Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасын оқуды бастағанда бірінші ойға келген нәрсе – Қазақ республикасының тарихи атауын қалпына келтірсек деген ой болды!
1920 жылы 6 қазан күні Қазақ АКСР-нің құрылғаны жарияланды. 2025 жылы қазан айында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві осы тарихи датаның 105 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
1920 жылы 26 тамыздағы В.Лениннің «Қырғыз (Қазақ) АКСР-ін құру туралы декретінде» (Орыс тілінде «Киргиз», қазақ тілінде «Қазақ» деп жазылды) де «Қазақ» атауы пайдаланылды!
1925 жылы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын ресми түрде қайтарып, орыс тілінде де «Казак» деп жазылатын болды. 1936 жылы ақпаннан бастап, «Казак» — «Казах» деп жазылатын болды. 1936 жылғы Сталин Конституциясына сәйкес Қазақ АКСР-і одақтас республикаға айналып, тереземіз теңесті! Сол кезде де «Қазақ» атын сақтадық.
Өкінішке орай, 71 жыл «Қазақ» атын алып жүрген республика атауы тәуелсіздік қарсаңындағы республиканың ішкі жағдайына байланысты 1991 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» шешіммен өзгеріп шыға келді.
Қазақ республикасы тарихындағы бесінші, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы болашақ үшінші Конституция жобасымен таныса бастағанда-ақ, ойымызға «Қазақстан» деген атауды «Қазақ» деп өзгерту туралы ой келді. Көршіміз қырғыздан үлгі алсақ болар еді. Олар 1993 жылы 5 мамырда Қырғызстан Республикасы атауын Қырғыз Республикасы деп ауыстырды емес пе?!
Сондықтан, осы Конституцияны қабылдау арқылы ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТАРИХИ АТАУЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ҚАЖЕТ деген ұсыныс айтамын.
P.S.: Конституция жобасын 1995 жылғы Конституциямен салыстырып оқуды аяқтаған соң, кеңірек өз пікірімізді айтамыз деп ойлаймыз.


