Гендерлік теңдіктің ең алдымен тарихына келетін болсақ, 1920 жылғы АҚШ-тағы ахуал. Бұл елде 1920 жылдың 26 тамызында Конституцияға өзгеріс енгізіліп, әйелдерге дауыс беру құқығы берілген. Кейіннен 1976 жылы саясаткер, заңгер, жазушы, қоғам қайраткері Белла Абзугтің бастамасымен дәл осы күн әйел теңдігі күні болып бекітілген. Содан бері жыл сайын осы күні әлем елдерін — әйел құқықтарын қорғауға шақырған жаппай акциялар ұйымдастырылады. Халықаралық феминистік қозғалыстар бірте — бірте күш ала бастады. 1979 жылы БҰҰ-на мүше жер бетіндегі 187-ден аса мемлекет әйелдерге қатысты кемсітулердің барлық түрлерін жою жөніндегі конвенцияны қабылдады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Кейінгі жылдары біздің елімізде де гендерлік саясатқа баса көңіл бөлініп келеді.
Қоғам мен саясат, экономика мен қаржы саласындағы әйел азаматтардың үлесі туралы мәселе соңғы кездері өзекті тақырыптардың нысаны. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, әлемдік экономиканың барлық саласында гендерлік теңсіздік байқалады. 2022 жылы жаһандық гендерлік теңсіздік индексі ықтимал 100% — дың 68%-ын құраған. 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді өзіне қабылдады. Орнықты даму мақсаттары бойынша Прогресс индексі рейтингі 115 көрсеткішті қамтиды. 2022 жылы Қазақстан рейтингтік позицияны 12 орынға жақсартқан. 2019 жылмен салыстырғанда 77– орыннан 65 – інші орынға көтерілді.
Қазақстанның Конституциясы адамды жынысына қарап кемсітуге тиым салады. Соңғы 14 жылда осы бағытта бірқатар стратегиялар іске асырылып, 2009 жылы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды. 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейін гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланды.
Елімізде гендерлік кадрлық саясат үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жұмысқа орналасу және қызмет бабымен көтерілу үшін тең мүмкіндіктер жасалып, әйелдердің еңбек құқығы қамтамасыз етіліп, қандай да бір кемсітушілік пен кедергілерге жол бермеу мақсатындағы бірқатар іс шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі таңда әйелдер жоғары шешім қабылдау жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Орталық сайлау комиссиясында, өңірлер әкімдері орынбасарлары сияқты жоғары лауазымдарда қызмет етуде. Еліміздің саяси лауазымдарында парламенттің сенат палатасында 49 депутаттың 10-ы әйел депутаттар. Мәжіліс палатасында 19 наурызда өткен сайлаудан соң өзгерістерден кейін 98 депутаттың 18-і әйел депуттаттар. 19 министрден: Гиният Ажар Гиниятовна Денсаулық сақтау министрі; Дуйсенова Тамара Босымбековна Халықты әлеуметтік қорғау және еңбек министрі; Сулейменова Зульфия Булатовна Экология және табиғат ресурстары министрі лауазымында қызмет атқаруда.
Бүгінгі күнде гендерлік теңдік тек қана саясат пен мемлекеттік қызметтерде де ғана емес, өкінішке орай қоғам мен отбасы жағдайларында да аса маңызды ден қоюды талап ететін мәселе. Гендерлік теңдікпен қатар, гендерлік теңсіздік сөзінің де жиі көтеріліп жатуы орынды. Қоғамдағы әйелдердің зәбір көруі мен отбасылық зорлық-зомбылықтардағы осы гендерлік теңсіздіктің қалдықтары – қылмыстық құқықбұзушылықтар мен әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірден — бір себебі болып тұр. Бұл орайда мемлекетімізде әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға сәйкес әйелдер мен қыздарды зорлық – зомбылықтың кез келген түрінен қорғау үшін жоспарлар мен стратегияларды әзірлеуде қажетті заңнамалық түзетулерді қабылдауда. Аталған шаралардың бірі 2022 жылы 25 қарашада жарияланған «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» Республикалық акциясы. Президент әкімшілігімен Бас прокуратура бірлесіп, Оңтүстік Кореяның дағдарыс орталықтарының жұмыс модульдерін зерттеп, жұмыс тәжірибесімен ұқсастығы бойынша тиісті іс-қимыл алгоритмдері әзірленді.
Адам капиталын дамытуға ерекше мән беріп отырған елімізде әйел теңдігі мәселесі маңызды мәселе. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп, айналасын үйлестіріп, жарастырып отырған әйелдің өзіне тең дәрежеде, зор құрметпен қараған абзал. Алыс-жақын ағайынды, көрші қолаңды тату ету арқылы қоғамның ынтымағын сақтауда, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде әйелдің ерекше орнын білу – қазақта бұрыннан бар идеология. Бастысы осы құндылығымыздың құрып кетуіне жол бермеген жөн.
А.Н.Айтжанова, Ақтөбе облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының
кеңсе жетекші маманы