spot_img
spot_img

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, Парламент Сенатының депутаты: «ӘЛЕУМЕТТІК КОДЕКС ХАЛЫҚТЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

– Бибігүл Нұрғалиқызы, ел аманатына ие болып, Парламент төрінен орын алдыңыз. Құтты болсын! Сізді тәжірибелі журналист, білікті медиаменеджер ретінде танитын жұрт жаңалыққа қуанып жатыр. Десе де, депутаттар арасында неге ақындар мен журналистер жүр, Парламентке кәсіби заңгерлер көп керек қой деушілер бар…

– Қоғам болған соң әртүрлі пікірдің болуы заңды. Өйткені, адамдардың ойлау деңгейі әрқалай. Оған әсер ететін фактор да көп. Депутаттыққа журналистердің біліктілігі, тәжірибесі жетпейді деуі мүмкін. Бірақ Парламент халық өкілдерінен құралады. Олардың әр сала маманы болуы – әлемдік тәжірибе. Парламент тек заңгерлер қызмет ететін Әділет министрлігі, Конституциялық Сот немесе Жоғарғы Сот емес. Сондықтан халық өкілдері ретінде журналистердің Парламент құрамына өтуі қалыпты жағдай. Мәселе халық аманатын арқалағандардың қай мамандық иесі болса да қоғамға пайдалы заңның жасалуына атсалысуында. Заң елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырып, адам өмірінің жақсаруына жол ашуы керек. Халық өкілдерінің басты миссиясы – халықтың ойынан шығатын, мемлекет мүддесін қорғайтын сапалы заңдардың өмірге келіп, орындалуына атсалысу.

– Десе де, журналист пен депутаттың қызметі екі бөлек әлем болар…

– Нағыз кәсіби, өз ісіне жауапкершілігі жоғары, әрдайым қоғамның қабырғасына батқан мәселелерді айтып жүретін журналистер бір мақала жазу үшін де көп еңбектенеді. Өзіміз кезінде бір тақырыпты бір айға жуық зерттеуші едік. Осы тұрғыдан келгенде журналистік қызмет депутат міндетіне жақын. Өйткені, әрбір заңға ұсыныс айту, өзгертулер мен толықтырулар енгізу оның өзге заңдармен сәйкестігін, әртүрлі топтардың мүддесіне ықпал ету мүмкіндігін, әлеуметтік-экономикалық салдарын терең зерттеуді қажет етеді. Бұл әрине, білімнің сыртында, тәжірибемен келетін түйсіктің, зерденің де маңыздылығын көрсетеді. Журналистер мұндай қабілеттен кенде болмайды. Өйткені, біз қоғамдағы барлық өзекті мәселенің ортасында жүрміз. Халық бүгінде жанына батқан мәселесін шешу үшін көбінесе бұқаралық ақпарат құралдарын іздейді. Біздің жанама атауымыздың өзі төртінші билік. Сондықтан Парламент құрамында журналистердің болғанынан қоғам ұтпаса, ұтылмайды. Қазір заңдардың сапасына айтылар сын көп. Сонымен қатар, оларды халыққа түсіндіру бағытында көп жұмыс істеуіміз керек.

– Олай болса, жұмыс қауырт болар. Оның үстіне Мәжіліс тарағандықтан, заң жобаларын тек Сенат қарап жатыр. Сондықтан жаңа қызметке бой үйретіп үлгермей жатып, заң шығару ісіне бел шеше кіріскен боларсыздар…

– Иә, қазір Сенат қарауында жатқан заңдар көп. Олардың арасында Әлеуметтік кодекс бар. Қашанда халықтың тарапынан түсінбестік тудыратын, билікке наразылығына себеп болып жататын көбіне-көп әлеуметтік жағдай ғой. Сондықтан аталмыш құжат аясында елдің көкейіндегі мәселелерді толыққанды қамтып, тиімді жолын ұсыну қоғамдағы түйткілдердің шешілуіне жол ашады. Десе де, бұған алдымен әлеуметтің өзі мүдделі болса құба-құп. Өйткені, шынайы жағдайдың нақты көрінісін жұртшылықтың пікірі мен ұсынысы арқылы айқындаймыз. Өкінішке қарай, халықтың белсенділігі төмен. Бұған белгілі деңгейде құзырлы орындардың халықпен жұмыс істеуіндегі кемшіліктер де себеп болып отыр. Мәселен, Әлеуметтік кодекс былтыр 19 тамызда үкіметтің сайтына ілінген болатын. Алайда, сол уақыттан бері осы құжатты бар болғаны 400 адам көрген. Қазіргі таңда бұл заңнама жөнінде сала министрі Тамара Дүйсенованың БАҚ-та айтқан екі ауыз сөзінен өзге ақпарат жоқ. Ертең бұл Әлеуметтік кодекс әлеуметтік төл құжатымыз болады. Онда тағдырымызды айқындайтын жүзге жуық заңнама қамтылады. Сондықтан құжат Сенатта қаралып жатқан уақытта жұртшылық пікір айтса, заңнаманың барынша өмірге жақын болып шығуына ықпал етер еді. Мен негізінен Сенаттың халықаралық қауіпсіздік комитетінің мүшесімін. Бірақ соған қарамастан осы құжаттың ел тағдыры үшін маңызын ескеріп, оған қатысты талқылауларға қатысып, мүмкіндігінше ұсыныстар қосудамын.

– Әлеуметтік кодекс жобасының жаңалығы аз емес. Соларға тоқталып өтсеңіз…

– Иә, жаңалық өте көп. Соның бірі ауылдағы жұмыссыздыққа қатысты. Шыны керек, бұған дейін Алматы мен Астананы жағалап, не тұратын үйі, не жұмысы жоқ, кездейсоқ табыспен күнін көрген ауылдықтардың құқы қорғалмай келді. Әлеуметтік кодекс жобасында осы жағдайға қатысты тиімді тетік қамтылып отыр. Қазір әр өңірде жылжымалы еңбекпен қамту орталықтары жұмыс істейді. Олар ауылдарды аралап, жұмыспен қамтылғандар мен жұмыссыздар тізімін жасап, базаға енгізуде. Бүгінге дейін 450 мың жұмыссыз бар деп айтылып келді. Мұны нақты көрсеткіш деп айту қиын. Өйткені, еш жерде тіркелмей, өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендер аз емес. Жаңа цифрландыру жүйесі солардың түгелдей есепке алынып, нақты жұмыспен қамтылуына жол ашады. Әр адамға смс хабарлама арқылы тіркелу жолы, ұсынылатын жұмыс бойынша ақпарат жіберіледі. Электронды үкімет порталына кіріп қана азаматтар өздеріне қатысты мағлұматтарды біліп, нақты көмек алатын болады. Өзіме ең қатты ұнағаны әлеуметтік қызметкерлерге қатысты қабылданған шешім. Бізде жасыратыны жоқ, әртүрлі мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін көмек қызметі заңдық тұрғыда реттелмеген. Мұның зардабын өз басым анам алты жыл төсек тартып жатып қалғанда көрдім. Өзіміз күтуші жалдауға мәжбүр болдық. Арнайы дайындығы болмағандықтан әрі заң негізінде мойнына жауапкершілік алмайтындықтан олар науқас жандарға дұрыс қарамайтын. Күтушілердің тәжірибесіздігінен анам қатты қиналды. Заң жобасындағы үлкен бір жаңалық осы әлеуметтік қызметкерлерге қатысты. Олар енді арнайы дайындықтан өтіп, өз бетімен жүре алмайтын дімкәс, мүгедек жандарды күтудің әдіс-тәсілін үйренеді. Олардың еңбек өтілі жүріп, зейнетақы үшін әлеуметтік төлем бекітіледі. Көп балалы аналарға қатысты төлемдер көлемі де артпақ. Бұрын бала күтімі үшін жәрдемақы бір жасқа дейін берілсе, енді аналар оны сәбиі бір жарым жасқа жеткенше алады. Арнайы әр адамның әлеуметтік картасы жасалып, кімнің қандай деңгейде көмекке мұқтаж екені анықталмақ. Осы секілді халық үшін тиімді жаңалықтар көп.

