Ғылыми конференцияда алғашқы зерттеуін таныстыру, қайырымдылық шарасын ұйымдастыру немесе университет атынан спорт жарысына қатысу студентке өз қабілетін әр қырынан сынауға мүмкіндік береді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осындай тәжірибе студенттік өмірдің бір бөлігіне айналған. Жастар мамандық бойынша білім ала жүріп, ғылымға, өнерге, спортқа және қоғамдық жұмысқа араласады.Университеттегі көптеген бастаманы студенттердің өздері қолға алады. Студенттік өзін-өзі басқару органдары, жастар ұйымдары, ғылыми клубтар мен еріктілер қозғалыстары оларға өз идеяларын ортаға салып, бірлесіп іске асыруға жағдай жасайды. Әлеуметтік жобаға қатысу, мәдени кеш өткізу немесе қайырымдылық акциясын ұйымдастыру барысында жастар міндеттерді бөлісіп, ортақ жұмысқа жауапкершілік алуды үйренеді. Ұйымдастырушылық қабілет пен көшбасшылық қасиет те осындай тәжірибе арқылы қалыптасады.
Оқу ордасының ғылыми ортасы студенттерге өз мамандығы бойынша тереңірек ізденуге жол ашады. Семинарлар мен ғылыми конференцияларда олар зерттеу нәтижелерін таныстырып, мамандардың пікірін тыңдайды. Пікірталас клубтарында өз көзқарасын дәлелдеуге және өзгелердің уәжін саралауға дағдыланады. Зерттеу жұмыстарына белсенді қатысып жүрген студенттер республикалық және халықаралық ғылыми байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Жас зерттеушілердің ізденісі университеттің ғылыми өмірін жандандырып, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосады.Өнерге қызығатын жастар үшін университетте шығармашылық клубтар, театр студиялары, өнер үйірмелері мен музыкалық топтар жұмыс істейді. Студенттер ән, би және актерлік шеберлік бағытында қабілеттерін шыңдап, ортақ шығармашылық жобаларға қатысады. Мәдени кештер, фестивальдер мен байқаулар олардың сахнаға шығып, еңбегін көрерменге ұсынуына мүмкіндік береді.Спорт та студенттік өмірде маңызды орын алады. Университеттегі секцияларда жастар футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика және басқа да спорт түрлерімен шұғылданады. Студенттер арасында өтетін жарыстар тұрақты жаттығуға ынталандырып, командалық ойын дағдыларын қалыптастырады. Оқу ордасының спортшылары халықаралық жарыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Студенттердің азаматтық ұстанымы олардың қоғамдық бастамаларынан байқалады. Еріктілікке араласқан жастар қайырымдылық акцияларын өткізіп, экологиялық жобаларға қатысады. Жастар форумдарында қоғамды толғандырған мәселелерді талқылап, оларды шешу жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салады. Осындай жұмыстар студентке айналасындағы мәселелерге назар аударып, қолынан келетін істі өзінен бастауға үйретеді.
Студенттік жылдары жинаған тәжірибе жастардың кейінгі кәсіби жолына да әсер етеді. Зерттеу жүргізген студент дерекке сүйеніп шешім қабылдауға дағдыланса, қоғамдық жобаны ұйымдастырған жас түрлі адамдармен тіл табысып, ортақ іске жауап бере біледі. Университетте алған білімі мен осындай тәжірибесі ұштасқанда, жас маман өз саласында білікті еңбек етуге және елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуға дайын болады.
Атаханова Г.М
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының профессоры


