12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Аққали АХМЕТ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы: «АСЫРА СІЛТЕУДІҢ СОҢЫ АШАРШЫЛЫҚ ПЕН АПАТҚА АЛЫП КЕЛДІ»

– Аққали Қабижанұлы, 1928-1938 жылдардағы қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандары туралы сөзді Кеңес өкіметінің қазақ жерінде қалай орнағанынан бастаған жөн секілді.

– Кеңес қоғамындағы өзгерістер өткен ғасырдың 20-30 жылдары қалыптасқан әкімшілдік-әміршілдік жүйенің қыспағымен, халықтың белгілі бір бөлігін құрбан ету арқылы іске асырылды. Бұл әсіресе жер мәселесінде, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру негізіндегі қайта құру саясатында айқын көрінді. Аштық туралы есеп пен статистикалық дерек, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, кімдермен қарым-қатынаста болғаны туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті, бұл органға қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, кімнің сұлтан, кімнің би-батыр болғаны жөніндегі мәлімет жинастырылған. Ашаршылық, қуғын-сүргін тарихына қатысты көптеген құжат, материалдар түрлі ведомоство қоймаларында қалдырылды. Ал, олардың көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас Прокуратура, Ішкі істер министрлігі архивтерінде сақталуда. Қазақстандағы ауыл шаруашылғы саласының дамуы тарихына қатысты құжаттарды жинақтау және дайындау барысында ауыл шаруашылығын ұйымдастыру тарихына қатысты 5 мың құжат анықталды, соның ішінде 310 құжат жинаққа енгізілді. «Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926–1941 гг.)» атты бұл жинаққа енгізілген құжаттар қатарында қарар, бұйрық, шешімдер бар. Ауыл шаруашылығындағы өзгерістер туралы, жер-су реформаларының жүргізілуі туралы құжаттар жинағы да баспадан шығарылды. Шығарылған құжаттық жинаққа, өкінішке қарай, 1930–1933 жылғы күшпен ұжымдастыру кезеңіндегі көптеген архивтік құжаттар енгізілмей қалды.

– Бірлескен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) деректері әлі ашылмай келе жатыр ғой?

– Оның бірнеше себебі бар. Бұрын КСРО құрамында болған Латвия, Эстония сияқты Балтық жағалауы елдері өз тәуелсіздігін алған соң коммунистік жүйедегі барлық нәрсеге тыйым салды. Былайша айтқанда саясатта декоммунизация жүргізілді. Бізде ол жүргізілмеді. Біздегі бұрынғы НКВД, КГБ-нің документтері ДВД-ға 2014 жылы ғана берілді. Берілгенімен ол сол қалпында әлі тұр деуге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығынан кейін ғана сең сәл жібігендей болды. Бірақ, соғыс тұтқындары мен Түркістан легионына қатысты құжаттар әлі құпиясыздандырылған жоқ. Бүкіл облыстағы департамент, прокуратурадағы документтердің барлығын қазір бір орталыққа ҚР Президенті архивіне жинады. Бұл бір жағынан дұрыс та болар. Бір жағынан облыстың деңгейінде зерттеліп жатқан жұмысқа үлкен кедергі келтірді деп айтуға болады. Оны ашық мойындауымыз керек. Тағы да үлкен бір проблема – саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы аяқталатын болса, енді олар қай уақытта ашылатыны бір құдайдың өзіне ғана аян. Қазір бізде Түркістан легионына қатысты және соғыс тұтқындарына қатысты қоғамда екі түрлі пікір қалыптасқаны жасырын емес. Бірақ ашық қоғам құрамыз, жаңа Қазақстан құрамыз дейтін болсақ архивтегі кедергінің бәрі алынуы керек. Сіздерге бір ғана мысал айтайын. Кезінде олар ашты, бірақ әлі күнге дейін оны көп адам қарамады деп айта алмаймын, қарап жатқан да болар. Бірақ конференция, баспасөзде бұл мәселеге көңіл бөліп жүргендер некен-саяқ.

– Архив құжаттары дегенде күнделікті тарих деген ұғым, түсінік бар ғой.

– Дұрыс айтасыз. Бүгін не болды деген советтік кезеңде көп айтылмады. Шетелдіктер бұған үлкен мән береді. Мен осы арада сондай мәселенің бірнешеуіне мысал келтіре кетсем. Елді жайлаған аштық, қарапайым азаматтардың наразылығы жөніндегі мәліметтер ОГПУ тарапынан БКП (б) Қазақ өлкелік бақылау комиссиясының Жұмысшы-шаруа инспекциясына жіберіп отырған аса құпия жәйттер оперативтік хабарларында көрсетілген. Мысалы, Гурьев. 1933 жылдың 15 мамырында маусымдық жұмысшы Тивиков қайтыс болған коммунистің жаназасында «Енді коммунистер аштан өле бастады. Жақын арада коммунистерден құтылып, өмір жақсарады» десе, десятник Загулов «Біз ақымақпыз. Осы үшін соғыстық па? Міне қандай бостандыққа қол жеткіздік. Қазір қайтадан біздің мойнымызға әртүрлі «алтын тісті» оңбағандар мініп алды. Ал халық болса аштықтан зардап шегуде» деді. Құрылыс цехының жұмысшысы Резункова жұмысшыларға ашықтанашық: «Ақтар тұсында бұдан жақсы тұрып едік. Менің күйеуім қашып кетті. Мына өкіметті құлататын адамдар табылмай ол қайта оралмайды» десе, Семенов: «Кеңес өкіметі қыл үстінде. Бұл өкімет халықты аштық пен өлімге алып келді» деген. Алматы. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының студенті Исқақов: «Қазақстан формальды түрде колония емес, шындығында патшалық Ресей тұсындағыдай Орталық Ресейдің колониясы болып қалып отыр. Барлық малды тартып алып, орталыққа жіберді. Қазақстан экономикасы БКП (б) басшылығымен деградацияға ұшырауда. Қазақ ауылының жағдайын білетін қызметкерлер жоқ. Байтұрсынов, Дулатов және т.б. сияқты қазақ қызметкерлерін қуып жіберді. 1928 жылға дейін Қазақстанда рулық құрылыс болды. Таптық құрылыс болған жоқ, ол керек те емес еді. Байлармен күресудің, конфискацияның да қажеттілігі жоқ болатын». Студент Мұратбаев: «Өкінішті, бірден түрмеге отырғызады. Мен де студенттер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болар едім. Керек болса коммунистердің өздері Қазақстандағы жағдайдың күннен-күнге нашарлап бара жатқандығын жете түсінетін болады». Еңбекшіқазақ ауданы бойынша. «Буденный» атындағы колхоз мүшесі Федор Маскаленко: «Міне осыған жеттік. Бір аптадан асты, аш жатырмын. Тамақ алатын жер жоқ. Колхоз басқармасы көмектен бас тартты. Тағы барамын. Бермесе балаларға шіріген картопқа сулема (медицинада қолданылатын хлорлы сынаптан жасалған улы ақ ұнтақ) қосып пісіріп беріп, өзім де, балалармен бірге о дүниеге аттанамын» дейді.

– Мұның бәрі Кеңес үкіметі тек қазақтарды ғана қасақана аштықпен қырды. Басқа этнос өкілдері жақсы өмір сүрді, олар билікке қарсы шыққан жоқ деген пікірді жоққа шығарып тұр ғой?