– Әлеуметтік жағдайға қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақ өте көп. Оның басым бөлігі заңдық тетік болмаған соң шешілмей жатады. Өз тарапыңыздан бұл құжатқа қандай да бір ұсыныс қоса алдыңыз ба?

– Расында құқықтық тұрғыда шешімін күтіп жүрген мәселе баршылық. Соның бірі ХХІ ғасырдың эпидемиясына айналып отырған аутизм дертімен дүниеге келгендерді моральдық-материалдық қолдауға қатысты. Мұндай науқастар қатары жылдан жылға артуда. Қазақстанда олардың саны үш-төрт жыл бұрын 3000 болса, қазір 6000-ға жетіпті. Осы дерт салдарынан аутистердің мүмкіндігі шектеулі. Ең қиыны, бұл ешқашан айықпайтын сырқат. Оларды күту, әлеуметтендіру аналарға үлкен ауыртпалық түсіреді. Алайда, бүгінде бір қауым елге айналып отырған осы жандардың мәселесі назардан тыс қалып отыр. Әлеуметтік кодексте аутизмге қатысты жеке ешқандай талап, ереже жоқ. Ал мұндай балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ертерек зейнетке шығуына жол ашу керек. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі, бірақ менталдық ауытқуы жоқ бала тәрбиелеп отырған аналар күтуші жалдап, тіпті кейбірі азаннан кешке дейін баласын теледидар алдына, арбаға отырғызып қоя алатын шығар. Ал, аутизмге ұшыраған баланы қараусыз қалдыру қауіпті. Оның жанында үнемі адам жүруі керек. Сондықтан мұндай балалардың аналары зейнетке ерте шығу секілді жеңілдіктер алуы қажет. Сол секілді оларды оқытатын инклюзивті мектеп мұғалімдері үшін де осындай қолдау қажет. Өйткені, аутизмге шалдыққан баламен жұмыс істеу педагогтарға да өте қиын. Бір бала болса да оған сабақ түсіндіру эмоционалды тұрғыда ауыр болады. Сондықтан оған жұмсалатын мұғалімнің энергиясы өтелу керек. Жалпы, аутизмге шалдыққан балаларға дұрыс қолдау көрсетілсе, олардың жетістікке жету мүмкіндігі зор екенін ғалымдар дәлелдеген. Тағы бір айта кетер жайт, инклюзивті мектептер камерамен жабдықталып, білікті психологтармен қамтамасыз етілуі керек. Өйткені, әртүрлі қысым, әлімжеттілікке ұшырағанда аутизмге ұшыраған балалардың өзін қорғауға мүмкіндігі жоқ. Жуырда бір таксиспен тілдесіп, аутизм дертімен туған балаларға, әсіресе, ауылда қиын екеніне көз жеткіздім. Өйткені, онда мұндай балаларға қажет массаж, оңалту орталығы, дамыту ұйымы жоқ. Әлгі таксистің осындай дертпен туған бір баласы бар екен. Ауылда оған қажет қызмет болмағандықтан қалаға көшіп келіп, пәтер жалдап тұратынын айтты. Келіншегі бір баламен үйде отырса, өзі ауру баласын біресе массажға, біресе бассейнге, дамыту орталықтарына апарады. Ақша жетпеген соң бос уақытында түнделетіп адам тасиды. Бұдан шығатын түйін ел көлемінде аутизммен туған балалар толық есепке алынып, бәріне тұрғылықты жері бойынша мемлекет тарапынан көмек жасалуы керек. Бұл үшін әрине, тиісті заңнамада арнайы құқықтық талап белгіленуі қажет. Тағы бір өзекті мәселе бүгінде Яндекс, Индрайвер секілді онлайн тапсырыс алып, жолаушы таситын көліктерге қатысты туындап отыр. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін осы қызмет түрі бақылаудан тыс қалған. Операторлары қадағалап отырғанын айтады. Алайда, олар кірістің көлеміне мүдделі болғандықтан, мұны талапқа сай жүзеге асырып жатыр деуге сену қиын. Ал, бұл қауіпсіздік мәселесі. Адамның мүмкіндігі шексіз емес. Демалыссыз жағдайда кез келген тірі жан иесі шаршап, өзінің күшін жоғалтады. Жол-көлік оқиғаларына жүргізушінің осындай жай-күйі себеп болып жататынына мысал көп. Қазір ата-аналар такси қызметін балалары үшін көп пайдаланады. Табыс табамын деп тынымсыз жұмыс істейтін такси жүргізушілеріне баланы тапсыру қандай тәуекел екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан бұл мәселеге де немқұрайлы қарамай, олардың жұмыс кестесін сақтауын, сақтандыру шараларын Әлеуметтік кодексте қамту керек. Бір сөзбен айтқанда, кодекс әлеуметтік мәселені толық қамтитын халықтың ТӨЛҚҰЖАТЫ болуы керек.

– Сайлаушылардан хат көп келетін болар? Олардың арасында депутаттық сауалдарға сұранып тұрған мәселе бар ма?

Иә, хаттар өте көп келуде. Арасында қаржы пирамидасына кіріп, қарызға батып кеткендер аз емес. Жалпы қарыз алатындар не қаржылық сауаты төмендер, не қатты қиналғандар. Адамдардың осы осалдығын, қиын жағдайын пайдаланып табыс табу белең алып тұр. Жоғалған құжаттардың атынан несие беріледі. Осыған қарап, қаржы ұйымдарының жауапкершілігін көтеру, шағын несие ұйымдары секілді құрылымдарға талапты күшейту, қарыз беру шартын қатаңдату қажет деген ойға келесің. Ауадан ақша жасап отырған жедел несие беретін ұйымдардың жолы жабылу керек. Қатты қиналған адамдар үшін қайырымдылық қоры арқылы көмек көрсету жолға қойылғаны дұрыс. Дамыған мемлекеттерде несие алу қиын. Ол үшін кемінде бір жарым жыл жұмыс істеп, тұрақты табыс көзіңнің барын дәлелдеу маңызды. Сонымен қатар, оларда жедел несие ұйымдарын ашу мүмкін емес. Бізге де осындай талаптар енгізу қажет.

– Сіз Сенатқа Астана қаласы мәслихатынан сайландыңыз. Бас қаламыздың да өзекті мәселелері аз емес. Жуырда Несіпбек Айтұлы Астанаға қоныс аударатындар қатарын шектеу қажет деген пікір айтып, даудың астында қалды. Астанаға арман қуып келетіндерге бұл сөз ауыр тигендей…

– Тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде халық астанаға тартылады. Бұл заңдылық. Елорда халқы аз ғана уақыт ішінде 1,5 млн адам болды. 2030 жылы 2 млн адамға жетеді деген болжам бар. Несіпбек ағамыздың көтеріп отырған мәселесі орынды. Өйткені, тұрғындар көбейген сайын елорданы сумен, электр энергиясымен қамту қиындай түседі. Бұл мәселені Астананың айналасындағы қалаларды дамыту арқылы шешуге болады. Жуырда қабылданған «Агломерация туралы» заң үлкен мегаполистер төңірегіндегі елді мекендерді көтеруді көздейді. Бұл әлемдік тәжірибе. Мысалы Жапонияның астанасы Токионың орталығы қайсы екенін білмейсің. Маңайындағы барлық шағын қала қосылып, технологиялық тұрғыдан қатты дамып, қарым-қатынас өте жиілеп кеткен. Бізде де Қосшы, Телман, Талапкер секілді елді мекендерге мәдениет орындары, мектеп, аурхана, спорт кешендерін салып, көліктік қатынастың жиілігін арттырсақ, Астанаға түсетін әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық ауыртпалық азаяр еді. Елордада да жылу қазандықтары жүктемені, шектен тыс қысымды көтере алмай жатыр. Бұл салаға әлеуетті инвесторлар тартылуы керек. Алты ай қыс болып, қар көп жауады. Соның бәрін тиімді пайдаланып, лас қала санатындағы Астананың экологиясын қалыпқа келтіруге болады. Израильде пайдаланылған судың өзі қажетке жаратылады. Кептеліс те ауаны бүлдіріп жатыр. Адамдардың өзі тұратын аумағында жұмыс орнын құру арқылы да көлік қатынасын азайтуға болады. Сонымен қатар, азық-түліктің молшылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бізде көкөніс өте қымбат. Екі адам жұмыс істейтін отбасының өзінде адамдардың дұрыс тамақтануы қиындап кетті. Осы мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріп, Астана маңынан жылыжайларды көптеп салу керек. Ол үшін дихандарға жеңілдікті несие, қайтарымсыз көмек жасалып, азықтүлік белдеуін құру кезек күттірмейді. Сол секілді бұқаралық спортты дамыту да өзекті. Астанада тек қалталылар ғана спортпен айналыса алады. Шын мәнінде халықтың жаппай спортқа назар аударуы денсаулық саласына жүктемені азайтар еді. Қала маңында шаңғы, ат спорты секілді балалар мен жасөспірімдер үшін аса пайдалы спорт түрі мектеп бағдарламасына енгізілсе, нұр үстіне нұр.

