Қоғам – әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Адам бойында жаман да, жақсы да қасиеттер болады. Ата-анасы баласын өмірге әкелгенде жаман бала болсын деп тәрбиелемейді, баланың қандай болуы отбасына да, жүрген ортасына да байланысты. Алайда, кейбір бала өскенде отбасынан алған тәрбиесін басқаға айырбастап, жаман жолға түсуі мүмкін. Соның бірі – ұрлық. Ұрлықтың қай заманда болсын қоғамға әлеуметтік әсерінен бөлек, саяси салқыны, мәдени зардабы да орасан. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – меншікке қарсы қылмыс, ол тек қоғамда емес, мемлекетке де материалдық зиян келтіреді. Жеңіл пайданы көздеген ұрылардың торауылдайтын тағы бір басты нысаны – пәтерлер. Қазіргі таңда ұрлықтың едәуір бөлігі – пәтер ұрлығы болып табылады.
Қылмысқа тосқауыл қою жолы – жаза.
Бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру, яғни ұрлық қылмыстық құқықбұзушылығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабында көзделген. Соның ішінде, атап айтқанда, ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінде, яғни, үй-жайға заңсыз кірумен жасалған ұрлық, аталмыш баптың санкциясында мүлкi тәркiленiп, екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, яғни ҚК-тің 11-бабының 4-бөлігіне сай, ауыр қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады.
Яғни, біреудің үйіне рұқсатсыз кіргеннің өзі қылмысты ауыралататын мән-жай болып табылады.
«Ұрлық түбі қорлық», — деп бекерге айтпаған, оның арты жақсылыққа апармасы анық, егер ұрлық жасаса, сол ісі әшкереленіп өзі қорланады. Біреудің тапқан табысын, адал еңбегін қанау барып тұрған азғындық. Сондықтан, оны ауыр қылмысқа жатқызу дұрыс тұжырым деуге болады.
Ұрлық – әдетке, әдет әдепті бұзатын ауыр күнәға апарады. Бүгін тегін олжаға кенелгенмен, оның да сұрауы бар екенін ұмытпайық.
Тохбасова Айгүл,
Атырау қаласының
мамандандырылған тергеу сотының
бас маманы — сот мәжілісінің хатшысы