Қазіргі таңда елімізде ажырасу бойынша статистиканың көрсеткіші қанағаттандырлықтай емес, сол себептен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен 2019 жылдан бастап барлық соттарда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылып, ол бойынша жұмыстар жүргізіліп, сәтті түрде әлі де жүзеге асырылуда.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасының негізгі мақсаты – шаңырақты сақтап қалу, некені бұзуға бел буған тараптарды татуластыру, татуласу арқылы неке бұзу санын азайту, балалардың толық отбасында тәрбиеленуіне мүмкіншілік беру, ал қажетті жағдайда отбасыға тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету болып табылады. Өйткені сотқа неке бұзу бойынша жүгінген ерлі-зайыптылар, сондай-ақ балалары да моральды тұрғыдан зардап шегетіні сөзсіз. Сондықтан да, «Отбасылық сот» пилоттық жобасының аясында тараптарды татуластыру жұмыстарын тек судьялар ғана емес, сонымен қатар психологтар, медиаторлар, педагогтар да атқарып келеді.
Жалпы, ерлі-зайыптылардың неке бұзу себептерін білу және оның алдын-алу, некені сақтап қалуға көмек беру үшін отбасы-тұрмыстық қатынастардан, яғни некеде болған немесе некедегі, бірге тұратын немесе бірге тұрған адамдар арасында туындайтын даулардың әр сотта емес, бір сотта қаралғаны өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін отбасына қатысты азаматтық істер әртүрлі соттарда қаралып келген. Мысалы, некені бұзу, алименттік міндеттемелерден туындайтын даулар, мүлік бойынша даулар, меншікті бөлу бойынша азаматтық істер аудандық және оған теңестірілген соттарда, ал балаларға қатысты істер, яғни Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай — АПК) 27-бабы 3 тармағында көзделгендей — баланың тұрғылықты жерін айқындау, ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау, ата-ана құқықтарынан айыру (оларды шектеу) және оларды қалпына келтіру туралы, бала асырап алу және оның күшін жою туралы, кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу туралы даулар бойынша, кәмелетке толмағанның әкесін анықтау және одан алименттер өндіріп алу туралы, әке болуды анықтау туралы және баланы күтіп-бағуға пайыздық қатынаста немесе нақты ақшалай сомада алименттер өндіріп алу туралы, алименттердің мөлшерін азайту туралы істер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда қаралып келген.
Сондықтан да, жоғарыда келтірілген санаттағы азаматтық істерді, кәмелетке толмаған ортақ балалары бар болған жағдайда, бір сотта қаралу қажеттілігін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарында, Қазақстан Республикасының 27.03.2023 жылғы № 216-VII Заңымен АПК-не енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қосымша санаттағы кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу (кәмелетке толмаған балалар болған кезде) туралы қосымша санаттағы істер қаралуда. Өйткені, бала отбасының қазынасы екендігін ескерсек, «Отбасы» және «Бала» деген ұғым бір-бірінен ажырамас түсінік.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Қайрат Оразбек.