жұмыс істейтінін көріп қуандым. Туристер олардың мазмұнды әңгімесін ықыласпен тыңдап, зор қызығушылық танытқанын көрудің өзі бір ғанибет екен-ау. Осы көріністен кейін өзіме бір сұрақ қойдым: өзге жұрт біздің тарихымызды танып-білуге құштар болғанда, біз өзіміз сол мұраның қадірін қаншалықты түсініп жүрміз?
Сонымен, ҚР Ұлттық орталық музейіне жасаған саяхатымнан бірер сөз…
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі – еліміздегі ең ірі ғылыми-мәдени орталықтардың бірі. Оның тарихы өткен ғасырдың басынан бастау алады. Алғашында Қазақ өлкелік орталық мұражайы ретінде құрылған музей 1929 жылы Алматы қаласына көшіріліп, кейін республиканың басты музейіне айналды. Бүгінде музей қорында 300 мыңнан астам тарихи және мәдени құндылық сақталған. Алты экспозициялық зал арқылы Қазақстанның ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі тәуелсіздік кезеңіне дейінгі тарихы жүйелі түрде ұсынылған.
Сапарымды Археология залынан бастадым. Мұнда қойылған әрбір жәдігер үнсіз тұрғанымен, оның артында мыңдаған жылдарға созылған тарихи үдеріс жатыр. Жәдігерлердің ішінен менің назарымды ерекше аударғаны – Ботай мәдениетіне қатысты жерлеу дәстүрінің макеті. Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысы – жылқыны алғаш қолға үйреткен көне орталықтардың бірі. Археологтардың зерттеулеріне сүйенсек, ботайлықтар қайтыс болған адамдарды көбіне қоныс маңына немесе тұрғын үйлердің жанына жерлеген. Кейбір қабірлерден марқұммен бірге еңбек құралдары, жануар сүйектері мен тұрмыстық бұйымдардың қойылғаны анықталған. Бұл ботайлықтардың о дүниелік өмірге сенгенін және жерлеу рәсіміне ерекше мән бергенін көрсетеді. Біз ұлттық тарихты көбіне батырлармен, хандармен немесе ірі тарихи оқиғалармен байланыстырамыз. Алайда өркениеттің дамуына ықпал еткен осындай жаңалықтар мен алғашқы мәдени құндылықтар емес пе?
Археология залынан кейін бағытым Этнография залына бұрылды. Бұл залда мені ерекше толғандырған жәдігер – сәукеле болды. Сәукеле – қалыңдықтың сәндік бас киімі ғана емес, әлеуметтік мәртебесі мен отбасының дәулетін танытатын құнды мұра. Сол себепті қыз дүниеге келгеннен бастап анасы оның сәукелесін дайындай бастаған. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде де құнды мәліметтер сақталған. Кейде сәукеленің құны қыздың қалың малы ретінде 500 жылқыға дейін бағаланған.
Сонымен қатар, тұмар да мен үшін ерекше мәнге ие жәдігерлердің бірі болды. Қазақ халқы ерте заманнан бері тұмарды тіл-көзден, жамандық пен түрлі зиянды күштерден қорғайды деп сенген. Әдетте оның ішіне Құран сүрелері (мысалы, «Аятүл Күрсі»), дұғалар немесе қасиетті сөздер жазылған қағаздар бүктеліп салынған. Ұзақ сапарға немесе соғысқа аттанған бабаларымыз жүрек тұсына тағылатын, былғарыдан немесе матадан жүрек пішінінде тігілген қалташыққа туған жердің топырағын салып, оны ең қасиетті тұмар деп бағалаған. Бұл – олардың туған жерге деген сағынышы мен құрметінің айқын белгісі деп білемін.
Мұнда өткізген бірнеше сағат маған тарихты білу жеткіліксіз екенін, оны түсіну, сезіну және бағалай білу әлдеқайда маңызды екенін ұқтырды.
Диана Жандосқызы
Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті


