КОНСТИТУЦИЯ – ҰЛТТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАСЫ МЕН МЕМЛЕКЕТТІЛІК ДӘСТҮРІНІҢ АЙНАСЫ

2026 жылғы 1 шілде Қазақстанның саяси-құқықтық тарихында жаңа кезеңнің басталуымен ерекшеленді. Осы күннен бастап елімізде жаңа Конституция күшіне енді. Бұл оқиға тек заңнамалық өзгеріс ретінде ғана емес, Қазақстанның мемлекеттілік тарихындағы маңызды бетбұрыс ретінде бағалануға тиіс. Конституция – мемлекеттің негізгі заңы. Алайда оның мәні құқықтық нормалардың жиынтығымен ғана шектелмейді. Конституция – халықтың тарихи жадын, ұлттық құндылықтарын, мемлекеттік идеологиясын және болашақ даму бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат. Әлемдік тәжірибеде де Ата Заң мемлекеттің құқықтық қаңқасы ғана емес, оның саяси философиясының көрінісі ретінде қарастырылады.

Заңгер ретінде жаңа Конституциядан ерекше байқалатын тағы бір бағыт – құқық үстемдігін күшейту. Қазіргі әлемде мемлекеттің қуаты қабылданған заңдардың санымен емес, олардың орындалу деңгейімен бағаланады. Сондықтан жаңа Конституциядағы заң үстемдігі, мемлекеттік жауапкершілік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің тиімділігі және мемлекеттік институттардың ашықтығы туралы қағидалар құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болып саналады. Әсіресе Конституция мәтінінде «Заң мен Тәртіп» қағидатының нақты көрініс табуы ерекше назар аудартады. Бұл ұғым құқық қорғау органдарының ғана қызметіне қатысты емес. Бұл – қоғамдағы әр адамның заңды құрметтеуі, мемлекеттік қызметтің ашықтығы, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтық жауапкершілігі сияқты кең ұғымдарды қамтиды. Конституция азаматқа тек құқық беріп қана қоймайды. Ол әр азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Сондықтан құқықтық мемлекет құру – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бүгінде құқықтық сауаттылық бұрынғыдан да маңызды. Азамат өз құқығын білгенде ғана оны қорғай алады. Өз міндетін түсінгенде ғана қоғамның тұрақтылығына үлес қоса алады. Ал заңға деген құрмет отбасынан, мектептен, университеттен басталады. Сондықтан жоғары оқу орындарының жауапкершілігі ерекше. Университет тек кәсіби маман даярлайтын білім ордасы ғана емес, сонымен қатар құқықтық мәдениеті жоғары, тарихи санасы қалыптасқан, азаматтық ұстанымы берік тұлға тәрбиелейтін ғылыми орта болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның қабылдануы білім мен ғылым саласына да жаңа міндеттер жүктейді. Конституциялық құндылықтарды түсіндіру, құқықтық ағартушылық жұмыстарын күшейту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және тарихи сананы қалыптастыру – қазіргі академиялық қауымдастықтың маңызды міндеттерінің бірі.

Тарихшы ретінде жаңа Конституцияның маңызды ерекшелігі – қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығының алғаш рет осындай деңгейде конституциялық тұрғыдан айқындалуы деп есептеймін. Конституцияның кіріспесінде Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүріне, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ерекше мән беріледі. Бұл – жай ғана тарихи тұжырым емес, мемлекет өзінің тарихи тамырын, құқықтық дәстүрін және ұлттық болмысын ресми түрде айқындаған маңызды құқықтық ұстаным. Бұл өзгеріс әсіресе жастар үшін маңызды. Себебі мемлекеттің тұрақтылығы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, тарихи жадының беріктігімен де өлшенеді. Өзінің тарихын құрметтеген халық қана болашағын сенімді қалыптастыра алады.

Қазақ халқының құқықтық мәдениеті тәуелсіздік жылдарында ғана қалыптасқан жоқ. Сонау Қазақ хандығы дәуірінде қабылданған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы қоғамдық қатынастарды реттеген, әділеттілікті қамтамасыз еткен және ел бірлігін сақтауға қызмет еткен құқықтық жүйелер болды. Бұл заңдар сол заманның саяси құрылымына ғана емес, халықтың құқықтық санасының қалыптасуына да зор ықпал етті. XX ғасырдың басында Алаш қайраткерлері тәуелсіз әрі демократиялық мемлекет құру идеясын көтеріп, құқық үстемдігіне негізделген ұлттық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруды мақсат етті. Кеңестік кезеңде қабылданған конституциялар басқа идеологияға қызмет еткенімен, Қазақстанның құқықтық институттарының қалыптасуына белгілі бір деңгейде ықпал етті. Ал тәуелсіздік жылдарындағы 1993 және 1995 жылғы Конституциялар жас мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырды. Жаңа Конституция осы тарихи жолдың заңды жалғасы болып табылады. Оның ерекшелігі – ұлттық тарихты, заманауи құқықтық мемлекет қағидаттарын және қоғамдық дамудың жаңа талаптарын біртұтас жүйеге біріктіруінде.

Алматы технологиялық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы құқықтық мемлекет қағидаттарын насихаттауды, тарихи сананы нығайтуды, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруды және конституциялық құндылықтарды ғылыми тұрғыдан зерттеуді өзінің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Бүгінгі Конституция – өткеннің тәжірибесін, бүгінгі қоғамның сұранысын және болашақ ұрпақтың мүддесін тоғыстырған маңызды құқықтық құжат. Оның қағидаттары әрбір азаматтың санасына сіңіп, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанда ғана біз құқық үстемдігі орныққан, әділетті әрі қуатты Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз. Өйткені Конституция – мемлекеттің ғана емес, ұлттың құқықтық санасының айнасы. Ал құқықтық сана мен тарихи жады қатар дамыған қоғамның болашағы әрқашан берік болады.

АТУ ӘГП кафедрасының профессор ассистенті, з.ғ.к. Құралай Жұмабаева

АТУ ӘГП кафедрасының қауымдастырылған профессоры, т.ғ.к. Самал Сағнайқызы

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЖАҢА ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕЗЕҢ: ТАРИХШЫ МЕН ЗАҢГЕР КӨЗҚАРАСЫ

2026 жылғы 1 шілде – Қазақстанның конституциялық даму тарихындағы...

РОЛЬ СУДА ПО ДЕЛАМ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИХ В ЗАЩИТЕ ПРАВ ДЕТЕЙ

Защита прав и законных интересов несовершеннолетних является одной из...

Әке болуды даулау: құқықтық негізі мен сот тәжірибесіндегі маңызы

Отбасы институты – қоғамның негізгі тіректерінің бірі. Осыған байланысты...

AI-SANA: СТУДЕНТЫ КАЗАХСТАНА РАЗРАБОТАЛИ БОЛЕЕ 440 ИИ-ПРОЕКТОВ

AI-SANA: СТУДЕНТЫ КАЗАХСТАНА РАЗРАБОТАЛИ БОЛЕЕ 440 ИИ-ПРОЕКТОВ Одним из ключевых результатов...

Тимур Турлов: «Мы — нация технооптимистов и предпринимателей»

Провёл прекрасное воскресенье в Алматы по дороге из Японии...