Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында: «Жалпы, ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», – деген еді.
2020 жылы орталықтандырылған сумен жабдықтау қалаларда 97,2 пайызды, ауылдарда 86,4 пайызды құрады. Ал 100 пайыз орталықтандырылған сумен жабдықтау Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында, ауылдар бойынша Алматы, Атырау және Қызылорда облыстарында қамтамасыз етілді. Орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік бойынша төмен көрсеткіштер Қостанай, Жамбыл және Павлодар облыстарында байқалған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында аймақ басшылары соңғы үш жылда біршама жұмысты жүзеге асырды. Мәселен, Жамбыл облысында биыл ауыз сумен қамтылған ауылдар саны былтырғымен салыстырғанда 1,5 есе ұлғаймақ. Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 54 нысанның құрылысына 13,6 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 28 елді мекен тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізген. Биыл жыл соңына дейін 43 ауылды толыққанды таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Облыста барлығы 10 аудан, 4 қала, 150 ауылдық округте 367 ауыл бар. Былтыр облыс орталығы саналатын Тараз қаласының өзінде орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту көрсеткіші 92,4 пайызды құраған болатын. Сол себепті облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының іргесіндегі «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала» шағынаудандары мен 28 саяжай алқаптарына ауыз су тарту бойынша жұмыстарды шешу үшін қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген еді. «Бүгінгі күні Жуалы ауданындағы 49 елді мекеннің 42-сі ауыз сумен қамтылған, ол 85,7 пайызды құрап отыр. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 7 елді мекен бар. Оның ішінде Түктібай, Ақтөбе ауылдарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржы қарастырылды. Бес елді мекен аула және халық саны аз болғандықтан КБМ орнату арқылы ауыз сумен қамтылады», – дейді Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі Мұртаза Жалғас. Ал Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуынша, мұнда 43 елді мекеннің 38-і (88,4%) ауыз сумен қамтылған. 37 елді мекенге «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызмет көрсетсе, Қайнар елді мекені әскери бөлімше арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Аққия және Қосақ ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған және бүгінгі күнге абаттандыру жұмыстары қалып отыр. «Талас ауданында қазіргі танда ауданда 23 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 7 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті сома бөлінген. Енді тек жұмысты сапалы іске асыру керек», – дейді Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Әбдімашұлы.
Е.ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


