Классикалық детектив жанрының дамуы ХІХ ғасырдағы американдық жазушы Эдгар Аллан По (1809-1894) есімімен тікелей байланысты. Бұдан 160 жыл бұрын қаламгердің «Морг көшесіндегі өлім» шығармасы бұл жанрдың бағын ашты. Уақыт өте келе осы жанрға оқырмандардың ықыласын байқаған көрнекті жазушылар Артур Конон Дойл, Агата Кристи, Джеймс Хедли Чейз, Чарльз Диккенстер өз шығармаларымен детективті одан әрі дамытты.
Əлем əдебиетшілері зерделеп қарағанда, детектив жазу тəсілі Эдгар По заманынан бері аса қатты өзгеріске ұшырай қоймаған. Бас кейіпкерлер де өз ортасында қылмыс жасаған, ағаштың қисық, қыңыр бұтағындай адам өміріне қастандық жасаушыларды жазбай танып, іздестіру əдістерін жетілдіріп, қылмыстың ізіне түсіп отырған. Оқиғалардың сюжеттік жағынан ұқсастығына қарамастан, детектив кітаптарға сұраныс бір сəт те толастамағаны байқалады. Бұған дəлел Эдгар Поның Огюст Дюпенінен басталып, Шерлок Холмс пен Доктор Ватсон, Эркюль Пуаро, мисс Марпл, комиссар Мегрэ, Ниро Вульфтармен жалғасқан қылмысты əшекерелеушілер образы миллиондаған оқырманның жүрегін жаулап, детектив əлемдегі ең көп оқылатын, ең көп пайда əкелетін бизнес көзіне айналды. Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл шытырман оқиғалы кітаптар жазудан əбден жүйкесі тозып, бас кейіпкері Шерлок Холмсты өлтіріп тынғанда, халық наразы болып, көшеге шығады. Амалы құрыған қаламгер Холмсты қайта тірілтіп, оқырмандарын тыныштандыруға мəжбүр болады. Бір көңіл аударарлық жəй, əлемнің ұлы суреткерлері Сервантес, Бальзак, Моппасан, Флобер мен Толстойдың романдары да дəл детектив туындыларындай жаппай сұранысқа ие бола алмаған. Жəне де бір таңқаларлығы, осы жанр жазушылары өнімді жазудан алдына жан салмаған. Мысалға, Агата Кристи тек қана Эркюль Пуароның бағын ашқан 33 романнан бөлек, 55 əңгіме жазған. Жорж Сименон комиссарға арналған 76 роман, 30-ға тарта əңгіме жазып үлгерген. Əлем əдебиетінен ойып орын алып, оқырмандарын таң қалдырған осы жанр дың біздің əдебиетіміздегі даму сатысына көз жүгіртсек, Қалмұқан Исаевтың «Ажал құрсауында», Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ» шығармаларын ғана ауыз толтырып айта аламыз. Ал, тəуелсіздік алған жылдардан кейін осы жанрдың бағы жанбай, баяулап қалғанына не себеп деген сауалға жауап іздейік… Керісінше, мына тұрған Ресейдің жазушылары жауыннан кейінгі қаулап өсетін көктей детектив жанрын гүлдендіріп жіберді. Бизнес көзіне айналдырды. Олар шығарған детективтер біздің нарықты жаулап алды. Сонда біздің қатарымызда осы жанрды жазатын қаламгерлердің болмағаны ма?! Жасыратыны жоқ, бұл сауалға біз мəн беріп те жатпағандаймыз. Біз əлі де болса өткен ғасыр жазушыларының еңбегін зерттеумен, насихаттаумен, есімдерін ұлағаттаумен уақыт ұттырып жүргенімізді де аңғармайтын тəріздіміз. Соңғы жылдары осы жанрдың дамуына үлес қосып, бірқатар кітабымды оқырман назарына ұсынып үлгерген детектив жазушысы ретінде, кейінгі лекке керегі болар деген