Қазіргі қоғамда дау-дамайларды сотқа жеткізбей, тараптардың өзара келісімге келуі маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы тұрғыда медиация институтының рөлі ерекше. Медиация — тәуелсіз, бейтарап медиатордың қатысуымен тараптардың өзара тиімді шешімге қол жеткізуіне бағытталған дауларды реттеу рәсімі.
Медиацияның басты мақсаты — бітімгершілікке қол жеткізу, тараптар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді сақтау. Бұл рәсім дауласушы тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, жанжалды өршітпей шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы медиацияны қолданудың құқықтық негіздерін айқындайды. Заңға сәйкес медиация азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, заңда көзделген жағдайларда қылмыстық және әкімшілік істер шеңберінде де медиация рәсімін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Медиацияның артықшылықтары аз емес. Ең алдымен, уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сот талқылауына қарағанда медиация рәсімі қысқа мерзімде өткізіледі. Екіншіден, рәсім құпиялылық қағидатына негізделген, яғни тараптар туралы мәліметтер жария етілмейді. Үшіншіден, қабылданған шешім екі тараптың да ерікті келісімі негізінде жүзеге асырылады.
Бітімгершілік — қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықтың кепілі. Медиация адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтап қана қоймай, келешекте туындауы мүмкін даулардың алдын алуға ықпал етеді. Сондықтан медиация мәдениетін қалыптастыру және оның мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау құқықтық мемлекетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Дауды сот арқылы шешу әрдайым тиімді нәтиже бере бермейді. Кей жағдайда өзара түсіністікке негізделген келісім екі тарап үшін де анағұрлым қолайлы шешім болып табылады. Осы орайда медиация қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға қызмет ететін маңызды құқықтық құрал ретінде өз маңызын арттыра түсуде.
Г.Искакова, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы


