Өнерлі балаларға қамқор мекеме

Еліміздің білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар ел ертеңі балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, сол арқылы жан-жақты, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Осы орайда жасөспірімдерге қосымша білім берудің маңызы зор десек, елімізде мұндай мекемелер аз емес. Солардың бірі 50 жылға жуық тарихы бар Алматы қаласының білім басқармасына қарасты №1 оқушылар үйі. Алатау ауданында орналасқан мекеме ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, бала бойына патриоттық сезім қалыптастыруға, шығармашылық арқылы өзін-өзі дамытуға жағдай жасауда.

Бүгінде оқушылар үйінде 60-тан астам үйірме жұмыс істейді. Педагогика ғылымдарының магистрі, білікті басшы Дәуірхан Қожахметов бастаған ұжым екі мыңнан астам дарынды баланы жан-жақты тәрбиелеуде. Олардың арасында халықаралалық, республикалық, қалалық деңгейде өткен түрлі байқауда 600-ге жуық оқушы жүлделі орынға ие болған. Атап айтсақ, Беларусь республикасында өткен «Славянский базар» байқауында «Жас өркен» бишілері, Түрік еліндегі «Alash Star» байқауында «Өркен» домбыра ансамблі, Өзбекстанда «TASHKENT MUSIC FEST» халықаралық конкурсында бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар, «Жетіген» үйірмесінің балалары Германияда «Andantino» IV және Түркияда «Art planet» және «Melody» сайыстарынан жүлделі орынмен оралды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы», деп хакім Абай жырлағандай, «Айтыс – сөздің майданы» үйірмесіне қатысатын 150 бала айтыс өнерін меңгеруде. Ал «Тоғыз тосқауыл» үйірмесі қазақ мәдениеті мен дәстүрін насихаттаса, «Жас ұлан» балалардың ел мен жерге деген патриоттық сезімін арттыруға бағытталған. №1 оқушылар үйінде жыл сайын «Халықаралық отбасы» күнінде «Әке – тәрбие тамыры» слеті дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Онда әкенің отбасындағы рөліне басымдық беріліп, отбасылық құндылықтар дәріптеледі. «Қала. Саябақ», «Гүлдер вальсі», «Бисер» көрмелері балаларды табиғатты аялауға, әдемілікке, қолөнерге баулиды. Қалалық іс-шараларға жыл сайын 1500-ден астам бала қатысса, соның 30 пайызы жүлделі орындарға ие болып, арнайы сыйлықтармен марапатталады. №1 Оқушылар үйі Алматы қаласындағы Алатау ауданының мектептері мен ұйымдары арасында аудандық деңгейде түрлі мәдени, танымдық және шығармашылық іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Мысалы, мекеме ұжымы былтыр аудандық деңгейде 30-дан астам мәдени, шығармашылық және танымдық іс-шаралар, робототехника және техникалық үйірмелер бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Жыл басынан бері іс-шараларға 3 мыңнан аса оқушының қатысуы педагогикалық ұжымның белсенді жұмысын көрсетеді. «№1 Оқушылар үйі» заман талабына сай, балалардың шығармашылық, техникалық және зияткерлік қабілетін дамыту үшін инновациялық жобаларды іске асырып, материалдық-техникалық базасын үздіксіз жетілдіріп келеді. Оқушылар үйіндегі «Robotics Lab» және «Makerspace» зертханалары робототехника мен бағдарламалау саласындағы дағдыларды меңгертуде. Бұл нәтижесіз емес, робототехника үйірмесінің балалары халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, оқушылар үйінде мектепалды «Достық» жазғы лагері жұмыс істейді. Оған жыл сайын 400-ден астам бала қатысады. «Достық» лагері балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне, жаңа дағдыларды игеруіне және өз қабілетін танытуына мүмкіндік береді. Олардың шығармашылық белсенділігі артып, жаңа достар тауып, өзін-өзі дамытуға мотивация алады. Жақында осы орталық ұйымдастырған «Менің жүрегімдегі жеңіс» ақындар мүшайрасына қатысып, талантты оқушылардың өнеріне тәнті болдық. №1 Оқушылар үйінің тек Алматыда емес, қосымша білім беру саласында Қазақстан бойынша үлгілі мекеме екеніне осы жетістіктері дәлел.

Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Сот отырысында тәртіп сақтау баршаға міндет

Сот отырысына қатысудың тәртiбі заңмен бекітілген. Сондықтан, сот залындағы...

Жаңа Конституция

Конституция – кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты, ең...

Мемлекеттік тіл және құқықтық мемлекет қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің егемендігі мен ұлттық бірегейлігінің маңызды...

Қазақстан Республикасындағы сот билігінің конституциялық мәртебесі

Қазақстан Республикасында сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы...