Сыбайлас жемқорлық – мемлекет дамуына кедергі келтіреді, елдегі әділдікке, тазалыққа күмәнді көбейтеді. Жемқорлық туралы сыбыс, қылаудай күмәннің өзі болашаққа деген сенімді азайтады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі жүргізу – мемлекеттік саясаттың басым бағытының біріне айналып отыр.
Жемқорлыққа тек мемлекеттік құрылымдардың көмегімен тосқауыл қою мүмкін емес. Елдің ертеңі үшін маңызы бар мұндай іске барша халықты жұмылдыра білгенде ғана күрес нәтижелі болмақ. Десек те, әрбір мемлекеттік құрылым сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды мейлінше тиянақты жүргізіп келеді. Соның ішінде қазақстандық сотта да кеселдің алдын алу үшін қолға алынған жұмыстар көп.
Сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бірнеше бағытта жүзеге асады. Кеселдің себебімен емес, салдарымен күресуге бағытталған бұл жұмыстар ең алдымен сот саласын мейлінше ашық, сот қызметін барынша қолжетімді етуді көздейді. Өйткені, қызмет көз алдында, жариялы түрде көрсетіліп, барлық қарым-қатынас, өзара диалог дыбыс-бейне таспаға жазылатындықтан сот қызметкері мен азаматтар арасындағы сыбайластыққа жол берілмейді.
Екіншіден, бүгінде барлық сот қызметіне жаңа технология жтеістіктерін қолданып, азаматтардың арыз-шағымы мен сұранысын сот ғимаратына келмей, онлайн жолдауына мүмкіндік жасалды. Судьяларға істердің компьютер көмегімен автоматты түрде бөлінуі, сот құжаттары мен сауал, сұраныстарды «Сот кабинеті» сервисі арқылы алуға болатыны сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын пәрменді шаралар. Бұл судьялар мен сот қызметкерлерінің тікелей байланысын болдырмайды. Әрі бұрынғыдай кезек күтіп, анықтама жолдап, қайта-қайта сот ғимаратына келіп әуре болмай-ақ, құжаттарын үйде, кеңседе отырып жолдағандықтан, қарапайым азаматтар да соттан таныс іздеп, пара беруге талаптанбайды.
Жемқорлыққа тұсау салудың келесі бір тетігі тәуелсіз сот төрелігін нығайтумен; заңнамаларды заман талабына сай жетілдірумен байланысты. Сонымен қатар, кеселдің алдын алуда сот процесіне қатысушылар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, соттағы жетістіктер мен кемшіліктерге қатысты азаматтар пікіріне мониторнг жасаған тиімді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның пікірін ескере отырып сот саласын дамытуға көмектеседі.
Соттардың жұмысының анықтығын арттыру, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасаудың да сыбайлас жемқорлықсыз сот қалыптастыруға көмегі көп. Осыған орай, судьялар мен сот қызметкерлері журналистермен бірге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы заңның талаптарын түсіндіруге бағытталған мақалалар жариялауда. Сондай-ақ халықтың құқықтық сауатын арттыру үшін дәрістер өткізуді, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Онда жемқорларға тағайындалатын жаза, белгіленген жауаптылық туралы жан-жақты түсінік беріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте салаға білімді, білікті, өз ісіне адал, өз кәсібін сүйетін жандарды топтастыра білген маңызды. «Кадр бәрін шешеді» демекші, жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелі болуына сауатты, сатылмайтын кадрлардың көмегі көп. Сондықтан, сот саласына кездейсоқ мамандардың кіріп кетпеуіне айрықша маңыз берілуде.
Мухамед Мурзамадиев,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 соты әкімшісі басшысының міндетін атқарушы