Жаздың аптап ыстығы көпшілік үшін үлкен сынаққа айналады. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін ыстық ауа райы ағзаға айтарлықтай салмақ түсіреді. Мұндай жаста ағза жоғары температураға бұрынғыдай тез жауап бере бермейді: шөлдеу сезімі кеш пайда болуы мүмкін, тер бөлінуі баяулайды. Соның салдарынан адам өзіне су мен салқындық қажет екенін дер кезінде байқамай қалуы ықтимал.
ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің дәрігер-гериатры Әсемгүл Байкенованың айтуынша, аптап ыстық күндері егде жастағы адамдар мен олардың жақындары денсаулық жағдайына ерекше мұқият болуы керек.
Ауа температурасының жоғары болуы жүрек-қан тамырлары жүйесіне елеулі жүктеме түсіреді. Гипертониясы және созылмалы аурулары бар науқастарда ыстық пен ағзаның сусыздануы аясында артериялық қысым ауытқып, әлсіздік, бас айналу және жалпы жағдайдың нашарлауы байқалуы мүмкін.
Күн өту мен ыстық өту ерекше қауіп төндіреді. Бұл жай ғана өзін жайсыз сезіну емес, жедел жағдай болып саналады. Егер адамда қатты әлсіздік, сананың шатасуы, дене қызуының жоғарылауы, құрысу белгілері байқалса немесе ол есінен танып қалса, дереу жедел медициналық көмек шақыру қажет.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дәрігер күннің ең ыстық уақытында далаға шықпауға кеңес береді. Серуен мен қажетті шаруаларды таңғы сағат 11:00-ге дейін немесе кешкі 17:00-ден кейін жоспарлаған дұрыс. Егер сыртқа шығу қажет болса, көлеңке жақпен жүру, бас киім кию немесе қолшатыр пайдалану маңызды.
Су ішу тәртібін сақтау да аса қажет. Ыстықта ағза көп сұйықтық жоғалтады. Сондықтан қатты шөлдегенді күтпей, суды тұрақты түрде ішіп отыру керек. Таза газдалмаған су, қантсыз компот, морс немесе шөп шайларын таңдаған жөн. Ал тәтті газдалған сусындар мен алкогольден бас тартқан дұрыс, өйткені олар шөлді және сусыздануды күшейтуі мүмкін.
Үйде де салқын жағдай жасау маңызды. Бөлмені таңертең және кешке желдетіп, күндіз терезені қалың пердемен жауып қойған дұрыс. Салқын сумен ылғалды тазалау да жақсы көмектеседі. Егде жастағы адамдар кондиционерді абайлап пайдалануы керек, себебі ағзаны шамадан тыс салқындатып алу қаупі бар. Егер желдеткіш қолданылса, ауа ағынына тура қарсы отыруға болмайды.
Ыстық күндері киім жеңіл, кең және табиғи матадан болғаны жөн. Ашық түсті киім күн астында аз қызады, ал мақта мен зығыр мата денеге ыстықты жеңілірек көтеруге көмектеседі.
Дәрігер-гериатр аптап ыстықта физикалық жүктемені азайту қажет екенін де еске салады. Ауыр жұмыс, ұзақ серуен және ұзақ жол жүруді кейінге қалдырған немесе салқындау уақытқа ауыстырған дұрыс. Гипертониясы бар адамдар үшін артериялық қысымды тұрақты өлшеп отыру және дәрігер тағайындаған дәрілерді үзіліссіз қабылдау өте маңызды.
Жазда тамақтану да жеңіл болғаны дұрыс. Ас мәзіріне көкөніс, жеміс-жидек, қышқыл сүт өнімдері мен сүзбені көбірек қосқан жөн. Майлы, ауыр және ащы тағамдарды шектеген дұрыс, себебі олар ағзаға қосымша салмақ түсіреді.
Егер егде жастағы адамның ыстықта жағдайы нашарласа, оны мүмкіндігінше тезірек салқын жерге апарып, жатқызу, таза ауа кіргізу, суды аз-аздан ұрттатып беру және тар киімін босату қажет. Жағдайы нашарлай түссе, «өзі өтіп кетеді» деп күтуге болмайды, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну керек.
Аптап ыстық адамнан сақтық пен өз денсаулығына мұқият қарауды талап етеді. Әсіресе егде жастағы адамдар үшін қарапайым шаралардың өзі жеткілікті су ішу, салқын жерде болу, көлеңкеде жүру, қан қысымын бақылау және артық жүктемеден бас тарту денсаулықты сақтауға, ағзаның қызып кетуінің алдын алуға және жаз күндерін қауіпсіз өткізуге көмектеседі. Ыстықта өзіңе және жақындарыңа қамқор болу ұсақ нәрсе емес, қауіпсіздік пен жақсы көңіл-күйдің маңызды кепілі.
Әсемгүл Байкенова
ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің дәрігер-гериатры


