12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Серік БАЙБАТЫРОВ, қоғам қайраткері, сот саласының ардагері, Алматы облысының ҚҰрметті азаматы: «ҚОҒАМНЫҢ АЛДЫНДА ЖҮЗІМ ЖАРҚЫН»

– Серік Кәтенұлы, сот саласында ұзақ жыл еңбек еткен, қоғамның дамуына үлес қосқан танымал азаматтың бірісіз. Өткенге көз жібергенде ең алдымен не есіңізге түседі? Жалпы, сізді не алаңдатады?

– Барды бағамдап, жоқты түгендеп отыру – заңдылық. Менің ойымша, бүгінгі қоғамда көп сыналып жатқанымен, Кеңес өкіметінің ұстанымдары, бағыты көп жағдайда жақсы болды. Жақсы деп айтудағы бір себебім, ол тұста елді басқаратын азаматтар қызметті төменнен бастайтын еді. Мысалы жоғары оқу орнын тәмамдаған азамат біртіндеп көтеріле келе алдымен совхоз, оның жұмысын қамшы салдырмай алып кетсе аудан басқаратын. Одан сенімді ақтап, жақсы жағынан көрініп жатса партияның резервіне кіргізіліп, облысқа қызметке алынатын. Онда да үшінші, екінші хатшы сатыларынан өткенде ғана бірінші хатшы болатын. Ал қазіргі заманда ше? Қазір жоғары оқу орнында оқып жатып биік мәнсапқа ие болатындар бар. Көпшілікке түсінікті болу үшін бұл сұрақтың төркінін білім беру саласынан бастайын. Шыны керек, соңғы үдерістер көрсеткендей бізде қаншама жастар мемлекет қаражатымен, тіпті жеке қаражатымен шет елдерде оқып келді. Бірақ барлығы осы шекара асып оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Өте ақылдылары бірнеше тілді үйреніп, шет елдерге қызметке кетіп жатады. Осы тұста бір шындықты аша кетпесек жастарға қиянат болар. Жалпы, жастардың арасында өз күшімен білім алып, талпынып, өмірден өз үлесін алып жүргендері баршылық. Қоғамдағы тепе-теңдікті сақтап жүрген, міне, осындай қарапайым отбасынан шыққан талапшыл жастар. Ал елдегі жастардың басым бөлігі тамыр-таныспен институттарды тәмамдайды. «Көкелері» дайындап қойған қызмет мамандығына сай келмесе де орналасып, «майлы кресло роботтарына» айналады. Жас әрі қалтасы қалың болған соң алданыш жетіп артылады. Сөйтіп уақыт шіркін зырылдап өте береді. Өкінішке қарай, оңай берілген қызметтің қадірі болмайды. Тұтастай алғанда, біздің еліміздегі білім саласы өте нашарлап кетті. Менің сараптауымша, біз 1990–2020 жылдар арасындағы отыз жылда бір ұрпақты, бір дәуірді жоғалтып алдық. Қалай? Осы тұста мектептің беделін, қоғамдағы орнын, құндылығын түсіріп жібердік. Білімді мұғалімдер айлық жалақыларын ала алмай күнкөріс үшін базарға кетті (Бұл қатарда дәрігерлер де бар). Нәтижесінде мектептерде білім беру сапасы төмендеді. Мемлекет тарапынан берілген еркіндікті пайдаланып жарыса ашылған институттар балаға дұрыс білім беруді емес, табыс табуды мақсат етті. Соған орай талапкерлерді біліміне қарап іріктемей, ақы төлегенін оқуға қабылдап, көк, қызыл дипломдарын оңды-солды таратты. Қазір үш-төрт дипломы бар балалар арамызда өріп жүр. Шыны керек, ақшамен институтты бітірген адам ақшамен қызметке орналасып, қалтасы қалыңдаған сайын дипломдарды сатып ала берді. Тіпті, кейбір жастардың өмірбаянына қарап шексіз қайран қаласың. Бір жерде басшы болып отырып бірнеше университетте қатар білім алғанын көрсететіндер бар. Сөйтіп жүріп шетелдерде тағылымдамадан өтуге де уақыт тапқан. Қалай үлгерген? Қайтіп уақытты үйлестірген? Күндіз қызмет етіп, түнде білім алған ба? Қисынға келмейтін дүниелер. Бірақ, біз сол қисынсыз дүниеге көзсіз сенетін болдық. Ал осы әмбебап мамандардың басым бөлігі заңгерлер. Соларды тізіп қойып сынаққа алсаңыз заңгер екенін сол адамның өзі көрсетіп бере алмауы мүмкін. Заңның қайдан шығып, қайда тарайтынын ұқпайды. Бүгінде біз әліпті таяқ деп танымайтын осындай ұрпақтың қолына билікті бердік. Міне, сөйтіп 30 жылда бір ұрпақты жоғалтып алдық. Бізде бәріне бостандық берілсін дегенді пысықайлар жеке мақсатына пайдаланды. Облыс, ірі қалаларды былай қойғанда, алақандай Сарыағашта төрт университет ашылды. Айналайын-ау, кезінде Қазақстан Республикасында бір ғана университет ҚазМУ болған. Ал қазір ірі аудандардың өзінде жеке білім ошақтары маман тәрбиелеп жатыр.

– Жастардың біліміне, талабына, ынтасына көңіліңіз тола ма?

– «Заман талабы, өркениетті елдер қатарынан орын алуымызға жол ашады» деген жалған желеумен билікке жастарды тартқанымызға біраз болды. Бұл – сол кездегі мемлекеттің бір кемшілігі. Жастарды жоғары лауазымды қызметке тарту деген саясат дұрыс болмады. Жан қиналмай жеткен биіктің, еңбектенбей жеткен мәнсаптың қадірі болмайды. Әсіресе, енді жаңа өмір бастағалы отырған жастарға бірден жоғары лауазым ұсыну қате. Жұмыс бойынша белгілі бір тәжірибесі жоқ, қиындыққа ысылмаған, қарапайым мәселелерді шешуге қабілетсіз, адамдармен дұрыс тіл табыса алмайтын жастардан қандай нәтиже күтесіз? Біліктілік, кәсібилік, шеберлік деген тәжірибемен келеді. Бес дипломың болуы мүмкін, бірақ, тәжірибең болмаса оның бәрінің құны көк тиын. Мықты кадрлар қалыптастыру мақсатында жастарға мемлекеттік бюджеттен милиондап ақша төленіп, шет елдерде білімін жетілдіруге жағдай жасалды. Сол білімді жастардың арасында мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендер аз емес. Жастарды оқытуға, білімін шыңдауға көңіл бөлінгенімен, жұмысқа орналастырудың механизмі жасалмаған. Жұмысқа кіргенде тамыр-таныстық, ақшаның кесапатынан қоғам да, өмір де бұзылды. Мемлекеттің қателігі осы болды. Әйтпесе, біз қай елден кембіз? Байлығымыз да, жеріміз де жетеді. Халқымыздың саны ғана аз. Соған қарамай біз осындай жағдайға жетіп отырмыз. Бір ұрпақты жоғалтып алдық дегенім сол.

– Білім беру саласындағы сапаны қалай көтеруге болады?

– Дүниенің тұтқасы – мектеп. Жастар мықты болуы үшін мектептегі білім, тәрбие күшті болуы керек. Барлық баланың зейіні мектептен ашылады. Кеңес өкіметі тұсында жоғары оқу орындары мен орта оқу орындарының министрлігі бөлек болатын. Бұл сапаға баса назар аударылғанын аңғартады. Кейін министрлікті қосып, алып қойыртпақ қылып жіберді. Ал, енді салаға көңіл бөлі үшін Білім және ғылым министрлігі ҚазМУ-ден бастап барлық жоғары оқу орындарын аттестациядан өткізуі керек. Жөн-жобасыз, жеке бастың пайдасы, табыс көзі ретінде ашылған заң факультеттерін шетінен жапқан дұрыс. Қазір басқа жоғары оқу орындарын былай қойғанда, Аграрлық университетте заң факультеті бар. Ол қандай білім береді?! Аграрлық университеттің заңгерлерге қандай қатысы бар? Бұл университет өз саласы бойынша зоотехник, агроном, мал дәрігерлері, инженер-механиктерді оқытып шығарсын. Ал судья болғысы келген адам ҚазМУ-ға оқуға түсе алмайтындықтан, ақшасын төлеп Ауыл шаруашылығы университетіне өтіп кетеді. Бұл мәселе тек заңгерлерге ғана қатысты емес. Барлық сала мамандарын арнайы салалық оқу орындары дайындағаны жөн. Экономистерге экономика институты дәріс берсін. Медицина институтында заңгерлер мен экономистерді дайындаудың қажеті жоқ. Оқу орындары салық төлемейтіндіктен пайда табу мақсатында түрлі мамандықтар бойынша факультеттер ашады. Жыл сайын ана институт жабылады деп жалған ақпарат таратқанша, жоғарыдан әр институтқа нақты мамандық бойынша студент қабылдап, оқыту туралы заңнама бекітіліп, бақылануы керек. Біздің заманымызда бір институтта үш-төрт адам ғана қызыл дипломмен бітіретін. Қазір екінің бірінің қолында табақтай қызыл дипломы бар. Сонда бәрі керемет болып кетті ме? Қызыл диплом қызыл ақшамен алынады, басқа түк жоқ. Сөйтіп отыз жылда мемлекет білім беру саласын құрдымға жіберді. Кеңестік заманда ең жақсы оқыған әрі үлгілі оқушы мұғалімдер даярлайтын оқуға түссе, отыз жылда керісінше ең жаман оқыған оқушы мұғалімдер институтына оқуға түсті. Мектепте жаман оқып, дипломды сатып алған адам жас балаға қандай білім береді? Оқушыға сапалы білім беретін, дұрыс, толық түсіндіретін мұғалім керек. Жылдар бойы қалыптасқан осы дағдыдан ажыраған соң, біз әлі күнге сапалы білімге қол жеткізе алмай келеміз. Бұрын ауыл мен қала мектебінің арасында айырмашылық жоқ еді. Өзіміз сол ауылда оқыдық. Сараптасақ қалалардағы мекемелерде мықты жұмыс жүргізіп отырған азаматтардың 70 пайызы ауылдан шыққан, ауыл мектептерінде білім алған адамдар. Қазақтың басым бөлігі ауылда тұратындықтан, ауыл мектебіндегі білім беру сапасын жақсарту, көтеру керек. Рас, ауыл мектебіне біртіндеп жағдай жасалып жатқандықтан, мұғалім болуға ниет танытып, ұмтылушылар көбейіп барады. Енді осы игілікті тоқтатып алмауымыз керек. Білім министрі қандай да бір ұсынысын Президентке, Үкімет басшысына айтып, дәлелдеп өткізер. Бірақ қоғамның алдында түпкі ойы ақша үнемдеуді, қымқыруды көздеген ұсынысын дәлелдей де, өткізе де алмайды. Білім саласы реформа деген сылтаудан құтылуы керек. Осы сала тәуелсіздік алғалы реформадан көз ашпады. Әр министр келген сайын өзін көрсету үшін жаңалық ашқан болады. Сонысы шетелдің көшірмесі. Жаңашылдықты ұсынғанда қазақтың болмысына, менталитетіне қарап жатқан ешқайсысы жоқ. Соның салдарынан мектеп мен балалар реформашыл басшылардың «тәжірибе құралына» айналды. Біздің білім саласындағы қателікке ең алдымен осы мәнсап үшін миға сыймайтын бастама ойлап тапқыш министрлер кінәлі. Ал кеңестік тәжірибеде қандай да бір тың тақырып туындай қалса, оны іске асыру жоспары жасалып, төменнен жоғарыға дейін жан-жақты талқыланатын. Ауыл мұғалімдерімен кездесіп, пікір алмасқанымда Аймағамбетов деген министрдің жақсы істерін тізбелеп берді. Бірақ оны көп отырғызбады. Міне, біздің кемшілігіміз – бір адам елге қызмет етіп көріне бастаса, есебін тауып қызметінен тайдыра қоямыз. Жұмыс істетпейміз. Негізі жақсыны жамандаушылар бар ғой. Бізді құртатын – кадрлық саясат. Бұл саясат білім беру саласында мектептен басталады. Кеше ғана жоғары оқу орнын сырттай бітірген адамды директор етіп бекітеді. Бұрын Білім басқармаларын, департаменттерін айтпағанда, Білім министрі болу үшін бес жыл бойы жұмыс істеп нәтижесін көрсететін. Сондықтан министр етіп тағайындадыңыз ба, бес ай қызметінен кетірмей өз қабілетін, өз жұмысын көрсетуге мүмкіндік беру керек. Бізде бүгін тағайындалған адам көп өтпей қызметінен шеттетіледі немесе сотталады. Тіпті, халық аты-жөнін есінде сақтап та үлгермейді. Қалай екені, жаңа тағайындалған сол басшылар айналдырған азғантай уақытта бір-екі миллиардты ұрлап үлгереді. Өйткені, өмір соған алып келді. Барлығы ақшаға айырбасталады. Бұл неғылған кадрлық саясат? Бізде бастықтар мен министрлер ауысса, қалыптасып келе жатқан жұмыстың тас-талқанын шығарады. Себебі, өзінің қанша уақыт жұмыс істейтінін білмейді. Сосын асығыс жұмыс жасап, айналасын бүлдіріп кетеді. Менің түсінігімше, мектеп директоры мықты болуы керек. Сонда мұғалімдер сол кісідей болуға талпынып, тартынады. Білімді директор білімсіз мұғалімді көп ұстамайды.

– Ал сот жүйесіндегі жағдай қалай? Бүкіл өміріңізді, еңбегіңізді, күш-қайратыңызды арнаған салада қандай олқылықтар бар?

– Сот жүйесінде 41 жыл еңбек етіп, оның 37 жылында судья болдым. Құдайға шүкір, адал еңбек еткендіктен қоғамда жүзім жарқын. Ұрпағыма ұялмай қарай аламын. Әсілі, адамда намыс болуы, елге-жерге қызмет істеуі керек. Бүгінгі күні ешкім абыройды, ар-ұжданды ойламайды. Тек тездетіп баюды қарастырады. Бұлай біз өркениетті мемлекет бола алмаймыз. Бүкіл Қазақстанның байлығын 162 адам ұстап отырғаны айтылып та, жазылып та жүр. Сол адамдар сол байлықпен қайда барып жатыр? Түсінбеймін, Тимур Құлыбаевтар миллиардтаған ақшаны не істейді? Қайда апарады? Асып бара жатса елден артықтау тамақ ішер, сәнділеу киім киер. Сол ақша ертең қайда қалады? Қатталған қағаз соларға опа бере ме? Кеңес өкіметі кезінде екі жарым мың рубль ұрлаған адамды ату жазасына кесетін үкім шығарылатын еді. Қазір миллиардтап ұрлайды да, сол қаражаттың бір бөлігін «тиісті тұлғаларға» беріп қызметін ауыстыра салады. Алысқа барудың керегі жоқ. Абылай Мырзахметовті мысалға алайық. Сол «мықтыны» Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының өзі соттады. Миллиардтарды жеген адам тек шартты түрде сотталды. Міне, факт. Бұл не деген сұмдық? Мырзахметов соттан шыға салып Кұлыбаевтың қолдауымен «Атамекенге» бастық болды. Бұл жасыратын мәселе емес. Ел-жұрт жақсы біледі. Сөйтіп құныққандығы сол, соттарды сатып аламын деп жақында 30 млн доллармен ұсталып қалды. Қылмысы әшкереленді. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазадының» кері осы. Кеңес өкіметі кезінде мен ауданда қатардағы судья болып қызмет істедім. Соттар партияға бағынып кетті деген сандалбай сөз. Коммунистік партия бүгінгідей кабинетке шақырып алып «мынаны былай шеш» деп айтпайтын. Дәті жетсе «қараңыз» дейді. Мен ұлты орыс облыстық сот төрағасымен де, партия хатшыларымен де қызметтес болдым. Оларға заңды түсіндірсең ұғып «жарайды, заң бойынша шеш» дейтін. Қазір олай емес. Облыстық соттың төрағасы, Жоғарғы Соттың төрағасы не айтады, судьялар соны істейді. Сөйтіп соттың абыройын түсіріп алдық. Қазір судьямын деп айтуға ұялатын жағдайға жеттік. Өйткені, әділеттілік жойылып барады. Мемлекеттің ең керемет органы сот болуы керек. Сот таза болса, бәрі дұрыс шешіледі. Сотқа барып әкімнің де шешімін бұздыруға, прокурордың да, полицияның да заңсыздықтарын ашып, ақиқатқа қол жеткізуге болады. Гректерде «Арзан сот мемлекетке қымбатқа түседі» деген сөз бар. Біздің елдің соты тура сол айтқандай арзан сот болып кетті. Сотқа қазір тамыр-таныспен, ақшамен барады. Бұл қызыл сөз емес. Талай жағдайды білемін. Осы Алматыда судья болам деп жүгіріп жүрген бір жігіт Талғарға барып судья болды. «Қаншаға өттің?» деп едім «150 мың доллармен өттім» деді. Өз аузымен айтты. Жеті-сегіз айдан соң сол ақшаны қайтару үшін әрекет етіп жүріп парамен ұсталып, сегіз жылға сотталып кетті. Міне, қоғам осылай шіруде. Бұл ойдан шығарған сөз емес, болған оқиға. Мен сол жігітпен сөйлесіп «сен сотқа өте алмай жүр едің ғой» дегенімде «аға, сонша ақша беруге мәжбүр болдым» деді.

– «Арзан сот мемлекетке қымбатқа түспес» үшін не істеу керек?

– Егер мемлекет сот жүйесін реттейміз десе, судьялардың айлық жалақыларын көбейтуі керек. Судья материалдық қажеттілікке алаңдап анау-мынауға қарамауы керек. Судьялардың жағдайы жақсарып, нақты өмірде тәуелсіз болғанда заң бұзылмайды. Заңгер ретінде тағы бір ақиқатты ашсам, Бас Прокурор Бергей Рысқалиевтің ісі бойынша тәркіленген ақшасын қайтару туралы Жоғарғы Соттың Пленарлық отырысына наразылық келтірді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Үкім баяғыда күшіне енді. Арада біраз жыл өтті. Бірақ сорақылығы сол, Жоғарғы Соттың төрағасы Бас Прокурордың наразылығын қабылдап, Бергей Рысқалиевтің ақшасын қайтарды. Сот тәркіленген ақшаны қайтару үшін қылмысы жоқ деп Рысқалиевті ақтауы керек еді. Бірақ, Бергей Рысқалиевті қылмыскер деп таныды. Нонсенс! Пәленбай миллион ақшаны жеп қойды деп айта тұрып, сол лас ақшаны, қылмыспен келген қаржыны қайтарып береміз. Соны оқып отырып сотта – сот, прокурорда – прокурор қалмаған екен деген ой түйдім. Кім айтса да бұл заңға келмейді деп түсіндіру керек қой. Айтты екен деп ләппайлай беру сот билігіне абырой әкеле ме? Дәл осы жағдайда Президентке Жоғарғы Соттың төрағасы ма, Бас Прокурор ма барып, жағдайды заңға сүйене отырып түсіндіріп айтуы керек еді. Меніңше заңды Президент түсінеді деп санаймын. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев шақырып Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот төрағасы лауазымын ұсынғанда, «шақырғаныңыз үшін сізге рақмет. Біріншіден, туысқанын тағайындады деген сөзді ел айтады. Екіншіден, жұмыс болған соң келіспеушіліктер туады. Мен бұл қызметке бармаймын» дедім. Қазір ойласам келісім бергеніммен, сол қызметте мен көп отырмайтын екенмін ғой.

– Неге?

– Мен ол кісіге барып мына істі бұлай істеуге болмайды, заңға сәйкес келмейді деп түсіндіретін едім.

– Сіз айтпағанда кім айтатын еді? Басқалар айта алмай кетті ғой.

– Негізі бір дүниені бір рет бүлдірсең, тағы да бүлдіргің келіп тұрады ғой. Тастың асты опырылса, үстіндегі тас та құлайды. Сол сияқты, біз ол тұста астыңғы тасты алып тастағанда, үстіндегі тастар құлап жатты. Сол сияқты сот жүйесін құрттық. Кейінгі кезде бүкіл Қазақстан бойынша «ана істі былай шеш» деген әңгіме шықты. Ол өтірік емес. Судьялардың барлығы біледі. Ана істі алай, мына істі былай шеш дегенді судьялар теріске шығара алмайды. Өйткені, солардың қолымен мәселе оң шешіліп отырды. Кейбір істі өздері үшін істейді де, жоғары жаққа сілтейді.

– Ар тазалығы туралы не айтасыз?

– Адалдық. Қазақтардың ең қадірлі үш алыбы – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би ғой. Олар өз заманында ар тазалығын көбірек ұстады. Бай-манапқа жағынбады. Кедей мен бай соғысып жатқанда екеуінің ісінің заңдылығын қарады. Бір мысал, бір жылдары сот делегациясымен Германияда болдым. Германияның канцлері біраз жерді жекешелендіріп алып, саяткерлік мекенін жасатады. Қажетінше жүзім көшетін отырғызған алаңқайда оқшау тұрған бір жел диірмені көзіне түседі. Ол диірмен қазір де тұр. Диірменнен гөрі, патшаны жер телімі көбірек қызықтырса керек. Маңында жүргендерге «мына жел диірменін алып тастап, жер телімін менің жеріме қосыңдар» деп тапсырма береді. Жел диірменінің иесі қарапайым шаруа екен. Ол өз меншігін бергісі келмей, корольді сотқа береді. Сот диірмен иесінің арызын заңды деп танып, талап арыз берушінің ісін заңсыз деп шешім шығарады. Ал бізде қалай? Жер телімдерін былай қойғанда, адам аяғы баспайтын тауға дейін Болат Назарбаев тартып алып жатқанда әкім қайда қарап отырды? Бұл елде соттың жоқтығын көрсетеді. Бұл жерде жалғыз Болат кінәлі емес. Әкімдер, қоғам кінәлі. Ел де, әкімдер де кезінде сотқа жүгінбеген. Өйткені, халық соттың Болатты қолдайтынын біледі. Каменканы Қайрат Сатыбалды тартып алып еді, Мәжіліс депутаты Бапи бастаған 200 адам шу шығарып жатыр. Егер сот күшті болса, қолдарында үлеске алған пайы бар адамдар сол кезде-ақ сотқа арыз берер еді ғой. Өйткені, ел сотқа сенбейді. Мына өліара шақты пайдаланып, есебімізді түгендейік, жоғалтқанымызды қайтарайық деп жатқаны сондықтан. Ал шындығында заңды жақсы біліп тұрсың ба, неге қорқасың? Өзіңдікі дұрыс болса, кімге болсын қарсы тұр.

– Осы іске жауапты жанның барлығы қазір өз лауазымдарында отыр ғой. Ешқайсысы заңсыздық үшін жауаптылыққа тартылған жоқ.

– Отыр, отыр…

– Енді оларды жазалауға, қылмысын әшкерелеуге не кедергі?

– Қылмыс мерзімінің өтуі деген бар. Мысалы ауыр қылмыс емес орташа, одан төмен қылмыстар. Онда ақша алмаса, ешнәрсе істей алмайсыз. Ал пара алса, оны соттау керек. Ақшасыз, біреудің нұсқауы бойынша жасаса, қызмет бабын асыра пайдалану болады. Оның санкциясы жоғары емес. Сондықтан арада көп уақыт өтіп кеткендіктен, оларды қылмысқа тарту қиын. Өтіп кетті, бітті. Кезінде оларға мемлекет, сот қалай болса солай қарады. Енді бұл бойынша қылмыстық іске тартуға болмайды.

– Жекелеген судьяларға жасалатын жеңілдіктер туралы не айтасыз?

– Судьялар 63 жасында зейнетке шығады. Осы жастан асқан адам жұмыс істемесін деген заң жоқ. Жоғарғы Сот төрағасы кейбір судьяларды 63 жастан асса да бір, екі, бес жылға дейін жұмыс істеуін созып жатады. Бұл, әрине, жақсы жұмыс істеген адамдарға жасалатын игілік. Бірақ, мұның соңы сотты тәуелсіздігінен айырады. Өйткені, күндердің күнінде Жоғарғы Сот төрағасы «мына істі былай шеш» деп тапсырма берсе, зейнет жасында қызметте қалған адам қарсы келе алмайды. Ол қалай қарсы келеді? Жұмысынан айырылмау үшін берілген тапсырма орындалады. Сондықтан ондай қатынас болмауы керек. Жалпы соттың басшысы да, тірегі де заң болуы керек. Шетелде соттың төрағасы деген ұғым басқаша. Егер заңнан тыс төрағаға бағынса, онда заңдылық болмайды. Мен кезінде Германияның жолына көшейік деп Алматы қалалық сотының судьяларына айтқанмын. Шет елде соттың төрағасын еңбек өтілімен жасы жеткендер арасынан, болмаса судьялар өз орталарынан өздері сайлап алады. Оларға төраға бұйрық бере алмайды. Судьялар «сені сайлағанда маған бұйрық беру үшін сайлаған жоқпын» деп кесіп айта алады. Жұмысты ұйымдастыр, басқа істе шаруаң болмасын дегенді ұғындырады. Бір жыл бұрын сот әкімшісі дегенді сот жүйесіне енгізіп, төрағасын Президент тағайындады. Осы мәселені мен сот әкімшісі комитетінде істеп жүргенде Президентке жазғам. Әлі күнге дейін жазбам сақтаулы тұр. Бұл 2001 жыл болатын. Үлкен кісіге кіріп қолын қойдыртып түсіндіргенімде «Талқылап, ұсыныс енгізіңіздер» деп тапсырма берген-тін. Соттардың материалдық, тұрғын үй, тағы басқа қажеттіліктерінің барлығын осы комитет қарап, шешіп отыруы керек. Бірақ комитеттің судьяны шақырып алып қаралатын іс туралы сөз қозғауға қақысы болмауы тиіс. Сол ұсынысымның дұрыстығы жиырма жылдан кейін дәлелденіп, іске асты. Жиырма жылда қанша дүние бұзылды, қанша сот заңсыз әрекет жасады. Жалпы соттың статусы деген бар. Ол барлығында бірдей. Соттың бір ғана бастығы, бағдары, сүйенері – заң. «Судья анау әкіммен жақсы» деген сөз айтылмауы керек. Ол дұрыс емес. Сот заңмен ғана жақсы болуы керек. Басқаның біріне де қарамауы керек. Біреу прокурормен жақсы жұмыс істедім, ғимарат салдым дейді. Соттың алаңсыз жұмыс істеуі үшін мен де үлкен кісіге дейін барып Алматы қалалық соты отырған ғимаратты алып бергенмін. Өйткені, ол бір міндетім болды. Ал судья ретіндегі міндетім – түскен істі заңмен қарап, шешім шығару.

