Отандық соттың уақыт өткен сайын жанданып, жаңғырып келе жатқанына қарапайым халық куә. Заңдарды жетілдіріп, судьялардың сапалы жұмыс істеуіне, тәуелсіздігін нығайтуға қатысты қолға алынған реформалардың нәтижесі жоғары. Бұған қоса, сот кеңсесінің қызметін оңтайландыру, азаматтардың сотқа қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылған істердің де тиімділігі мен пайдасы орасан.
Сот кеңсесі – сот саласындағы жоғары сапаның кепілі. Сотқа ісі түскен азаматтардың көретіні – судья. Сондықтан, көпшілігі сот жұмысын тек судьяның еңбегіне қарап бағалап жатады. Ал сот процесін ұйымдастырудағы кеңсе мамандарының жанкешті қызметін азаматтар біле бермейді. Шындығында арыз-шағым, материалдар сот өндірісіне түскеннен бастап, судья қарауына ұсынылғанға дейінгі жұмыстың өзі қыруар. Одан бөлек, сот отырысының дұрыс ұйымдастырылуы, сотқа қатысушылардың процеске дер кезінде шақырылып, уақытында келуі, сот отырыстарының талапқа сай өтуі сот мәжілісі хатшыларының тындырымды еңбегі мен ұқыптылығына тікелей байланысты. Сонымен қатар, сот отырысы бітіп, іске нүкте қойылғаннан кейін де кеңсе қызметкерлерінің жұмысы бітпейді. Сот мамандары хаттама толтырып, дыбыс-бейне жазу құрылғысына жазылған таспаны құжаттап, сот актісін тараптардың қолына табыстауда да ортақ тәртіпке сай қызмет етеді.
Әрине, жаңа заманауи технологиялар кеңсе қызметінің жұмысын едәуір жеңілдетті. Ақпараттық технологиялар ең алдымен сот төрелігінің жеделдігі мен ашықтығын арттырды. Заман ағымына сай қолданысқа енгізілген «Сот кабинеті» бірыңғай сервисі, «Төрелік» жүйесі кез келген уақытта соттармен барынша ыңғайлы байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Соның арқасында құжаттарды қабылдау, талап-арыздар мен істерді автоматты түрде бөлу, сот талқылауы, шешімдер мен атқарушылық құжаттарды беру секілді сот қызметінің барлық кезеңдері жылдам әрі сапалы атқарылатын болды.
Бүгінде азаматтар электронды сот төрелігін қаражат пен уақытты үнемдеудің кепілі деп біледі. Сонымен бірге, жаңа технология сот кеңсе жұмысының ашықтығын, жеделдігін арттырып, қағазбастылықтан арылуға көмегін тигізді. Осы кешенді жұмыстардың арқасында Қазақстанда сот органдарының sud.gov.kz деп аталатын бірыңғай интернет-алаңы құрылды. Бұл сайтты пайдаланушылар тек Жоғарғы Соттың ғана емес, елдің барлық соттарының қызметі туралы ақпаратты бірыңғай терезеден көріп, танысып отырады. Сайтта немесе «Smart-сот» телеграм-боты арқылы жиі туындайтын сұрақтарға да қарапайым халықтың жедел, нақты жауап алуына жол ашылған.
Сонымен бірге еліміздегі кез келген тұрғын «Сотқа шақыру қағазы», «Сот құжаттарымен танысу» және «Хабарламаға сот құжаттарын қарау» онлайн сервистерін де пайдалануға төселді.
Әсірсе, «Сот кабинеті» сервисіне қатысты көпшіліктің пікірі жоғары. Бұл сервис сот жұмысына қол жеткізудің бірыңғай онлайн терезесі ретінде мойындалған. Пайдаланушылар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір, қарсы талап арыз немесе өтініш (барлығы 100-ден астам электрондық құжат түрі) бере алады, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлей алады, сондай-ақ кәсіби медиаторды таңдап, медиацияны электрондық түрде жүргізуге өтінім бере алады.
Осындай кешенді шара, игілікті жаңашылдықтардыңбарлығы азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтқаны даусыз.
Балжан Бекболатова,
Алматы қаласы, Әуезов аудандық №2 сот кеңсесінің жетекші маманы