Қарағанды облыстық сотында Қазақстан Республикасының «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 25 жылдығына орай салтанатты кездесу өтті.
Іс-шараға облыстық соттың сот алқаларының төрағалары, сот жүйесінің ардагерлері, сондай-ақ облыстық, аудандық соттардың және жаңадан тағайындалған судьялар қатысты.
Іс-шараның мақсаты – судьялар корпусының әртүрлі буын өкілдері арасында кәсіби тәжірибе алмасу, сабақтастықты нығайту және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру.
Кездесуді аша отырып, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Ерден Әріпов Конституциялық заңның елдегі сот билігін қалыптастыру мен дамытудың берік негізі ретіндегі маңыздылығын атап өтті. Ол соңғы 25 жыл ішінде сот жүйесінде орын алған негізгі өзгерістерге, оның ішінде цифрлық технологияларды енгізу және азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.

Отставкадағы судьялар Н. Батаева, Б. Қасенова, Г. Махашева, С. Миночкина, Ә. Салин, А. Тұрысбаев әділ сот өндірісінің маңызы жөніндегі кәсіби тәжірибелері мен көзқарастарымен бөлісіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда судьяның рөліне, сондай-ақ заңдылық, тәуелсіздік және бейтараптық қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Еркін пікір алмасу барысында жас судьялар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәлімгерлік, кәсіби этика және судьялардың тәуелсіздігі тақырыптары талқыланды.
Теміртау қалалық сотының судьясы Н. Сәбитова жас судьялардың атынан мазмұнды диалог үшін барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, сот жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін сот жүйесінің ардагерлері мен қызмет атқарып жүрген судьяларға шынайы ризашылығын жеткізді.
Қорытындылай келе, Е. Әріпов барлық қатысушыларға жоғары кәсібилігі мен заңға адалдығы үшін алғыс білдіріп, сот төрелігіне қызмет етудегі алдағы жұмыстарына табыс тіледі, сондай-ақ сот билігінің тәуелсіздігі мен әділдігі қағидаттарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.


