Кешірімділік пен келісім, қандай істе де бітімге келу халқымызға тән
қасиет. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Бірлігі мықтының – тірлігі
мықты» қағидатын ұстанған бабаларымыздың барлық уақытта «Бас жарылса
бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде»-деп, дау-жанжал атаулыны
бітімгершілікпен шешіп отыруы осының дәлелі. Өйткені, халқымыздың төбе
биі атанған Төле би айтқандай, «Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да
ала алмайды».
Билер институтының дау шешудегі тамаша ұстанымы
тәуелсіз еліміздің сот жүйесінде де заманға сай жаңғыртылуда.
Медиация институтының тиімділігін түсінгендер сотқа дейін де, сот
барысында да өзара келісімге келу мүмкіндігін пайдалануда. Сотқа
жүгінушілердің дауды ушықтырмай медиациямен аяқтауы үшін судьялар
тарапынан қажетті шараның бәрін қабылданады. Осы арқылы олар екі
жақтың татуласуына жол ашады.
Айтып өтерлігі, дау шешудің баламалы тәсілдері сот тәжірибесіне ҚР
Жоғарғы Сотының тарапынан жан-жақты жетілдіріліп енгізілуде. Бұл
тұрғыда «Соттағы татуластыру рәсімдері», «Татуласу: сотқа дейін, сотта»,
т.б. жобаларды, сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінде ашылған Татуласу
орталықтарын айтуға болады. Қазіргі күні соттарда судья-медиаторлар
белсенді жұмыс істейді. Яғни, медиация институтының артықшылықтарын
халыққа жеткізуге судьялар өлшеусіз қосуда.
Алдымен заңдылыққа келсек, Азаматтық процестік кодекспен
айқындалған талаптарға сай, азаматтар татуласу келісімі, дау-жанжалды
медиация тәртібімен реттеу және партисипативтік рәсім, сондай-ақ, сотқа
дейінгі хаттама жасау арқылы ортақ мәмілеге келе алады. Олар екі арада
туындаған дауды өзара келісіммен бітіруде осы қағидалардың бірін таңдауға
құқылы Мәселен, дауды татуласу рәсімдерін қолдана отырып реттеу
туралы өтінішхат аталған заңда ерекше көзделмесе, талап қоюдың кез келген
ісі бойынша мәлімделеді.
Айтып өтерлігі, тараптар дауды реттеу келісімін жасағанда ондағы
шарттардың басқа азаматтар құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан
келтірмеуіне баса назар аударулары керек. Келісім заңға қайшы келген
жағдайда оны сот бекітпейді.
Медиация рәсімінде тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу
туралы өтінішхаты мәлімделеді. Егер олар медиация тәртібімен келісімге
келе алмаса немесе медиация шартын сот бекітпесе іс жалпы тәртіпте
талқыланады. Жапы алғанда, дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу,
татуласу, сондай-ақ, партисипативтік келісім АПК-нің 179-бабына сай
жүзеге асырылады.
Дауды медиация рәсімдерімен бітіруге көпшілік көзқарасының жылдан-
жылға жақсарып жатқанын тәжірибе байқатуда. Мысалы, бұдан үш жарым
жыл бұрын (2020 ж.) Наурызбай аудандық сотында 83 іс медиация
тәртібімен, 19-ы бітімгершілік келісіммен, 1-еуі партисипативтік рәсіммен
реттелді. Ол жылы сотқа 2430 талап қою түскен болатын. 2021 жылы бұдан
әрі көбейіп, 2699 талап қоюдың 89-ы медиация, 21-і бітімгершілік жолымен
шешілді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға артып, 279 іс медиация
тәртібімен бітті. Сондай-ақ, 46 істе тараптар медиативті келісімге келді, 2 іс
партисипативті рәсіммен аяқталды.
Келтірілген мәліметтер халықтың жылдан-жылға медиация институтына
айтарлықтай деңгейде бет бұрып жатқанын, яғни, дауды келісіммен
аяқтаудың тиімділігін түсінгенін аңғартады. Биылғы жарты жылдықтағы
көрсеткіш те нәтижесіз емес. Мысалы, осы жылдың бірінші тоқсанында
түскен 710 талап арызда іс жүргізудің тоқтатылуымен 90 іс қаралды. Осының
74-інде тараптар медиация рәсімін таңдаса, 5-еуінде медиативті келісім
жасады.
Партисипативтік рәсім аясында бітетін істердің аздығы адвокаттар мен
заң палатасы мүшелерінің белсенділігін талап етеді. Себебі, партисипативтік
рәсім «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға сай, екі тарап
адвокаттарының не заң консультанты палатасы мүшелерінің
жәрдемдесуімен жүргізіледі. Бұл рәсімге судья қатыспайды. Бірақ, ол 182-
бап талабымен дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы
келісімнің мазмұнын тексеріп, оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді
тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
Жалпы алғанда медиация институтының қолданыс аясын кеңейтуге
атсалысу әрбір азаматтың міндеті. Өйткені, медиация дау шешудің заманауи
тәсілі ретінде азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.
Талғат Орынғали,
Наурызбай аудандық сотының төрағасы
Алматы қаласы