«Жатырған» сөзінен құтылатын уақыт келген шығар…

Тіл – ұлттың жаны. Ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдықпен таралатын бүгінгі заманда қазақ тілінің тазалығын сақтау бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналды. Әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі кездесетін қате сөздер көзге бірден түседі. Кейбір қателердің соншалықты жиі қайталанатыны сонша, оларды дұрыс нұсқа деп қабылдай бастағандар да бар.

Соңғы жылдары әлеуметтік желіде ең көп кездесетін сөздердің бірі – «жатырған». Бұл сөз алғаш әзіл-сықақ қойылымдары арқылы кең таралып, кейін күнделікті қолданысқа еніп кетті. Бүгінде «жасалып жатырған», «келіп жатырған едім» деген тіркестерді әлеуметтік желілерден жиі көруге болады. Алайда филолог Жансая Мұханбетқалиева әдеби тілде мұндай сөз жоқ екенін алға тартады.

«Жатырған» – қазақ әдеби тілінің нормасына сай келмейтін тұлға. Қазақ тілінде «жатыр» — осы шақтың көмекші етістігі, ал «-ған» өткен шақ есімше жұрнағы. Осы екі тұлғаның бірігуінен пайда болған «жатырған» сөзі грамматикалық нормаға сәйкес емес. Әрине, тіл -тірі құбылыс. Әзіл, мем, әлеуметтік желі жаңа сөздердің таралуына ықпал етеді. Бірақ кең қолданысқа ие болуы сөздің әдеби нормаға айналғанын білдірмейді. Сондықтан ресми және сауатты сөйлеуде «жатырған» емес, «жатыр» немесе «жатқан» тұлғаларын қолданғанымыз дұрыс», – дейді Ж. Асылбекқызы.

Тағы бір көзге жиі түсетін қате – «қыйын» сөзі. Әлеуметтік желілерде, тіпті кейбір жарнамалар мен бейнероликтерде осы нұсқа кездесіп жатады. Негізінде әдеби тілдегі дұрыс жазылуы – «қиын». Бір ғана әріптің артық жазылуы сөздің орфографиялық нормасын бұзады.

«Қазақ тілінде сөзді қалай естісек, солай жаза беруге болмайды. Жазу мәдениеті орфографиялық ережелерге сүйенеді. Сондықтан «қыйын» емес – «қиын», «сыйқыр» емес – «сиқыр», «мый» емес – «ми» деп жазу -сауатты жазудың белгісі», – дейді филология ғылымдарының магистрі Жансая Мұханбетқалиева.

Жастар арасында кең таралған тағы бір үрдіс – сөздерді орынсыз қысқарту. «Келе жатырқ», «отырқ», «баратырқ» сияқты жазбалар өте көп. Әңгіме барысында мұндай сөздер әзіл немесе бейресми қарым-қатынас ретінде қабылдануы мүмкін. Бірақ мамандар желіде сауатты жазу керектігін айтты.

«Жазба тілдің басты ерекшелігі – сауаттылық пен түсініктілік. Сондықтан «келе жатырқ», «отырқ», «баратырқ» сияқты ықшамдалған тұлғалардың орнына әдеби тілдегі «келе жатыр», «отыр», «бара жатыр» нұсқаларын қолданған дұрыс», – дейді филолог Жансая Мұханбетқалиева.

Бұл – әлеуметтік желідегі қателердің аз ғана бөлігі. Бұған қоса төл әріптердің қолданылмауы, қазақша-орысша аралас сөйлеу, жаргон сөздердің көбеюі, сөздерді орынсыз қысқарту сияқты мәселелер де жиілеп барады. Әрине, тіл үнемі дамып, жаңарып отырады. Бірақ жаңару әдеби тіл нормаларын бұзу арқылы жүзеге аспауы тиіс. Сауатты жазу – білімнің көрсеткіші, я мемлекеттік тілге деген құрмет ғана емес, әуелі ана тілге деген махаббаттың белгісі.

Дайана Тоқберген, журналист

Тергеу судьясының өкілеттіктері

Мамандандырылған тергеу соттары жалпы юрисдикциядағы соттардан тәуелсіз сот органы...

Профилактика перегрева в летний период: советы врача-гериатра по сохранению здоровья в жару

Жаркое лето для многих становится настоящим испытанием, особенно для...

Ата Заң – айбынымыз

Ата заң – мемлекеттің негізгі әрі ең жоғары заңы....

СОТ АШЫҚТЫҒЫ — ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ

Қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің қалыптасуы мен тұрақты дамуының басты...

Медиация және татуластыру рәсімдері – дауларды бейбіт жолмен шешудің тиімді тетігі

Қоғамдағы құқықтық қатынастардың дамуына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар...