Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізілді.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты орташа қауіпсіздік мекемесінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы өткізген кеңес хаттамасын іске асыруға арналған жұмыс кеңесі өтті.
Кеңес мекеме бастығы, әділет подполковнигі Жеңіс Дауренбековтың төрағалығымен өтті. Іс-шараға Абай облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Тимур Масалимов және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің Абай облысы бойынша өкілі, майор Қанат Каринов қатысты.
Кеңес барысында сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыру, мекеменің өндірістік қызметін дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерін тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері қаралды. Сонымен қатар өндірістік аумақ нысандарын жөндеу және жаңғырту, мемлекеттік органдармен және жеке инвесторлармен өзара іс-қимылды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңес қорытындысы бойынша сотталғандардың еңбекпен қамтылуын бақылауды қамтамасыз ету, бизнесті тарту үшін қолайлы жағдай жасау және мекеменің өндірістік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Алименттік міндеттемелері және талап-арыздары бар сотталғандарды жұмыспен қамтуға басымдық берілетін болады, бұл олардың жауапкершілігін арттыруға және әлеуметтік бейімделуіне оң ықпал етеді.
– Сотталғандарды еңбекпен қамтуды ұйымдастыру – мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі әрі олардың әлеуметтік бейімделуінің маңызды тетігі. Еңбек сотталғандарға кәсіби дағдыларды меңгеруге, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ қайталама қылмыстың алдын алуға ықпал етеді.
Осыған байланысты біз мекеменің өндірістік базасын кеңейту және қосымша жұмыс орындарын ашу бойынша жұмысты жалғастырамыз. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерін тартуға, мемлекеттік органдармен және инвесторлармен өзара іс-қимылды нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір сотталғанды еңбекке тартуға және оларды босатылғаннан кейін табысты түрде қайта әлеуметтенуге дайындау», – деп атап өтті мекеме бастығы Жеңіс Дауренбеков.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар қылмыстық-атқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және сотталғандарды босатылғаннан кейін табысты қайта әлеуметтендіруге жағдай жасауға бағытталған.


