Журналист Роза Есенқұлова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы жолдасы Амир Қасеновке қатысты жазба жариялады.
«Достар, мен кәмелетке толмаған ұлымыздың әкесі, бұрынғы жұбайым – ҚазТАГ бас редакторы Амир Қасеновке қатысты жағдайға пікір білдіруге мәжбүрмін. Амир көпшілік алдында мен оған «ауыр психологиялық жарақат салдым» деп мәлімдегендіктен және бұл жарақат оны арада 18 жыл өтсе де мазалап жүрген сияқты болғандықтан, өз ұстанымымды айтып, шын мәнінде не болғанын баяндауды қажет деп санаймын. Егер Амир өз басына түскен мәселе бойынша әділдік, ашықтық және адалдық талап етіп, әлеуметтік желіде қайта пайда болмағанда, бұл оқиғаға мүлде тоқталмас едім. Иә, бұл жағдай мені бейжай қалдырмады» дейді ол.
Ары қарай ол өзінің жолдасымен қалай танысқанын және арадағы қарым қатынас қалай өрбігенін баяндап берген. «Біз 2007 жылы таныстық. Ол кезде мен «Рейдер» басылымының қылмыстық хроника бөлімінің редакторы едім, ал ол өзін блогер әрі фрилансер ретінде таныстыратын. Арамызда қарым-қатынас басталып, кейін ол ата-анамның үйіне келіп, менің қолымды сұрады. Көп ұзамай бірге тұра бастадық және үлкен тойға дайындалдық. Ол өте қамқор, сезімтал адам болып көрінді, болашаққа жоспар құрдық. Бастапқы күннен-ақ бала қалайтынын айтқан еді. Көп ұзамай жүкті болып қалдым, сондықтан тойды 2008 жылдың наурыз айында өткізуді ұйғардық.
Той күні менің бұл адамға деген көзқарасымды түбегейлі өзгерткен оқиға болды. Тойдан кейін Амир кенеттен ашушаң, өктем мінез көрсетті. Алғашқы неке түнінде бір кесе шай үшін арамызда жанжал шықты.
«Енді сен менің әйелімсің, мен айтқанды істейсің!» деген Амир Қасенов мені «нағыз келін» сияқты қызмет етуге мәжбүрлей бастады. Сол сәтте қатты токсикоздан және тойдан кейінгі әлсіздіктен қажып тұрғаныма қарамастан, оның туыстарына қызмет көрсетуім керек болды.
Мен оның түсінігіндегі келін міндетін орындамағаным үшін, яғни таңғы сағат 6-да «келін шай» ұсынбағаным үшін, ол маған шалбар белдігімен күш қолданды.
Осы оқиғадан кейін үлкен жанжал туындап, оған туыстар мен қонақтар куә болды. Сол түні мен оны үйден шығарып жіберіп, ортақ өмірімізді іс жүзінде тоқтаттым. Аяғым мен қолымдағы көгерген іздер бір айдан астам уақыт кетпеді. Мен құқық қорғау органдарына жүгіндім, нәтижесінде учаскелік полиция қызметкерлері оған менімен қандай да бір байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасын берді. Бәлкім, дәл сол кезде екеуміз де өзімізше жарақат алған шығармыз: мен – тән жарақатын, ол – психологиялық жарақатты. Амир мұндай әрекеттері үшін кешірім болмайтынын күтпеген болуы мүмкін.
Мен бұл жайларды тек барлық сұраққа бір рет жауап беру және бұдан былай бұл тақырыпқа қайта оралмау үшін айтып отырмын. Сондай-ақ өзіме бағытталған келемеж бен айыптаулар ағынын тоқтатқым келеді. Әйтпесе оның бір кездері менің күйеуім болғанын еске алудың өзі қажет болмас еді. Кейбір пікір жазушылар бұл оқиғаның не қатысы бар екенін әлі күнге дейін түсінбейді. Сондықтан соңына дейін оқыңыздар.