– Тәжірибеңізде талай қиын іспен бетпе-бет келген боларсыз. Жоғарыдан нұсқау келсе де, табандылық танытып, тура төрелік жасағанда қандай әсерде болдыңыз?

– Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы совхозға барғанда жасы үлкен директор дұрыстап қарсы алмаған екен. Үнемі құрмет, ілтипатқа үйреніп қалған хатшыға бұл жаман әсер етеді. Ашуға мінген басшы әлгі директорды мамандарымен қосып сотта деді. Ал мен мұнда қылмыс құрамы жоқ деп қайта тергеуге жібердім. Сол үшін бірінші хатшыға дейін шақырды. Айтқанымнан қайтпадым. Сол директор Қонаевқа барды. Арызына «почему преследуете заслуженного человека?» деп жазып, сұрау белгісін қойып беріпті. Тексерді. Жала жабылғаны ашылды. Сіңірген еңбегін елемей, іздеушісі жоқ неміс азаматын басшылардың айтуымен соттап жіберсем өміріне балта шабылатын еді. Әділдікті сақтап соттамадым. Менің айтқаным келді. Өйткені, ол жерде қылмыс жоқ. Қонаевтың бақылауынан кейін дігірлеген партия қызметкерлері жайына қалды. Тәлім алу үшін оқығанымды айтсам: «…кезінде Людовик-4 король тұрған қалаға кәріз жүйесін тарту жоспарланған екен. Сонда жағымпаздар корольге барып, кәрізді алдымен сіздің үйге тартайық, сосын өзгелерінің үйіне кіргізерміз деп ұсыныс айтыпты. Олардың уәжін тыңдаған король кәрізді алдымен сот ғимаратына, сосын кезегімен тұрғын үйлерге, ең соңынан менің үйіме тартыңдар дейді». Міне, сол уақытта адамның тазалығы, білімділігі деген ұғым қандай керемет болған. Сондай басшы бізде бар ма? Әй аз, тіпті жоқ қой.

– Сот жүйесіндегі кадрлық саясат туралы айтсаңыз.

– Заңгер ретінде баға берсем сот дегеніміз үлкен мектеп, терең тәжірибе. Оған ену үшін жылдар бойы қыруар жұмыс жасалуы керек. Біздің санамыздағы сот сондай еді. Бүгінде сот жүйесіне екі сөздің басын құрап бір шешім, үкім, қаулы жаза алмайтын адамдар келіп жатыр. Сот залында міңгірлеп тұрған әріптестерді көргенде қынжыласың. Осындай адамды аудандық сот, облыстық сот тұрмақ, Жоғарғы Сот судьясы лауазымына қабылдап жатады. Жоғарғы Сот деген бүкіл сот жүйесінің қаймағы, элитасы ғой. Оған бүкіл сот құрылымына үлгі етуге, мысал етуге лайық, ең білімді, ең білікті, ең кәсіби жандар таңдалуы тиіс емес пе? Бұдан бөлек, Жоғарғы Сотқа мүше болу үшін сот жүйесінде ең кемі жиырма жыл еңбек ету керек. Қалыптасқан ұғым бойынша төменгі сатыларда сауаттылығы сыналатын. Жоғарғы Сот судьясы болу деген заңгерлер үшін ең биік мәртебе. Төраға болу міндет емес, ал Жоғарғы Соттың қатардағы судьясы болсаң елдегі ең беделді адам болып саналасың. Өркениетті елдерде солай. Сол мәртебеге жету үшін жылдар бойы жинаған тәжірибеңді оқумен толықтыру басты талап. Сонда ғана сол лауазымға лайық деп есептелесің. Бірақ сол тазалық кейінгі уақытта лайланып, қай-қайдағы тәжірибесі жоқтар Жоғарғы Сот судьясы болып шыға келді. Өмірінде ең оңай әкімшілік іс бойынша іс қағазын, қаулы, шешім жазып көрмеген адам осындай биік лауазымға тағайындалды. Ол ертең төменгі сатыларда отырған судьяларға не үйретеді, қандай кеңес береді? Мынауың дұрыс емес деп айту үшін оған білім мен тәжірибе керек қой. Осы талап бізде жоқ. Мұны естіп кеиисің. Кейіп отырып, келіспегенде не істейсің. Қолыңнан келер қайран жоқ. Сондықтан бірінші кезекте сот таза болса, басқалары да өз кезегімен реттеледі. Әділдік ретімен енеді. Заңды бұзуға ұмтылатын бастықтар сотта не күтіп тұратынын білетін болады. Қызмет бабын пайдаланған әкімді екі-үш рет сотқа берші, соттың заңды шешімімен сөгіс алған әкім жылдам тыйылады. Сот процеске бастықтар мен қарапайым адамдар жалпыға арналған есіктен қатар кірсе, көп жайды аңғартып, сот тәуелсіздігінің бір қадамы болып саналады.

– Сот абыройын қалай көтеруге болады?

– Біздің елде соттың беделі өте төмен. Халықтың «ой, сотқа барғанша бандитке барайық» деген сөзді жиі айтатыны сондықтан. Кезінде Рыжий Алмас деген мықты бала шықты. Олар әлсізді жылатпауға, әділдікті орнатуға тырысты. Әділдік іздеген адамдар олардың талабымен қуана келісті. Абыройды сақтағымыз келсе, ардан аттамауға тиіспіз. Тағы бір тоқталатын кемшілік, судьялар, прокурорлар, адвокаттар заңдағы жиі болатын өзгеріс, толықтырулардан шатасып кетті. Өйткені, күн сайын өзгеріс. Заңның барлығын жатқа білу мүмкін емес. Қазіргі Парламент Мәжілісі депутаттарының қалай сайланғанын ел көрді ғой. Жарайды барсын. Бірақ солар ұсынатын заң мәтіндерін дайындаушылар сауатты болуы керек қой. Негізі заңнама Әділет министрлігінде дайындалып, тіркеліп ұсынылады. Бірақ Әділет министрлігінде айлық жалақы төмен болғандықтан, заңгерлер тек күнкөріс, қызмет баспалдағы үшін ғана жұмыс істейді. Сосын, өзге министрліктердегі «мықтылар» өздеріне ыңғайлы заң мәтінін депутаттарға оқытып отырады. Конституциядан ауытқып кетті. Қазақы жалпақ тілмен айтқанда балық басынан шіруде. Қорыта айтқанда, соттардың тоқсаныншы жылдардағы абыройынан айырылғанына кім жауап береді? Егер әр саланы өз ісінің шебері, жанашыры басқарғанда мұндай олқылық орын алар ма еді? Министрлердің барлығын «шалағай министрлер» деп ел ашық айтуда, мен де сол пікірге қосыламын. Кешегі, бүгінгі қоғамдағы ең беделді мамандық журналистерді басқарып отырған министрді сол журналистердің өздері тани ма екен? Адам өмірінде шешуші рөл атқаратын қаржы саласының тізгінін ұстап отырған министрді қаржыгерлер біле ме екен? Баяғыда Мыңбаев деген «мықты» ауыл шаруашылығы министрі болғанда «Мыңбаев арпа мен бидайды ажыра ала ма екен» деп газетке жазды ғой. Сол қателікті мемлекетіміз қайталап отыр.

– Осы мәселенің барлығы кімге тірелетінін сіз де, мен де аңғарып отырмыз. Қалай десек те кешегі өмір бүгінгі тарих…

– Түсіндім. Сұрағыңды тарих деген сөзіңмен сабақтасам, қазақта Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы деген сөздер ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді. Бұл уақыт елегінен өткен ұлағатты сөздер. Меңзеп отырған сұрағыңа Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың 14.5 мың шақырым шекарасын шегендеп, бекітіп, заңнама талабына сәйкес БҰҰ тапсырған құнды құжатымен жауап беріп, ел есінде қалды. Мұны елге, жерге сіңірген адалдық деп бағалаған дұрыс. Шыны керек, алғашқы жеті-сегіз жылда керемет адал, таза еңбек еткенін саясаткерлер де, досы түгілі, дұшпандары да мойындап ашық айтты. Пендешілікпен бала-шаға, туған-туыс ырқынан шыға алмағанын уақыт көрсетіп отыр. Ал әлеуметтік желілердегі жел сөзді сол кісінің шекпенінен шыққан министрлер тоқтатсын. Адалдықтарын, біліктілігін көрсетсін.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Заң газеті»

Елімізде қанша босқын тұрады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, республика аумағында заңды түрде пана алған барлық шетелдік Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген.

Құмар ойынға қатысқандар қызметтен кетеді: мемлекеттік қызметкерлер үшін не өзгерді?

Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті "Алтынкөл-жол" кеден бекеті басшысының орынбасары Бекен Нұрахметов құмар ойынға қатысқан мемлекеттік қызметкерлерді не күтетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХА ХХХІV сессиясындағы сөзі

Акорда сайты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ХХХІV Қазақстан Халқы Ассамблеясының сессиясында жасаған толық сөзін жариялады.

АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШТІ

Семейде Абай облыстық сотының төрт қабатты жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті.

1991 жылдан бері қанша қазақ тарихи Отанына оралды?

2025 жылдың басынан бері 3,2 мыңнан аса этникалық қазақ қандас мәртебесін алды.