– Иә. Елдегі ашаршылық пен жоқшылық, орынсыз айыптау, күштеп ұжымдастыру, тонау, ойдан шығарылған ауыр салықтар, малды заңсыз тәркілеу, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі мен жүгенсіздігі барлығы жинақтала келіп қарапайым адамдардың заңды ашу-ызасын туғызды. Кеңес өкіметінің қасаң саясатына қарсы шағын топтар кеңес органдары қызметкерлеріне шабуыл жасады, жылқыны айдап кетті, мал мен астық ұрланып, тауар, ақша тоналды. Бұл әрекет биліктің мүлік жоспарын орындау, салық төлеу, аштықтан жан сақтап қалу ниетінен туындады. Елдегі ашаршылық пен жоқшылық, орынсыз айыптау, күштеп ұжымдастыру, тонау, ойдан шығарылған ауыр салық, малды заңсыз тәркілеу, шолақ белсенділердің асыра сілтеуі мен жүгенсіздігі жинақтала келіп елді экономикалық апатқа алып келді. Қоғамда пролетариат диктатурасының ызғарлы аязы қақап тұрды. Бірақ, шын мәніне келгенде жұмысшы табының емес, солардың атынан партиялық аппарат пен кеңестердің атқарушы органдары көсемсымақтарының бюрократтық билігі жүргізілді. Оны тағы да архив құжаттары арқылы көрсетсек: Еңбекші қазақ ауданы. 13 ақпанда 30 аш адам наубайханадан дүкендерге нан алып бара жатқан көлікке шабуыл жасаған. Наурыз айының ішінде азық-түлік ұрлығына байланысты 41 тергеу ісі қаралып, 329 адам жауапқа тартылған. Калинин ауданы. Қаскелең селосының тұрғыны Елизавета Горшокова: «Кеңес өкіметі кезінде азаттық орнына өлім келді. Бұрын өлім өте сирек болатын, ал қазір мал сияқты күніне бірнеше адам өліп, орға көме салады». Жаркент. Аудандық ауылшаруашылық жабдықтау мекемесінің қызметкері Лаврентьев нанмен қамтамасыз ету барысындағы әңгімеде: «Біздің барлық өміріміз бір үзім нанға байланысты болып тұр. Өкімет бұған да қарсы. Бұдан соң еріксіз шетелге қашу ойға келеді немесе бандыларға қосылу қалып тұр. Тек аштан өлмеу керек». Петропавл. Медициналық техникумының студенті Сухов: «Қазақстан күн сайын өте шапшаң қарқынмен деградацияға ұшырауда». Орал. Қаладағы №2 жетіжылдық мектептің оқушысы Крылов: «Иттер сияқты ызаландыру үшін саудамен қамтамасыз етуді ашты, газеттер өтірік жазады. Бізге айтады басқа елдерде жұмыссыздық, ал бізде одан да көп жұмыссыздық. Самарадағы оқдәрі заводындағы қысқартудан кейін 20 мың жұмысшыдан 18 мың жұмысшы қалды. Қазір жұмыстан қысқарған жұмысшылар Оралға ағылуда». Шыңғырлау ауданы. «Сельстрой» мекемесінің көшірі Андрей Жабин: «Аштан өлгенді күткеннен гөрі өзөзіңе қол жұмсап өлген дұрыс. Егер де бандылар пайда болса бүкіл халық солардың соңынан ерер еді». Ал 1933 жылдың 12 мамырында А.Ивановтың хабарлауынша: Қостанай ауданы. Бұл ауданда аштықтан адам етін жеу сияқты қорқынышты оқиғалар белең алған. Азамат Н.М.Ткалич 25 жаста. Үйленген. Ашыққан соң әйелі екеуі бірігіп, туысқандары – колхозға кірер қақпаның күзетшісі Броневикті өлтіріп, жеп қойған. Азамат Е.С.Корольков. 34 жаста. Алғашқы кезде түрлі қалдықтармен, ит, мысықтармен қоректеніп жүрсе, кейін кулактың қызы Мария Авуйлованы балтамен шауып өлтіріп, үш күн бойы осы етпен жан сақтаған. Азамат Е.У.Коваленко. 52 жаста. Әйелі аштан өлген. Ашыққан соң өзінің бажасының әйелі Клименкованы ұйықтап жатқан кезінде балтамен шауып өлтіріп, бірнеше күн соның етін азық еткен. Гурьев. Слесарь Смирнов: «Бұрын дүре пайдаланды, қазір социалистік жарысты пайдаланады. Жалпы айтқанда бесжылдық ауыр нәрсе, біз оған шыдас бере аламыз ба екен?». Алматы. Ат әбзелдерін жасайтын шеберхананың қамыт жасайтын цехының жұмысшысы Сорокин займ туралы болған жиналыста былай деп мәлімдеді: «Жұмысшылар аш отыр. Олардан заемға жазылуды талап етуді тоқтату керек. Біріншіден аш жұмысшыларды тамақтандырып алыңдар». Бұл мәлімдемені басқа да жұмысшылар қолдады.

