2021 жылғы шілде айында қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) 12 қағидат қамтыған. Олардың көмегімен жеке тұлғалардың немесе бизнес субъектілерінің жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін жүзеге асыру, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделер теңгеріміне қол жеткізу және жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайту сияқты міндеттер орындалатын болады.
Жоғарыда айтылғандай, жаңа кодексте заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығы, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, анықтық презумпциясы, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі және сот актілерінің міндеттілігі қағидаттарынан құралады. Бұл қағидаттарды әкімшілік актіні шығару немесе әрекетті жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдар, сондай-ақ дау сот тәртібімен қарау сатысында соттар басшылыққа алады.
Әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері қағидаты.
Әкімшілік қалау-бұл әкімшілік органның заңнамада немесе шектерде мүмкін болатын балама шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі. Осылайша, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектерінің принципі — лауазымды адам әкімшілік актіні тек өз өкілеттіктері шегінде қабылдауға міндетті. Мысалы, лауазымды тұлға өтініш берушінің өтінішін қарайды және құжаттарды тексеру кезінде ол қолайлы әкімшілік акті немесе ауыртпалық түсіретін акт қабылдауға құқылы.
Мөлшерлестік қағидаты.
Бұл қағидат мемлекеттік органды әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушының және қоғамның мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етуге міндеттейді, бұл ретте мемлекеттік органның мұндай әрекеттері жарамды, қажетті және пропорционалды болуға тиіс. Олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болған кезде жарамды деп есептеледі. Өтініш берушінің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері ең аз дәрежеде шектелген жағдайда қажет болып табылады. Егер өтініш берушінің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы әрекеттерден келтірілген зияннан көп болса, пропорционалды болып табылады.
Мысалы, сотта «А» жай серіктестік пен аудан әкімі арасында, соңғының жаңа қоқыс контейнер алаңын салу жөніндегі шешімінің заңдылығы тексеру туралы дау қаралды.
Осы талапты қоя отырып, дау иесі оны төмендегідей негіздеді. 2022 жылғы сәуірде аудан әкімі талап қоюшының көршілес орналасқан аумақта тұрғындармен көшпелі жиын өткізіп, осы жерді орналасқан қоқыс алаңын мөлшерін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Қосымша қоқыс жинауға арналған алаң, талап қоюшының шарбағына жақын орналастыру жоспарлаған. Аталған шешіммен талап қоюшы санитарлық, өртке қарсы және газ-электр қорғау нормаларына қарсы болу себепті келіспей, сотқа дау айтылды.
Сот бұл істі қарау кезінде талап қоюшы өзінен басқа, даулы учаскеде 5 көппәтерлі үй бар екенін анықтады. Екі үйдің арасында қоқыс контейнер алаңын (16 контейнерден тұратын) орнату нәтижесінде қоқыстың үнемі жиналуы және экологиялық нормалардың бұзылуы пайда болды. Коммуналдық қалдықтардың жиналу нормаларын есептеуді, сондай-ақ көшпелі отырыс барысында белгіленген фактіні ескере отырып, осы ауланың тұрғындары үшін 16 контейнер орнату жеткіліксіз екені анықталды.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған үйлердің ауласы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, қоқыс алаңын орналастыруға мүмкіндік бермейтіні анықталды. Осыған байланысты, аудан әкімімен жаңа қоқыс алаңын салу арқылы тұрғын үйден қоқысты шығару мәселесін шешу ұсынылды, өйткені бұл аудан антисанитариялық жағдайда және қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналуына байланысты жұқпалы аурулардың өршу қаупі бар.
Айта кету керек, жауапкер алаңды орнату туралы шешімді газ құбырының, сорғы станциясының иелерімен келіскен, бұл туралы тиісті акт жасалған.
Осыған байланысты жауапкердің әрекеттері пропорционалдылық принципіне сәйкестігі тексерілді.
Соттың пікірінше, жауапкердің қоқыс алаңын салу туралы шешімі қолайлы, қажетті және пропорционалды болып табылады, әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Сот дауланып жатқан акт жарамды, қажетті және пропорционалды деген тұжырымға келді, өйткені ол ӘРПК-нің 5-бабында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы, талап қоюшының құқықтарын шектемейді және жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделер теңгеріміне қол жеткізуге бағытталған, сондай-ақ газ құбырын қорғау аймағының нормаларына сәйкес келмегеніне қарамастан соттың пікірінше, бұл қосымша қоқыс алаңы болмауынан, көрші үй тұрғындарының және арыз иесінің өзіне үлкен зиян келтіру қаупі бар, бұл өз кезегінде қоршаған ортаға қайтымсыз әсер етуі мүмкін. Осылайша, сот талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзуына жол берілмейді деген қорытындыға келді, сондықтан талапты қанағаттандырудан бас тартылды. (Сот шешімі заңды күшіне еңген жоқ).
Соттың белсенді рөлі қағидаты.
Азамат (ұйым) әкімшілік және өзге де жария-билік өкілеттіктері берілген субъектіге қатысты неғұрлым әлсіз тарап болып табылатын жария құқықтық қатынастардың ерекшелігін назарға ала отырып, әкімшілік сот ісін жүргізуде «соттың құқықтық та, этикалық тұрғыдан да пассивті ұстанымға ие болуға құқығы жоқ» деген негізделген тұжырым ұсынылады. Істердің қаралып отырған санаты бойынша дәлелдеу ауыртпалығын мемлекетке ауыстыруды ескере отырып, соттың белсенді рөлі дәлелдемелерді талап ету және заңдарды дұрыс қолдану жөніндегі бастама ретінде айқындалды. Әкімшілік сот ісін жүргізудегі аталған қағидат, сот пен заң алдында жұрттың бәрі тең конституциялық ережесінен ауытқуды куәландырмайды, өйткені оның негізінде жария-құқықтық қатынастардың сипатымен алдын ала анықталған объективті маңызды мән-жайлар жатыр.
Бұдан басқа, судьяның әкімшілік істің нақты және (немесе) заңды тараптарына қатысты құқықтық негіздемелер бойынша алдын ала құқықтық пікір білдіруі осы қағидаттың бір бөлігі болып табылады. Айта кету керек, біріншіден, бұл судьяның құқығы, екіншіден, судья қаралатын істің нақты, заңды тараптарымен байланысты қандай да бір құқықтық негіздемелер бойынша осындай пікір айта алады. Яғни, дау бойынша жалпы болжам емес немесе алдын-ала шешім емес, істің белгілі бір аспектілері бойынша, оны қарау кезінде туындайтын құқықтық мәселелер бойынша алдын ала құқықтық пікір. Үшіншіден, бұл ереже күтпеген сот шешімін болдырмау, сот дискуссиясының сапасын арттыру үшін енгізіледі. Бұрын соңды талап қоюшы мен жауапкер араларындағы дауды, өздерінің позицияларымен бекіту арқылы жүргізетін, төрағалық етуші бұл жерде сот процесінде үнсіз қалып, соңында тараптар үшін басқа негіз және құқықтық норманы қолдана отырып түпкілікті сот актісі шығарылады, ал соттың бұл тұжырымдарына процеске қатысушылар өз пікірлерін айта алмады. Сот процесінде судья өзінің алдын-ала пікірін айтқан кезде, бұл тараптарға жақсы дайындалуға, қосымша ақпарат беруге мүмкіндік береді. Яғни, осылайша процестің сапасы да, түпкілікті шешім де жақсарады, өйткені тараптар, мысалы, судьяның қай бағытта алдын-ала пікірі бар екенін түсінеді.
Құқықтар басымдығы қағидаты.
Бұл қағида құқық қолданушыларды заң актілерінің барлық күмәндерін, қайшылықтары мен түсініксіздігін азаматтардың пайдасына түсіндіруге міндеттейді.
Бұл мемлекеттік органдармен дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, мемлекет деңгейінде басқарушылық шешімдер қабылдау процесінде азаматтық белсенділікті арттыруға мүмкіндік беретін ӘРПК-нің негізгі қағидаттары ғана. Кодексті қабылдау мемлекеттік орган қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, жариялы-құқықтық дауларды шешудің нақты тәртібін белгілеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын және сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға оң септігін тигізетініне күмән жоқ.
Ақтөбе облысының
мамандандырылған ауданаралық
әкімшілік сотының судьясы: А.Ш.Жамиев