Жүктілігімнің бүкіл кезеңінде жалғыз болдым және тек өз күшіме сүйендім. Қасенов әкелік міндеттерден толықтай бас тартты. Заң жүзінде неке бір жарым жылға жуық сақталды. Тек 2009 жылдың соңында ажырасуға және алимент өндіруге арыз бердім.
Сотта Қасенов өзін жұмыссыз, тұрмысы төмен адам ретінде көрсетіп, алимент төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Үйдегі шкафта оның сот органдарынан «аяғына тұрып алу үшін уақыт беруін» сұраған жүздеген түсініктемесі сақтаулы тұр. Онда жақсы жұмыс тауып жатса, болашақта ұлына көмектесетінін жазған. Бірақ бала – күтіп отыра алмайтын тірі адам. Ұлым дүниеге келген соң, оны қамтамасыз ету үшін жұмысқа ерте шығуыма тура келді.
Қылмыстық журналистикада жұмыс істеуді жалғастыра алмадым. Өйткені ауыр әрі жағымсыз жаңалықтардан алшақтағым келді. Сондықтан мамандығым бойынша кез келген жұмысқа кірістім: газет-журналдарға мақалалар жаздым, радиостанциялармен жұмыс істедім, рок және мотофестивальдер ұйымдастырдым, түрлі іс-шараларға атсалыстым, спорт тілшісі болдым. Тапқан әр теңгем ұлымның тамағына, киіміне, жөргегіне, ойыншығына және күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалды.
Амир Қасенов ұлына бірде-бір рет киім не ойыншық сатып алып берген емес. Ұлым екі жасқа дейін ана сүтімен қоректенді, бірақ мен тұрақты жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Кейін жаңадан ашылатын Tengrinews.kz интернет-порталына тілші болып шақырылдым. Оқиға орнынан жазылған алғашқы материалдың авторы да өзім болдым. Басшылық баламды емізу үшін жұмыс арасында уақытша барып келуіме мүмкіндік беретін. Бірнеше жылдан кейін Tengri-дің өңірлік желісінің жетекшісі атандым. Агенттікте 13 жыл жұмыс істедім.
Бүгін ұлым мектеп бітіріп, небәрі екі сағат бұрын аттестатын алды. Мен оны мақтан тұтамын. Бірақ оның әкелік мейірім мен қамқорлықты көрмегені жанға батады. ҚазТАГ-тан немесе Амир Қасенов ресми түрде қай жерде жұмыс істесе де, маған алимент ретінде жіберілетін масқара 14 мың теңге жасөспірімнің бір күндік шығынын да жаппайды» дейді.
Сондай ақ «Ал мен мынадай сұрақ қойғым келеді: егер адам туған ұлын 18 жыл бойы алдап келсе, оған сенуге, ҚазТАГ-тың мыңдаған оқырманын алдамайтынына кепіл болуға бола ма?
Сондай-ақ бұл басылымның бухгалтериясы мен қаржылық істерінде тағы не болып жатқаны қызықты. Неліктен Астанадағы жеке сот орындаушысы Рустам Болақбаев осы уақытқа дейін оның нақты табысын анықтап, берешегін есептеп, баланың пайдасына өндіріп ала алмай жүр? Неліктен Матаев пен оның бухгалтериясы сот орындаушысының сұрауына ресми жауап бермейді? Сұрауларды таңдап қарай ма?
Әлеуметтік желіде әділдік туралы айтып жүрген Қасенов мырза, өзі баласына жауапкершілік танытпаған әке болса, қандай әділдік жайлы сөз қозғай алады? Мен үш жұмыста қатар еңбек етіп, емшектегі баламен күн көргенде әділдік қайда болды?
Мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты және өз балаларына деген жауапсыздықты ақтауға болмайды деп есептеймін. Мұндай адамдар қоғамның құрметіне лайық емес» дейді Роза Есенқұлова


