XXI ғасырдағы қауіпсіздік ұғымы түбегейлі өзгерді. Бұрын мемлекеттердің қорғаныс қабілеті қару-жарақтың санына, әскердің сапына және әскери техниканың қуатына қарай бағаланса, бүгінде технологиялық артықшылық, ақпараттық қауіпсіздік, киберқорғаныс, ғарыштық мониторинг пен халықаралық әріптестік шешуші факторға айналды. Соңғы жылдары орын алған өңірлік және жаһандық қақтығыстар бір ғана шындықты айқын көрсетті: қазіргі заманғы соғыс тек ұрыс алаңында емес, ақпараттық кеңістікте, цифрлық инфрақұрылымда, байланыс жүйелерінде және экономикалық тізбектерде де жүріп жатыр.
Осындай жағдайда Қазақстанның қорғаныс саясаты да жаңа талаптарға бейімделуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы күштердің жауынгерлік əзірлігін арттырумен қатар, əскери басқарудың тиімділігін көтеру, қорғаныс өнеркəсібін жаңғырту жəне заманауи технологияларды енгізу ұлттық қауіпсіздіктің басты бағыттарының бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл – əскери ынтымақтастықтың мазмұны да түбегейлі өзгеріп келе жатқанын білдіреді. Бүгінде əскери ынтымақтастық бұрынғыдай тек бірлескен оқу-жаттығулар өткізумен немесе ресми келісімдер жасаумен шектелмейді. Ол əскери білім беру, ғылыми зерттеулер, цифрлық технологияларды енгізу, əскери медицина, инженерлік қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік, əскери логистика жəне қорғаныс өнеркəсібіндегі өндірістік кооперация сияқты бағыттарды қамтитын көпқырлы жүйеге айналды. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты осы тұрғыда маңызды артықшылық береді. Еліміз əртүрлі халықаралық ұйымдар мен серіктес мемлекеттермен өзара іс-қимылды дамыта отырып, ешбір əскери текетірестің тарабына айналмай, халықаралық құқық қағидаттарын басшылыққа алады. Мұндай ұстаным ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, Қазақстанның жауапты əрі сенімді халықаралық серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пайымынша, қазіргі əскери ынтымақтас тықтың негізгі мақсаты – қару-жарақ жарысына қосылу емес, басқару сапасын, үйлесімділікті жəне технологиялық мүмкіндіктерді арттыру. Оның айтуынша, бірлескен оқу-жаттығулардың басты құндылығы – түрлі жағдайларда жедел шешім қабылдау, бөлімшелердің өзара іс-қимылын жетілдіру жəне заманауи басқару мəдениетін қалыптастыру. Мұндай тəжірибе ұлттық армияның кəсіби деңгейін көтеруге тікелей ықпал етеді. Дипломат Қайрат Əбдірахманов та қауіпсіздік мəселесін халықаралық құқық пен көпжақты ынтымақтастықтан бөліп қарауға болмайтынын бірнеше еңбегі мен жария пікірлерінде атап өткен. Оның көзқарасына сəйкес, орта державалар үшін сенімге негізделген əскери əріптестік өңірлік тұрақтылықты сақтаудың маңызды құралы болып табылады. Қазақстанның сыртқы саясаты дəл осы қағидатқа сүйенеді. Əлемдік тəжірибе де осыны дəлелдейді. Финляндия соңғы жылдары қорғаныс жүйесін резервтік даярлықпен жəне жоғары технологиялық басқарумен ұштастырып, ұлттық қауіпсіздік моделін айтарлықтай күшейтті. Түркия халықаралық ынтымақтастық пен өз ғылыми-инженерлік əлеуетін ұштастыру арқылы қорғаныс өнеркəсібін қарқынды дамытып, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді экспорттайтын жетекші мемлекеттердің қатарына енді. Ал Оңтүстік Корея қорғаныс өндірісіне ғылым мен инновацияны кеңінен енгізудің нəтижесінде əлемдік қару-жарақ экспорттаушылардың алдыңғы легіне көтерілді. Бұл тəжірибелердің барлығы бір ортақ қорытындыға жетелейді: қазіргі əскери қуат ең алдымен ғылымға, технологияға жəне кадрлық əлеуетке сүйенеді. Қазақстан үшін де қорғаныс өнеркəсібін жаңғырту стратегиялық міндетке айналып отыр. Əскери техниканы жаңарту ғана емес, оны өз аумағында жөндеу, жаңғырту, байланыс құралдарын, радиоэлектрондық жүйелерді, ұшқышсыз платформаларды жəне арнайы техниканы өндіру ұлттық қауіпсіздікті күшейтумен қатар, жоғары технологиялы экономиканың дамуына ықпал етеді. Бұл инженерлік кадрларды даярлауға, ғылыми орталықтардың əлеуетін арттыруға жəне жаңа өндіріс тердің ашылуына мүмкіндік береді. Əскери ынтымақтастықтың тағы бір маңызды қыры – бітімгерлік қызмет. Қазақстандық əскери қызметшілердің халықаралық миссияларға қатысуы олардың кəсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, еліміздің халықаралық жауапкершілігін де айқындайды. Мұндай миссиялар барысында жинақталған тəжірибе төтенше жағдайларда əрекет ету, азаматтық халықты қорғау, гуманитарлық операцияларды ұйымдастыру жəне көпұлтты құраммен жұмыс істеу мəдениетін қалыптастырады. Қазіргі жағдайда қорғаныс саясатының тиімділігі əскери бюджет көлемімен ғана өлшенбейді. Оның негізгі көрсеткіші – армияның технологиялық даярлығы, басқару жүйесінің икемділігі, əскери ғылымның дамуы жəне халықаралық əріптестіктің сапасы. Сондықтан əскери ынтымақтастықты ұлттық қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді инвестициясы ретінде қарастыру қажет. Алдағы онжылдықта əскери салада жасанды интеллект, автономды басқару жүйелері, ғарыштық бақылау, үлкен деректерді талдау жəне ұшқышсыз платформалар шешуші рөл атқарады. Бұл бағыттарда халықаралық тəжірибені игеру Қазақстанның қорғаныс қабілетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Қазақстан бейбітшілік пен халықаралық құқық қағидаттарына берік екенін бірнеше рет дəлелдеді. Алайда бейбітшілікке ұмтылу қорғаныс əлеуетін əлсірету деген сөз емес. Керісінше, тұрақты бейбітшілік сенімді қорғаныс жүйесімен, кəсіби армиямен жəне халықаралық деңгейдегі тиімді серіктестікпен қамтамасыз етіледі. Сондықтан əскери ынтымақтастық бүгінгі күні жай ғана сыртқы саясат құралы емес. Ол – ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың, қорғаныс өнеркəсібін дамытудың, жаңа технологияларды игерудің жəне Қазақстанның халықаралық беделін арттырудың маңызды тетігі. Қазіргі геосаяси жағдайда дəл осындай кешенді көзқарас қана еліміздің тəуелсіздігі мен тұрақты дамуының берік кепілі бола алады. Қазақстанның қорғаныс саласына бөлінген қаржысы соңғы жылдары ұлғайып келеді. 2024 жылы қорғанысқа жұмсалған шығын шамамен 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тұрақты басымдық беріліп отырғанын көрсетеді. Қорғаныс министрлігі бүгінде əскери саясатпен қатар бітімгерлік операциялар, əскери білім мен ғылым, жауынгерлік даярлық жəне халықаралық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. 2025 жылы Қазақстан мен Түркия əскери ынтымақтастық жоспарына қол қойып, бірлескен əскери білім беру, бітімгерлік даярлық, жауынгерлік дайындық жəне əскери медицина бағыттарын кеңейтті. Сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания 2025–2026 жылдарға арналған əскери ынтымақтастық жоспарын қабылдап, офицерлерді даярлау, тілдік дайындық жəне бітімгерлік салаларындағы өзара іс-қимылды күшейтті. Бүгінгі таңда қорғаныс саясаты тек əскери ведомствоның ғана мəселесі емес. Ол – экономиканың технологиялық деңгейіне, ғылымның əлеуетіне, инженерлік мектептердің дамуына, цифрлық қауіпсіздікке жəне мемлекеттің халықаралық беделіне тікелей əсер ететін кешенді мемлекеттік саясат. Сондықтан əскери ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан үшін сыртқы саясаттың жекелеген бағыты емес, ұлттық бəсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылуы тиіс. Осындай ұстаным ғана еліміздің егемендігін нығайтып, өңірлік тұрақтылыққа нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