ниетпен шығармашылық жолыма шолу жасайын. Менің бұл жанрға келуімнің өзіндік тарихы бар. Сол тұста редакциядан кетіп, прокуратурада аудармашы болып қызмет жасайтынмын. Ескі қалада Ломоносов атындағы кітапхананың қасында кітап дүкені бар. Жұмыстан қайтар жолда соған бір кіріп шығам. Дүкеннің кіре берісіндегі сөреге мұқабалары көздің жауын алатын шет елдің, Ресейдің детектив кітаптарын жайып қояды. Бір топ бала тамашалап тұрды. Мен де қастарына бардым. – Ту… қандай керемет, қазақша болса алар едім, – деді бірі. Екіншісі: «Қазақша жоқ қой, біздікілер неге осындай кітаптар жазбайды екен?» деді сұраулы жүзбен. Шынында да, балаларға арналған осындай қызықты кітаптар болса, оқыреді. «Соқыр көргенінен танбас» дегендей Қаңбақ шалдың айналасынан шыға алмай жүрміз деп қапаландым да, сол бойы Ресей жазушыларының балаларға арналған детектив кітаптарын сатып алдым. Ең болмаса, қазақшаға аударып, балаларға ұсыну керек деген мақсатпен Устиновтың, Кузнецованың бірнеше кітабын аудардым. Өкінішке қарай, ол кезде шығару жолын таба алмадым. Біріншіден, автордан аударма үшін рұқсат алуым керек екен. Екіншіден, демеушісіз бастыру мүмкін емес. Солай салым суға кетіп жүргенде жолдасым «Бұл не бейнет, онан да өзің жазбайсың ба? Солардан қай жерің кем?» деп қамшылады. Сол сөз себеп болып, ізденісті бастап кеттім. Қалада коммерциялық газеттер бар. Соның бірі «Эврика» апта сайын криминалист деген айдармен бет беріп, түрлі қылмыс туралы ақпаратты тоғытады да жатады. Соңғы санын қолыма алып, оқып отырсам, жалғыз басты қарияны пəтері үшін бопсалап, жындыханаға тығып, үйін сатқан аляқтар туралы мақалаға көзім түсті. Сол бойы осының желісінде, балаларға арналған шытырман оқиғалы шығарма жазсам қайтеді деген ой туындады. Сонымен оқиға желісін құрып, жоспар жасап, Айбек, Бану, Кəрім, Аян атты кейіпкерлерімді сайлап алып, жазуды бастадым. Əрине, бұрын газетке мақала, очерк жазып жүрген адамға жазу қиын емес. Қиыны – оқиғаны үйлестіріп, қылмысты ашудың айла-тəсілдерін нанымды етіп, жатық тілмен жеткізе білу. Осылай жарты жылдай еңбектеніп, «АБКА тобы ашқан қылмыс» деп аталатын мектеп оқушыларына арналған алғашқы детектив кітабымды жазып бітірдім. Ол тоқсаныншы жылдардың басы болатын. Піскен астың күйігі жаман дегендей, шығарудың жолын іздеп Алматы астым. Бірқатар баспаларға кірдім. Бəрінің сұрайтыны «демеушің бар ма?», «жоқ» десең, сыпайылап шығарып салады. Сөйтіп, салым суға кетіп келе жатсам, алдымда «Жеті Жарғы» деген жарнама ілулі тұрды. Жазған құлда жазық бар ма, кіріп көрейін деп ішке кірдім. Екінші қабатқа көтеріліп, директордың кабинетін түрттім. Төрде отырған əйел дің ұлты қазақ емесі бірден білінді. Тау халықтарына ұқсайды. Амандасып, Ақтөбеден келгенімді, жазған кітабымды шығара алмай жүргенімді айттым. – Не кітап? – деді. – Балаларға арналған детектив, – дегенімде естіп елең етті. – Өзіңіздікі ме? – Əрине, өзімдікі болмаса, осылай жүрем бе? Таң қалғанын байқадым.
– Кім болып жұмыс жасайсыз? – Журналистпін. – А….аа…солай ма, тастап кетіңіз. Көрейік. – Демеушім жоқ, – дедім бірден басын ашып алғым кеп. – Кітабыңыз жақсы болса, демеуші табамыз. Əуелі оқып көрелік, ертең соғыңыз. Сенерімді де, сенбесімді де білмей, шығып кеттім. Сол «Жеті Жарғы» баспасы 2009 жылы менің балаларға арнаған алғашқы детектив кітабымды 2000 данамен шығарып берді. Диеректордың аты-жөні есімде қалмапты. Сол жолы көргенімде науқас екен. Көп ұзамай қайтыс болды. Кітаптың мың данасын демеуші есебінде өздері сатты. Мың данасы сол тұстағы əкім Сағындықовтың араласуымен, облыс кітапханаларына таратылды. Біреу дің біреу не істеп, не қойып жатқанын білуге шамасы келмейтін өліарада жарық көрген кітапқа ең бірінші көңіл аударған – кітапханашылар. Кітап оқырманын тапты. Əр кітапханаға бір данадан келген кітаптың жұлма-жұлмасы шығып, оны жамап жасқағандарды көргенде жүрегім ауыратын. Қазақша детективті алғаш көрген балалардың таласып-тармасып, қызығып оқитынына куə болдық. Солай менің жазушылық өмірім басталғандай болды. 2013 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Жазушы» баспасынан шыққан екі романым: «Банкирдің өлімі», «Махаббатың ажалы». Бұлар менің екінші рет тəуекелге бас қойған жанкешті еңбегімнің айғағы. Біріншіден, біздің əдебиетімізде бұл жанрда тапталған сүрлеу болмағандықтан, тек өзімнің қиялым мен ізденісіме, Еуропа əдебиеттерін көп оқыған зердеме, зерттеулеріме сүйенуіме тура келді. Алайда, бұл жанр қазақ жазушылары туындыларында мүлдем кездеспейді деп айтсақ, адасқандық болар еді. Əрбір көрнекті қаламгердің шығармасында детективтің детальдары кездеседі. Мысалы С. Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамиті» таза детективтік туынды. Фильмі де түсірілген. Тіпті ғұлама жазушымыз Əбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақырында» кездесетін детектив штрихтарын соғыс қимылдарынан байқаймыз.Терең философиялық детектив оқып отырғандай əсер аласың. Міне осылай талай жанрмен қосарланып, тайталасып дамып келе жатқан бұл жанрды жоқ деп ауызды қу шөппен сүрту қате. Барымызды базарлай алмай отырған секілдіміз. Менің жоғарыда айтылған қос романым «Жаңа заман əдебиеті прозасы» сериясымен 2013 жылы «Жазушы» баспасынан 2000 данамен басылды. Ол уақытта қазіргідей қаламақы жоқ. Баспа берген 60 мыңға өз кітабымды өзім сатып алғаным есімде. Бұл романдардың ерекшелігі, əрине, детектив болғандығында. Сонымен қатар бұрын жазылмаған тақырып – банк пен банк қызметкерлері арасындағы шытырман оқиғаның баяндалуында. Кітап коммерциялық бағамен интернет арқылы сатылды. Біз үшін ол да жаңалық. Кейін білдім, сол сатылымның белгілі пайызын автор ретінде мен алуым керек екен. Ол кезде нарықтан хабарымыз жоқ. Кітабымыздың шыққанына мəзбіз. Осы аталған романның бірі – «Махаббаттың ажалы» оқырмандардың зор сұранысына ие болды. Ондағы шытырман оқиға былай болатын. Нұртас пен Таңгүлі бірін-бірі өлердей сүйетін ғашықтар. Институтта басталған махаббаттарына мас болып жүріп, күтпеген тағдыр сынына тап болады. Олардың ата-анасының бағзы бір жылдары жолдары тоғысып, көңілдес болғанының құпиясы ашылып қалады. Нұртастың шешесі Ғалия мен Таңгүлдің əкесі Бекболдың арасында бала бар екен. Бұл құпияны кеңседе Ғалиямен кездесіп қалған Сəбира