– Ұлтараздықты қоздырды деп, жала жабушылар ол кезде де аз болмаған сияқты ғой?

– Бір мысал келтірейін. 1933 жылы Қазақ өлкелік бақылау комиссиясының Жұмысшы-шаруа инспекциясына келіп түскен «аса құпия» грифі соғылған мәлімет бар. Ол Алматыдағы Зооветинституттағы жағдай туралы. «Институт директоры, БКП (б) мүшесі Малай Жүнісов жартылай феодалдың баласы. Ол айналасына жат элементтерді жинап, басшылық орындарға қойды. Институтқа социалистік қоғамға жат алашорда элементтерін жұмысқа алып, оларға, қаражатты шашуға қолайлы жағдай жасауда. Жүнісов тарапынан жұмысқа алынғандар: Чебышев – директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, бұрынғы жымқырушы. Ақшорин – институт шаруашылық меңгерушісі. Дауыс беру құқығынан айырылған. Жүнісовтың ағайыны. Бексов – бұрынғы молда. Жоғары білімі бар. Доцент лауазымына тағайындалған. Бесалиев Садық – тәркілеуге ұшыраған жартылай феодал. Партия қатарынан шығарылған. Институттың нольдік топтар бойынша оқу бөлімінің меңгерушілігіне қабылданған. Бекмұхамедов – ірі жартылай феодал. Доцент. Ермеков Әлихан – бұрынғы Алашорда көшбасшысы. Профессор. Әуезов Мұхтар – бұрынғы Алашорда көшбасшысы. Профессор. Жолдыбаев – көрнекті Алашорда өкілі. Профессор. Бірімжанов – ірі феодалдың баласы. Алашорда өкілі. Ассистент қызметінде. «1933 жылы шипажайға жолдама мен жәрдемақы тек қазақ ұлтының ғылыми қызметкерлеріне беріледі, ал орыс ұлтының тек екі өкілі ғана жергілікті демалыс үйіне жолдама алды», – деп «жерден жеті қоян» тапқандай мәлімдейді. Одан әрі қазақ студенттері жәрдемақы алады, әрі шәкіртақы алса, ал орыс студенттері болса бұдан қағылған. Бұндай тәртіп студенттер арасында да, оқытушылар арасында да кикілжің тудырады. Орыс топтары дұрыс байқаған «коренизация», «ұлы державалық шовинизм» атын жамылып институт басшылығы өз ойларын жүзеге асыруда деп қырағылық танытады. Қызғаныштың қызыл өртін қоздыра отырып, «бұл екі ұлттың арасында наразылықты күшейтеді», – деп көлгірсиді арыз жазушы. Жоғарыда аталған мәліметтер ОГПУ (Москва), Өлкелік комитетке (Мирзоян), Өлкелік бақылау комитетіне (Егоров), облыстық ОГПУ бөлімдеріне, облыстық саяси бөлімдерге жіберілген. Алайда бұл жылдары қоғам өмірінің барлық салаларында түбегейлі әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар жүзеге асырылғандығын жоққа шығаруға болмайды. Ең өкініштісі бұл жолда адам құқықтары аяқасты етіліп, заңсыздықтарға жол берілді. Біз келтірген архив деректері халқымыздың басынан өткен зобалаң жылдардың санаулы парағы болатын.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Жалған марапат тарататындарға жаза бар ма?

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік, ведомстволық және жеке ұйымдардың орден,...

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ РЕЙДТІК ШАРАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және оны өткізу кезінде қауіпсіздікті...

Алтын ұрлап, айыпты болды

Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар қала...

Көршісінің үйінен тоңазытқыш ұрлаған жас жігітті полиция ұстады

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының полициясы көршісінің үйіне ұрлыққа түскен...

КЕЗЕКТІ ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫНДА ЖАСТАР ӨЗ ОТАНЫН СҮЮГЕ АНТ БЕРДІ

Отырар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Шәуілдір ауылында орналасқан...