2025 жылғы 21 мамырда Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілінен «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл жобаны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры бірлесе жүзеге асырды.
Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер мен депутаттар, тіл жанашырлары мен қазақ тілін қолдаушы кәсіпкерлер қатысты.
Олимпиадаға тіркелу 2025 жылғы 13 қаңтарда басталып, іріктеу кезеңі 8 ақпан күні онлайн форматта өтті. Республиканың барлық өңірінен 9–11-сынып бойынша 5 мыңға жуық оқушы қатысып, білімдерін сынады.
2025 жылғы 20 мамырда олимпиаданың ақтық кезеңіне 64 командадан құралған 192 оқушы Астана қаласына келді. Қатысушылар үш негізгі бағыт бойынша сайысқа түсті:
- «Пікірсайыс» – тақырып аясында ой бөлісу, дәлел келтіру және қарсы пікірге жауап беру арқылы пікірсайыс мәдениетін дамыту;
- «Тілшілер» – эссе, мазмұндама және талдау жазу арқылы жазу мәдениеті мен ойды еркін жеткізу қабілетін көрсету;
- «Білімпаздар» – ғылым мен білім тақырыбындағы 40 сұрақтан тұратын онлайн-викторинада қатысушылардың жылдамдығы мен алғырлығы сыналды.
Олимпиаданың бас жүлдесін Түркістан облысынан келген «Достық» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар 11-сыныптың 8 үздік оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (5 грант) және Narxoz университеті (3 грант), Coventry University (1 грант) білім гранттарын табыстады.
Бұдан бөлек, 5 команда – «Үздіктер», 10 команда – «Озаттар», 16 команда – «Мықтылар», 32 команда – «Белсенділер» аталымы бойынша марапатталды.
Қазылар алқасының құрамына филолог-ғалымдар, «Білім-Инновация» лицейлерінің мамандары, әдіскерлер, сондай-ақ танымал тілші-жазушылар енді.
«Бұл олимпиада – білімді қазақ тілінде алып жатқан балалардың арасында, қазақ тілі мен әдебиет пәніне ерекше ықыласы ауған, болашақ тілшілер, тарихшылар, жалпы еліміздің руханиятына, мәдениетіне еңбек ететін, бойында қабілеті бар балаларды іріктеп, соларға жол ашуға жасалған үлкен жоба. Қазақ тілін меңгеру деңгейін көтеру бағытындағы жұмысымыз тиісті сатыға жетпей, басқа саладағы тіл төңірегіндегі амалдарымыз көп нәтиже беруі екіталай. Сондықтан осы бағыттағы жүзеге асып жатқан шаралардың бірі – еліміздің барлық аймақтарын қамтыған «Ана тілі» олимпиадасы», — дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы
«Ана тілі» олимпиадасының басты мақсаты – қазақ тілін жастар арасында кеңінен насихаттау, оны ғылым мен білім тіліне бағыттау, сондай-ақ оқушылардың оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін арттыру. Осы бағытта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мұғалімдерге тұрақты түрде әдістемелік қолдау көрсетіп, тіл жанашырларының форумдарын ұйымдастырып келеді.
«Ана тілі» олимпиадасы қазақ тілін жетік меңгеруге ынталандыру арқылы оны жастар арасында брендке айналдыруды көздейді. Жоба алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табады.
Шараның бас демеушісі – Freedom Holding Corp.
Freedom Holding Corp. – өзінің еншілес компаниясы Freedom арқылы қаржылық қызметтер, брокерлік операциялар, инвестициялық кеңес беру, бағалы қағаздар саудасы, сондай-ақ инвестициялық-банктік және андеррайтингтік қызметтер көрсететін халықаралық холдинг. Холдингтің негізін қалаушы – қазақстандық кәсіпкер және қаржыгер Тимур Турлов.