– Журналист бола тұрып, қоғам назарындағы «Масс-медиа туралы» заң жобасына қалай тоқталмаймыз? Осы жобаға да қатысты пікіріңізді білсек.

– Журналистер бизнесмен болмағандықтан, олардың мәртебесін мұғалім, дәрігер және әскерилермен теңестіру керек деген ойдамын. Соңғысына қатысты баса айтқым келетіні, журналистер ереуіл, соғыс жағдайында алдыңғы шепте жүреді. Тіпті, шиеленіс кезінде әскерилер шегініп жатқан жағдайда да әріптестеріміз оқ пен отқа ұмтылып, алғы шепте жүретіні рас. Яғни, оларды осындайда арнайы сақтандыруды қолға алатын кез келді. Сосын журналистер үшін автотұрақта арнайы орын белгіленуі қажет. Қазір олар тіпті министрлік маңайына көлік қоя алмай, қиналып жүреді. Қоғам санасына қызмет ететін журналистердің мәдениет орындары, мұражайларға еркін кіруі де шешімін күткен мәселе. Олар сонымен қатар қала ішіндегі көліктерде тегін жүру керек. Осының бәрі ұсақ-түйек сияқты көрінер, бірақ шын мәнінде бұлар журналистің өз қызметін тиімді ұйымдастырып, сапалы дүние жасауы үшін қажет.

– Бір сұхбатыңызда журналистер еңбегін кәсіби ұйымдар бағалау керек депсіз. Осы ойыңызды таратып айта кетсеңіз.

– Журналистердің биліктен сыйлық алғаны дұрыс емес. Бұл бюджет қаражатын мұқтаж адамдар аузынан жырып, тартып алу деген сөз. Өз басым бюджет қаражатының басқа мақсатқа пайдаланылуын осылай деп бағалаймын. Негізінде, кәсіби ұйымдар беру керек сыйлықты. Осы мақсатта арнайы қорлар құрылып, меценаттар тартылып, шын талантты, ізденісі мықты журналистер еңбегі кәсіби түрде айқындалып, бағалануы керек. Сонда ғана ол сыйлықтың құны артып, таза, адал, сапалы еңбекті ынталандыра алады.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Алтынбек НУХҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты: «ҚАБЫЛДАНҒАН ӘРБІР ЗАҢ МАҢЫЗДЫ»

– Биылғы жылы қандай маңызды заңдар қабылданды? – Қазақстан...

ЖЕР БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР

Қиян шеттегі ауылды қайдам, аудан орталығындағы жер бағасы сіз бен бізді ойландырмай қоймайды. Облыс не үлкен қала орталығына жақын елді мекендерді былай қойғанда, 10-15 мың түтіні бар моноқалалық жерде 10 сотық жер бағасы 2-3 млн теңгеден асып жығылады.

Қазақстан су тасқыны кезеңіне дайын ба?

Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы айтты.

Елімізде 35 градусқа дейін аяз болады

Синоптиктер 24, 25 және 26 желтоқсанда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын болжап айтты.

ШҚО-да қар көшкініне байланысты жолдар жабылды

Шығыс Қазақстан облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды.