Азаматтық сот ісін жүргізу азаматтық істерді сотта қараудың және шешудің тәртібін, сондай-ақ соттардың сот актілерін орындау тәртібін реттейтін құқық саласы.
Азаматтық істер бойынша сот төрелігін сот қана атқарады және азаматтық істер мамандандырылған соттарда да қаралуы мүмкін.
ҚР соттың қарауына жататын барлық азаматтық істерді төрт түрге бөледі:
1) бұйрық бойынша іс жүргізу істері;
2) талап қоюмен іс жүргізу істері;
3) ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері;
4) ерекше іс жүргізу істері.
Осы істердің өзіндік қарау ерекшеліктерімен қоса сот ісін жүргізу сатыларын да бөліп қарастыруға болады. Олар азаматтық іс жүргізу ғылымында әр алуан болып келгенімен, көбінесе жалпыға бірдей бес саты қарастыралады. Оған азаматтық істі қозғау сатысы, істі сотта қарауға әзірлеу сатысы, басты сот талқылауы (сотта істі қарау сатысы), заңды күшіне енбеген сот шешімдері мен ұйғарымдарына апелляциялық шағым беру және өтінішхат келтіру арқылы қайта қарау сатысы және сот актісін орындау мен бақылау сатысы. Сонымен қатар азаматтық іс жүргізудің ерекше сатысы ретінде заңды күшіне енген сот актісін жаңадан ашылған мән-жай бойынша қайта қарау қарастырылған.
Азаматтық сот ісін жүргізуде барлық саты маңызды элемент саналғанымен, сот талқылауы айрықша мәнге ие. Себебі азаматтық процесс толығымен әділеттілік міндеттерін атқаруға бағытталған, дегенмен осы міндеттерді сот тікелей сот талқылауы кезінде жүзеге асырады.
Сот талқылауы сатысында сот азаматтық істі мәні бойынша қарайды, объективтік шындықты анықтайды және шешім қабылдайды.
Істі қараудың қатаң және нақты процессуалдық тәртібі, процесте соттың заңдылықты дәл, нақты сақтауы, соттың тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін барлық шаралармен қорғау шешімнің сенімділігін, заңдылығын және негізділігін ғана қамтамасыз етеді.
Азаматтық іс жүргізудің кейбір қағидалары сот талқылауына тікелей бағытталған. Мысалы, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқығы, сот талқылауының жариялылығы, сондай-ақ дәлелдемелерді ішкі сеніммен бағалау сот талқылауының ажырамас қағидаларының бірі.
Жалпы алғанда азаматтық істерді сотта қарау – бұл соттың және процесстің басқа да қатысушыларының істі қарауға және оны мәні бойынша шешуге бағытталған процессуалдық әрекеттерінің жиынтығы.
Кейбір санаттағы істерді қоспағанда, сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде азаматтық iстерді қарап шешеді.
Дәлелдемелерді дұрыс және жан-жақты зерттеу негізінде істі дұрыс шешу үшін маңызы бар фактілік мән-жайлар анықталады, нақты құқықтық қатынас шегінде құқықтар мен заңды міндеттер нақтыланады және даудың мәні бойынша мемлекет атынан шешім шығарылады.
Басқа сатыларда сот ісін жүзеге асыру дайындалып, істі қарау заңдылығы кадағаланады не шешім орындалса, істі қарау бөлімінде әділ соттылық жүзеге асатынын ескерген жөн.
Сот талқылауында қаралып отырған іс бойынша куә, сарапшы, мамандан сұрау арқылы, сонымен қатар дәлелдемелерді зерттеу, өтінішхаттарды қарау, сотқа қатысушылардың уәждерін, прокурордың қорытындысын тыңдау арқылы шешім қабылданады.
Осы арқылы сот талқылауы сатысында іс жүргізудің принциптері толығымен көрініс табады. Яғни сот талқылауы шындыққа көз жеткізіп, жеті рет өлшеп бір рет кесетін, заңды әрі әділ сот шешімін қабылдайтын саты.
Сондықтан аталған сатыда қатысушылар, тараптар немесе өкілдер іс материалдарына қажетті қандай да бір анық мәліметтер ұсынып, дәлелдемелер келтіретін болса, онда сот шешімі де біз күткендей нәтиже беретін сөзсіз.
Айнұр Әбілқайысқызы
Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы


