Былтыр «Қазақтың Ленинграды» аталған Торғай даласындағы Ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, әділет жолындағы күрескер, көзінің тірісінде-ақ халық батыры атанған қазақтың ержүрек ұлдарының бірі Амангелді Үдербайұлы Имановтың туғанына 150 жыл толды. 1916 жылдың қарашасын Торғай даласы күні бүгінге дейін ұмыта қойған жоқ. Қазақ даласында бірінші рет еркіндікті аңсаған әділетті оқ атылып, оның соңы тарихты дүр сілкіндірген, саяси сипат алған үлкен көтеріліске айналды. Сарбаздар патша әскерімен бірінші рет бетпе-бет майдан даласында кездесті. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылы 25 маусымда армияның қара жұмысына Түркістан өлкесінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43-жасқа дейінгі ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.
Жалпы Ұлт азаттық көтеріліс дегенде бірден Торғай көтерілісі түседі. Себебі ол, Қазақстанда орын алған көтерілістердің ең ірісі еді. Шілденің басында қазақ даласында қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер, біртіндеп ұйымдасқан сипат алды: Торғай мен Жетісуда оның танылған жетекшілері А.Иманов, Т.Бокин, Ә. Жанкелдин, Б.Әшекеев, Ө.Саурықов, батырдың жан серігі қол мерген Кейкі батыр Көкембайұлы, Сардардың мыңбасылары Батырбас Сандырбайұлы, Әмірбек Орынбекұлы, Мырзабек Арысұлы тағы басқа сарбаздар ерліктің орасан үлгісін көрсетті.
Торғай көтерілісіне еліміздің әр аймағынан Ырғыз, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе, Ақмола, Семей өңірлерінен сарбаздар лек-легімен қосылып,саны 50 мыңнан асты. А.Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөлді. Арнайы мергендер бөлімшесі құрылды. А.Иманов бас сардар болды. Оның жанында әскери кеңес жұмыс істеді. Торғай облысындағы көтеріліс, патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады. 1916 жылғы көтеріліс ірі отарлауға және империалистік саясатқа қарсы өрбіп, халықтың ауызбіршілігін танытты.
Жалпы қазақ тарихында Иман әулетінің алатын орны бөлек. Бұл турасында академик Қ.Сәтбаев «Амангелдінің батыр бабалары» мақаласында: «1916 жылғы халық көтерілісінің ержүрек көсемі, қазақ халқының асқан ірі қайраткері Аманкелді Иманов қыпшақ руынан шыққан. Бұл ру түркі тектес елдер ішіндегі ең іргелісі және жауынгері еді. Аманкелді шыққан Бегімбет тұқымы қыпшақ руының ең жақсы жауынгерлік салтын берік сақтап, дамытып отырған. Аманкелдінің атасы Иман батыр Кенесары көтерілісінің ең таңдаулы батыры – ханның жақын, сенімді серігі екен. Кенекең Иман батырдың жауынгерлік өнері мен тәжірибесін аса жоғары бағалаған. Иман қатысып ақыл бермеген жерде Кенесары көтерілістің тәсілі мен басшылығына өздігінен тоқтам айта алмаған дейді ғалым. «Иман келсе, аман келеді» деген Кенесарының сөзі кейін немересіне есім (Аман + келді) болды. Ал Аманкелді өзінің фамилиясы ретінде әкесі Үдербайдың атын алмай, атасы Иманның атын алуында үлкен мән бар. Бұл оның туған халқының бостандығы үшін жанын пида еткен атақты бабасын ұмытпай, оның тарихи ерлік істерін айрықша құрметтегені.Осылардың барлығы жас Аманкелдіге көп әсер етіп, оның батыр болып қалыптасуына себепші болды. Аманкелді жас күнінде әкесі Үдербай мен ағасы Балықтан Кенесарының ерлік жорығы жайында көп естіді. Сөйтіп, 1916 жылы елді бастаған айбарлы қолбасшы болды. Аманкелді Иманов – өз заманында мақсатын дұрыс түсініп, халық қозғалысының кемеңгері болған адам», деп жазады.
Өткен жыл тарихшылар, зерттеушілер, музей қызметкерлері тарапынан Ұлт азаттық көтеріліске әділ баға берілген жемісті жыл болды деу керек. Осы кезеңде өткізілген іс-шаралардың әрқайсының салмағы ауыр, айтар ойы дәйекті. Жалпы халық батыры Амангелді Үдербайұлының 150-жылдық мерейтойы атаулы күндер тізімінде болғанымен мерейтойды дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар бекітілмеген. Осыған қарамастан белгілі журналист Толқын Сұлтанова жетекшілік ететін «Амангелді Иман» қоғамдық қоры Қостанай облысы әкімдігі, Амангелді ауданы әкімдігімен бірлесе отырып бас сардардың ерен еңбегімен, көтерілісшілердің еңбегін насихаттау барысында көп еңбек сіңірді. Олар «Қазмедиа» орталығында өткен Амангелді Имановтың 150 жылдық мерейтойына орай танымал суретшісі, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академия корреспондент мүшесі Алмас Сырғабай жасаған брендук таныстырылымы, Алматыда орнатылған мүсінші Х.Б. Асқар-Сарыджа мен сәулетші Т.Бәсеновтың туынысы- «Амангелді Иманов» ескерткіші, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі, ҚР Ұлттық музейі, Қостанай облысы, Амангелді ауданы әкімдігі, аудан орталығындағы А.Иманов мемориалдық музейі, Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясымен бірігіп өткізілген және тағы басқа да танымдық әрі тағылымдық іс-шаралар.
3 сәуір – халық батыры Амангелді Имановтың туған күні. Дәл осы күні елордамыз Астана қаласында бас сардар мерейтойының шымылдығы түрілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде А.Имановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Қостанай облысы музейлерінің қорынан «Халық батыры» атты көрме ұйымдастырылды. Коференцияда мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар сөз алып, ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшыларына, соның ішінде А.Имановтың тарихи тұлғасына қатысты пайымдарын ортаға салды. Батырдың ұрпағы Батырлан Рамазанұлы батыр бабасы жайлы көпшілікке беймәлім мәліметтерді жария етті. Мәселен, ол Амангелді Имановтың сауатты, көзі ашық адам болғанын және өз қолымен жазылған естеліктер жазып қалдырғанын айтты. Қолжазба ұзақ уақыт батырдың кенже ұлы Шәріптің үйінде сақталып, кезінде оған Ғылым Академиясының сараптама жасағанын, кейін Орталық музейге табыс етілгенін жееткізді.Тағы бір есте қалардық дүние дүние «Амангелді Иман» қоғамдық қоры Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» күйіне бейнебаян түсіріп, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, композитор Анар Мұздаханованың орындауында көпшілікке тарту етуі болды. Сонымен қатар «Бас сардар» атты деректі фильм түсірілді. Ұлытау облысында «Азаттық» деп алысқан арыстар-ай», Қостанай облысында «Ардагер Амангелді ердің ері» атты ақындар айтысы ұймыдастырылды.
Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеудің тарихи сананы қалыптастырып, ел тәуелсіздігін нығайтуда маңызы зор. Осы орайда 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушыларды еске алудың жөні бөлек. Бұл аумақ тұтастығы, ұлт қауіпсіздігі жолындағы әділетті күрес еді. Сондықтан да оның қолбасшысы Амангелді Имановтың жарқын бейнесі, ерлігін ұлықтау ел бірлігіне, жасампаздыққа деген ұмтылыс болмақ.
А.Тұрмағанбетова