қызына ақтарып, қос ғашықтың қосылуына үзілді-кесілді қарсы шығады. Өзін тірідей жесір, балаларын жетім еткен Ғалиямен құдағи болуды қаламайды. Нұртасты жанындай сүйетін жас ару бұл сынақты көтере алмай, олигархтың баласы Азаматқа күйеуге шығып, шетелге кетеді. Арада екі жыл өткенде елге оралған Таңгүлі өзінің асығыстық жасап, сүймегеннің сүйіктісіне айналған азапты өмірінен бас тартып, күйеуімен ажырасуға бел байлап, Нұртасты кездесуге шақырады. Кешкі алакеуімде саябақта қос ғашықтың кездесетінін біліп алған Азамат киллер жалдап, қыздың сүйген жігіті Нұртасты өлтіруге тапсырыс береді. Қас-қағым сəтте қарақшының қимылын аңғарып қалған Таңгүлі оққа кеу десін тосып, мерт болады. Міне оқиға өрбуі осылай. Бұл кітапты жастар көп оқыды. Жоғары сынып оқушылары үзінділерін сахналап, қала күні көпшіліктің алдына шығарды. Жазушы үшін бұл үлкен қуаныш. Еңбектің жемісінің дəмін тату. Дегенмен, менің кітаптарым туралы əдебиетшілер мен сарапшылардың «иə жақсы, иə жаман» деп пікір білдірмеуі көңіліме қаяу салғанын да жасырмау керек. «Мен қалай жазып жатырмын, не жазып жатырмын…» деген күдіктен, мықтылар не айтар екен деген үміттен арыла алмайды екенсің. Сол жылдары Ақтөбеден республикалық «Қазақия» гезеті шығып тұрды. Редакторы – белгілі журналист Бақыт Жаншаева. Осы газетке семейлік журналист С.Төлеуовтың «Қазақ детективін байытқан қос роман» деген айдармен берілген бір беттік рецензиясы басылды. Зерттеліп, жылы жазылған екен. Мəртебем өсіп қалды. Осы романдар шыққан соң, іле-шала жасөспірімдерге арнап, «Құлаған үйдің құпиясы» атты кітабым жазылып бітті. Бұл осының алдында шыққан «АБКА тобы ашқан қылмыс» кітабының сериалды жалғасы болатын. Ке йіпкерлері де сол балалар. Мен сериалды кітап жазуда да алғашқы қадам жасаған жазушы екенімді мақтан тұтамын. Жасөспірімдерге арналған осы детектив мемлекеттік тапсырыспен «Фолиант» баспасынан 2019 жылы 5000 тиражбен басылып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл бестселлер дəрежесіне жетті деген сөз. Жаңа кітапты балалар қуана қабылдады. Менің балаларға жазған кітаптарым көрнекті жазушы, ғалым Нұрдəулет Ақыштың назарына ілігіп, ол туралы жазған шолуы кітабына басылыпты. Жазушының заманауи жанрға қатысты ілтипатына қатты риза болдым. Жалпы мемлекеттік тапсырысқа түскен кітаптарды бағалайтын сарапшылардың ғасыр басындағы детектив жанрына деген оң көзқарасының арқасында 2021 жылы «Тірі өлік» атты романым, 2022 жылы «Бетперде» атты хикаяттар жинағым «Дəуір» баспасынан жарық көрсе, 2023 жылы балаларға арналған «Көл жағалауындағы көмбе» шытырман оқиғалы шығармам «Балалар əдебиеті» баспасынан 3000 данамен жарыққа шықты. Бұл арада баспалардың кітап безендірудегі шеберліктерінің ерекшелігін айтпай кетпеске болмайды. Кітаптардың заманауи дизайны бір сергітіп тастады. Ақшасы көп болғанымен, ақшасыздарға қызмет көрсететін банктің өмірі мені қызықтыра беретін. «Махаббаттың құлы» деп аталған детективім де банк қызметкері жас жігіттің өзінің сүйгеніне опасыздық жасап, байлығы үшін банкирдің қызы құрған торға шырмалуы суреттеліп, ол байлықтың құлына айналады. Жүре-бара махаббатсыз дүние бос дегеннің күні туып, сүйген қызына деген опасыздығы өмір бойы мазалап, ақыры өзі түскен тордан құтылудың амалын тауып, өзін өлдіге