12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ерболат САТЫБАЛДИН, Парламент Мәжілісінің депутаты: «ТАЛАНТТЫ ЕМЕС, ТАНЫСТЫ БАҒАЛАҒАНДАР БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ БАТПАҚҚА БАТЫРДЫ»

– Ерболат Жалғасбайұлы, Мемлекет басшысы еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыздың өзімізді қамтамасыз ете алуы қажет екенін айтты. Нақты жасалуы тиіс он бес жобаны көрсетті. Сіздіңше олар қай бағытта болуы мүмкін, бұл тізімге өзіңіз не қосар едіңіз?

– Иә, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылған Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында жасаған жолдауында ел дамуының негізгі бағыттарына кеңінен тоқталып өтті. Онда негізінен ел экономикасындағы ауыл шаруашылығы, кен өндірісі, салық, технологиялық жаңғыру сияқты маңызды салаларға қатысты жаңа міндеттерді айқындап берді. Меніңше, ауыл шаруашылығына айырықша басымдық берілуі керек. Мұнда өнімдерді тереңдетіп өңдеу ісі жолға қойылуы тиіс. Бұл бүгінде тұтас әлем үшін өзекті болып тұрған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, туризм индустриясы алға шығу керек. Осы мәселелердің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болды. Негізі туризмді дамытуға елімізде үлкен мүмкіндік бар. Мәселен, өзім сайланған Ұлытау облысындағы Жошы хан, Алаша хан мазарларын, Қазақстанның қара мысы алғаш өндірілген жер – Қарсақпайды аспан асты мұражайына айналдыруға болады. Одан соң көңіл аударатын сала – білім мен инновация. Өйткені, ғылым-біліммен қатар дамымай экономика алысқа бара алмайды. Жаңа индустрия, өнеркәсіптік технологияға озық біліммен қаруланған мамандар қажет. Сол секілді халық тұтынатын дайын өнімдер өндірісі әрдайым өзекті болып келеді. Бұл мәселені шешпей біз импортқа тәуелділіктен құтыла алмайтынымыз айдан анық. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту мәселесін де шеше алмаймыз. Көліктік логистика да басымдық беретін маңызды сала. Қазақстан Орталық Азиядағы логистикалық хаб бола алады. Осы мүмкіндікті кеңінен пайдалануымыз керек. Мұнда да біраз жұмыс орындары ашылады. Цифрлық даму, банк және қаржылық институттардың да жұмысын жолға қою еліміздің нарығына, халықтың әлеуметтік ахуалына оң серпін береді. Шыны керек, бүгінде бұл салалардың әлеуеті толық ашылмай тұр. Егер Мемлекет басшысы айтқандай, олардың тиісті құқықтық базаны жасап, инфрақұрылымын құрып, мамандар шоғырын қалыптастыра алсақ, экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да елімізде өрлеу болатыны сөзсіз.

– Иә, оған сөз бар ма! Отыз жыл ішінде осы мақсатта біршама бағдарлама қабылданды. Соның бірі – Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы. Осы жобаның сіздіңше нәтижесі болды ма? Оның аясында ашылған қандай ірі өндірістер бар?

– Енді 2030 жылы Азия барысына айналамыз деп отырған мемлекетпіз. Дамыған 50 елдің қатарына кіреміз деген мақсатымыз да болды. Өкінішке қарай сол бағдарламалар діттеген мақсатына жеткен жоқ. Бұл енді сол кездегі ниеттің дұрыс болмауынан деп ойлаймын. Мұнда белгілі бір тұлғаның немесе билік басындағы кісілердің баюы көзделді. Жалпы, мемлекетті көтереміз, жаңа деңгейге жеткіземіз деген таза мақсат болмады. Мемлекет басшысы айтқандай, негізгі байлық ат төбеліндей адамның қолына шоғырланды. Десе де, бұл бағдарламалар белгілі жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін де айтуға тиіспіз. Атап айтар болсақ, осы бағдарламаның арқасында өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың оң серпіні қалыптасты. Президент жолдауында айтып кеткендей, былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 трлн теңге болды. Елімізге 28 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 млрд долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 млрд долларға жуықтады. Жоғарыда айтылған себеппен жіберілген кемшіліктер де аз емес. «Көш жүре түзеледі» демекші, кеткен кемшіліктер келешек үшін сабақ болары даусыз.

– Бұл жобаның аясында бірқатар өндіріс телекөпірде ашылып, ары қарай жұмысын жалғастыра алмай қалды. Олардың қатарында биоэтонол мен кремний зауыттары бар. Мұның себебі не деп ойлайсыз? Қаржы жеткілікті бөлінбеді ме, мамандар болмады ма, әлде жемқорлық орын алды ма?

– Біздің ойымызша, бұл жерде ең бастысы жемқорлыққа жол берілді. Білікті мамандар да тапшы болды. Бар мамандардың өзінің потенциалын пайдалана алмадық. Іс басындағылар жұмысқа сапалы маманды емес, тек өздері сенген адамдарды ғана тартты. Соның салдарынан, жоспар толыққанды жасалмады, өндірістің тиімділігі дұрыс бағаланбады. Осылайша бірқатар өндіріс орындары ашылған соң көп кешікпей өз жұмысын тоқтатып жатты. Бұл жағдайлар жан-жақты зерделеніп, тиісті қорытынды шығарылу керек. Мүмкіндіктер жан-жақты сараланып, нақты іс-шаралар белгіленуі шарт. Әсіресе жекеменменшік-мемлекеттік әріптестік нысанда да бизнесті дамыту көптеген тоқырап жатқан салаларға жан бітіретіні сөзсіз. Атап өтсек, азық-түлік өндірісі. Қазақстанда әлі күнге азық-түлік өнімдерінің импортына тәуелділік басым болып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ақсап тұр. Мысал ретінде атап өтсем, Ұлытау облысында әлі күнге мал терілері мен жүн өңдейтін кәсіпорын жоқ. Шаруалардың тері мен жүнді ешқайда өткізе алмай, өртеп, көміп жатқан жағдайы бар. Яғни қыруар дүние ысырап болуда. Мұндай жағдай бүкіл Қазақстан бойынша орын алып отыр. Шын мәнінде ұқсата білсек, мұның бәрі байлық қой.

– Енді алда бұл жағдайдың жойыларына қандай кепілдік бар? Шын мәнінде бүгінде іс басына келіп жатқан басшылардың көбі осы проблемалар орын алған кезде қызмет еткен тұлғалар. Олардың біліктілігі жаңа міндеттерді орындауға жете ме?

– Бұрынғыға қарағанда, қазір көп мәселелерді талқылап, қарауда ашықтық, әділдік бар. Мәселен, Парламентті айтатын болсақ, бүгінде әрбір заң бабы төңірегінде қызу пікірталас, айтыс жүреді. Барынша елге қажет, мәселені шешетін, экономиканы көтеретін, тәртіпті нығайтатын заң тетіктерін қабылдауға күш салып жатырмыз. Меніңше осының бәрі жаңаша әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. 

– Кен орындары жайлы әңгіме қозғалғанда олардың шетелдіктер қолына өтіп кеткені, ал бұл серіктестердің өз инвестициялық міндеттерін орындамай жатқаны айтылады. Сіздіңше, мұндай мәселенің орын алуына не себеп? Мұны Үкімет пәрменінің жоқтығымен байланыстырған жөн бе?

– Бұл өте ауқымды мәселе, сондықтан біржақты айтуға болмайды. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік алған тұста елімізге инвесторлар керек болды. Біз шетелдік инвесторларды шақырып, табиғи ресурстардың көптеген түрін өндіретін салаға жан бітірдік. Еліміздің экономикасы тұрақталып, мемлекет бюджеті қаражатпен толығып, халқымыздың әл-ауқаты түзелді. Әрине, шетелдік инвесторлар тарапынан кетіп жатқан кемшіліктер де аз емес. Бұл жерде мемлекет тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі немесе әлсіздігі де себеп болып жатқаны шындық. Сондықтан бақылау мен қадағалауды күшейту керек деп есептеймін. Сонымен қатар, кезінде жасалған келісімшарттарды қайта қарау керек. Бұл туралы өзінің жолдауында Президент те айтып, Үкіметке жыл сайын экологиялық және технологиялық аудит жасауды міндеттеді. Менің ойымша, бұл шара әрбір бес жыл сайын жүзеге асатын болады.

– Жалпы олармен келісімшарттарды қайта қарайтын уақыт келген сияқты. Алайда Үкімет асығар емес. Неліктен?

– Келісемін, бүгінде заңнамалық тұрғыдан, экономикалық саясат тұрғысынан кейбір кемшін кеткен тұстарын түзейтін, кейбір шарттарды қайта қарайтын немесе талқылайтын да мезгіл туды. Бұл компаниялардың көбісі трансұлттық компаниялар. Сондықтан алдыңғы кезекте құқықтық база басты рөл ойнайтынын да ұмытпағанымыз абзал. Келісімшарттар жасалған соң, оны өзгертудің немесе тоқтатудың өзіндік тәртіптері мен жолдары бар. Оны айналып өте алмайсыз. Себебі, одан туындайтын жауапкершілік мәселесі де жоғары тұруы керек. Бұл бір күнде, бір адамның шешімімен жүзеге асатын шаруа емес. Мұнда әр тараптың мүддесі, міндеттемесі бар. Олардың орындалуына әр тарап та жауапты. Десе де, бүгінде келісімшарттарды қайта қарау қолға алынды. Бұл шараның оң нәтижесі болатынына сеніміміз зор.

– Мемлекет басшысы жаңа өнеркәсіп саясаты жайлы айтты. Онда қандай мәселелер басым сипатқа ие болуы керек деп ойлайсыз?

