Қай мемлекет болмасын, оның ең әуелі ұлықтайтын тілі – мемлекеттік тілі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
Тіл – әлемдік қоғамдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі әрі ұлт руханиятының алтын қазығы. Сондықтан, мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал…
Сонымен қатар, мемлекеттік тіл – әр халықтың мәдениеті мен тарихының негізгі қазығының бірі, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетін асыл мұрасы. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тек заң талаптары емес, ел болашағын нығайтудың басты шарты.
Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар. Қазақ тілі — әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Ал, оған деген сүйіспеншілік пен құрмет бала кезден басталуы керек. Айналадағы адамдарға, өзінің өскен ортасына, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарастың бастауын да сол туған тілімізден аламыз. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының даму құралы. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал, тіл тозбайтын, ең қымбат мұралардың бірі.
Ана тілі арқылы адамдар бір-бірімен сөйлесіп ойын жеткізеді, білім алады, өз ортасында тәрбиеленеді. Тілі арқылы халқымыздың өрісін көрсететін әдеби, мәдени туындылар жасалады. Мемлекеттік тілі – халқымыздың өмір сүріп қоғамды жан-жақты дамытып отыруының әрі көрінісі, әрі кепілі.
Ана тілінің күші мен құдыретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап сөз өнерін бар өнердің басы деп санады. Ата- бабаларымыз өзінің асыл мұрасы тіл өнерін келер ұрпағына жеткізіп оны аялап, қастерлеуді тапсырып отырған.
Осы тілімізді біз ары қарай дамытып, жетілдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өйткені, қазақ тілі – ұлттық, мәдени, рухани асыл мұра. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте,»-деп аталарымыз бекер жырламаған екен.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін мемлекеттік тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парыздарымыздың бірі.
Шымкент қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшісінің бас маманы — сот отырысының хатшысы Абдыхалық Б.Ә.