Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы ең алдымен заң мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Заң үстемдік еткен жерде әділдік орнайды, ал тәртіп сақталған ортада адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді. Сондықтан «Заң мен тәртіп» ұғымы тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өміріне қатысты маңызды қағида болып табылады.
Заң – қоғамдағы қатынастарды реттейтін негізгі құрал. Ол адамдардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды, әділдікті қамтамасыз етеді. Ал тәртіп – сол заң талаптарының орындалуы. Егер заң қабылданып, бірақ ол орындалмаса, қоғамда бейберекетсіздік орын алып, құқық бұзушылықтар көбейеді. Осы себепті заң мен тәртіп бір-бірімен тығыз байланысты егіз ұғым деуге болады.
Бүгінгі таңда қоғамда түрлі құқық бұзушылықтар орын алуда. Әсіресе жасөспірімдер арасында буллинг, нашақорлық, құмар ойындарға әуестік, интернет арқылы алаяқтық (дроппинг) секілді теріс әрекеттер белең алып келеді. Мұндай жағдайлар көбіне заңды білмеуден, жауапкершілікті сезінбеуден және тәртіпке бағынбаудан туындайды. Сондықтан өскелең ұрпаққа заң талаптарын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру – уақыт талабы.
Заң мен тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың азаматтық борышы. Көшеде қоғамдық тәртіпті бұзбау, жол ережесін сақтау, өзгенің мүлкіне қол сұқпау, интернетте заңсыз әрекеттерге бармау – осының барлығы заңға құрметтің көрінісі. Адамдар заң талаптарын саналы түрде орындаған сайын, қоғамда сенім мен сыйластық артады.
Мектеп қабырғасынан бастап оқушыларға құқықтық тәрбие беру аса маңызды. Себебі бала кезден заңға құрметпен қарауға үйренген адам болашақта құқық бұзушылыққа бармайды. Құқықтық түсіндіру кездесулері, тәрбиелік іс-шаралар, ашық сабақтар – осы бағыттағы тиімді жұмыстардың бірі. Мұндай шаралар жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар, заң мен тәртіптің сақталуы елдің дамуына да әсер етеді. Тәртіп бар жерде еңбек өнімді, инвестиция тұрақты, қоғам тыныш болады. Керісінше, заң сақталмаған жерде тұрақсыздық орын алып, даму тежеледі. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің берік қалқаны. Әрбір азамат заң талаптарын сақтап, тәртіпке бағынған жағдайда ғана әділетті, қауіпсіз әрі дамыған қоғам құруға болады. Заңға құрмет – өзіңе деген құрмет. Ал тәртіпке бағыну – ел болашағына қосқан үлес.
ҚР Сот әкімшілігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің құжат айналымы бөлімінің басшысы А.Қ.Аққошқарова