– Иә, жаңа өндірістік саясат бүгінде барлық елдер көшкен тенденция. Бұл туралы Президентіміз Қ.Тоқаев өз жолдауында айтып кетті. Яғни, өндірісті дамыту, оны жан-жақты қолдау мен ынталандыру үздіксіз жүріп отыруы керек. Ішкі нарықты қолдау, отандық өнімдерді тұтыну, қазақстандық үлес мұның бәрі бүгінгі ел экономикасын көтеру үшін ауадай қажет дүние.

– Жаңа өнеркәсіптік саясатта өндірістерімізге өзіміз иелік ету, қазақстандық магнаттарды қалыптастыру мәселесі орын алу керек деген пікірге қалай қарайсыз?

– Кез келген дамуға бет алған мемлекет ұлттық буржуазияға иек артады ғой. Тарихта да бар. Қазір үлкен компанияларды ұлттық компанияға айналдыру керек деп айтылып жатыр. Бұл енді инемен құдық қазғандай жұмыс. Мемлекет бұл жұмысты бастады. Сондықтан ұлттық буржуазияның өсіп шығатын да, халықтың олар басқарған компаниялар игілігін көретін күндер де алыс емес шығар.

– Кен орындарындағы еңбек жағдайы өзіңізге белгілі. Жуырда ғана Қарағандыдағы көмір шахталарында болған апатта тағы да адам шығыны орын алды. Сарапшылардың айтуынша, онда еңбек қауіпсіздігінің қарапайым нормалары сақталмайды екен. Әріптестеріңіз осы мәселеге үн қосып, Митталмен келісімшартты бұзу жайлы мәселе көтерді. Оған қандай жауап болды? Мәселе тиімді шешімін таба ма?

– Бұл компания өрескел заң бұзушылықтар жасады. Оны біріншіден жауапкершілікке шақыру керек. Ол мүмкін емес жағдайда өндірісті қайтарып алу бағытында жұмыс жүру керек.

– Мемлекет басшысы жаңа заманның мұнайына айналған сирек кездесетін металл кеніштерін игеруді басты бағытқа айналдыруды тапсырды. Бұл тапсырманы қалай жүзеге асырамыз? Инфрақұрылым лайықты ма, кадрлар жеткілікті ме?

– Менің ойымша, инфрақұрылым, кадр мәселесі бүгінгі күнде бар, бірақ шешімін табуға болатын сала. Сондықтан Президентіміздің бастамасын қолдауға болады. Елімізде сирек металл өндірісін жандандыру заман талабы. Әсіресе, әлемдік нарықта бұл ресурстарға деген сұраныстың артуы, олардың бағасының шарықтап кетуі аталған саланы дамытуға өз серпінін берері анық. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, бұл істің өз уақыты таяды деп есептеймін.

– Кен орындарының экологиялық қауіпсіздігі мәселесі қаншалықты шешімін тауып жатыр? Мәселен, Жезқазған мыс зауытында бұл талап қаншалықты орындалуда?

 – Жезқазаған мыс зауытының экологияға келтіріп жатқан зияны бар. Өндірістен ауаға және суға лас заттар тасталуда. Сол үшін экологиялық айыппұлдар төлеуде. 2025 жылға дейін күкірт қышқылын сүзетін сүзгіні орнатып, іске қосу жайлы келісім бар. Бұл жөнінде БАҚ-та да ақпараттар таратылған. Қазіргі таңда компания қоршаған ортаға зиянды заттарды тастауды тоқтату бағытында тағы біраз жұмыс жүргізіп жатыр.

– Бізді негізінен асырап тұрған – кен орындары. Біздегі шенеуніктердің бас қатырып жұмыс істемеуінің бір себебі осы секілді. Ауыз толтырарлық отандық өнімнің болмауына да осы түрткі болып отыр. Келісесіз бе?

– Өкінішке қарай келісемін, біздің елімізде «Голландиялық ауру» құбылысы орын алған. Яғни, шикізатқа тәуелді экономикада өмір сүріп жатырмыз. Табиғи ресурстарды сатудан түсіп жатқан қаражат Үкіметтің көп мәселеге басын қатырмауына себеп болды. Біз тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан асса да, осы тенденцияның ықпалынан шыға алмай отырмыз. Дегенмен, әлі де кеш емес. Ол үшін елімізге экономикаға диверсификация жасауда батыл қадамдарға бару керек.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Елімізде қанша ұшақ 25 жылдан ұзақ пайдаланылған?

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын қанша ұшақтың мерзімі 20 жылдан көп екенін айтты.

Елімізде қыста мопедпен жүруге болады ма?

Қазақстан нарығында мопедтерге арналған арнайы қысқы шиналар жоқ. Бұл мопедтердің негізінен ыстық елдерде жиі қолданылуымен байланысты, сол себепті мұндай өнімге қажеттілік жоқ.

Алматыда Жаңа жыл мерекесіне орай отшашу жоспарланып жатыр ма? 

Бұл сұраққа қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

Тағы бір елде TikTok бұғатталады

Албанияда келер жылдан бастап TikTok қолданылмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына...

Алматыдағы атыстың мән-жайы айтылды

Алматыда Наурызбай ауданында 20 желтоқсанда болған атыстың мән-жайы айтылды.