Мемлекеттік тіл және әділ сот қағидаты

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің негізгі нышандарының бірі, қоғамның құқықтық және мәдени бірлігін қамтамасыз ететін маңызды құндылық. Елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Конституциямен бекітілген. Мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің барлық саласында, оның ішінде сот төрелігін жүзеге асыру барысында қолданылуы – заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін қалыптастыратын маңызды фактор.

Сот төрелігінің басты мақсаты – адамның бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және әрбір істің әділ шешілуіне кепілдік беру. Осы тұрғыдан алғанда, сот ісін жүргізу тілінің мәселесі әділ сот қағидатынан бөлек қаралмайды.

Мемлекеттік тіл – сот төрелігінің маңызды құрамдас бөлігі.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сонымен қатар сот ісін жүргізу мәселелері заңнамада нақты реттелген. Сот ісін жүргізудің тілін сақтау сот процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

Сотқа жүгінген әрбір азамат өзінің талап қоюын, шағымын немесе өтінішін өзі үшін түсінікті тілде беруге, сот отырысында өз ойын еркін білдіруге, іс материалдарымен танысуға және қабылданған сот актісінің мазмұнын толық түсінуге мүмкіндік алуға тиіс.

Бұл жерде мемлекеттік тілдің қолданылуы мен процеске қатысушылардың тілдік құқықтарын қамтамасыз ету арасында қайшылық болмауы қажет. Керісінше, бұл екі бағыт бір-бірін толықтыруы тиіс.

Мемлекеттік тілдің сот төрелігіндегі орны оның жай ғана құжаттарды қазақ тілінде рәсімдеумен шектелмейді. Ол судьяның, сот қызметкерінің, адвокаттың, прокурордың және өзге де процеске қатысушылардың құқықтық терминологияны дұрыс әрі бірізді қолдануынан, сот актілерінің сапасы мен түсініктілігінен көрініс табады.

Әділ сот ұғымы ең алдымен заң алдында баршаның тең болуын, соттың тәуелсіздігін, тараптардың тең құқықтылығын, сотқа қолжетімділікті және әрбір адамның өз құқықтарын тиімді қорғау мүмкіндігін қамтиды.

Азамат сотқа келген кезде тек сот шешімінің заңды болуын ғана емес, оның не себепті дәл осындай шешім қабылдағанын түсінуге тиіс. Сот актісі тараптарға түсінікті әрі негізді болған жағдайда ғана сот төрелігінің мәні толық ашылады.

Осы тұрғыдан алғанда, сот актісінің мемлекеттік тілде сауатты, нақты және түсінікті жазылуының маңызы ерекше.

Құқықтық тілдің күрделілігі кейде сот актісін қарапайым азаматтың түсінуін қиындатуы мүмкін. Сондықтан сот актісін әзірлеу кезінде заң терминологиясының дәлдігімен қатар, ойдың жүйелілігіне, сөйлемдердің түсініктілігіне және құқықтық нормалардың дұрыс қолданылуына назар аудару қажет.

Сот актісі – тек заңгерлерге арналған құжат емес. Ол ең алдымен сотқа жүгінген адамның құқықтық жағдайына тікелей әсер ететін құжат. Сондықтан оның мазмұны тараптардың құқықтары мен міндеттерін нақты түсінуге мүмкіндік беруі тиіс.

Демек, мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуы – сот актісінің сапасына әсер ететін фактор.

Сот төрелігін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілді сапалы қолдану үшін құқықтық терминологияның бірізділігі ерекше маңызға ие.

Қазақ тіліндегі заң терминдерінің қалыптасуы мен дамуы құқықтық жүйенің дамуымен тығыз байланысты. Бір құқықтық ұғым әртүрлі құжаттарда әрқалай аударылып немесе әртүрлі мағынада қолданылса, бұл құқық қолдану практикасына кері әсер етуі мүмкін.

Сондықтан сот жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту тек қазақ тілінде іс жүргізу көлемін арттырумен шектелмеуі керек. Негізгі міндеттердің бірі – сот актілерінің қазақ тіліндегі сапасын арттыру, құқықтық терминдерді біріздендіру және судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби тілдік құзыретін жетілдіру.

Бұл ретте мемлекеттік тілде әзірленген сот актісінің сапасы орыс тіліндегі сот актісінің аудармасы деңгейінде қалмай, құқықтық ойдың қазақ тілінде тікелей және кәсіби түрде берілуімен ерекшеленуі маңызды.

Әділ соттың маңызды кепілдіктерінің бірі – адамның сот процесінде өз құқықтарын толық жүзеге асыра алуы.

Егер адам сотта қолданылатын тілді жеткілікті деңгейде түсінбесе, оның өз ұстанымын білдіруі, дәлелдемелер ұсынуы, қарсы тараптың уәждеріне жауап беруі және соттың әрекеттеріне қатысты пікір айтуы қиындайды.

Сондықтан мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі рөлін күшейту процеске қатысушылардың тілдік құқықтарын шектеу арқылы емес, олардың құқықтарын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Мұнда сот үшін маңызды міндет – бір жағынан, мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін қамтамасыз ету болса, екінші жағынан, процеске қатысушылардың өздеріне түсінікті тілде сот төрелігіне қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету.

Осы екі талаптың үйлесуі – әділ сот қағидатының нақты көріністерінің бірі.

Мемлекеттік тіл мен әділ сот қағидаты – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Мемлекеттік тілдің сот төрелігінде сапалы қолданылуы заң талаптарын орындаумен қатар, азаматтардың сотқа қолжетімділігін, құқықтық ақпаратты түсінуін және сот актісінің мәнін қабылдауын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сондықтан мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданысын дамытуға тек тіл саясатының бір бағыты ретінде емес, сот төрелігінің сапасын арттырудың, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етудің және сотқа деген қоғамдық сенімді нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарау қажет.

Қазақ тілінің сот төрелігіндегі орны нығайған сайын, құқықтық тілді дамыту, сот актілерінің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау бағыттары да өзара сабақтастықта дами түседі.

А.Сәрсенбергенов, Мұғалжар аудандық сотының судьясы  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның тұрақты дамуына кері әсер ететін,...

Ту – бірегейлік пен ынтымақтың жаршысы

Тулар түрлі-түсті маталардың қиындылары ғана емес, олар – ұлттардың...

Экспертное заключение

«ADALDYQ CUP» — эффективный инструмент трансформации государственной службы Качество современного...

Эксперттік қорытынды

«ADALDYQ CUP» — мемлекеттік қызметті трансформациялаудың тиімді құралы Бүгінгі мемлекеттік...

Нет коррупции!

Коррупция остаётся одной из наиболее актуальных проблем современного общества,...