Сот саласы жаңағырудан кенде болып жатқан жоқ. Өйткені, мемлекеттің іргетасы, алтын тамыры саналатын әділеттілік пен заң үстемдігін тура төрелік қалыптастырып, тәуелсіз сот құрғанда ғана қамтамасыз етуге болады. Осыған орай, қоғам қажеттілігіне сай сот жұмысын оңтайландырып, судья таразысы тең тартуы үшін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отырады. Осындай өзгерістің бірі «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарастырылған еді.
Жаңа өзгеріске сәйкес, Азаматтық процестік кодекстің оңайлатылған сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін 13-тарауы жаңғыртылды. Мұндай жаңашылдықтың артында елдегі даукестікті азайту, азаматтардың арыз-шағымын жедел әрі оңтайлы қарау, тараптың қаржысы мен уақытын үнемдеу секілді жанашырлықтың жатқаны анық. Өйткені, акзаматтық істер бойынша сот ісін жалпы тәртіптен бөлек оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау тараптарға өте тиімді. Әрине, істі бұлай қараудың заңмен бекітілген тәрібі бар. Істі оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау үшін талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін – екі мың айлық есептік көрсеткіштен, дара кәсіпкерлер, азаматтар үшін бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Яғни, ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюлар бойынша; талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қоюлар жатады.
Егер талап қоюшының талабы осы тәртіпке сәйкес келсе, талап қоюды оңайлатылған тәртіппен қарауға шешім қабылданып, ол туралы міндетті түрде тараптарға хабарланады.
Сот тәжірибесінен көріп тұрғанымыздай, талап қою сомасының шекті мөлшері өскенімен, оңайлатылған іс жүргізу бойынша қаралған істердің төмендегі байқалады. Бұның бінеше себебі бар. Айталық, соңғы жылдары даулардың бірқатар санаты нотариустарға берілді. Даусыз істердің бірқатары нотариустар құзырына өткендіктен, азаматтық істер санында айтарлықтай өзгеріс болды. Сондай-ақ, кейбір азаматтық істердің өзге мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстылығына берілуі де азаматтық істерді қарайтын соттар жүктемесін азайтуға оң әсерін тигізді.
Жаңа заң қолданысқа енгізілгеннен бері соттар оңайлатылған істерді электрондық форматта қарау бойынша бірыңғай тәжірибе қалыптастырып үлгерді. Осы ретте талап қоюлардың жазбаша түрде де берілетінін ұмытпауымыз керек. Әрі бұл АПК-нің 148-бабының талаптарына қайшы келмейді.
Оңайлатылған іс жүргізу барысында туындайтын мәселелер де жоқ емес. Оның біріншісі сотқа ұсынылатын құжаттардың көшірмесіне қатысты. Іс электронды түрде қаралатындықтан, соттың құжат түбіртегін сұратуға мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ, соттарға істің оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралатынын дер кезінде хабарлау да қиындық туғызады. Өйткені, жауапкерлер электрондық мекенжайын дұрыс көрсетпей, мекенжайын қате жазып жатады.
Жалпы, алғанда оңайлатылған іс жүргізу соттарға да, тараптарға да тиімді. Соттарға тиімді болатыны қаралған іс бойынша судьялар АПК-нің 147-бабы бірінші бөлігінің ережелеріне сәйкес кіріспе және қарар бөліктен тұратын қысқаша шешім шығарды. Бұл судьялардың уақытын үнемдеуге үлкен сеп. Шешімдердің көп бөлігі дау туғызбайды, өйткені ол даусыз істер бойынша шығарылады. Сәйкесінше тараптар да өзіне қажетті шешімді жедел қолға алып, ісін оңтайлы реттеуге қол жеткізеді.
Рустам Измайлов,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы