Туған елім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім, мен де бірге өсемін,
Өшше тілім, мен де бірге өшемін!
-деп, ақын Әбділдә Тәжібаев ағамыз жырлағандай, тіл қай елде болса да қастерлі құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың жаны, ары. Тіл құдіреті ерекше. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін құдіреті бар. Бір сөз өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.
Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық сәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдегі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлт-жанды тұлға етіп қалыптастыруда тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Діні, тілі де әртүрлі болғанына қарамастан, бір шаңырақ астында барлық халық тату өмір сүруде. Қазақстанның ең басты, мемлекеттік тілі ол – қазақ тілі. Қазақ тілі – біздің татулығымыздың тірегі. “Қазақстанның әрбір азаматына мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу парыз.
Қазақ елінің тілі – қазақ тілі. Бұл ешқандай дауласуға және талқылауға жатпайтын дүние. Әрбір ұлт өзінің ана тілімен, салт дәстүрімен, өткен тарихымен, рухани құндылықтарымен ерекшеленеді. Жыл өткен сайын ана тіліміздің мәртебесі өсіп, абыройы арта түсуі қажет. Тіл- халықтың жаны. Тіл құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр.
Қазақ тілі – халқымыздың болашағы, рухани өміріміздің бір бөлігі. «Қазақстанның әрбір азаматына мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу парыз. Әлемде қаншама ел бар, әрбір елдің өзіндік ерекшелігі мен ортақ белгілері де бар. Ерекшеліктері олардың діндері, мәдениеті, өмір сүру үлгісі, тарихы, киім үлгісі, дәстір мен сенімдерінің әртүрілігінде. Ал ортақ деп отырғанымыз әрине, ол – тіл! Қандай ұлт болмасын, барлығы бір-бірін түсіну үшін бір тілде сөйлейді. Мемлекеттік тіл- татулық пен бірліктің тірегі. Мемлекеттік тілді өркендетсек, өзге ұлт адамдарымен осы тіл арқылы қарым қатынаста боламыз.
Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, отан сүйгіштіктің, ұлттық намыстың мәселесі. Қазақстан Республикасы өз алдына дара тұрған тәуелсіз мемлекет. Конституция мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік береді. “Тіл туралы” заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл-мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі»,- деп атап көрсетілген.
Осыған орай қазіргі заманда мемлекеттік тілді білуге, қастерлеуге деген талап күнде жоғарылап келеді. Әлеуметтік желіде болсын, күнделікті өмірде болсын біздің мемелекетте тұратын, бірақ қазақ тілін білмейтін азаматтардың бәрінің мемлекеттік тілді игеруге деген құлшыныстарын анық байқауға болады. Мемлекетіміздің барлық салаларында қазақ тілін дамыту жұмысы жүргізілуде, әрине оның пайдасы көрініп келеді.
Мемлекеттік тілді қолдану мақсатында сот судьялары мен қызметкерлері тілдерді дамыту басқармасында жүйелі түрде оқып, әрі қарайда қызметте тілдің дамуы жолында білімдерін жетілдіруде. Мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуге, өзге ұлт өкілдеріне үлгі-өнеге көрсетулері тиіс.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мемлекеттік қызметшілерге жүктеліп отырған зор міндет. Соттардың іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруі “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” заңның талаптарын орындауға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі.
ҚР Жоғары Сотының жоспарына сәйкес аудандық және оған теңестірілген соттарда мемлекеттік тілді дамыту мәселесі қатаң бақылауға алынып, алдағы уақытта құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлесін 100 пайызға жеткізу жоспарланып жатыр.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жоспар бойынша жасалып жатыр. Қазіргі кезде соттың шығыс құжаттары, ілеспе хаттар, ішкі қызмет құжаттары,барлық жұмыс жоспарлары, ұйымдастырылатын іс-шаралар мемлекеттік тілде жүзеге асырылуда.
Сотқа талап арыз беретін заңгерлер мен адвокаттар арасында да талап қою арыздарын мемлекеттік тілде сотқа беру жайлы ұсыныс айтылып, талап қойылып жатыр. Мұның негізгі себебі Түркістан облысы халқы негізінен (90 пайыз) қазақ тілінде сөйлейтін орта, сонымен қатар сотта өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізу сот отырысының әділ және ашық өтуіне жағдай жасайды.
Соттар арасында өзара және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат-хабар алмасу қазақ тілінде жүргізілетенін Жоғарғы және облыстық сот басшылығы қатаң бақылауға алып, ҚР «Тіл туралы» заңының 4-бабына сәйкес, кіріс, шығыс және ішкі құжаттарды мемлекеттік тілде тіркейді. Судьялар мен мамандардың мақалалары мемлекеттік тілде БАҚ-қа жолданады, соттар арасында өзара және басқа да мемлекеттік мекемелермен хат-хабар алмасу қазақ тілінде жүргізіледі. Соттардың барлық жиын, жедел жиналыстары, семинарлық сабақтары, анықтамалары және ақпараттар қазақ тілінде жүргізіліп, барлық құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады.
“Мемлекеттік тіл- мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі” делінген, яғни бұл құқықтық норма.
Бүгінгі таңда құжаттар “Төрелік” бағдарламасына толығымен қазақ тілінде енгізіледі. ҚР “Тіл туралы” заңы, тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында белгіленген бағыт пен мақсатқа және оларды іске асыру тетіктеріне негізделген бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Қорыта келгенде айтарымыз:
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», «Тәуелсіз, дербес өмірге өзінің ана тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана таласа алады» -деп Ахмет Байтұрсынұлы, «Ел болам десең, бесігінді түзе» — деген Мұхтар Әуезов сынды ұлы ғұламаларымыз өсиеттеп кеткен. Ендеше, қазақ ұлты жоғалмауы үшін, жаным да, қаным да қазақ деген әрбір азамат өз ана тілін де сайрап тұруы қажет. Қазақ тілі – біздің біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оның барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Біздің мақсатымыз- Мәңгілік ел болу. Бұл ұлттық идея елді бір мпқсат, бір мүдде, бір болашаққа біріктіріп, жаңа асуларға бастайды.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында үлкен шаралар өткізілу қажет. Қазақ тілінің қоғамда дамуына кез келген ұлтжанды азамат өз септігін тигізуі керек.
Түркістан облысы
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының
төрағасы Шарипов Марат Ырсынбетулы