санатып, шет елдегі сүйгеніне жол тартады. Ал «Бетперде» кітабыма бұрын басылымдарда жарияланып, байқауларға қатысып, оқырманды елең еткізген «Ең əдемі қылмыскер» хикаяты енген еді. Өкінішке қарай, бұл кітап жыл шолуына енбей қалды. «Тірі өлік» детективі 2023 жылғы əдеби жыл қортындысында талданып, танымал журналист, талантты жазушы Мағира Қожахметованың жылы лебізіне ілікті. Білікті ғалымның өзімді жазушы деп тануы талабымды таудай еткенін жасырмауым керек. Алғысым зор. Сериалды шығармаларды жариялауда бізде тəжірибе жоқ екен. Менің балаларға, оқырмандарға арнап шығарып жатқан кітаптарым сериалды детективке жатады. Бірақ үйлестіріліп, ретімен шығарылмағандықтан, оқырман үшін белгілі қиындықтар туғызып жатады. Осы мақаламда қаламымнан шыққан шығармаларымның бірсыпырасына шолу жасадым. Ал оның стильдік жағына, тілдік ерекшеліктері мен жетістіктеріне яки кемшіліктеріне əдебиет зертеушілері көңіл бөліп, баға берер деген ойдамын. Детектив жанрын жазуда көптеген басы ашылмаған мəселелер бар. Соның бірі – тілдік ерекшеліктер. Детектив көркем шығармаға жата ма? Стилі қандай болуы керек? Менің ойымша, детектив, əрине, көркем шығарма. Ал тіл мəселесінде əдеби туындылардан айырмашылығы бар. Əдеби тіл мен ресми тілдің аралығындағы қарапайымға қайымдау тіл десем, дұрыс болар. Енді детективтің тілі романтизмді суреттеуге келіңкіремейтіндей болып көрінеді. Жалпы осы мəселелер детектив дамуындағы өзекті сауалдардың бірі. Бұл мəселелердің басын ашуға əдебиеттің жілік майын шағып жүрген ғалымдарымыз бен сарапшыларымыздың көмегі, демеуі ауадай қажет-ақ. Соңғы жылдары осы жанрға қатты көңіл бөліп, жыл сайын детектив байқауын өткізіп жүрген «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» басшылығына, «Серт» атты тақырыппен байқау жариялайтын Ішкі істер министрлігіне алғыс айтқым келеді. Жыл сайын өтетін байқаулар детектив жанрының кəдімгідей дамуына ықпал етіп, қаламдары жаттығып қалған жастарды, қаламгерлерді оқырмандарға танытып жүр. Осы үрдістің Жазушылар одағында да жалғасын тауып, кенжелеп қалған жанрға қамқорлық күшейтілсе екен деген тілегіміз бар. Жалпы, біз жаңалықты жуық арада қабылдай қоймайтын халықпыз. Біріншіден, жатсынамыз. Екіншіден, бұл өзі қалай болады, біздің менталитетімізге келе ме, келмей ме деп қабырғамызбен кеңесеміз, омыртқамызбен ойласамыз. Əйтпесе, Еуропаның мəдениетіне, əдебиетіне жанталаса еліктеп жатқанымыз да жасырын емес қой. Олай болса, əлемде оқырманы көп жанрды сонша неге жатырқаймыз деген сауал туындайды?! Детектив қылмыс туралы деп үрпиетін болсақ, қылмыс деген біздің үрпигенімізге қарап тұрған жоқ қой?! Оны жазбай жасырып қойсақ, қылмыс азая ма екен?! Əлемдегі əйгілі жазушылар, тіпті Нобель сыйлығының лауреаттары детективті айналып өтпеген. Демек, біз де төл əдебиетіміздің керегесін кеңейтіп, шеберлігін шыңдайтын, оқырмандарын қызықтыратын жанр – шытырман оқиғалы шығармалар екенін ескеріп, оны жатсынбауымыз керек. Осы тұрғыда қоғамда болып жатқан түрлі қылмыспен күресуші өзіміздің Шерлок Холмстарымыздың образын сомдап, қылмыспен күресудегі іс-əрекетін ашып, оны оқырманға жеткізіп, сүйіспеншілігіне бөленетіндей кітап жазу – бүгінгі замана уи əдебиетке қойылатын талаптардың бірі болуы керек деп ойлаймын.
Зияш ТЕЛЕУОВА


