Нотариустар жасаған атқарушылық жазбалардың күшін жою туралы дауларды қарау тәжірибесі

Нотариустың атқарушылық жазбасы – азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарының бірі. Оның негізгі мақсаты – даусыз міндеттемелер бойынша кредитордың бұзылған құқықтарын қысқа мерзімде қалпына келтіру.

Бұл институт соттардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік бергенімен, оның заң талаптарына сәйкес қолданылуы ерекше маңызға ие. Себебі атқарушылық жазба сот шешімін алмастырмайды және құқық туралы дауды шешуге арналмаған.

Атқарушылық жазба борышкерден өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын өндіріп алу немесе өзге жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді. Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңның 34-бабының 15-1) тармақшасына сәйкес атқарушылық жазба нотариустар жасайтын нотариаттық әрекет түрлерінің бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 45-тарауында көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен шағымдарды сотта қарау нысанасы атқарушылық жазбаның дұрыс жасалуын не оны жасаудан бас тартудың заңдылығын тексеру болып табылады.

Нотариаттық әрекеттің дұрыс жасалмауы дегеніміз оның Нотариат туралы заңның және нотариустың қызметін реттейтін өзге де нормативтік актілердің талаптарына сәйкес келмеуі.

Мұндай бұзушылықтардың мысалдарына: Нотариат туралы заңның 92-1-бабының 2-тармағында көзделмеген талап ету бойынша; орындау мерзімі басталмаған жазбаша мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша; өндіріп алушы Ережеде көзделген талаптың даусыздығын растайтын құжаттарды ұсынбай; атқарушылық жазбаны жасау күніне талап қоюдың ескіру мерзімі өткен кезде атқарушылық жазбаны жасау жатады.

Даусыздық ұғымы тек кредитордың талабымен емес, ұсынылған дәлелдемелердің жеткіліктілігімен айқындалады. Егер міндеттеменің орындалуы, қарыздың мөлшері немесе тараптардың құқықтары жөнінде дау болса, мұндай талап нотариаттық тәртіппен емес, сот арқылы қаралуы тиіс.

Сот тәжірибесі көрсеткендей, атқарушылық жазбалардың күшін жою туралы талаптардың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, нотариусқа ұсынылған құжаттар әрдайым талаптың даусыз екенін толық дәлелдей бермейді. Екіншіден, борышкерлердің талап жөнінде хабардар етілу тәртібі жиі бұзылады. Соның салдарынан олар өз қарсылықтарын нотариаттық кезеңде емес, сотта білдіруге мәжбүр болады.

Істерді қарау барысында соттар ең алдымен төмендегі мән-жайларды анықтайды: талаптың заң бойынша атқарушылық жазба жасауға жататындығын; ұсынылған құжаттардың жеткіліктілігін; борышкердің құқықтарының сақталуын; талаптың даусыз екенін.

Сонымен қатар соттар нотариустың материалдық құқық нормаларын емес, нотариаттық рәсімдердің сақталуын бағалайды. Ал міндеттеменің өзі бойынша құқықтық дау болған жағдайда тараптарға талап қою тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндіріледі.

Нотариустың атқарушылық жазбасы азаматтық айналымдағы міндеттемелерді орындаудың тиімді құқықтық құралы болып табылады. Алайда оның тиімділігі заң талаптарының қатаң сақталуына тікелей байланысты.

Тәжірибе көрсеткендей, атқарушылық жазбаларды даулау туралы істердің басым бөлігі атқару жазбасын уақытылы алмауы мен талаптың даусыздығына қатысты туындайды. Сондықтан нотариустардың заң талаптарын дәл орындауы, ал кредиторлардың толық әрі сенімді дәлелдемелер ұсынуы құқықтық айқындықты қамтамасыз етудің негізгі кепілі болып табылады.

Ақтау қаласының №2 сотының судьясы                     М.К.Сейтова

Түркістанда Apple Store қағидаты бойынша жаңа форматтағы ХҚКО ашылды

Түркістан қаласында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді...

Анатомия мен экология тоғысындағы зерттеулердің ізашары

Медицинада бүгінгі таңда денсаулық сақтау ісінде іргелі теориямен  қатар...

Қазақи қолөнер

Ұлттық мәдениетіміздің айнасы болып табылатын қазақи қолөнер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп...

«Пробация» республикалық профилактикалық іс-шарасы өтті

2026 жылғы 25–27 маусым аралығында республика көлемінде «Пробация» республикалық...

Почему люди верят фейкам?

ЗА ПОСЛЕДНИЕ ГОДЫ СОЦИАЛЬНЫЕ СЕТИ ПРЕВРАТИЛИСЬ ИЗ ПЛОЩАДОК ДЛЯ...